• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
15 Маусым, 2011

Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі

661 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мем­лекеттік басқару академиясы Қазақстан Республи­ка­сы­ның Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігімен бірлесіп, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, «Мемлекеттік қыз­меттің қазақстандық моделі: міндеттері мен даму келешегі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Конференция жұмысына Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің, сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет істері жө­ніндегі агенттіктің жауапты қыз­меткер­ле­рі мен өкілдері қатысты. Алғашқы болып сөз алған Қа­зақ­стан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орын­ба­сары  Бауыржан Байбек бүгінде Қазақстанды индустриялық-инно­ва­циялық дамыту үшін мемлекеттік қызмет жүйесі сапалы жұмыс атқаруы қажеттігін алға тартты. «Мемлекет алдында тұрған үлкен мақсаттарға жету үшін, Елбасы­ның саясатын өркендету үшін мем­лекеттік қызмет қана емес, мемлекеттік емес ұйымдар, жалпы халқымыз жұмыс істеуі керек. Сол себепті, жақын арада Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен  Мем­лекеттік қызметтің жаңа моделі тұжырымдамасы қабылданатын болады. Ал сарапшылар, мемлекеттік қызмет жүйесімен тығыз байланысты азаматтар осы салаға қатысты мәселелерді жан-жақты талқылап, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік оларды сараптап, осы тұжырымдамаға енгізеді деп ойлаймыз», – деді Бауыржан Байбек. Сондай-ақ, ол Елбасының мемлекет алдына ауқымды міндеттер қойғанын, олардың ішінде индус­трия­лық-инновациялық даму, бі­лім-ғылымды, денсаулық сақтау саласын және тілдерді дамыту мемлекеттік бағдарламаларын ат­ай келе, олар қолға алынған игі істерді ілгері жылжытуға сеп болады деген ойын жеткізді. «Индус­трия­лық-инновациялық даму бағдар­ла­ма­сы мемлекетті және мемлекет экономикасын дамытуға ықпал етіп қана қоймай, ел әлеуетін кө­те­руге жәрдемдесетіні сөзсіз. Ал  бұл ретте мемлекеттік қызметті дамытудың рөлі айрықша. Себебі, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметшілер елдің элитасын қалыптастырады. Елдегі жағдай мемлекеттік қызметшіге байла­ныс­ты»,– деді Президент Әкім­ші­лі­гі Басшысының орынбасары. Бұл ретте Бауыржан Байбек Қазақстан Президенті Әкімшілігі былтырғы жылы  Елбасының бір­қатар Жарлығын жүзеге асыр­ға­нын, себебі, Елбасының тапсыр­ма­сы, мемлекет алдында тұрған міндеттердің барлығы дер кезінде және өз деңгейінде орындалуы керектігін атап өтті. Өз сөзінде ол, сонымен қатар, ауылдық жерлердегі тұрғындар мемлекеттік қыз­мет түрлерінің көп жағдайда мөл­дір болмайтындықтан, бірқатар мәселелердің түйіні дер кезінде шешілмей жататынын айтып ша­ғымданатынына тоқтала келе, әр түрлі деңгейдегі әкімдер рейтингісіне айрықша мән беріліп жат­қа­нын тілге тиек етті. «Бұл рейтинг жергілікті атқарушы органдардың жұмысын бағалауға мүмкіндік бер­мек. Сол арқылы біз  тиісті шаралар қабылдайтын боламыз. Жалпы алғанда, талқыланып отырған мә­се­лелер өз деңгейінде жүзеге асырылады деген ойдамыз»,–деді Бауыржан Қыдырғалиұлы. Бұл күнгі жиын барысында сон­дай-ақ Қазақстандағы мемлекеттік қызмет пен оны одан әрі жетілдіру төңірегінде әр түрлі ой-пайымдар айтылды. Мәселен, Пар­ламент Се­наты Төрағасының орынбасары Александр Судьин мемлекеттік қыз­мет саласында қолға алынған реформалардың тиімділігін тілге тиек етті. «Елімізде Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік құ­рылды. Мемлекеттік қызмет туралы бір­қа­тар маңызды заңдар қабылданды. Бұлардың барлығы мемлекеттік қызмет саласындағы мемлекеттік жүйені жан-жақты зер­делеуге ба­ғытталған. Елде жүргі­зіл­ген әкім­ші­лік реформалардың нәтиже­сін­де мемлекеттік қызмет­тің тиімді үлгісін қалыптастыра ал­дық. Яғни, болашақта мемле­кет­тің тізгінін ұстайтын азаматтарды дай­ындау үшін Қазақстанда мық­ты заңнамалық база қалыптасқан деуге толық негіз бар», – деді А.Судьин. Ол сондай-ақ, мемлекеттік қызмет жүйесі жаңа заманға және Қа­зақстанда жүргізіліп жатқан ре­формаларға сәйкес үнемі өзге­ріп отыру қажеттігін де баса айтты. Ал Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қай­рат Нұрпейісов мемлекеттік қызметке қабылдау шарттарына ен­гізілетін өзгерістерге сәйкес жа­ңадан психометриялық тест сы­на­ғы қолданылатынын жеткізді. «Біздің агенттік әзірлеген мемлекеттік қызметке кадрларды таң­дау жүйесі өзгеретін болады. Ол үшін мемлекеттік қызметке үміт­керлер заңнамаларды білу дең­гейін тексеретін тестілік бақы­лау­дан бөлек, тағы бір сынақтан өте­ді. Енгізілетін жаңа тестіде мемлекеттік қызметке үміткердің мінез-құлқына баса мән беріле отырып, оның жұмыс тиімділігі бағаланып, сараланады. Ол үшін азаматтың тұлғалық болмысы мен кәсіби біліктілігін бағалауға бағытталған арнайы психометриялық тест әзір­ленген. Қазір ол сынақтан өткі­зіліп жатыр», – деді Қ.Нұрпейі­сов. Оның пікірінше, бұл тест арқылы мемлекеттік қызметке үміткердің маман ретіндегі кәсіби әлеуеті айқын бағаланбақ. «Бұл сынақтан кез келген күйзелісті жағдайға төзімділік, көшбасшылық, адамдармен жақсы қарым-қатынас орната білу секілді қасиеттер де анықталатын болады», – деді агенттік төрағасы. Қайрат Нұр­пейісов өзінің сөзінде елдегі мемлекеттік қызмет саласына қатысты да өз ойын білдіре кетті. «Қазақ­станда 1990-жылдардың соңында мемлекеттік қызмет жүйесі бағы­тында әкімшілік реформалар жүр­гі­зіле бастады. Осының арқасында бүгінде кәсіби мемлекеттік қыз­мет­тің негізі қаланды деп сеніммен айтуға болады. Біздің жетістіктерімізді шетелдік сарапшылар мен ғалымдар да мойындап отыр. Қазақстандық мемлекеттік қызмет моделі халықаралық стандарт­тарға сәйкес әзірленген», – деді Қайрат Айтмұхамбетұлы Парламент Мәжілісінің депу­та­ты Ержан Исақұлов мемлекеттік қызметті кадрлық камтамасыз ету үдерісі төңірегінде айта келе, бұл үдеріске шет елдерде оқып жатқан жастарды, оның ішінде «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасымен білім алған азаматтарды да тарту қа­жеттігін жеткізді. «Ол үшін мем­лекеттік қызметті кадрлық қам­тамасыз етуге  мониторинг жүр­гізу үдерісін енгізу қажет»,– деді депутат. Бұл күнгі конференция аясын­да жиналғандар мемлекеттік кадр саясатын іске асыру тетіктерін жаң­ғырту, мемлекеттік қызметке келу және өту тәртібін жетілдіру, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, мемлекеттік қыз­метшілерді аймақтық деңгейде оқыту, мемлекеттік органдар жұмысының сапасы мен тиімділігін көтеру мәселелері бойынша да ой-пікір алмасты. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.