Осы атауды иеленген кітап пен фотосуреттер көрмесі көпшілік назарына ұсынылды
Ақтауда Әзірбайжан Республикасының Бас консулдығы ашылғаннан бері небір ізгі шараларға ұйытқы болып келеді. Соның бірі «Екі халық – бір тағдыр» атты кітап пен фотосуреттер көрмесінің тұсаукесері болды. Кітаптың авторы белгілі журналист Н.Задерецкая. Ал осынау достас екі халықтың ынтымағы мен достығын, түрлі саладағы берік байланысын, Маңғыстау мұнайының 50 жылдығын сөз ететін кітаптың жарық көруіне Әзірбайжанның Ақтаудағы Бас консулы Рашад Маммадов қолұшын берді. Кітаптағы негізгі тарау ежелгі Ембі мен Баку мұнайшылары арасындағы байланыс, әзірбайжандық мамандардың Маңғыстауда мұнай өндірісінің дамуына қосқан зор үлесі жайлы да сыр шертеді. Әңгімеге арқау еткен азаматтардың біразы Бакудегі Азизбеков атындағы мұнай және химия институтының түлектері болса, олар бұл күндері өндіріс мекеме басшылары екен. Олар да өз кезегінде авторға да, консулдық басшыларына да алғыстарын айтты. Туыстас, көршілес, еншілес екі елдің Тәуелсіздіктерінің 20 жылдығы құт-береке, өрлеу мен кемелдену кезеңі бола берсін деген игі тілектерін білдірді. Ал Маңғыстауда 40 жылға жуық еңбек еткен, бұл күндері облыс орталығындағы «Халық келісімі» қоғамдық бірлестігінің ақсақалдары кеңесінің төрағасы, Ақтау қаласының құрметті азаматы, «Достық» орденінің иегері Джамиль Ядуллаоглы Габибовтың ойынша, мұндай іс-шаралар татулықтың тірегі, достықтың дәнекері. Ал ол кітап болып жазылып, суреттер арқылы көрмелерде көрсетілсе, құндылығына баға жетер ме?!
Жоламан БОШАЛАҚ, Ақтау.