• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2011

Кеден одағы – ашық ұйым

402 рет
көрсетілді

ҮКІМЕТ «Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы

Соңғы уақытта саясаткерлер мен сарапшылар арасында ТМД-ға мүше мемлекеттердің кейбірінің Кеден одағына қосылуға қызығушылық танытып отырғандығы туралы пікірлер жиі айтылуда. Осы орайда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Амангелді ЖҰмабаевты әңгімеге тартып, бірнеше сұрақтарымызға жауап беруін өтіндік. –  Амангелді Жұмабайұлы, Кеден одағы Еуразиялық эко­номикалық қауымдастықтың шеңберінде құры­луда. Оның бұл Ұйымның аясында құрылу себебі  неде? – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы ТМД елдерінің экономи­калық интеграциясы жә­не осы мем­лекеттердің Еуразия­лық одағын құру туралы жаңа бастама көтергені белгілі. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін бүкіл ТМД елдері өте қиын жағдай­дағы экономикалық дағдарысқа ұшы­ра­ғанын да  білесіздер. Осы себепті Кеден одағын құру мә­селесі ұзақ уақытқа созылды. 2000 жылы ғана Қазақстан Пре­зидентінің бастамасы­мен ха­лық­аралық ұйым – Еуразиялық эко­номикалық қауымдастық (Еур­АзЭҚ) құрылды. Бұл Ұйымның негізгі мақсаты Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік  құру барысын тиімді түрде  алға  жылжыту болып табылды. Бүгінде оның  аясында тек эко­но­микалық мәселелер ғана емес, соны­мен  қатар білім беру, мә­дениет және денсаулық сақтау саласындағы проб­лемалар да шешіліп отырғандығын ауыз  тол­тыра  айтуға  болады. Осы­лай­­ша, ЕурАзЭҚ біздің сенімімізді ақтай білді және бұрынғы кеңестік кеңістікте құрылған аса тиімді эконо­микалық ұйым мәр­тебесіне ие болға­нын да ерекше атап өткен орынды деп санай­мын. –  Кеден одағының даму келешегі қандай деп ойлайсыз? Соңғы кездері Қырғыз Респуб­лика­сының, Тә­жік­стан Респуб­ликасының  және Украинаның Кеден одағына қосы­луға қызы­ғушылық танытып отыр­ған­дығы байқалуда. Басқа мемле­кет­терді Кеден одағына қабыл­дау туралы ережелер қарас­тырылған ба? – Кеден одағы – бұл Бірыңғай эконо­ми­калық кеңістікті құру   жолын­дағы алғашқы кезең. Кеден одағы және  Бірыңғай эконо­микалық кеңістік   бо­лашақта Еу­ра­зиялық экономикалық одақ­тың құрылуына негіз болуы тиіс. Жо­ғарыда  сіз айтып  өткен елдердің Кеден одағына қосылуға деген қызығу­шылығы ЕурАзЭҚ шеңбе­рін­де жүргі­зіліп жатқан интегра­циялық үдеріс­тердің тиімділігі мен тартымдылығын дәлелдей тү­седі. Кеден одағы мен Бірың­ғай эко­номикалық кеңістік бұ­рын­ғы кеңестік кеңістіктегі елдердің қо­сылуы үшін ашық ұйым екенін ерекше атап өткен жөн. Мемлекеттердің Кеден ода­ғы­ның құжаттарына қосылу тәрті­бін белгілейтін  нақты құқықтық тетік  2007 жылы 6 қазанда Беларусь, Қазақстан және Ресей президенттері қол қойған Кеден ода­ғының шарт-құқық базасын құ­рау­шы халықаралық шарттардың күшіне енуі, одан шығуы мен қосылуы туралы Хаттамада бекітілген. Осы Хаттамаға сәйкес, Кеден ода­ғына қосылуға қызығушылық танытып отырған мемлекеттерге тұтастай бірнеше халықаралық (70-тен астам)  шарттар мен шешімдерге қосылуына тура келеді. Осы барлық құжаттар топта­масы бойынша міндеттемелерді қа­был­дау мемлекет ішіндегі рәсімдерді жүр­гізуді қажет етеді. Ал бұл өзіңізге белгілі, біраз уақытты талап ететін    мәселе. – Кеден одағы шеңберінде ше­шімдердің қабылдану тәр­­тібі туралы айтсаңыз. Жал­пы, дауыс­тарды бө­луде Қа­зақ­стан­ның мүдделері қалай қарас­тырылған? – Өте  орынды  сұрақ. Мен сіз­дің дауыстарды бөлуде Қа­зақ­стан­ның мүдделері туралы алаң­даушылық білдіріп отыр­ға­ныңыз­­ды әбден түсінемін. Кеден одағы оған мүше мем­лекеттердің қа­рым-қатынас­тары өзара тиімді негізде және ортақ мүдделері­мізді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында құрылған деп сізді толық сендіргім келеді. Бар­лық күмәндарды сейілту мақ­сатында ҚР Үкіметі осы мәселелерге тү­сінік­теме беру үшін ҚР Конс­титуциялық Кеңе­сіне кезінде өтініш жасаған. Конституциялық Кеңестің 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 нормативтік қаулысы бойынша Кеден одағы Ко­миссиясының шешімі Қазақстан Рес­публикасы заңда­ры­­ның алдында ба­сымдылыққа ие. Бірақ, Комис­сия­ның әрбір шешімі мемлекетіміздің егемендігіне, унитарлығына, аумақтық біртұтас­тығына, басқару  жүйе­сіне, адам  және азаматтардың құ­қықтары мен бостан­дығына қай­шы  келмеуі  тиіс. Ондай  жағ­дайда, ел Конституциясының нор­маларына сәйкес заң  бұзу­шы­лыққа  жол берілмейді. Сонымен қатар, Кеден одағы­на мү­ше мемлекеттердің мүдде­леріне қа­тысты аса маңызды мә­селелер бойын­ша шешімдерді қабылдаудың дәлме-дәл тәртібі мына төмендегідей анықталған: егер тараптардың бірі қабылданатын шешіммен келіспесе немесе қажетті дауыс жиналмаса, онда мәселе Кеден одағының Жоғарғы органының (мемлекет басшылары деңгейінде) қарауына енгізіледі. Бұл жерде шешім міндетті түрде консенсуспен қабылданады. Тағы да қайталап айтатын жағдай, қандай шешім  болмасын Қазақстан Республи­ка­сының Конституциясының норма­ларына қайшы  келмеуі  тиіс. – Уақытыңызды бөліп, сұрақ­тарымызға жауап бергеніңізге рахмет. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары ретіндегі жаңа қыз­метіңізге табыс  тілейміз. – Сіздерге де рахмет. Егемен еліміз­дің  рухани өміріне зор үлес қосып келе  жатқан еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» ұжымына шығармашылық шабыт, жемісті еңбек тілеймін. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.