БҰҰ Адам құқы жөніндегі кеңесінің 17-сессиясы аясында Женевада болған пікірсайыста діни бостандықты ілгерілету, конфессияаралық толеранттылықта қатар өмір сүру мәселелері басты тақырып болды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Пікірсайысқа ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының Мұсылмандарға қатысты төзімділік пен кемсітпеу мәселелеріне қатысты жеке өкілі, Парламент Сенатының депутаты Ә.Ахметов қатысып, сөз сөйледі.
Халықаралық қоғамдастықтың діни және ұлттық ерекшелігі бойынша төзбеушілікпен және кемсітушілікпен күресте өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өте келіп, Ә.Ахметов қоғамдағы түрлі топтар арасындағы өзара түсіністікті нығайту жөніндегі тетіктерді әзірлеу және қолдану мәселелеріне тоқталды.
Сенатор айтқандай, былтыр Астанада өткен толеранттылықты ілгерілету мәселелері жөніндегі ЕҚЫҰ конференциясында төзімділік, кемсітпеу мәселелері мен мәдениетаралық үнқатысуды ілгерілетуде заңнамалардың, құқық қорғау органдарының, ұлттық білім беру жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі аталып өтілді.
Ә.Ахметов діндерді, мәдениеттер мен халықтарды алшақтатпай, біріктіретін ортақ құндылықтарды уағыздаған понтифик Иоанн Павел ІІ-нің шақыруларына пікірсайысқа қатысушылар назарын аударды.