Сақтансаң – сақтайды
Соңғы кездері Еуропа жұртшылығы алаңдау үстінде. Алғашында Германияға Испаниядан әкелінді деген қияр мен томаттан болған жұқпалы ішек ауруларынан көз жұмғандар саны неміс жұртында 35-ке жетсе, Швецияда бір адам бақиға аттанған. Үрейленген еуропалықтар көкөністерге қауіппен қарап, мейрамханаларда салаттардан қияр мен томатты алып тастап, жер-жерде осы көкөністерге деген сұраныс күрт түсіп кетіп, фермерлер жаппай зиян шегіп жатыр. Зерттеулер жүргізіліп, енді испандық көкөністердің ауруға еш қатысы жоқ, залал көктетілген соядан болған екен десе, Азияға әкелінген еуропалық авокадодан ішек ауруын қоздыратын бактерия табылды деген де хабар шықты. Соңғы жылдары біресе құс тұмауы, біресе доңыз тұмауы деп мазасызданған жұрт енді көкөністерге де үрейлене көз тігетін болды. Жұқпалы дерттен көз жұмғандардың сыртында онымен ауырып тұрғандардың денсаулығына орасан нұқсан келіп жатқанға ұқсайды. Қызуы қатты көтеріліп, құсып, дәретінен қан жүріп кететін аурудан аман қалған адамның бүйрегі қатты зақымданып, ол жасанды бүйрек аппаратына өмірлік таңылады немесе бүйрекке трансплантация жасауды қажет етеді екен. Бұл ауру адамдардың өмірлік ұстанымдары мен көзқарастарына да өзгеріс әкелуде. Себебі, өмірі ет жемейтін вегетериандықтар үшін бұл аса үлкен қиындық туғызып отыр. Ал шаруалары ақсап, мыңдаған тонна көкөністерді текке төккен фермерлердің шығыны өз алдына. Голландиялық бір фермер әбден торығып, тонналаған қиярды хайуанаттар бағына жіберіпті. Еуропалық Шаруалар одағы қазіргі күнбе күнгі фермерлердің шығыны Испанияда 200 млн., Италияда 100 млн., Голландияда 50 млн., Германия мен Францияда 30 млн. еуро көлемін құрап жатыр дейді, мұндай жағдай Еуропада Чернобыль апатынан соң болмаған екен. Еуроодақ болса, шаруалардың осы жолғы шығынын өтеуге 200 млн. еуро көлемінде өтемақы төлемек ойы барлығын айтты. Қайткен күнде де Еуропаның дүрлігіп жатқаны айқын. Көршіміз Ресей Федерациясы алғашында Еуропадан әкелінетін көкөністерге тосқауыл қойса, енді Еуроодақтың кепілі бойынша ол тыйымын алып тастады. Ғаламторды ашып, кәрі құрлықтағы ішек аурулары немесе ауру туғызатын көкөністер деп сұрау салсаңыз, жаныңыз шошиды. Сонда бұл өзі қандай қоздырғыш, бұрыннан мәлім бе, әлде жаңадан табылғаны ма, әлде бұрынғының түр өзгеріске ұшыраған түрі ме деген сауал маза бермегені рас. Осыдан кейін Астана қаласының санитарлық Бас дәрігері Жандарбек Бекшинді әңгімеге тарттық. – Жалпы, жылда жаз басталысымен жұқпалы ішек аурулары басталатынын дәрігерлер қауымы өте жақсы біледі. Бүгінгі күні елді алаңдатып отырған патогенді таяқшалар төңірегінде сөз қозғайтын болсақ, ол медицинада Escherichia coli- Эшерихия коли таяқшалары деген атаумен таныс қоздырғыш. Негізінде әрбір аймақтың өзінде кездесетін патогенді таяқшалары болады. Біздің өңірге тәні– көп жылғы жүргізілген мониторинг бойынша ол – О-117, О-118, О-151, О-124 сынды таяқшалары. Ал Германияда тіркеліп отырған О104H4 Эшерихия коли таяқшаларының ерекшелігі – оның жұғу қаупінің жоғарылығы және қиын емделуі мен аурудан жазылғаннан кейінгі ағзаға қауіпті салдарының барлығында болып отыр. Алайда, олардың, яғни еуропалық дәрігерлердің мәліметтеріне сүйенсек, энтерогеморрагиалдық ішек таяқшасы О104H4 көптеген антибиотиктерге сезімтал келеді екен. Түсінікті тілмен айтатын болсақ емделеді. Германиядағы Роберт Кох атындағы институттың мәліметі бойынша, осы қоздырғыш, левомицитин, фурозолидон, карбопинемом, имипинем, цифлокс, ципролет деген тәрізді кең спектрлі дәрілермен емделінетін көрінеді. Еуропадағы бүгінгі уақыттағы жұқпалы ішек ауруының таралуына келсек, бізде де біраз сауалдар бар. Біріншіден, оның қай көкөніс арқылы тарағаны анықталған жоқ. Және басқа да көптеген параметрлер бойынша анықтама, сараптамалар өткен жоқ. Жалпы, энтерогеморрагиалдық ішек таяқшалары штаммының қауіптілігі көп жағдайда ол асқынып, бүйрек зақымданады, сондықтан еуропалық дәрігерлер ауру белгілері білінісімен арнайы қаралу қажеттігін айтып жатыр. Негізі қай ауруды да асқындырып жібермеген дұрыс. Оқырмандарға айтарым, біздің еліміздегі көкөністер негізінен өзімізге мейлінше жақын жатқан елдерден әкелінеді. Нарық заманында Еуропадан қияр әкеліп сату қандай бизнесменге де абсурд. Сондықтан Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытайдан көкөністер әкелінеді және шекараларда тәулік бойы арнайы санитарлық қызмет жұмысын тоқтатпайды. – Дегенмен, біз Чилиден, Польшадан, Бельгиядан жеткізілген алмалар жеп жүрміз ғой. – Ол енді өзіміздің апортымызды жоғалтқаннан туған шара ғой. Ал іргедегі өзбек бауырларда көкөніс қаптап жатқанда қай бизнесмен қымбатқа Еуропадан қияр мен томат т.б. көкөністерді әкеледі? Халқымызда «Сақтансаң – сақтаймын» деген сөз бар. Әрине, біздің санитарлық бекеттер шекарадан өтетін өнімге бұрынғыдан да жіті қарайтын болады. Еуропадан әкелініп жатқан көкөністер жоқ, алайда, әрбір адам өзінің жеке басының тазалығына өте мән бергені дұрыс. Осы оқиғаға байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 10 қағидатты белгілепті, оның ішінде өзгеше жаңалық жоқ, барлығы осы тазалыққа мән беруге саяды. Беті-қолды жиі-жиі жуып, даладан кіргенде, қоғамдық көлікке отырғаннан кейін міндетті түрде жуынған жөн. Бұл – ең басты мәселе. Екіншіден – кездейсоқ адамдардан, арнайы бекітілмеген жерлерден азық алмау. Тағы бір айтарым, бізде арзан бағаға пәтерінің есігін қағып тұрып сатамын десе де, е, арзан екен деп оның түбін тексермей алуға бар. Ал ол неге арзанға беріп тұр деп ойланып жатпайды. Үкімет әр үйдің алдына полиция қоя алмайды. Оған алдымен азаматтардың өзінің осыған дұрыс көзқарасы қажет. Сосын көкөністерді пісірмей пайдаланатындықтан оларды алдымен ағын суға дұрыстап жуып, одан кейін қайнаған ыстық суға жуған абзал. Ішек таяқшаларынан болатын аурудан осылайша сақтануға болады. Қазір дәріханаларда арнайы дезинфекция жасайтын препараттар сатылып жүр. Мысалға, қияр тәріздес өнімдерді қолға ұстап, ысқылап жууға болады, ал ұсақ жемістерді мәселен, құлпынайды немесе жүзімді олай жуу мүмкін емес. Бір литр суға 2 грамм микрохлор ұнтағын салып, сол суға жемісті 5 минутке ұстасаңыз жемісіңіз толық тазарып шығады. Қазір біз ірі мейрамханаларға, қоғамдық тамақтандыру орындарына осы препаратты қолдану жөнінде нұсқау бердік. Мүмкіндікті пайдаланып, газет оқырмандарының назарына тағы бір маңызды жәйттерді сала кетейін. Жұқпалы ішек ауруынан өзге, әсіресе, жаздың басында азаматтарымыздың нитраттармен уланып қалуы жиі кездеседі. Өткен жұма күні қаламызда алғашқы қарбыздар саудаға түсті. Менің ойымша, бұл қарбыздарды жеуге әлі ерте. Бірақ, бүкіл базарларда, сауда орталықтарында мемлекеттік стандартпен аккредитациядан өткен зертханалар жұмыс істеп жатыр. Олардың санитарлық эпидемиологиялық қызметіне сертификатты біз бермейміз. Бұл біздің құзыретімізге жатпайды, біздің міндетіміз мониторинг жасау. Біз адамдардың ауруларының себептерін зерттеп, олардың алдын алудың жолдарын қарастырамыз. Астана қаласының санитарлық бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Жандарбек Бекшин осылай дейді. Дәрігермен әңгімеден кейін тағы да ғаламтор ақтардық. АҚШ –та жыл сайын энтерогеморрагиалдық Эшерихия коли бактериясының штаммынан 73 мың адам ауырып, оның 60-тан астамы көз жұмады екен. Көбіне-көп бұл қоздырғыш дамып келе жатқан елдерде кездеседі және қай елде де дәрігерлер оның туу себебі ыдыс-аяқтың тазалығының болмауы, өнімдердің дұрыстап жуылмауы және пастерленбеген сүт пен қайнамаған суды ішкеннен болады дейді. Ендеше, тазалыққа мұқият болайық. Байқаңыздар, байқаңыздар! Анар ТӨЛЕУХАН.