• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2011

Ауқымы кең халықаралық форум жұмысына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысуда

360 рет
көрсетілді

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Санк-Петербургтің 15-ші халықаралық экономикалық форумына (ПХЭФ) қатысу үшін Ресейдің солтүстік астанасына келді. Бүгін форумда Қазақстан көшбасшысы сөз сөйлейді деп күтілуде. Форум өз жұмысын 16 мау­сым күні бастаса, салтанатты ашы­луы 17 маусымда болды. Оның ашы­луында Ресей Федера­ция­сының Президенті Дмитрий Медведев сөз сөйлеп, 15 жылдық тарихында форум көрнекті саяси қайраткерлер, корпорациялар бас­шылары мен сарапшылардың жа­һандық эконо­ми­каның маңыз­ды мәселелерін талқылайтын әлем­дік пікірталас алаңына ай­нал­ды деген пікір білдіріп, фо­румға жоға­ры баға берді. Форумға қатысатын Мемлекет басшыларының арасында Нұр­сұл­тан Назарбаевтан басқа Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао, Испания Премьер-министрі Хосе Луис Родригес Сапатеро, Финляндия Президенті Тарья Халонен бар. Экономикалық форум бары­сын­да негізінен жаһандық эконо­миканың өсу қарқыны бағдар­ла­нып, Ресейде шығармашылық ка­пи­талды қалыптастыру мен эко­номикалық көкжиектерді кеңіте­тін технологиялар туралы пікірлер алмасылады және талқы­лау­лар болады деп жоспарланған. ПХЭФ 1997 жылдан бастап жыл сайын Санкт-Петербург қа­ла­сында маусым айында өткізіліп келеді. Ол Ресейдің ғана емес, ТМД аумағындағы елдер үшін де маңызды экономикалық форум бо­лып есептеледі. Ресейліктердің өзі оны қатты дәріптеп, «Орыс Давосы» деп атайды. Форум кезінде пленарлық отырыстар, дөң­гелек үстелдер, көрмелер ұйым­дас­тырылып, инвестициялық жо­ба­лардың тұсаукесерлері, іскерлік кездесулер мен келіссөздер өт­кізіледі. Форум жұмысына жуық шамамен 3 мыңға жуық адам қатысады. Былтырғы ПХЭФ «Болашаққа негіз салу жолында» деген негізгі тақырыппен өткізілген болатын. Оның қорытындысы бойынша құны 15 млрд. еуроға жуық сома­ны қамтыған 47 инвестициялық келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. 15-ші мерейтойлы форум ту­ралы ресейлік БАҚ-тар көптеген ақпараттар таратып жатыр. Со­ның ішінде көрмелерге қонақ болу үшін төленетін ақы бір адамға 106 мың рубль болса, VIP ай­мақта тұру үшін төленетін ақы бір адамға 177 мың рубль екен. Осыған қарағанда, ПХЭФ-ке тек қана аса құдіретті компаниялар ене алатыны байқалады. Форум жұмысын әлемнің миллиондаған көрерменіне кеңінен насихаттау үшін ондаған камералар, жарық, аппаратуралар қойылған. Олар­дың бәрінің сымдарын қоса есептегенде 140 шақырымға жетеді екен. Экономикалық форум Санкт-Петербургтің «Ленэкспо» атты көр­ме кешенінде өтіп жатыр. Ресейдің жыл сайынғы ең басты экономикалық оқиғасы да осы шара болып саналады. Көрме кешенінің аумағы өте үлкен, оның ішінде мәслихат залдары, келіссөздер кабиналары, мейрамханалар, басқа қатысушылардың еркін тыныстап, қыдырып жү­руі­не жағдай туғызатын субұрқақ алаңдары да көп екен. Форум өз жұ­мы­сын бүгін кешке аяқтайды. Жақсыбай САМРАТ – Санкт-Петербургтен.