Егемен еліміздің іргесінің берік болуы үшін оның Қарулы Күштері қызметінің ерекше орын алатынын айтып жатудың өзі артық болар. Сардарларымыз бен сарбаздарымыздың бұл тұрғыда атқарып жатқан жұмыстары жайлы баспасөз беттері де өз орындарын ұсынуда. Өйткені, ел қорғандарының Отан тыныштығын күзетудегі абыройлы еңбектерін қалай мадақтасақ та жарасады.
Астана маңында орналасқан 68665 әскери бөлімінде Қазақ гуманитарлық заң университетінің әскери кафедрасының елуге тарта тәлімгерлері Отан алдындағы қызметін адал атқару үшін салтанатты түрде ант берді. Аталған әскери бөлім сарбаздарының арнайы дайындалған көріністерінен кейін болашақ кіші сардарлар (сержант) арнайы сапқа тұрып, ант беру рәсімін бастап кетті. Салтанатты шараны курсанттардың ата-аналары мен туған-туыстары келіп тамашалады.
– Әрбір ер азамат әскери борышын өтеп, өз Отанын қорғау керек. Сондықтан да ол әскери дайындықтан өтуі ләзім. Сол дайындықтан өту үшін алдымен ант береді. Бүгінгі біздің іс-шарамыз осыған сайып отыр. Студенттеріміз бірінші курстың екінші семестрінен бастап үшінші курстың соңына дейін әскери дайындықпен оқиды. Бұдан кейін бұлардың барлығы Қорғаныс министрінің бұйрығымен запастағы сержант атағын алады.
Биыл ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келгені – болашақ сардарлар болатын студенттеріміздің тәуелсіздікпен төл құрдас болып отырғандығы дер едік. Бұлардың біздегі алған білімі мен тәлімі ертең өздеріне таптырмас құрал болады. Теорияны практикамен ұштастырып, осы дайындықтар барысында шынығады. Ең бастысы дала жаттығулары мен түнгі сабақтарда олар нағыз әскери өмірге кіреді. Сонымен қатар, қару-жарақ пен әскери техникаларды көзбен көріп, қолмен ұстайды. Бұл олар үшін барлығын да сараптап, көңілге түюлеріне мол мүмкіндіктер береді, – дейді Қазақ гуманитарлық заң университеті әскери кафедрасының бастығы, запастағы полковник Найман Оқапов. Сондай-ақ отыз бес жыл ғұмырын әскерге арнаған қарт сардар ертең ел қорғауға бір саты жетпей тұрған немересі Димашты арнайы көрсін деп осы салтанатты шараға алып келгендігін айтты.
Мерекелік жиынға арнайы келген болашақ кіші сардар Рүстем Қалиұлының әжесі Күләй Досмамбетова немересінің ел ұланы болып, азаматтық борышын өтеу алдында ант бергеніне шексіз қуанышты екенін айта келе, еліміздің тыныштығы мәңгілік болғай деген аналық тілегін жеткізді. Сексеннің сеңгіріне шыққан әже тілегін жұртшылық ризашылықпен қабыл алды.
Ертеңгі ел болашағы ұландарымыздың атақтарын абыроймен қорғап, елін қорғар азаматтардың қатарын толықтырарына сенім зор. Ант қабылдау рәсіміндегі сымдай тартылған өрендердің көздеріндегі ұшқын осыны аңғартқандай.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.