• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2011

Игілікті істердің көш бастаушысы

515 рет
көрсетілді

Осыдан жиырма жыл бұрын, яғни 1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміз өзінің ғасырлар бойы армандаған мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Ал 1993 жылы 28 қаңтарда алғашқы Конституция­сын қабылдады. Бірақ, бұл Конституция ескі әкімшілік, әміршілдік қоғам ережелеріне, көбіне кеңестік демократия принциптеріне негізделгендіктен, жаңа қоғам өмірінің талабына сәйкес келмеді. Сон­дықтан да Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қайта­дан жаңа Конституция қабылдау керектігі туралы ұсыныс жасады. 1995 жылғы Конституцияның жоба­сын талқылауға 3 млн. 345 мың адам ат­са­лысып, өз пікірлерін білдірді. Яғни, Қа­зақстан халқының үштен бірі қатысты. Жобаға 1100 түзету енгізілді. Тоқсан сегіз баптың елу бесіне елеулі өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұрын болмаған жаңа бөлімдер, баптар пайда болды. Конституция 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы бекітілді. Референдумға сайлаушылардың тоқ­­сан пайызы қатысып, олардың 81 пай­ызы Конституцияны жақтап дауыс берді. Өйткені, жаңа Конституция халықтың ой-пікірінің, олардың мүддесінің заңдылық көрінісі болды. Сөйтіп, Қазақстан халқы Елбасымен бірге бүкіл халық болып негізгі заңды жасады. Жаңа Конститу­ция­ның авторы деп біз ел Президенті мен бүкіл халықты айтуымызға болады. 1995 жылғы Конституцияның Қазақ­стан аумағында қолданылған 1924, 1936, 1978, 1993 жылдардағы Конституциялардан қандай артықшылықтары мен ерекшеліктері бар еді деген мәселеге келсек, біріншіден, заң шығарушы, атқарушы, сот билігін белгілеп, олардың құзыретін, жұмыс істеу тетігін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап берді; екіншіден, өкімет билігінің аталған тармақ­тар­ға бөлінуі мемлекеттің лауазымды адамдарының азаматтардың конститу­ция­лық құқықтары мен бостандықтарын бұ­зуы­на жол бермейді; үшіншіден, бұл Конституцияда құқық пен жауапкершілік ұғым­дары пара-пар көрсетілген. Осы Конституцияда бұрынғы Конституцияларда шешімін таппаған мемлекеттіліктің мәні, жер, тіл, азаматтық, Парламенттің қос палаталы жүйесі, Президенттің құзы­ры, сот төрелі­гінің қызметі сияқты күр­де­лі мәселелер заңдық тұрғысынан өз шешімін тапқан. 1995 жылғы Конституцияның 1-ба­бын­да Қазақстан Республикасы өзін де­мо­кратиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнық­ты­рады, оның ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бос­тан­дықтары деп жарияланған. Осыған орай, тұңғыш рет біз біртұтас бөлінбейтін Президенттік басқару нысанындағы мемлекет екендігімізді паш еттік. 1995 жылғы Конс­титуцияда тұңғыш рет жер мәселесі объективті түрде шешілді. Конститу­ция­ның 6-бабының 3-тармағында: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттармен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін», делінген. Мұның өзі елімізде нақты орын алып отырған әлеуметтік-экономикалық және саяси қатынастардың, өзгерістердің тала­бы­на сай заңды шешім болып табылады. Жерді жекеменшікке беру халық мүд­де­сіне қайшы деген пікірдің негізсіз екендігін бүгінде нарықтық қатынастар теріске шығарып отыр. 1995 жылғы Конституцияның ең ма­ңызды жетістіктерінің бірі – тіл пробле­ма­сына көңіл бөлуі. Конституцияның 7-бабына сәйкес, Қазақстан Респуб­лика­сындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолда­ны­лады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды. Мемлекеттік немесе басқа тілдерді білмедің деп ешкімді де кемсітуге жол берілмейді. Қолданыста жүрген Конституцияда бұрындары аса дау туғызып жүрген аза­мат­тық туралы мәселе де өз шешімін түпкілікті тапқан. Конституцияның 10-ба­бына сәйкес, «Қазақстан Республикасы­ның азаматтығы заңға сәйкес алына­ды және тоқтатылады, ол қандай негізде алынғанына қарамастан, бірыңғай және тең болып табылады. Республи­ка­ның аза­матын ешқандай жағдайда азаматты­ғы­нан, өзінің азаматтығын өзгерту құқы­ғынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақ­станнан тыс жерлерге алас­тау­ға бол­майды. Республика азаматы­ның басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды». Мұның өзі Қа­зақстан мемлекетіндегі барлық азамат­тар­дың Конс­ти­туциялық тұрғыда бірдей қорғалатынын, қос азаматтық прин­ципі­нің бізге жат көрініс екенін көрсетеді. Мұндай шешім барлық азаматтарды бірлікке, татулыққа, өз Отанын сүйетін патриотизмге баулиды. Қазіргі Қазақстан Республикасының Конституциясының тағы бір ерекшелігі, артықшылығы азаматтардың, адамның құ­қықтары мен бостандықтарының жал­пы­ға мәлім Адам құқықтары мен бостан­дық­тары туралы 1948 жылғы халық­аралық декларацияға негізделуі болып табылады. Олар мыналар: әркімнің өмір сүру құқығы, адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмауы, заң мен сот алдында тең­дікте болу құқығы, қай ұлтқа, қай дінге, қай партияға жататынын әркімнің өзі анықтау құқығы, сөз бен шығармашылық еркіндік құқығы, Қазақстан аумағында еркін жүріп-тұру құқығы, ар-ождан бос­тан­дығы, еңбек ету бостандығы, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау құқығы және тағы басқалар. Азаматтар белгілі құқыққа ие бола отырып, Конституцияда белгіленген міндеттерді де бұлжытпай орындауы тиіс. Басқа адамдардың құқықтарын, бос­тан­дықтарын, абыройы мен қадір-қасие­тін, мемлекеттік нысандарды құрметтеуге міндетті. Заңда белгіленген тәртіппен са­лық, алым төлеуге, әскери қызмет атқару­ға, тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғауға, табиғатты сақтауға және оның байлықтарын ұқыпты пайдалануға міндетті. Конституцияда азаматтардың мемлекет және қоғам алдындағы басқа да міндеттері толық жан-жақты сараланып көрсетілген. Конституцияға сәйкес, азаматтарды тұр­ғын үймен қамтамасыз етуге жағдай­лар жасалды. Заңда көрсетілген сипатта­ғы мұқтаж азаматтарға тұрғын үй белгіленген нормаларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорларынан тегін немесе нор­мативтік-құқықтық нормалармен белгіленген ақыға беріледі. Республика азамат­тары заңмен белгіленген медициналық көмектің кепілді көлемін тегін алуға құқылы. Азаматтарға Конституцияға сәйкес мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім беріледі. Ал жоғары оқу орындарында білім алу тегін немесе ақылы негізде жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Консти­ту­циясында Президенттің, Парламенттің, Үкіметтің, Конституциялық кеңестің құ­зыреттері тұңғыш рет дәйекті түрде бейнеленген. Конституцияда Парламент және оның заң шығарушылық қызметін, Сенат пен Мәжілістің Конституциялық құзыретін, депутаттардың құқықтары мен міндеттерін анықтауда өркениетті елдер­дің Конституцияларының ізгі үлгілері басшылыққа алынған. Соттар мен сот төрелігіне де Конституцияда ерекше мән берілген. Республикада сот төрелігін тек қана сот жүзеге асырады. Оның ісіне араласушылыққа жол берілмейді. Сот процесі заңмен ғана белгіленеді. Арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берілмейді. Сот төрелігін іске асыруда судья тәуелсіз, тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Сот төрелігін іске асыру Конституцияда белгіленген демократиялық принциптер негізінде ғана жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы еліміздің эконо­ми­калық, әлеуметтік, саяси дамуын жеделдетті. Халықтың саяси белсенділігі арт­ты, әл-ауқаты жақсарды, қоғамдық өз­герудің барлық саласына олардың белсенді араласуы заңдылық сипатқа ие болды. Оның үстіне қазір еліміздің алдында тұрған ең басты міндет – әлемнің бәсе­кеге қабілетті 50 елінің қатарына ену стра­тегиясы. Осы айбынды істерді жүзеге асыру мемлекетімізде заман талабынан туындап отырған демократиялық консти­туциялық реформаларды рет-ретімен жүзеге асыруға тікелей байланысты. 1995 жылғы Конституцияны қабыл­да­ғаннан кейін демократиялық рефор­ма­ларды жүзеге асыру нәтижесіне сәйкес, Конституцияға екі рет 1998 жылы және 2007 жылы өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Конституцияда бұрын кеткен кемшіліктердің орны толды. 1998 жылы енгізілген өзгертулерге байланысты елі­міз­дің сот жүйесінде істерді қарау алқа билер қызметінің қатысуымен жүзеге асады деген мәселе енгізілді. Яғни, сот жүйесі бүкіл демократиялық елдердің жүргізетін сот талабына сәйкестендірілді. 2007 жылы енгізілген өзгертулерде де бір­та­лай жаңалықтар болды. Мысалы, Пар­ламенттің өкілеттілігі кеңейтілді. Де­путаттардың саны көбейді. Мәселен, қа­зіргі қолданыста жүрген Конституция бой­ынша Парламент депутаттарының саны 154-ке жетті. Мәжіліс тарайтын болса, заң шығару қызметін Сенат атқаратын болды. Депутаттарды сайлау бұрынғы ма­жоритарлық жүйенің орнына пропор­цио­налдық жүйе бойынша жүзеге асыры­ла­ды. Яғни, жеңген партия Парламенттен көп дауыс алады. Қазақстан халқы Ас­сам­блеясынан тоғыз депутат Парламентке сайланатын болды. Кейінгі Конститу­цияға енгізілген өзгерістерге байланысты сот кадрларын іріктеп алу Жоғарғы Сот Кеңесінің құзырына берілді. Тұтқындауға санкция беру Прокуратурадан алынып, сотқа берілді. Міне, осындай демократия­лық үрдістер жүргізілді. Елбасымыз айтқандай, ендігі қолға алатын нәрсе – біздің Парламент кем дегенде екі партиядан тұруы керек. Енді осы мәселені жүзеге асыру реттелу үстінде. Болашақта Парламентімізде кем дегенде екі саяси партияның дауысты көп алған, заңда белгіленген өкілдері депутат боп сайланбақ. Конституцияға сәйкес, еліміз Президенттік басқару жүйесіне өтті десек, үстіміз­дегі жылы Қазақстанда Президенттік бас­қару институтының құрылуының 20 жыл­дығы ерекше аталып өтті. Еліміздегі конституциялық рефор­ма­лардың жүзеге асырылғандығы Қазақстан демократиясының және қазақстандық­тар­дың жолы алға басқандығының айғағы. Ал реформалар, соның ішінде жүгі ауыр конституциялық реформалар тек татулы­ғы айрандай ұйыған, экономикасы едәуір дамыған, әлеуметтік ахуалы тәуір елдерде ғана болады. Мұның бәрі тыныштық ар­қылы келетін жетістік. Сондықтан Конс­ти­туциялық реформалардың қоғамды де­мократияландыруға бағытталғаны өз ал­дына, сонымен бірге ол осы айтылған жетіс­тіктердің де көрсеткіші. Қазақы­лан­дыра айтсақ, бақ пен дәулет – ырысы да­мып, ынтымағы жарасқан елге қонады. Ыры­сымыз бұған дейін атқарылған эконо­ми­калық реформалар болса, бақ пен дәуле­ті­міз енді жүзеге асқан реформалар екені айқын. Бұл реформаларда халықтың тілегі, биліктің ұсынысы және оппозицияның талабы үйлесімділік тапқан деуге негіз бар. Парламент құзырының артуы оған айрықша жауапкершілік жүктейді. Елба­сы Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысы бойынша, 2010 жылдан бастап сайланатын прези­денттің өкілеттік мерзімі 5 жылға қыс­қа­ратыны үлкен жаңалық болды. Оның үс­тіне соңғы қабылданған ҚР Конститу­циясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2007 жылы 25 мамырда қа­был­данған ҚР заңына сәйкес, Қазақстан­ның Тұңғыш Президентінің өкілеттік мерзімі шектелмейтіндігі қуанарлық жағдай. Бұл еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегіне берілген үлкен баға. Егемендік алғалы бас-аяғы жиырма жылдың ішінде Қазақстанды әлемнің барлық елі таныды. Мемлекетіміз Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, көптеген беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. Қазақ тілі мемлекеттік тілге айналды. Ғасырлар бойы шет жерде жүрген миллиондаған отандастарымыз, қандаста­ры­мыз өз атамекеніне оралды. Осы орайда айта кететін бір жәйт, Қазақстан тәуел­сіздігін алған күнін жариялағанда шет жерде жүрген бауырластарымыз бір-бі­рінен сүйінші сұрап, Аллаға жалба­ры­нып, «Қаза­ғым­ның қуанышын ұзағынан сүйіндіріп, қазақ елін, оның Тұңғыш Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевты аман ете гөр» деп, көк қошқарларын құрбандыққа шалды. Нұр­сұл­тан Әбішұлының тікелей бастамасымен 1992 жылы Дүниежүзі қазақ­тарының бірінші құрылтайы өткі­зі­ліп, әлем мемлекеттерінен келген қан­дас­тарымыз өз бауырлары­мен тұңғыш рет құшақ жайып көрісті. Қазақстанда тұратын барлық ұлттың ті­лінің, ділінің дамуына толық мүмкіндік жасалды. Қазақстан бірінші болып ядро­лық қарудан бас тартты, ядролық шикізат бейбіт өнім өндіру затына айналды. Иә, Тәуелсіздік алғалы Қазақстан үл­кен экономикалық дамуды бастан өткізді. Қазіргі заманғы саясат атаулының жұлы­ны – экономикалық саясат, оны білмей ел басқару мүмкін емес екендігін Президентіміз егемендік алған алғашқы күндерде-ақ айтқан болатын. Осы саясаттың жүзеге асырылуы барысында еліміз тәуелсіздік алған он тоғыз жыл ішінде жан басына келетін ішкі жалпы өнім 8000 долларға жетті. Қазақстан халқы бейбіт өмірдің ләззатын көріп, адамдар тыныш еңбек етіп, ұрпақтарын алаңсыз тәрбиелеуде. Қазақстанның экономикалық даму үрдісін жұмыр жердің жұртшылығы түгел біліп, көріп отыр. Қазақстанда ұлттық валюта – теңге іске асырылды, еліміздің экономикасының өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Еліміздің мемлекеттік шекарасы белгіленіп, көршілес мемлекеттермен бұл тұрғыдағы құжаттарға қол қойылып, мемлекетіміздің қауіпсіздігі нығайтылды. Қазақстан аумағының орталығында елдің, жердің тұтастығын сақтау мақса­тында жаңа Астана салынды. Астанадағы әсем ғимараттар, теңдесі жоқ құрылыс қарқыны жер жүзін таңғалдырып отыр. Осыған орай қала құрылысына өзі тікелей басшылық жасаған Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаевты бүкіл халық Астана қаласының бас архитек­торы деп мақтанышпен айтып жүр. Осындай жетістіктер мен табыстар Қазақстанды әлемге танытты. Респуб­лика­мыз­дың жедел өркендеу қарқынына дамыған елдердің мемлекет қайрат­керлері де оң бағасын беруде. Еліміздің аз уақытта өркендеп, өрке­ниетті елдермен терезесі тең болуына сүбелі үлес қосқан еліміздің тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Елдік пен даналықты әлемдік саясатпен ұштастыра білген айтулы тұлға, сондай-ақ елдің ел болып өркен жаюына, өрке­ниетті мемлекет дәрежесінде танылуына білімі мен білігін, ойы мен парасатын, күш-қуаты мен жігерін жұмсап отырған қайраткер. Қазақстан Республикасы Президенті­нің 2010 жылғы 1 ақпандағы №922 Жар­лығымен «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары» бекітілді. Бұл жоспар Қазақ­станның өркендеуінің, гүлденуі мен қауіпсіздігінің артуының, экономикалық биікке көтерілуінің, құқықтық мемлекет орнатуының алғышарты болып отыр. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ха­лық­­аралық беделінің асқақ көрінісінің бірі – еліміздің өткен жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мы­на төрағалық етуі болса, биыл, яғни 2011 жылы Қазақстан Ислам Конференциясы ұйымына төрағалық етеді. Бұл біздер, қазақстандықтар үшін зор мақтаныш. Бүгінгі таңда еліміздің экономикасы жылма жыл өркендеуде, серпінді иннова­ция­лық технологиялар жасалып, жүзеге асырылуда, халыққа электронды қызмет көрсету, интернет жұмысын тиімді пайдалану, электрондық сауаттылықты артты­ру, қаржы рыногын жетілдіру міндеттері алға қойылды. Алдағы мақсат – Қазақ­станның Бүкіләлемдік Сауда ұйымына кіру, сөйтіп өзіміздің өндірген тауарлары­мызды тиімді, пайдалы бағамен сатуға қол жеткізу. Осы алға қойған мақсат­тар­дың толық жүзеге асырылуының негіздері – заңдылық пен құқық тәртібін ны­ғайту. Қазақстанда мекендейтін барлық ұлттардың татулығы, бірлігі, конститу­циялық тең құқылығын қатаң сақтау. Бұл өзекті міндеттер Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы Жолдауында ерекше аталып отыр. Осы маңызды құжатта еліміз бойын­ша өрелі міндеттер алға қойылған. Бұл міндеттердің орындалатынына, Қазақ­стан халқының әл-ауқатының артып, мемле­кеті­міздің гүлденіп, алдыңғы қа­тар­лы 50 мем­лекеттің алғы шебінде бо­латын күнді көру де алыс емес. Толағай жетістік­те­рі­міз­дің барлығы еліміздің тәуелсізді­гі­міз­дің жарқын көрінісі және осы игілікті істердің көш бастаушысы – Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев. Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.