Алматыда Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжиннің төрағалық етуімен «Қазақстандық қоғамның әлеуметтік жаңаруы: жетістіктері, мәселелері және келешегі» деген тақырыпта Қазақстан әлеуметтанушыларының IV конгресі жұмысын бастады.
Конгресс жұмысына Украина, Беларусь, Қырғызстан елдерінің әлеуметтанушылары, ҚР Президенті Әкімшілігінің, Мәдениет, Білім және ғылым министрліктерінің, қала әкімдігінің, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларындағы жоо-ның өкілдері, сондай-ақ бірқатар шет елдік әлеуметтанушылары, оның ішінде Түркі тілдес елдер әлеуметтанушылар одағының президенті Коркут Тун (Түркия), «СОЦИС» бас редакторы, РҒА корреспондент-мүшесі Ж.Тощенко, тағы басқа да елдердің танымал әлеуметтанушылары қатысуда.
Жиын барысында Қазақстан әлеуметтанушылары қауымдастығының президенті, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Марат Тәжиннің атап өткеніндей, конгресс ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына дайындық аясында, Мәдениет, Білім және ғылым министрліктерінің қолдауымен өткізіліп отыр. «Қазіргі таңда Қазақстанда өте жоғары деңгейде әлеуметтік зерттеулер жүргізілуде, болжамдар да нақты жасалынуда. Соңғы сегіз жылда әлеуметтік зерттеулерге қатысушылардың саны екі есеге артты. Сауалнамаларға сенім 50 пайыздан 70 пайызға дейін өсті. Қазақстандықтардың үштен екісі зерттеулерді пайдалы деп есептейді», деді Марат Тәжин.
Конгреске қатысушылар кеше әлеуметтік жаңарудың өзекті мәселелерін, қоғамның әлеуметтік жаңаруындағы тілдерді дамыту бағдарламасын, жоо-ның рөлін, Қазақстандағы еңбек көші-қоны, қоғамның жаңғыру тұрғысындағы қазақстандықтардың әлеуметтік көңіл-күйлеріне қатысты мәселелерді талқылады. Кеше, сондай-ақ «Қазақстандық әлеуметтанудағы танымал тұлғалар» атты толықтырылған екінші кітаптың таныстырылымы өтті. Конгресс қорытындысы әлеуметтанушылар қауымдастығының «Әлеуметтану-Sociology» атты журналының арнайы нөмірінде жарық көретін болады.
Ал бүгін тұңғыш рет Қазақстан жас әлеуметтанушыларының бірінші форумы өтеді.
Қанат ЕСКЕНДІР.