Редакция қоржынына түсіп жататын арыз-шағымдардың бәрі бірдей тек ащы шындықты айтады, ақиқат іздейді десек, әлбетте қателескен болар едік. Иә, олардың арасында жанайқайын жазатындар көп, дегенмен, сонымен бірге, тисе терекке, тимесе бұтаққа принципімен де, жақтым күйе, жаптым жала мақсатымен де жазылатын хаттар аз ұшыраспайды. Соған қарамастан, қандай хат қандай принциппен, қандай мақсатпен жазылмасын оның нәтижесін журналистік зерттеу ғана анықтайды. Осы мақалаға негіз болған хатты біз жоғарыдағыдай мақсатпен немесе принциппен жазылған деуден аулақпыз. Дендросаябақ директорының орынбасары, жазушы Кендебай Ахат мырзаның қолына қалам алып, өз бастығының үстінен «Егеменге» арыз жазуының өзіндік мүддесі де болған шығар? Бәлкім, оның ниеті дұрыс та болар? Бірақ бұл жердегі мәселе шағым иесінің арызды қандай күйде жазғандығында емес, ең басты мәселе – айтылған сөздің ақиқаттылығында.
Дендросаябақтың көлеңкелі беткейі
«Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2009 жылғы 24 наурыздағы №83 қаулысының негізінде «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» кәсіпорны құрылған болатын. Мемлекет қамқорлығына өткен соң дендросаябақты абаттандыру мен қалпына келтіру жұмыстарына жол картасы бойынша облыстық бюджеттен 650-700 миллион теңге шамасында қаржы бөлінді. Дендросаябақтың орталық бөлігі мақтануға тұрарлықтай күйге еніп, халықтың сүйіп серуендейтін нысанына айналды. Саябаққа келушілердің саны ұлғайды.
Өкінішке орай, сапалы жүргізілген құрылыс жұмыстарымен қатар, өте сапасыз жүргізілген жұмыстар орын алды. Әсіресе, 2009 жылы құрылыс жұмыстарына жарияланған тендерді жеңіп алған Т.Серікбаев басшылығындағы «Мамандандырылған құрылыс басқармасынан» «үлкен кісінің тапсырмасы» деген сылтаумен кәсіпорын директоры Ә.Құламетов өз таныстарына құрғызған жарықтандыру жүйесі сын көтермейді. «Береке» серіктестігінің 80 миллион теңгеге саябақтың асфальт жолдарын жаңғыртқан жұмысы да көңіл көншітпейді. Жарықтандыру жүйесінің сапасыз жасалғандығынан бір жарым жылдан бері жер сызданса желі тұйықталып, кәсіпорын қызметкерлерін әуре-сарсаңға салып келе жатыр. Бірақ ағаттығын кеш түсінген директор жарғақ құлағы жастыққа тимей шапқылап жүріп, 010 «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұстау және қорғау» бағдарламасына енгізіп, 2011 жылы «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағының электр жүйелерін жөндеу жұмыстарына» арналған «Стройсервис-7» серіктестігімен 3 миллион 100 мың теңгеге №26 келісім-шартқа тұрды. Осылайша 2009 жылдың аяғында жүргізілген жарықтандыру жүйесі іске аспай, жұмсалған қаржы желге ұшты. Сапасыз жасалған жолды қай бағдарламаға кіргізіп, қашан жасайтыны беймәлім. 2009 жылы жүргізілген жарықтандыру жүйесі жердің астымен жүргізілгендіктен босаған бетон бағаналарды Т.Серікбаевтың кранын пайдаланып, суырып алып сатып жібергендіктен, биыл бетон бағаналарды қайтадан мемлекет есебінен сатып алуға мәжбүр болып отыр. «Самал» мөлтек ауданы жақтағы 2010 жылы миллиондаған теңгеге құрылған бетон қоршаудың сау-тамтығы қалмай қиратылған. Сапасы төмен бетон қоршаудың орнына Бәйдібек даңғылығының бойынан босаған ұзындығы 500 метрдей келетін темір қоршаумен ұзындығы 300-400 метрдей келетін сапалы темір-бетон қоршауды пайдаланғанда дұрыс болатын еді. Өкінішке орай, олар да кіріс-шығыссыз сатылып кеткен. Сатылмай қалған қалдығы атқорада тұр. Қирап қалған қоршауды қалпына келтіру үшін тағы қыруар қаржы керек. Ең өкініштісі, бұл жағдайлар кәсіпорын директоры Ә.Құламетовті ойландырмайтын сияқты. Оның міндеті кісі көп жүретін бақтың орталық бөлігін сылап-сипап қойып, кассаның билеттерін, көшеттер мен отынды, темір-терсектер мен тау-тау болып үйілген құрылыстан шыққан бетон сынықтарын сатумен шектеліп отыр. Отын мен темір-терсек тағы басқа материалдық құндылыққа жататын заттарды сатуға саябақты күтіп-баптау және шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Т.Сержанов, сырттан келетін және іштен шығатын көшеттерді сатуға ғылым және мониторинг бөлімінің меңгерушісі Ә.Арыстанов, өзінің туған қайнысы, ғылыми қызметкер Қ.Қайыпов, туған бажасы Қ.Шашенов, бірге оқыған, оралман досы Е.Смайылов, ұлттық паркте істейтін, көшет сату науқанына демалыс алып кірісетін досы Әзберген бастаған топ жұмылдырылған.
Саябақ кассасын өзінің жеке меншік мүлкіндей сезінетін мүдделесі, бас есепші Б.Қосшан бақылауында ұстайды. Ол кассадағы былық-шылық үшін басқарма тарапынан ескерту мен сөгіс алып, қызметінен шеттетілуге ұйғарым жасалған. Бірақ әлі осы қызметті уысында ұстап отыр. Кәсіпорында сатылмаған және сатылмайтын нәрсе қалмады. Бірақ олар кіріс-шығыссыз сатылатындықтан кәсіпорын кассасына қарабақыр пайда түспейді. Биыл көктемде «Сайрам-тазалық» мекемесіне босатылған жапырақты ағаштардың 8 мың көшеті мен 2010 жылы облыстық клиникалық ауруханаға 2 мың теңгеден сатылған 250 түп арша көшетін мысалға алуға болады.
Кәсіпорын бөлімдерінің қызметін жүйелеп отыру директор орынбасарының функционалдық міндетіне кіргенімен, ол пақыр, яғни мен қара тізімге ілінгендердің бірімін. Себебі, Ә.Құламетов 2009 жылы директордың міндетін атқарушы болып келгеннен өзіне жақпайтын адамдарды жұмыстан қуып, өзінің туысқандарын тарта бастағанына, өзінің туған қайнысының жұбайы, мамандығы сай емес Қ.Бақтыбаеваны кассаға қойғанына, ауданы 200 шаршы метр шамасындағы асхананы Ташкентте бірге оқыған, полиция қызметінен қуылған досы Бақтиярға, кеңсенің жөндеу жұмыстарын Мақтааралда тұратын туған інісіне ешқандай тендерсіз беріп қойғанын заңға томпақ екенін ескертемін деп, сөзге келіп қалғанбыз. Айтқан ақыл-кеңесімді құлағына ілмеген соң басқарма бастығына қызметтік хат жазған болатынмын. Сол күннен бастап ол кісі менен құтылудың амалдарын қолына шырақ алып іздестіруде. Мысалы, былтыр салынған кеңседен маған кабинет бермей, түкпірдегі қоқысханаға айналған шаруашылық аймағындағы кеңсеге қуды. «Қошқарата» учаскесінің бастықтығына ұсынып еді, зейнеткерлікке жақындап қалғанымды айтып, бас тарттым. Қара тізімге ілінгелі сыртқа шығатын хаттарды жазу, өткізілетін іс-шаралардың бағдарламасын жасау, «Қошқарата» учаскесінің құжаттары мен электр жүйелерінің құжаттарын түгендеу, сырттағы өнбес дауларды даулау сияқты жұмыстар менің еншіме тиген.
Бірақ кәсіпорында орын алып отырған іс-әрекеттерді көргенде амалсыз қынжылуға тура келеді. Басқарма бастығына биыл 20 сәуірде кәсіпорындағы орын алып отырған кемшіліктерді жоюға ықпал етуін сұрап, қызметтік хат жазған едім, ол жақтан ешқандай пәрмен болмады. Есесіне мені директор алдын ала сценарийі дайындалған жиналысқа салып, Т.Сержановқа жала жаптырып, ұжым алдында абырой-беделіме нұқсан келтіріп, жұмыстан қууға әрекеттенді. Басқарма тарапынан ешқандай ықпал жасалмағандықтан, облыс прокурорына, қаржы полициясына және облыс әкімінің атына ашық хат жазуға мәжбүр болдым. Ол жақтан да әлі күнге дейін пәрмен болмай отырғандықтан, сіздерге жазып отырмын.
Кәсіпорын директорының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Кендебай АХАТ».
Бәрін тексеру қорытындысы анықтайды
Дендросаябаққа 2009 жылдың 22 сәуірінде директор болып тағайындалдым. Мамандығым бойынша орман шаруашылығы инженерімін. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты – дендролог маманмын. Дендросаябақ облыстық меншікке өтіп, оған қаржы бөлу заңдастырылды. Осыған байланысты 2009 жылы облыстық бюджеттен жалпы сомасы 252 миллион теңге қаржы бөлінді. Ол қаржыға дендросаябақтың су жүйелері, кіре берістегі салтанатты қақпа, жарықтандыру жүйелері, ішкі аяқ жолдары, атпен және велосипедпен серуендеу жолдары, орындықтар және қоқыс тастайтын жәшіктер, күнқағарлар (беседка) қойылды. 2009 жылы құрылыс жұмыстарын «Мамандандырылған құрылыс басқармасы» серіктестігі толықтай өздері жүргізді. Құрылыс жұмыстарына мемлекеттік тендерді облыстық құрылыс басқармасы өткізген. Мен тарапынан ол мекемеге қосымша мердігер алу туралы ұсыныс берілмеді. Құрылыс жұмыстарын толықтай өздері атқарып шықты. Құрылыс жұмыстарында кемшіліктерге жол берілгендіктен, жұмысты қабылдау 2010 жылдың ақпан айына дейін жалғасып, кемшіліктер қалпына келтірілгеннен кейін комиссия құрамымен қабылданды. Қабылдау комиссиясының құрамында Кендебай Ахаттың өзі де бар. Күз, қыс айларында жүргізілген әрлеу, сырлау жұмыстарындағы кемшіліктер жаз айларында белгілі болғандықтан, мердігерге қалпына келтіру туралы бірнеше хат жолданды, орындамағаннан кейін облыстық сотқа мәжбүрлеп орындату туралы арыз беріліп, ол толығымен қанағаттандырылды. 2009-2010 жылдары жүргізілген қайта қалпына келтіру, абаттандыру және көркейту жұмыстарының негізінде дендросаябақ аумағына 1500 данадан аса жарықтандыру шамдары орнатылды. Екі жерден тамақтандыру орны ашылды. Жаңадан әкімшілік ғимараты салынды. Дендросаябақ аумағындағы ескі трансформаторды жаңарту және бір жаңа трансформатор қою туралы шешім қабылданып, облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Бұл жұмыстардың 2009 жылы жүргізілген жарықтандыру жүйесін орнатуға мүлдем байланысы жоқ.
Дендросаябаққа директор болып келген күннің ертесінен бастап кассадан кәсіпорынға күнделікті ақша түсіріп келеміз. Бірақ Кендебай Ахаттың 2009 жылдың 7 сәуірінен бастап директордың міндетін атқарушы болып істеген кезінде кәсіпорынға бір тиын ақша түспеген. Жиналған қаржы қайда кеткені белгісіз.
Кәсіпорын 2010 жылдың көктеміне дейін көшет сатудан қаржы түсіріп келді. Бірақ 2010 жылдың күзінен бастап кәсіпорын сыртқа көшет сатпайды. Өсірілген көшеттер тек қана кәсіпорын аумағына отырғызылады. Аумақтағы дәмхана 2009 жылы жеке кәсіпкер Балғабаев Нұржанға, ал 2010 жылы «Мадлен» серіктестігіне келісім-шарт негізінде жалға беріліп, одан түскен ақша кәсіпорынның арнайы есеп-шотына құйылады.
2010 жылы саябақты көріктендіру және абаттандыру жұмыстарының екінші кезеңі басталып, бюджеттен 242 миллион теңге қаржы бөлініп, дендросаябақтың әкімшілік ғимаратының алдында бос жатқан жерге «Жас жұбайлар» аллеясы салынды. Әкімшілік ғимараты жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес «Бистро» дәмханасы болып қайта жабдықталды. Көл бойынан серуендеу жолы салынды, көл толығымен тазаланып, су жіберілді.
К.Ахаттың басқарма бастығы Б.Көшербайға жазған қызметтік хатынан соң басқарма тарапынан комиссия құрылып, жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, К.Ахаттың облыс әкіміне, облыс прокурорына және қаржы полициясының атына жазған кейбір газеттегі сын-мақалаларына сәйкес, кәсіпорында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті, ОҚО бойынша салық департаментінің Абай ауданы бойынша салық басқармасы, ОҚО бойынша қаржылық бақылау инспекциясы, ОҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының қатысуымен Шу-Талас экологиялық департаментінің ОҚО филиалы, ОҚО орман және аң шаруашылығы аумақтық инспекциясының мамандарының қатысуымен ауқымды қаржылық және де басқа заң бұзушылықтар бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан, К.Ахаттың «ол жақтан пәрмен болмай отырғандықтан сіздерге жазып отырмын» дегені шындыққа жанаспайды.
Арыз иесінің мен туралы ұйымдасқан топ құрып, дендросаябақтың құндылықтарын заңсыз саттырып жатыр деп айтуы негізсіз. Себебі, Қ.Қайыпов 2003 жылдан бері осы дендросаябақта ғылыми жұмыстар атқарып келеді. Е.Смайылов оралман болғанымен, жоғары білімді орман шаруашылығының маманы. Қ.Шашенов те жоғары білімді маман. Сонысына қарамастан, ол да күзетші болып жұмыс атқаруда. Жалпы, мамандарды жұмысқа қабылдау кезінде олардың арнайы білімдеріне басты назар аударылып, басқарманың келісімімен ғана қабылданады.
К.Ахатпен менің бас араздығым жоқ. Бірақ ол кісінің мен дендросаябаққа директор болып келгеннен 12 күн өткеннен кейін, яғни 2009 жылдың 4 мамырында менің үстімнен бірінші арызын жазып еді. Соңғы кездегі кәсіпорын директорының орынбасары Кендебай Ахаттың өзінің міндетін толық орындамай, керісінше, аяқтан шалу, артқа тарту, ұжым арасында іріткі салу сияқты тірліктермен айналысуы және дендросаябақ ұжымын, оның ішінде, кәсіпорын директорын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жала жабуы біздің ұжымға үлкен зиянын тигізіп отырғанын айтқым келеді. Сондықтан, К.Ахаттың арыз-хатында көрсетілген айыптаулары құзырлы мемлекеттік органдардың тексерулерінен кейін өзінің шынайы бағасын алатынына сенемін.
«Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» МКҚ кәсіпорын директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әбутәліп ҚҰЛАМЕТОВ».
Соңғы сөз орнына
Кендебай Ахаттың редакцияға жазған арызының астарында не жатқанын білмейміз. Оның бұл хатты жазудағы ниетінен де бейхабармыз. Тіпті, арыз иесінің түпкі мақсаты жоғарыда аталған принциптерге сүйенген деген ойдан да аулақпыз. Дегенмен, Кендебай Ахаттың «Басқарма тарапынан ешқандай ықпал жасалмағандықтан, облыс прокурорына, қаржы полициясына және облыс әкімінің атына ашық хат жазуға мәжбүр болдым. Ол жақтан да әлі күнге дейін пәрмен болмай отырғандықтан, сіздерге жазып отырмын» деген тұжырымы сәл артықтау ма деген ойда қалдық. Себебі, оның арызы бойынша барған кезімізде К.Ахаттың арызымен келген бірнеше құзырлы орындардың бірнеше тексерушілері жұмыс істеп жатыр екен. Көп ұзамай редакцияға Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының көмекшісі Е.Найманбаев қол қойған анықтамасы, ҚР Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің ОҚО бойынша инспекциясының бас маманы, бас бақылаушы-тексерушісі Ә.Жұмашев қол қойған акті, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Н.Оразымбетов, бас маман-бас ревизор А.Жұмаділов, бас маман Б.Таштанов қол қойған анықтамалар келіп түсті. Соңғы анықтамада «Жоғарыдағыларды сараптай келе жүргізілген анықтау жұмысының нәтижесінде К.Ахаттың қызметтік хатындағы мәліметтер расталмады» деген тұжырым да жасалыпты.
Әлбетте, құзырлы орындардың тексеру қорытындылары дендросаябақтағы жағдайды өте жақсы деп біржақты да бағаламағанын айтып өтуіміз керек. Кейбір кемшіліктер анықталып, оны жоюдың жолдары да ұсынылған. Ең бастысы, дендросаябақтың «дені сау» екен. Бас жарылып, көз шығып жатыр дейтіндей қылмыстар анықталмаған сияқты...
Шарафаддин ӘМІР.