• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Маусым, 2011

Кездесу нәтижесіз аяқталды

406 рет
көрсетілді

Бұдан бұрын Әзербайжан мен Арменияның мемлекет басшылары И.Әлиев пен С.Саргсян Ресей Президенті Д.Медведевтің қатысуымен Қазан қаласында кездесетін болды деп хабарланған еді. Таулы Қарабақ кикілжіңін бейбіт жолмен реттеудің негізгі қағидаттары туралы келісім болар деп үміттенген сол кездесу нәтижесіз аяқталды. Кездесуден шыққан соң екі тарап та бейбіт келісімге баспады деп қарсы жақты айыптады. Соның ішінде Әзербайжан Президенті И.Әлиев өз елінің әскери бюджеті бүгінгіден де арттырылып, аумақтық тұтастығын қалпына келтіру бағытындағы талпыныстар жалғаса беретінін мәлімдеді. «Біздің әскери бюджетіміз Арменияның осы бағыттағы шығынынан 10 есе көп, мен еліміздің аумақтық тұтастығы кез келген жолмен қалпына келетініне сенімдімін», деді ол. Полковник 25 жылға сотталды Ресейде АҚШ-қа мемлекеттік құпия­ны сатты деп айыпталған полковник А.Потеевке сот болып, ол сырттай 25 жылға бас еркінен айырылды. Сат­қын­ның өзі әш­кереленбес бұрын, былтыр маусым айында АҚШ-қа қашып кеткен еді. А.Потеев Ресей Федерациясы сыртқы барлау қызметінің америкалық секторында басшы болып істеген. Демек, ол Ресейдің АҚШ-қа шпиондық әрекеттерінің бәрін де жақсы біледі. Ресейдің АҚШ-тағы көптеген шпион­дары әшкере болған соң сатқынды іздеу басталған. Бірақ оны табу қиындыққа түспеді. Өйткені А.Потеев алдымен отбасын, содан кейін өзі АҚШ-қа қоныс аударған. Осының өзі-ақ сатқынның кім екенін танытып берген. Әскери жаттығу он күнге созылады Иранда он күнге созылатын әскери жаттығу басталды. «Ұлы пайғамбар – 6» деп аталған бұл жаттығуда Иранның барлық әскери қуаты көрініп, онда жақын, орта және алыс қашықтықтарға жететін зымырандар сынақтан өткізіледі. Жаттығуларға басшылық ететін генерал А.Хаджизаденің айтуына қарағанда, бұл «аймақтағы басқа елдерге деген Иранның бейбітшілік және достық сәлемі» болмақ. Мұндай жаттығулар Иранда бұрын да болған. Ол аймақтағы елдерді ғана емес, Батыс елдерін де қауіптендірген. Өйткені, олар Иранның ядролық қаруы болуы мүмкін деген күдіктен арылмай отыр. Теһранның қаруының қаһарынан қатты қорқатын ел – Израиль. Олар Махмұд Ахмади­нежад­тың «бұл елді әлемдік картадан өшіріп тастау керек» деген үндеуін ұмыта алмай келеді. Саяси партиялар саусағын бүгіп отыр Грузияда сайлауға түсетін саяси партиялар бес пайыздық «табалдырықтан» өтетін болса, өздерінің шығындарын жабу үшін 600 мың доллардан алатын болыпты. Бұл туралы үкіметтің жаңадан әзірленген заң жобасында айтылған. Сонымен бірге, жаңа заң жобасында Парламент депутат­тары­ның санын 150-ден 190-ға дейін арттыру көзделген. Оның 83-і ма­жоритарлық жүйемен, ал 107-сі бір мандаттық округтерден сай­ланады. Ал оппозиция депутаттардың үштен екісі пропорцио­нал­ды жүйемен сайланғанын қалауда. Қалай десе де, жаңа заң жобасы бұрынғыға қарағанда, демократиялық бағытта көп ілгерілеуді көрсетіп отыр деді оппозициялық партия басшыларының бірі. Саудагерлер ереуілге шықты Өзбекстанның Самарқанд қаласын­да ескі базарлардың бірін жабуға бай­ланысты саудагерлер полициямен қақ­ты­ғысып қалды. Жергілікті биліктің оның орнына ашқан жаңа базары бұ­рын­ғыдан жеті шақырым алыс мекенде. Оның үстіне сауда орнын жалдау да ұлғайтылған. Енді саудагерлер 3х2 метр болатын сауда аумағы үшін едәуір қаржы төлемек. Бұл өзбек саудагерлерінің қалтасы көтере алмайтын қаражат. Сондықтан сатушылар бұрынғы орыннан кетпей, саудаларын жалғастыра берген. Оларды қууға келген полиция сол жерде қатты қарсылыққа ұшыраған. Іс насырға шауып, ондаған саудагер қамауға алынды. Бірақ қарсылық келесі күні де қайталанды. Әзірге мәселенің шешілу шегі көрінбейді. Оппозицияның қолтығына су бүркуші кім? Беларусь теледидары да Президент А.Лукашенкодан қалмай, сыни сөздерді судай ағылтатын болды. Жексенбі күні мемлекеттік теледидардың жүргізушісі Брест қамалында болған Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына арналған шараларға Ресей Президенті Д.Медведевтің келмегенін қатты сынады. Ал Беларусь Президенті А.Лукашенконың дәл осы күнге Мәскеуге шақырылғанын «ақымақшылық» және «көлгірсулік» деп қатты кеткен. Ресейдің «Бірінші арнасы» да осы күні Брестегі шараларды емес, Минскідегі оппозицияның қарсылық акциясын түсіруді дұрыс деп тапқан. Беларусь арнасының тілшісі осы деректерді айта келіп, Мәскеудің Белоруссиядағы оппозицияны қолтықтан демеп отырғанын айтып салды.

Қысқа қайырып айтқанда:

* Франция Президенті Н.Саркози Грекияны банкрот­тықтан құтқарудың жаңа жолын ұсынды. Француз банктері президенттің қарыздарды 30 жыл бойы өтейтін облигациямен ауыстыру туралы идеясын қазірдің өзінде қолдап отыр. * Бангладеште 2009 жылы көтеріліс жасаған әскерилерге сот болды. Айыптылар орындығында отырған 666 адамның тоғызы ақталып, 657-сінің әрқайсысына 7 жылға дейін мерзім кесілді. * Аризона штатында алты адамды атып өлтіріп, конгрессменді жаралаған 22 жасар Ли Лофнер жүйке ауруларынан еріксіз емделетін ауруханаға жіберілді. * Италияның Турин қаласының маңында сол мекенде тұратын тұрғындар Сузаға тартылған темір жол телімін салуға қарсы ереуілге шығып, полициямен қақтығысып қалды. Ереуілге кем дегенде 2 мыңдай адам қатысқан. * АҚШ-тың Пенсильвания штатында балаларды демалыс лагеріне апара жатқан автобус жеңіл көлікке соқтығысып, апат орын алды. Автобустағы балалар ауруханаға жеткізілген. Жол-көлік оқиғасына қарсы жолға шығып кеткен жеңіл мәшиненің жүргізушісі кінәлі деп табылды.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.