Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы болып өтті.
Оның жұмысына Үкімет мүшелері, облыстар және Астана мен Алматы қалаларының әкімдері қатысты. Отырыста осы уақытқа дейін Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтуге байланысты бір жарым мыңнан артық шаралардың өткізілгені атап көрсетілді. Оларды өткізуге жастар, ғылым және шығармашылық интеллигенция, өнеркәсіп пен ауылшаруашылық, үкіметтік емес ұйымдар және қоғамдық қозғалыстар өкілдері белсене қатысты.
Сөйтіп, мерейтойлы жылға арналған мерекелік шаралар іс жүзінде бүкілхалықтық сипатқа ие болды.
Отырысқа қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мерейтойлық шараларды өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Қанат Саудабаев биылғы жылдың егеменді еліміздің тарихында айтулы кезең болып отырғанын атап өтті. Ол біздің еліміздің тарихына республиканың және аймақтардың қол жеткізген тамаша табыстарын, Қазақстанның және Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік ауқымдағы өскен беделін көрсетумен ғана енбей, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салада одан әрі дамуына қуатты серпін беретін жыл ретінде аталуы керек. Мерейтойлы жылдың әрбір күні өрелі істермен және Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қуатты әрі өркенді Қазақстанды жасау жолында белгілеген стратегиясына отандастарымыздың қосқан нақты үлесін көрсетумен есте қалатын болсын, деді Қанат Саудабаев.
Отырыста мерейтойлы жылдың алты айындағы Жалпыұлттық шаралар жоспарының орындалуы қорытындыланды, сондай-ақ Астана мен облыстардағы белгіленген шаралардың қалған уақытта да үлкен ұйымшылдықпен және мазмұнды өтуі жөніндегі мәселелер қарастырылып, талқыланды.
Жақсыбай САМРАТ.