• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
06 Шілде, 2011

Көшбасшы

465 рет
көрсетілді

Әлем елдерінің басшылары мен саясаткерлері, өнер қайраткерлері Президент Н.Ә.НАЗАРБАЕВ туралы Барак ОБАМА, АҚШ Президенті: Сіздің еліңіз егеменді, тұрақты және өркендеген мемлекет ретінде өзінің да­муында маңызды табыс­тар­ға қол жеткізді. Мен Қа­зақ­станға Ауғанстандағы тұрақтылық пен қалпына келтіру ісіндегі ұстанымы үшін риза­шылығымды білдіремін және мен Сіздің ұлтаралық және діни төзімділікті алға жылжыту жөніндегі күш-жігеріңізді жоғары бағалаймын. Дмитрий МЕДВЕДЕВ, Ресей Федерациясының Президенті: Мен Сізге алғыс білдіре­мін. Маған көрсеткен бү­гін­гі қо­шеметтеріңіз біздің елде­ріміз арасындағы айрықша сенімге негіз­делген қарым-қатынастардың дәлелі болып табылады. Біздің халықтарымыз ғасырлар бойы бірге өмір сүрді. Соғыс кезіндегі және тың игеру кезіндегі барлық қиындықтарды тең көтерді. Достық, түсіністік, сыйластық тіні міне, осында. Ху ЦЗИНЬТАО, ҚХР Төрағасы: Тәуелсіздік жылдары Сіздің басшылығыңызбен еңбек сүйгіш те ақылман Қазақстан халқы өзінің қажырлы да жасампаз еңбегімен дамудың дұрыс жолын таба білді. Бүгінде Қазақстанда экономика тұрақты даму үстінде, халықтың әл-ауқаты артып, қоғамның әлеуметтік-саяси тұрақтылығы  сақталып отыр. Соңғы жылдары Қытай – Қазақстан қатынастары белсенді дамуда. Пан Ги МУН, БҰҰ Бас хатшысы: Қазақстан Президентінің көреген саясаты болмаған­да, бұл өңірдегі халық әлі күнге дейін сынақтардан зардап шегіп отыруы мүмкін еді. Сіздің Орталық Азияда ядролық қарудан ада аймақ құру бастамаңызбен Солтүстік жарты шарда ондай аумақ тұңғыш рет құрылғанын зор ризашылықпен айта аламын. Абдулла ГҮЛ, Түрік Республикасының Президенті: Әр келгенімде гүлдене түс­ке­ніне куә болып жүр­ген Ас­та­на қаласы – Қазақстанның динамизмі мен Президент Назарбаев мыр­за­ның көре­генділігін бей­не­лейтін ең үлкен туынды. Ас­та­­наның құрылыс жұмыстарына түрік фирмалары мен жұмысшыларының да үлес қосуын түрік-қазақ ынтымақтастығының ең әсем нышандарының бірі деп білеміз. Ангела МЕРКЕЛЬ, ГФР Канцлері: Жауапты міндеттерді  одан әрі атқаруыңызда Сізге зор та­быстар мен сәттілік тілеймін. Экономикалық, қоғамдық және саяси реформаларды жүргізуде Қазақстан бұдан былай да Германия тарапынан болатын қолдауға сенім арта алатын болады. Манмохан СИНГХ, Үндістан Премьер-Министрі: Барша қазақстандық­тар­дың Сізге соншалықты сеніммен қарауы – еңбегіңіздің айқын бағасы болып табылады. Әсем де зәулім Астана – Сіздің жасампаз басшылығыңыздың символы. Мен Қазақстан халқының тамаша өркендеуін, елдеріңіздің бай мәдениетін көрдім. Бізде барлық мәселелер бойынша толық  түсініктер бар. Қазақстан өзінің дана және көреген Президентінің басқаруымен табысты дамуын жалғастыратындығына сенімдімін. Николя САРКОЗИ, Француз Республикасының Президенті: Сіз өткен жылы Қазақстан үлкен табыспен төрағалық еткен ЕҚЫҰ-ның құнды­лық­тарын ұс­та­натыныңызды көр­сет­тіңіз. Өз тарапымнан мен Қазақ­станның әлемдік аренада өсіп келе жатқан танымалдығын назарыма ала отырып, осы тақырыпқа және өзге де маңызды халықаралық тақырыптарға арналған үнқатысуды жалғастыруға қуанышты болған болар едім. Сондай-ақ Сіздің еліңіз биылғы жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ететіні сөзіме мысал бола алады. Сильвио БЕРЛУСКОНИ, Италия Премьер-Министрі: Сізді Қазақстан Президенті қызметіне қайта сайлануы­ңыз­бен шын жүректен құт­тық­таймын. Сайлаудың нәти­жесі – Қазақстан халқы­ның Сізге деген жоғары сенімі мен сүйіспеншілігінің айқын көрінісі. Сізге қазақстандықтардың игілігі жолында табысты еңбек және халықаралық аренада Сіздің еліңіздің беделі мен рөлі одан әрі арта беруін тілеймін. Хуан КАРЛОС І, Испания Королі: Сіздің еліңіз осы жылдар ішінде айтарлықтай нәтиже­лерге жетті. Біздің бірлескен жұмы­сымыздың арқасында біздің мемлекеттеріміз ара­сын­дағы қарым-қатынастар достық пен ынты­мақтастық рухында дамып отырғаны мені ерекше қуантады. Мен Сіздің күш-қуатыңыздың арқасында Қазақстан өміріндегі жаңа кезең тағы үлкен прогреспен және халықтың әл-ауқатының артуымен белгілі болатынына сенемін. Экмеледдин ИХСАНОҒЛЫ, ИЫҰ-ның Бас хатшысы: Жоғары Мәртебелі, Сізге өз елін саяси және экономикалық реформалар жолымен алып келе жатқан басшы ретінде Сізге көрсетілген Қазақстан хал­қының сеніміне байланысты өзімнің шынайы құттықтауымды жолдағым келеді. Жоғары Мәртебелі, Сіздің даналығыңыз бен тәжірибеңіз Өзіңізге Қазақстан халқының келешекте әлеуметтік-экономикалық даму мен гүлдену, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің биік болуына деген ұмтылысын жүзеге асыруға мүмкіндіктер беретініне сенемін. Дэвид КЭМЕРОН, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Премьер-Министрі: Сіздің Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті қыз­ме­тіне қайта сайлануыңызға бай­ла­нысты өзімнің шынайы ниетімді білдіруге рұқсат етіңіз. Біріккен Корольдік Қазақстанмен мықты, ашық және дамып келе жатқан қатынастарды бағалай біледі. Мен біздің елдеріміздің екі­жақты ынтымақтастығының барлық бағыттары бойынша байла­нысты нығайтуды жалғастыруды тағатсыздана күтемін. Эдуард ШЕВАРДНАДЗЕ, Грузияның бұрынғы президенті: Біртұтас Еуразиялық кеңістік құру бастамасын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дәл өзі көтергенін атап айту керек... Тарихтың осынау аса жауапты белесінде Қазақстан кемесінің штурвалында аса көрнекті саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғаны – бәріміздің бағымыз. Қазақстан – ұлы мемлекет, оны ұлы адам басқарады. Ли Куан Ю, Сингапур үкіметінің аға министрі: Президент Назарбаев – түрлі республикалардың ішіндегі кесек тұлға. Қазақстан басшысы – керегінше қатал, ұсынақты, қағілез әрі батыл кісі, өзіне тартып тұратын, талантты әрі табанды тұлға, ол бұрынғы Одақтың басқа да республикалары таныған жетекші. Кан НАОТО, Жапония Премьер-Министрі: Еліңіз Сіздің басшылы­ғыңызбен әрі қарай дами тү­седі және ортаазиялық аймақ­тың тұрақтылығына, гүлде­нуіне үлкен үлес қосады деген сенімдемін. Жапонияның шы­ғы­сында болған зұлмат зілза­лаға бай­ланысты шын жүректен білдірген көңіл ай­туларыңыз үшін және Қазақстан Республикасының гуманитарлық көмек көрсету туралы ұсынысы үшін алғысымды білдіремін. Жапония мен Қазақстанның арасында тату-тәтті және достық қарым-қатынас орнатылған. Елдеріміздің арасындағы қатынастарды нығайту және кеңейту үшін Сізбен әрі қарай да ынтымақтасуға ниеттімін. Асиф Әли ЗАРДАРИ, Пәкстан Ислам Республикасының Президенті: Сіздің көшбасшы­лығы­ңыз­­бен Қазақстан биік белестерге жетті. Сіздің жеңісіңіз – Сіздің басшылығыңыздағы елдің, Қазақстан халқының зор сенімінің көрінісі. Пәкстан Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынастарына үлкен мән береді. Мен біздің елдеріміз арасындағы достық байланыстардың одан әрі де тек нығая түсетініне сенемін. Маргарет ТЭТЧЕР, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі: Мен Қазақстан Президентінің бүгінгі күні өзіміз ұшырасып жүрген проблемаларды талқылау үшін алуан түрлі діни нанымдардың соншама көп өкілдерін шақыру жөніндегі бастамашылығын барынша құптаймын. Мұндай Форум өткізу үшін бірде-бір ел дәл Қазақстандай қолайлы бола алмас еді. Тәуелсіздік алған сәттен беріде Сіздің көреген саясатыңыз еліңізді бостандыққа апаратын сара жолға түсірді. Уайымшылдар, сірә, Сіздің еліңіздің этностық және діни саналуандығы алауыздық пен араздық туғызып, Қазақстанды әлсіретеді деп ойлаған болуы да мүмкін. Бәрі де керісінше болып шықты. Қайта саналуандығының арқасында Қазақстан көркейе түсті, қайта сан түрлі дәстүрлері мен діни нанымдарының байлығы арқасында қуаттана түсті. Сіздер басқаларға өнеге болып отырсыздар.   Зураб ЦЕРЕТЕЛИ, Ресей Көркемсурет академиясының президенті: Президент Н.Ә.Назар­баев оңтайлы сәтті сезіне де, дәл пай­да­ла­на да білді, ол уақыт тақтасында еш қатесіз күшті жүріс жасап, Қазақстанның жаңа астанасын тұрғызды. Оның Астананы осы заманғы астанаға айналдыру үшін қолынан келгеннің бәрін де істейтініне менің еш күмәнім жоқ. Илья ГЛАЗУНОВ, Ресей суретшісі: Қазақстан Президентінің жанарларында ой ұшқын­дап тұрады, ол жаны жай таппайтын, жанып тұратын қайратты тұлға. Никита МИХАЛКОВ, Ресей кинорежиссері: Назарбаев – нағыз ел ағасы. Ол тыңдап қана қоймай, ести де біледі, менің ойымша, бұл – төбесі көкке жеткендердің көпшілігінің бойынан табыла бермейтін аса сирек қасиеттердің бірі. Ести білу де аз. Шешім қабылдай білу керек. Төзім керек. Аяныш керек. Билікті аңсаған жанның соры қалың. Мұндай жан оған тоймақ та емес, оны қоймақ та емес. Мұндайда оның қабырғаны қайыстырар ауыртпалығына қарамай, қажымай-талмай алға сүйреген жанды айт! Түсіне тұра, біле тұра мемлекеттік мүдделердің үскірік желінің өтіндегі саяси биліктің ұшар биігіне шыққан жанның қашанда серігі болатын құлақ тұндырар жалғыздықты қыңқ етпей көтере білген жанды айт! Грэм АЛЛИСОН, АҚШ-тағы Гарвард университеті мемлекеттік басқару мектебі Ғылым мен халықаралық қатынастар орталығының директоры, профессор: Ядролық жарылыстардың қан­дай зардаптарға соқты­ра­ты­ны жайында толық пайымдай отырып, Назарбаев бұрынғы КСРО елдері президенттерінің ішінде ядролық қаруды жойып, Орталық Азия өңірінде ядролық қарусыз аймақ құ­ру­ға шақырған бірінші адам болды. Теориялық тұрғыдан алғанда, Қазақстан ядролық астамшыл державалардың біріне ай­нала алар еді. Егер ол кезінде КСРО ыдырағаннан кейін өз аума­ғында қалған 1400-ден астам ядролық оқтықтарды бақылауына алғанда, оның қарауында сан жағынан Ұлыбританияны, Франция мен Қытайды қоса алғандағыдан асып түсетін қару-жарақ қоры қалған болар еді. Оқ­тық­тар­дың көпшілігі АҚШ-қа кезелген ракеталарға орнатылған бо­латын. Қазақстан болса, өзінің аумағындағы барлық ядролық қаруды өз еркімен Ресейге беріп, Ядролық қаруды таратпау ту­ралы шартқа қол қойды, сөйтіп, ядролық қарусыз мемлекетке айналды.