• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
06 Шілде, 2011

Есілдегі Елорда

566 рет
көрсетілді

Астана идеясы – ұлы идея, ұлы құ­бы­лыс. Тәуелсіздігіміздің, мемлекеттік тұ­тас­тығымыздың, елдігіміздің ғажайып бір сипаты. Ежелгі Ақмола – Қараөткел ай­ма­ғы­ның тарихы, яки гүлденген Ас­тананың шежіресі мейлінше бай. Заттық мәдениет жа­ғынан болсын, руханият тарихы жағы­нан болсын. Әдеби мәдени һәм тарихи деректер жеткілікті. Қазақ жерінде жылқы шаруашылығының, метал­лур­гияның, киіз үйдің, көне шаһарлардың тарихы бес мың жылды қамтиды. Ұлт та­ри­хында небір қан кешулер мен зоба­лаңдар өтсе де тәуелсіз­дік­тің арқасында бұрынғы жәдігер­лері­мізді, рухани құндылықтарымызды жи­нақ­тап, жүйелеп, ел кәдесіне жарату – асыл парызымыз. Соның нақты, затты бір куәлігі – Астана тарихы мен мәдениетіне қатысты «Астана жазушыларының кітап­ханасы» бойынша жарық көрген кесек материалдар, зерттеулер. Бұларды өз алдына жеке жеке түсіндіріп әңгімелейік. «Астана. История столицы и края XVII XIX в.в.» (2006) зерттеуі. Мұнда қазақ жеріндегі қорғандар, балбалдар, обалар, өсімдік пен хайуанаттар әлемі, топырақ, су, ауа райы, көлдер, қыраттар, тау кен ісі, тастағы таңбалар туралы мәліметтер бар. Сонымен қатар, ерлер мен әйелдердің дене бітімі, бие мен түйе сүтінің қасиеті сипат­талған. Жерлеу рәсімдері де әңгіме­ленген. Абылай хан, Кенесары, Құдаймен­де, Уә­ли, Бөкей хан, Керей, Жәнібек, Қа­сым хандар туралы деректер кездеседі. Есіл өзенінің басы – Нияз тауы екендігін дұрыс көрсетеді. Қазақтардың жер-су атауларын айрықша көркемдік сипат дарыта айтатынына қызығады. «Какие приличные имена дают киргизы своим рекам, озерам, горам, долинам, лугам и равнинам, удивительно!» – деп жазады. Аталмыш басылымда А.Левшиннің, Броневскийдің, В.Шненің және «Ресей. Отанымыздың толық географиялық сипат­тамасы. Қырғыз өлкесі» томынан үзінді жарияланған. «Астана. История столицы и края. Страна тысячи озер и рек» (2007) кіта­бын­да Сілеті, Өлеңті, Солтүстік Теңіз, Нұра, Құланөтпес, Оңтүстік Батыс Теңіз, Тері­сақ­қан, Кеңгір, Сары­су, Бетпақдала аудандары зерттелген. «Астана. История столицы и края XІV- XIX в.в.» (2006) атты жинақта Омбы, Том қалаларындағы сирек қолжазбалар қорын­дағы материалдар қамтылған. Мы­са­лы, «Ма­териалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экс­пе­дицией по исследованию степных областей. Акмолинская область. Акмолинский уезд». 1897 жылы Ақмола уезінде 792072 – жыл­қы, 402957 – ірі қара мал, 1872588 – қой мен қозы, 102514 түйе болыпты. Баршасын қосып айтқанда, 3188131. «Астана. Елорда сәулеті» (2007) дейтін жинақта 1997-2007 жылдарда елордада сән түзеген 25 мемлекеттік маңызы бар ғи­ма­рат­тардың архитектуралық ерекшеліктері, фи­лософиялық-теориялық негіздемелері, тер­­риториялық-жобалық даму жү­йе­сінің тұ­жырымдары жан-жақты баяндалады. «Қазақтың қара шаңырағы» (2004) атты кітапта үшінші мыңжылдықтың бас қа­ласы жайындағы ой-толғаныстар жи­нақ­талып жүйеленген. «Астана. Жыр шуағым» (2006) атты томда бақ пен құттың ордасы – елорда кемел көркемдікпен жырланады. Елбасының ерен еңбегі мен өрнегі әдемі сипатталады. «Қанжығалы қарт Бөгенбай» (2007) атты жинақта даңқты қолбасшының өмір тарихы, жорықтардағы ересен ерліктері және қа­наттас серіктері туралы материалдар, батыр­дың ұрпақтары Бапан би, Сақ­құлақ шешен, Олжабай ақын жөнінде әдеби-тарихи мәлі­меттер топтастырылған. Бұл орайда осынау ғылыми танымдық жинақтарды құрас­тыр­ған, алғысөз жазған Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты, жазу­шы Алдан Смайылға оқырман атынан мың да бір рахмет! Бір айта кететін жәйт, осы зерттемелерде Астана тарихы туралы дәйекті айғақтар мол. Мәселен, 1271-1295 жылдарда жиһан­кез Марко Поло испан короліне деректер ұсынған. 1375, 1459, 1742 жылдары жарық көрген «Каталон картасында» Бытығай қаласы көрсетілген. Француз королі Людовик IX 1253 жылы Вильгельм Рубрукты қазақ да­ласына аттандырған. Немесе швед ғалы­мы Страленберг 1740 жылы Қараөткелде архитектуралық ескерткіштерді жазған. XVII ғасырда поляк Юрий Крижанич Ақ­мола-Қараөткел өңірін­дегі архитек­тура­лық ескерткіштерді қорғау турасында да­был қаққан. 1694 жылы Әз Тәуке ханның ордасында Ресей елшілері Федор Скибин мен Матвей Трошин болған. Олардың көр­сетуінше, хан ордасы Есіл-Нұра бойында екен. 1830 жы­лы Ақмола округі ұйым­дас­тырыла бас­таған. Батыс Сібір губернаторы Веляминов патшаның келісімін алған 1832 жылы 22 тамызда әскери бекініс, қаланың алғашқы бөлігі, яғни Ақмола округі ресми түрде жарияланады. Қоңырқұлжа Құдай­мен­дин округтің аға сұлтаны болып таға­йында­ла­ды. Ал 1862 жылы 23 қазанда қала мәр­те­бесіне ие болса, Ақмола 1868 жылы уезд орталығы атаныпты. Византиялық ғалым Прокопи «Вестник древней истории» журналында (1939) «Ақмола» атауы «Батыстағы қамал» деген мағынаны береді деп жазған екен. Тегінде, Ақмоланың тарихы ғасырлар тереңінен тамыр тартады. Бұл орайда, ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде» кітабында былай делінген: «Бозоқ орта ғасыр қаласын Ақмоланың тікелей бабасы деп санауға болады. Ал оның ең соңғы ұрпағы қазіргі заманғы Қазақстан астанасы – Астана болып табылады». Астана шаһары – сан тармақты, алуан сипатты ұлт мәдениеті мен өркениетінің алтын құндағына, тарихи-мәдени дәстүр­лерге кенен кемел ордаға айналуы тиісті. Астана – Қазақ елінің алтын тәжі, рух пен иманның күретамыры, жаңалықты құ­былыстар мен жақсылықтардың ұясы дейтіндей дәрежеге, мәртебеге жетуге жә­не үздіксіз жетіле беруге де құқылы. Атын­да да, затында да, негізінде де ұлт­тық қа­сиеттерге, айтулы айшық-нақыш­тарға, көркемдік сұлулыққа ие мәдени ескерткіш-кешендер салынғаны нұр үстіне нұр. Бұл орайда халықтың арман-аңсарын, ас­қақ мұратын, биік дүниетанымын, ға­рыш­тық санасын, көзқарасын танытатын таң­да­малы ескерткіштердің бірегейі мәр­мәр­дан құйылған «Қазақ елі» тарихи-ме­мо­риалдық монументінің айбыны мен ай­ба­ты қандай десеңізші! Ұшар басындағы алтындай құлпырған ертегі кейіпкері Са­мұрық құс, «Халық және Президент», «Жа­сампаздық», «Қаһармандық», «Бола­шақ», «Бірлік» тәрізді қола барельефтер Тәуелсіздік, Мемлекеттілік, Елшілдік идея­сын, ұлт тарихының асу-белестерін жарқын түрде елестетпек. Елбасы Н.Ә.Назарбаев жүрегінің миуа-жемісіндей, жанының бөлшегіндей ар­дақ­ты Астанасы туралы көкейкесті, жү­рек­­жарды ойын былайша өрнектеп, гүл­дендіріп жеткізеді: «Астанасына қарап елін таниды. Астанасының қайда орна­ла­сып, қалай өркендеп жатқанынан әр елдің өзінің өткені мен ертеңіне деген көз­қа­расын аңғарып, өзгелерге деген пейілін сезінеді. Сондықтан да, Астана келбеті – ұлт келбеті. Мемлекет дидары. Халық мерейі. Күллі әлем атын енді жаттай бас­таған жаңа Астана біздің жас мемлекетімізге деген назарды екі есе арттыра түсері сөзсіз. Оның біз жетпек биіктердей өрелі, біз орнатпақ қоғам­дай тартымды болып, көркейіп, өсуі жо­лын­да күш-жігерді аямаймыз. Біздің жаңа астананы, жаңа астананың бізді ұятқа қалдыр­майтынына нық сенеміз». Иә, ел Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың тарихи зерделілігі, кең құлашты дүниетанымы айрықша. Әрбір құбылысты сабақтастық тұрғысынан түсіндіреді. Ас­та­наны республикамыздың дәл геог­рафия­лық кіндігіне көшіру идеясы – Елбасының кемел саясатынан, мемлекет тағдырын ойлағандықтан туындаған. Елбасының: «Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың мемлекеттік дәрежеде кемеңгерлікпен ойлай білуі осыдан жарты ғасыр бұрын, 1948 жы­лы Қазақстан астанасын Ақмола қала­сы­на көшіруге кеңес беруінен айқын көрінеді» деген пікірінен оның адамгершілік, кісілік келбетін, әділеттілігін көруге болады. Бұл түйінді ойды әрі қарай терең­детер болсақ, поляк саяхатшысы Адольф Янушкевич 1846 жылы «Ақмола, мәселен, бүкіл дала­ның болашақ астанасы» деп жазыпты (Янушкевич Адольф. Қазақ даласына са­пары туралы жазбалар). Астана, «Аударма», 2003. Астана – ұлт рухы­ның құді­ретті шарайнасы. Ол мемле­кеті­міз­дің биік мәртебесі, жоғары дәрежесі, бақ-берекесі, елдік пен бірліктің тұт­қасы, дербесті­гі­міздің дара тумасы. Тәуелсіздік – қасиетті ұғым, сәулелі құбылыс. Сандаған ғасырлар мен замандар бойы бабаларымыздың асыл арманы болған Тәуелсіздік ақ қанатты періште сипатында халқымыздың басына бақ бо­лып қонды. Отанымыз Тәуелсіздік құ­ша­ғында асқақтап алтынжалды арғымақ мінген атақты қолбасшы Еділ батырдан бастап, Түркі қағанаты дәуіріндегі Естеми, Бумын қаған, Күлтегін тәрізді сайып­қырандардың, Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен Абылай хан, Қанжығалы қарт Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай сын­ды баһадүрлердің, сонымен бірге, ұлт-азат­­тық көтерілістің ту ұстаушылары Сы­рым Датұлы, Исатай – Махамбет, Кене­сары­лар­дың арманын жүзеге асырды. Ұлы Да­ла­ны қорғау, сақтау осы аталарымыз­дың ұрпақтар игілігіне қалдырған ама­наты еді ғой. «Сар дала – сары аспандай жауыр еді» деп, Жұмекен ақын зар илегендей не өтпе­ді, не көрмеді бұл қазақ. Небір те­пе­ріш­тердің бәрін, небір зұлым­дық, жырт­қыш әрекеттердің түрлісін көр­ді. Дала данагөйі Бұқар жырау Күнба­тыс­тан бір қорғасын­дай қара бұлт шығып, қазақ да­ла­сын ойран-топыр ететінін көре­генд­ік­пен сезінсе, зар заман ақындары Дулат, Шортанбай, Мұраттар отарлық езгінің елге, жерге, дінге, тілге тигізер кесапат-пә­ле­кет­терін жарқын түрде сипаттап, жұ­тын­тып жеткізді. Олар дәстүріміздің, эпостары­мыз­дың түбіне балта шабы­ла­ты­нын ай­қын өр­нек­теді. Солардан соңғы сом болат тұлға Нармамбет Орманбетұлы «Сары­арқа» дейтін дәуірнамалық толғауында: Қалмады ей, Сарыарқа, сенде қызық, Сандал тау, сары өлкені алды мұжық. Қолыңнан келер де жоқ, өнер де жоқ, Баласы байғұс қазақ қалдың мыжып, – деп күйінсе, Сарыарқаның төрінен қоныс тепкен жаңа Астана бар қазақтың мүд­де­сін біріктірген құт мекенге айналып отыр. Осы арада тоқтала кететін бір жәйт, ел та­рихына қатысты небір дерек шаңнан ар­шылып алынуда. Яғни, Президенттің бас­тамашылдығымен «Мәдени мұра» мем­лекеттік бағдарламасы қабылданып, жү­йелі жұмыс жасауда. Отанымыздың шы­ғармашылық әлеуетін, білім-ғылымын қа­рыш­татып дамыту мақсатында жұмыс істеп жатқан «Болашақ» мемлекеттік бағ­дар­ламасы тағы бар. Сонымен бірге, «Қа­зақстан – 2030» даму стратегиясында негізгі бағыттар белгіленгені де өзімізге белгілі. Ұлттық қауіпсіздік; Ішкі саяси тұрақ­тылық пен қоғамның топтасуы; Эконо­ми­калық өсу; Қазақстан азаматтарының ден­саулығы, білім мен әл-ауқаты; Энер­гетика ресурс­тары; Инфрақұрылым, әсіресе кө­лік және байланыс; Кәсіби мемлекет. «Енді сол бабалар алып берген кең байтақ өлкемізді түгел құлпыртып, түгел көр­кей­ту – біздер мен ертеңгі жеткіншектердің үлесіне тиіп тұр», – деп түйіндейді Елбасы. Біздер – бақытты ұрпақпыз. Дербес мемлекетіміз бар. Ата Заңымыз, Елтаң­бамыз, Әнұранымыз бар. Қазақ тілін дамытудың мемлекеттік жоспары жасал­ған, Конституцияға енгізілген, «Қазақ­стан-2030» даму стра­те­гиясында ең негізгі, ең басты бағыттар жүйеленіп белгіленген. Бұл – темірқазық жұлдызындай жолбастау­шымыз. Түркі санаткерлерінің пайымдауынша, «әскер, тәуелсіздік, тіл және ұлттық сана ұлттың сондай үлкен төрт қамалы» (Нихал Атсыз) екен. Ұлттық егемендік, ұлт­тық дүниетаным – ұлт тілі мен санасына қатысты. «Егер ана тілін білмесең, онда сен ұлттың баласы емессің... Бала анасының құр­сағында-ақ өз ұлтының тілімен ауыз­данады, бүтін денесі сонымен азық­та­на­ды. Өскеннен соң бала сол тілді жарыққа шығаруға, өршітуге борышты», деп түйін жасайды Ғұмар Қараш. О заманда рухани-ұлттық құндылықтар, қасиетті ұғым-түсі­нік­тер, әдептілік, ізгілік, сүйіспеншілік, ра­қым, мейірім, ар-ождан, иман, намыс, ерік-күш, жауынгерлік дәстүрлер, ұлттық фольклордың жауһар үлгілерінің мақам­дары, сарындары, көркемдік құбылыстары ананың сүтімен, ананың әлдиімен сәбидің болмысына дарыған. Сөйтіп, ол ұлт тілі­нің рухын, үйлесімін қабылдаған. Ұлт­тық сананың қалыптасу тарихы осылайша бас­талған. Сонымен, «ұлттық сана дегеніміз, бір ұлттың өзін сезінуі және түйсінуі. Сезімге әрі ой-пікірге арқа сүйенетін ұлттық сана – ұлттық рухани күштердің ең мән­дісі» (Нихал Атсыз). Ұлттың санасы мейлінше жоғары дәрежеде болса, рухани-мә­дени құндылықтар әлемі де қаз-қалпында, таза күйінде сақталатындығы күмәнсіз. Бұл орайда ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сын­ұлы өз көсемсөздерін «Қазақтың бас адамдары! Қазақтың байлары, күштілері! Алашқа аты шыққан адамдар!» деп бас­тауында мән бар. Сөйтеді де, «Көсем­дік­теріңді адаспай, түзу істеңдер. Сендер адассаңдар, арттарыңнан алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар», деп қаны сорғалаған шындықты күлбілтелемей айтады. «Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір бол­ған халық бұқарасын бірлестіріп, олар­дың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлт­тық санаға жеткізу де ұлы тарихи мін­деттің маңызды бір бөлігі зиялылардың үстіне жүктеледі», – дейді Мұстафа Шоқай. Ұлт мұраты жолында қайрат-күшін жұмсаған қайраткерлердің ішінде нардан туған жампоздай Шахановтың дауысы саң­қылдап естіледі. Оның дауылпаз үнін­де, сегіз қырлы семсердей тілінде Әйтеке бидің: «Біз қазақ деген – бір ұяның бала­паны едік, сұңқар болып жетіліп, самғап ұшайық! Біз қазақ деген – бір тоғайдың ағашы едік, орман болып жайқалып, жа­сыл­д­анайық! Біз қазақ деген – бір биенің құлыны едік, тұлпар болып жетіліп, бәйгеден озайық! Біз қазақ деген – бір дастарқан едік, атамекенді түгел қамтиық» дегені жаңғырады. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің «Елорда – Тәуелсіз Қазақстанның ең ауқымды жобасы» дейтін баяндамасында «Астана – халқымыз үшін тәуелсіздік пен өсіп-өркендеудің алтын тұғыры. Президенттің перзентіндей болған Астанаға Елбасының идеялық еңбегі ғана сіңген жоқ. Қаланы жасыл желекке көмкерген бас бағбаны да, ажарын сәнді еткен бас сәулетшісі де Мемлекет басшысы болды. Сондықтан да, Елбасы мен елорда егіз ұғым. Уақыттан оза шапқан бүгінгі Астана – тұтас еліміздің ертеңге деген үкілі үміті мен сенімінің көрінісі. Арманы мен тілегінің кепілі», деген болатын. Рас, ел тұтқасы – Елбасы, Отан жүрегі – елорда. Құстың қос қанатындай, көздің ағы мен қарасындай егіз ұғым, егіз құбылыс. Елорда – бағыстаным, ғажапстаным. Елбасы – мемлекет құбыланамасы. Қазақ­станым – ғарышстаным, гүлстаным, жер­ұйығым. Серік НЕГИМОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.