• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
08 Шілде, 2011

Әлемде әуелеген әндер

1205 рет
көрсетілді

Илья Жақановпен сонау 1990 жылы танысқанбыз. Содан бері ағалы-інілі адамдардай араласып кеттік. Сол рухани туыстығымыздың айғағындай, мен Ілекеңнің ел ішіне кең тараған әндерінің тарихын жаздым. Ілекеңнің шығармашылығының қыр-сырына, әндерінің тарихына үңіліп жүргенде байқағаным – композитордың көптеген әндері шетелдерге де кең тараған екен. Әсілі, ән мен әуенге тіл де, сөз де, шекара да бөгет емес. Жүректен шыққан ән жүректерге жетіп, тыңдаушысын еліктіріп, әлдилеп, мұңайтып, жұбатып, толқытып, тербеп, ынтықтырып жүре берері рас... Композитор дүниеге әкелген әндердің әрқайсысы – өз алдына тарих, өз алдына бөлек хикая! Және композиторлардың кез келгені ән салса, қане?! Бұл тұрғыдан Ілекеңде кешегі сал-серілердің дәстүрі берік сақталған! Көп жағдайда әндерінің сөзін өзі жазады, әнін өзі шығарады, өзі орындайды! Бір сөзбен айтар болсақ, Илья Жақанов шығармашылығы басқа өнер иелеріне қарағанда, қайталана бермейтін өзіндік құбылыс! Ағамыздың 75-ке келіп отырған мерейтойы кезінде оқырмандарға төмендегі оқиғаларды айтуды жөн көрдім.

* * *

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде

Илья Жақановтың ең алғашқы әні – «Түн ортасы болғанда» деп аталады. Сөзі Қасым Аманжоловтікі. Осы әнге байланысты бір құпияны айта кетсем, композитор оны орыстың «Одинокая гармонь» әніне құлай беріліп, сонымен ғана тыныстап, қатты қы­зығып жүріп, сол әсермен жазып еді. Сол сезім, сол бір лирикалық толғаныс ақыры 1956 жылдың қоңыр күзінде: Түн ортасы болғанда, Отырсың жігіт нені ойлап. Кімнің атын жазасың, Қайта-қайта шимайлап. Махаббаттың бұлбұлы, Жүр ғой сенен алыстап. Ол естімес үніңді, Шақырсаң да дауыстап, – деп келетін ән болып дүниеге келді. Оны алғаш тыңдаған жора-жолдас, құрбы-құрдас, студенттік орта Ильяның ән шығарғанын гулетіп ала жөнелді. Тіпті кейбіреулер оны үйреніп те алды. Баян сүйемелімен сызылтқандарды да көрді. Осы құбылысқа елтіп жүргенде «Салтанат»... оған ілесе «Сағыныш», «Ақ қайың» әндері туды. Бұл үш ән бірден радиоға қабылданды. Сол жылдарда Алматының жоғары оқу орындарында Қытай Халық Рес­публика­сы­ның, Шыңжаң-Ұйғыр авто­но­миялық аймағы­ның қазақ жастары оқитын-ды. Сол жастар жазғы каникулда Шыңжаңға қайтқанда біраз қазақ әндерінің қатарында Илья Жақанов­тың «Салтанат», «Сағыныш», «Ақ қайың» әндерін алып барыпты. Бұл оқи­ғаны Ілекең сол жастардың бірі – бүгінгі көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділовтен естіп білді. Содан бастап күні бүгінге дейін ком­позитордың әр жылдарда жазған әндері түп-түгел, қаз-қалпында Шыңжаң қазақтарына емін-еркін жете берген. Мұны 1993 жылдың ақпан айында композитор Үрімшіге барға­нында анық байқады. Ондағы айтулы әншілер Хамит Ысқақ пен Рәфиладан бастап, жай қара­пайым жұрт кез келген жерде, кездесулер мен жиындарда, отырыстарда бірінен соң бірін айтып таңғалдырды. Хамит «Даниярдың әні», «Әсел» әндері­мен, Рәфила «Еділ-Жайықпен» біраз шетелдерге белгілі бопты. Әсет Найманбаевтың белгісіз «Ар­дағын» білетін айтулы ақын Рахметолланың үйіне келгенінде ақ­жарқын мінезді жеңгей: «Өзінен бұ­рын әні жеткен інімді маңдайынан бір сүйіп алайыншы», деп еміренгені бар. Илья Жақанов әндерінің шетел жұрт­шылығына шығуы осылайша басталып еді.

«Әлбетте, өзіміздің ән!..»

Композитор  1993 жылдың мау­сым айында Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында болды. Мұнда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің профессоры Тұрсынбек Кәкішев басқарған фольклорлық экс­педиция­ның құрамында келді. Бұл аймақта абақ керейлер ғана тұрады. Жалпы саны үш жүз мыңдай екен. Соңғы жылдарда оның біразы Қазақстанға қоныс аударыпты. Бұл жерде Илья Жақанов ән зерттеді. Өз әндері бұл аймаққа 1958 жыл­дан бері қарай әр кез жетіп жататын көрінеді. Ілекеңнің «Еділ-Жайық», «Әсел», «Асылым», «То­лағай», «Ар­қа­ның аруы», «Салтанат», «Ақ қа­йың», «Жайлаукөл кештері», «Да­нияр­дың әні», «Аға­ды Ертіс», «Ал­маты кешінде» сияқты және тағы басқа да әндерін аймақтың белгілі әншілері емін-еркін шырқайды екен. Композитор Алматыға қайтар сапарында сол әндерінің біразын, алпыс минуттық концертті пленкаға жазып алды. Баян-өлгейлік ағайындар «Әлбетте, сіздің ән – өзіміздің ән» деген сүйінішті сөздер айтты.

Романтикалық ария

1963 жылдың қазан айының 10 жұлдызы. Сол күні Мәскеу радиосы таңертеңгілік хаба­рында «Известный киргизский писатель Чингиз Айтматов стал лауреатом Ленинской премии» деп қуанышты жаңалықпен елең еткізді. Ілекең Қазақ телевизиясында, жастар редакциясында қызмет істейтін. Жұ­мысқа келді. Телевизияда гу-гу әңгі­ме. Айтматов жө­нінде жиналыс болды. Қазақ ҚСР Телевидение мен радио жөніндегі комитеттің төрағасы Кенжеболат Шалабаев (Расул Ғам­затовтың «Менің Дағыстаным» кіта­бын аударған адам): – Айтматов лауреат атанды. Біздің Мұқаңның – Әуезовтің тілегі орын­далды. Сөз­дің қысқасы – мен Мәс­кеумен байланыстым, бүгін Айтматов өзінің Фрунзесіне келеді. Біз оны Алматыға алып келуіміз керек, дәл ертең – 11 қазан күні... Телевизия студия­сында қазақтың өнер иелері қатысқан баспасөз конференциясын өткізуіміз керек. Ал, іске сәт, кірісіңіздер, – деді. Ертеңінде, қазан айының 12 жұлдызы күні баспасөз конференциясы өте қызықты өтті. Мәслихатты Мәс­кеуде М.Горький атындағы әдебиет институтында Айтматовпен бірге оқыған ақын Жаппар Өмірбеков жүр­гізіп отырды. Осы баспасөз конференциясында Илья Жақановтың жаңа туындысы – «Даниярдың әні» айтылды. Оны орын­даған консерватория студенті, тамаша тенор Мәдеш Ниязбеков. Сүйе­мелдеген пианист Семен Коган. Ілекең ән орындалып болған соң, оның нотасын Шыңғыс Айтматовқа сыйлады. Сол жылы, көп ұзамай бұл ән Қырғыз радиосында қырғыз әншісі Салмарбек Шер­әлиевтің орындауында беріле бастады. «Аңсаған менің әнімсің» спектаклінде Даниярдың рөлін ойнаған Арсен есімді актер де жан тебіренте айтқаны сондай, қырғыздар келе-келе оны «Даниярдың ариясы» деп те атайтын болды. Бір жолы қырғыздың асқақ үнді теноры Тоқтанәлі Сейдәлиев «Данияр­дың әнін» Мәскеу телевизиясынан шырқады. (Т.Сейдәлиев Алматы кон­серваториясын бітірген, профессор Бекен Жылысбаевтың шәкірті. Кейіннен КСРО халық әртісі атағын алды.) Айтматов Өзбекстанға барған бір сапарында «Даниярдың әнін» Навои атындағы опера және балет театрының бір талантты әншісі, қарақал­пақ жігітіне өз қолымен беріпті. 1964 жылы жаз айында, Алматыда өтіп жатқан Өзбекстанның мәдениет күндерінің қорытынды концертінде Жұма есімді қарақалпақ жігіті «Данияр­дың әнін» Өзбекстанның мемлекеттік симфониялық оркестрінің сүйемелімен орындап, жұртшы­лықты таң-тамаша қалдырды (өзбектер өз бағдарла­масында оны: И.Жақанов. «Менің Жәмилашым» деп жазыпты). Ән бірте-бірте интероркестрдің репер­туа­рына өткен. Оркестр дирижері Фарух Садықов: «Илья аға, сіздің бұл арияңыз өзбектің тенорлары мен баритондарының бағын ашты. Олар бұл арияны бір-бірімен таласа орындап, өздерінің атағын шығарды. Нағыз бельканто шеберлері әуелететін сүйегі ірі, сезімі оттай ыстық ән. Айтматовтың өзі айтқандай, «романтикалық ария! Композитор Евгений Григорьевич Брусиловский бұл әнді «ария» депті деген сөзді қазақ дирижерлерінен естідім», деді. Бұл 1998 жылы күзде Шымкентте, Шәмші Қалдаяқов атындағы ән конкурсіне қазылар алқасына мүше болып келіп жүрген кезі болатын.

«Бұл шығарма итальяндық операдан ба?»

1984 жыл. Қазан айының 17 жұл­дызы. Опера әншісі Қанат Құлым­жановтың шығар­машылық портретін жазу мақсатымен Ілекең әңгіме-дүкен құрды. Қанаттың үні сондай жарқын, аса қуатты,  биік тенор. «Біржан-Сара» опе­расында Естай партиясын өте сәтті ойнаған сері көңілді, алғыр, алымды әнші. Сол күні ол әңгімесінің бір тұсында былай деді: «1974 жылдың жаз айында Сирия мен Ливанда болдық. Біздің делегация құрамында Бибігүл Төле­генова, Роза Бағланова, дом­быра­шы Мағауия Хамзин, шағын ансамбль – дирижері Малгаждар Әубәкіров, Бақыт Әшімова, опера театрының екі бишісі – Лора Мәшекева мен Феруза Жолымбетовалар бар. Қай жерлерде қандай концерттер берсек те Бибігүл Төлегенова «Гауһар­тас» пен «Бұл­бұлын» (композиторы Латиф Хамиди), Бақыт Әшімова Біржан салдың «Ләйлімін», «Желбір жекенді», орыс әні «Над полями, над чис­тымиді», Роза Бағланова Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ маңдайлымын», «Ах, Самара, городок» әнін, Мағауия Хамзин Огинский­дің «Полонезін» орындады. Ал мен «Даниярдың әнін» айттым. Аударма­шылар ән сөздерін аударып тұрды. Дамаск қаласында француз теле­визиясы келіп, біздің концертімізді сатып алып, киноға түсірді. Сонда бір режиссер «Бұл ария итальян­дық операдан ба?» деп сұрады. Біздің әншілер мен музыканттарымыз бұл сауалға таңғалып: «Бұл біздің қазақ ком­позиторы Илья Жақановтың әні» деді. Француздар сүйсінген кейіпте бас­тарын шайқады деген еді.

«Березка» ансамблі билеп жатыр

1974 жыл. Күз айы. Алматы теректерінен алтын жапырақтар төгіліп жатты. Күз лебі білінді. Сол күні Ілекең үйде Бетховеннің «Айлы сонатасын» тыңдап, мүлгіп отырды. Бір кезде осы ұйыған тыныштықты шылдырлаған телефон үзіп жіберді. Есін алған ғажайып суреттен әп-сәтте көз жазып қалды, аң-таң боп. – Алло... – Ой, Илюша, бұл Алтынбек қой. Қане,     Москва каналын кош! Ілекең сасқалақтап телевизорды қоса қойды. Қолында телефон... Алтынбек: – Көрдің бө? Сениң обонуң «Асылым»... «Березка» ансамблі билеп жатат. Аларға сенин бул обонуңның нотасын былтыр Фрунзеге келип, гастрольде жүргенде мен бергем, Илюша... «Асылым!..» «Березка» ансамблінің биші қыздары лып-лып етіп, сырғиды бір, ұзын шаштары төгіле түсіп... Алтынбек мәз. Телефонды тастар емес. Би бітті. Жүрек толқулы. Сол көрініс күні бүгінге дейін тебіренте елжіретеді. Алтынбек Жаныбеков Алматы кон­сер­вато­риясында Брусиловскийден үз­дік бітірген көрнекті қырғыз компо­зиторы, профессор досы Ілекеңнің! Алғаш рет «Әселді», одан кейін «Асы­лымды» тыңдағанда Шыңғыс Айтматов: «Ошол «Асылымды» қайта тыңдалық, а? Бұл обонду тыңдағанда мен емнеге бир «Тополек мой в красной косынке» китебимдеги Кадишанин келбетин көз алдыма келтирем. Өзуң де жакшы айт­тың, бул обонду Кадишаның об­разынан жаздым деп. А десе бул жулдыздай жайнаган келинчек кандай сулуу, а? Жаркылдап тур, ал «Асел» болсо, ол армандуу, муңдуу... Ильястын кенен кокурогунуң Ысык колдей толкуган аңсауы... аңсауы... ошол сезимди «Асылым» жеңилдетип тур... а, карасаң болот Кадишаға, а?! Мимолетная любовь! Аның кучун, кубатын кара, а?!» деп тебіреніп еді, осы сөзі қаз-қалпында есіне түсіп, «Асылым» әніне, оны басқа біреу жазғандай сұқта­натыны бар Ілекеңнің. «Асылымды» қырғыздар өздерінің ән жинақтарына қырғыз әні деп кіргізіп жатады. Илья Жақанов, «Асылымды» 1993 жылдың ақпан, маусым айларында Қытайдағы, Моңғо­лиядағы қазақтардан да тыңдады.

«Жайлаукөл кештері», «Толағай» ГДР сахналарында

Қарағанды облысы, Қарқаралы ау­данының «Салтанат» ансамблі 1980 жылдарда ел аузына ілігіп, шетелдік гастрольдерге де шығып жүрді. Сондай сапарларының бірі ГДР-да болды. Бұл жайды өз көзімен көрген Қар­қаралы қаласындағы №1 орта мектебінің музыка пәнінің мұғалімі Роза Әмірина: «1988 жылдың, желтоқсан айының жиырмасыншы жұлдызында біз ГДР-да, неміс жұртын таңғалдырған концерттерімізде «Жайлаукөл кештері», «Толағай» әндерін жиі-жиі орындадық. Екі әннің нәзік лиризмі немістерді ойландырып тастады. Әндер орын­далғанда неміс тіліне қолма-қол ауда­рылып отырды», деп естелік жазып бергені бар. Ол Ілекеңнің архивінде сақтаулы тұр.

«Нені ойладың?» Францияда

– 1976 жылы «Салтанат» ансамблі Францияда өтетін 19-шы фольклорлық фестивальға қатысу құқығына ие болды, – дейді Роза Әмірина. Біз ол сапарда бір айдай болдық. Фестиваль негізінде Конфолан деген қалада өтті. Оған 22 елден кәсіби және көркемөнерпаздар ұжымы қатысты. Бұл фестивальды ұйымдастырған фермер Курсаже деген миллионер екен. Мұндай фестивальға қатысу үшін біз өте мұқият дайындалдық. Өйткені, біз тек Қазақстан емес, Кеңес Одағы атынан барып едік. Сондықтан да жауапкершілікті жоғары сезіндік. Біздің репертуарымызда француз халық әндері, орыс әндері, қазақтың әндері мен күйлері бар еді. Осы сапарда Қанат Әділбаева екеуміз Илья Жақа­новтың ақын Аманжол Шамкеновтің сөзіне жазған «Нені ойладың?» әнін дуэтпен орындадық. Бір қызық жай ойыма оралады. Дайындық аяқталып, енді мәскеулік комиссияға тапсырарда алты ай дайындалған осы әннің сөзін ұмытып қалғаным да бар. Бірақ, оған қара­мастан, осы әнді «құлаққа жылы-жылы, мелодиясы өте бай» деп алған болатын. Қысқасы, фестивальда елуге тарта берілген концерттердің бәрінде де «Нені ойладың?» әнін орындадық. Халық өте жылы қабылдады. Әннің мәтіні француз тіліне аударылып тұрды.

«Толағай» Голландияда

1995 жылы желтоқсан айында әнші Сәуле Жанпейісова «Окно в Европу» деген фир­маның шақыруымен Голландияда жеке концертін берді. Амстердамда және соған жақын бір шағын қалада теледидарға түсіп, сол концертте «Еділ-Жайық» айтылды. Домбырамен айтты. Көрермен күшті қабылдады. Сәуле тағы бір қалада «Толағай» әнін айтты. Германияның Бранденбург қала­сын­да да Сәуле Жанпейісованың жеке концерті болды. Мұнда да «Еділ-Жайық» пен «Толағай» әндері орындалды. Мұнымен қоса Бельгияның көп­теген қала­ларында болып, концерттің бәрі өте сәтті өтті. Онда да «Еділ-Жайық», «Толағай» әндері шет жұрт­ты таң-тамаша қалдырды. Сәуле Жанпейісова бұл жолы жиырма күндей концерт берді.

Кельндегі қазақтардың шырқауы...

2002 жылдың 23 маусым күні Ілекең тіл ғалымы, академик Өмірзақ Айтбаевпен кездесіп, сұхбаттасқанда, Өмекең Германияда Кельн қаласында болғанын, онда Илья Жақанов әнде­рінің қазақтар арасында айты­латынын сөз етті. Бұл әңгімеден бұрын ондағы қазақтар шырқап жүрген Ілекеңнің біраз әндерін Уахап Қыдырханов диктофонына жазып әкеліп, өз кабинетінде («Шалқар» газетінің редак­торы болып жүрген кезінде) тың­датқан-ды. Сол әндердің ішінде есінде қалғаны – «Арқаның аруы», «Жайлаукөл кештері». Бәрі де Қайрат Байбосынов репертуарын­дағы әндер.

«Еділ-Жайық» Самарада

2008 жылы, қараша айында Орал облыстық мәдениет департаменті бас­тығының орын­­ба­сары, музыкант Марат Қалиев Ілекеңмен сұх­баттасып отыр­ғанда, төмендегі әңгімені айтты: – Мен Самара қаласындағы мемлекеттік өнер мен мәдениет инсти­тутында оқып жүрдім, – деді ол. – Юрий Паршин деген деканымыз бар. Өте терең білімді, дүние танымы кең, талғамы биік, қатал мінезді жан. Классика мен халық әндерін ерекше жақсы көреді. Эстра­далық музыка мен әндерді аса жақтырмайды. Осы ұста­зымыздың тал­ғамынан шығуға тыры­сатынбыз. Осы бір қиын жан бір жолы бізге ерекше үйірілді. 1990 жылдың 1 мамыры қарсаңында біз концерт әзірлеп жаттық. Концерттің бағдар­ламасына «Еділ-Жайық» әнін қосып, оны гитар, баян, домбырамен сүйе­мелдеп айта бастап едік, Юрий Паршин залға кіріп келіп: – А ну-ка, что это за песня? – деді. Біз сасқалақтап, жүрексініп, үндей алмай тұрып қалдық. Ол кісінің ойлы жанарынан бір жылылықты сезінгендей болдық па, «Еділ-Жайықты» сызылтып айта бастадық. Паршин ойлана, қиялға бата тыңдады. Терезеден сыртқа көз салған күйі: – Это что, казахская песня? – деді сол толқыған сезімде, жұмсақ сөйлеп. – Да, Юрий Михайлович! – деп шу ете түстік. – Это народная или современная песня? – деді Паршин. – Да, Юрий Михайлович, современная песня. Автор – Илья Жақанов. Очень популярный композитор Казахстана, – дедім мен. – Классическая песня! Хорошо поют казахи... Хорошо! Молодцы! – деп Паршин толғана сөйледі. Сол күннен бастап біз «Еділ-Жайықты» инс­титут концерттерінде жиі-жиі айтатын болдық. Юрий Паршин бұл әнді тыңдаған сайын бізді рахаттана мақтап жүрді. Содан арада он сегіз жыл өтті. Оралда бір музыка фестивалі өтіп жатты. Самарадан ұстазымыз Юрий Михайлович те сол жиынға қатысты. Сол үш-төрт күнде ол кісі барлық концерттерде «Еділ-Жайықтың» орындалуын қиыла сұраумен болды.

...Иранда

Илья Жақанов 1995 жылдың қаңтар айының бірінші жартысында сол елде тұратын қазақ­тарды зерттеу мақ­сатымен, Горгон, Бендер – Түркмен, Теһран қалаларында болды. Экспе­диция құрамында – профессор Тұрсын­бек Кәкішев, журналист Қоян­бек Ахметов және Илья Жақанов бар еді. Сол күндердің бірінде Горгон қаласында тұратын көшелі, беделді ел ағасы Ақмұрат ақсақал (Ислам Жеменейдің әкесі) шай үстінде: – Немістермен соғыс кезінде совет жауынгерлері, әлбетте, қазақ жігіттері «Ақтамақ» дейтін әнді айтып жүрді. Одан бергі жылдары Қазақстаннан бірер ғана ән жетті-ау деймін, – деді әңгіме үстінде. – Қандай әндер? – деді қазақстандық меймандар. – Е-е, ол әндер «Әнім сен едің» мен «Әсел» ғой. Көп ұзамай «Еділ-Жайық» деген ән айтыла бастады. Тыңдаймыз, жылаймыз, елді, жерді сағынып... Тұрсынбек Кәкішев «Еділ-Жайық­тың» мән-жайын айтып, Ильяға қайта-қайта орындатты. Ақмұрат ақсақалдың Испахан қаласында істейтін инженер баласы «Еділ-Жайықты» дикто­фонға жазып алды.

...Италияда

Ақтөбе мемлекеттік университе­тінің ректоры, математик, ірі ғалым Кенжеғали Кенжетаевтың естелігі: – 2005 жылдың қаңтар айында Италияның атақты қаласы Неопольде болдым. Күллі әлем Неополитан әндеріне ынтық. Мұнда дүниені итальян әнімен таңғалдыратын небір жезтаңдай тенорлар бар. Бізді осы сапар Италияның атақты ғалымы, профессор Джовани Матарацу ерекше ілтипат көрсетіп, жақсы күтті. Жасы алпыстың ішінде. Қағылез, арықша келген, өте сыпайы, мәдениеті жоғары, сезімтал жан. Негізгі ма­мандығы математик-механик. Көбіне классикалық әндерді тыңдай­ды екен. Біз де классикалық музы­каны көп тыңдадық. Бір қызық­ты отырыста мен «Еділ-Жайықты» айт­тым. Италияндық­тар бұл әнге таң-тамаша болып, қайта-қайта тыңдады. Әлбетте, біз әнші емеспіз, бірақ менің италияндық профес­сорым Джовани Матарацу «Еділ-Жайықты» терең түсінді. Оның ойланып отырып: «Өте кең тынысты ән. Адам сезімінің шарықтауы... биік шырқауды керек етеді», деген сөзі есімде қалып қойыпты.

...Болгарияда

Ақтөбе облысының Алға ауданында Болгарка деген село бар. Баяғыдан болгарлар тұрады. Олардың фольклорлық ансамблін ақтөбеліктер жақсы біледі. Бір жолы Алматыдан «Қазақ­фильм» студиясының режиссерлері осы болгарларға келіп, тұрмыс-тірші­лігімен танысып, олардың қазақша сөйлеп, ән салғанына қатты қызықты. Он бес адамнан құралған ансамблі бар екен. Соларды қазақша киіндіріп, Қара Қобда өзенінің жағасына барды. Күн бұлтты, жаң­быр, қақаған қара суық. Осыған қарамай киноға түсіргенде болгарлар «Еділ-Жайық» әнін қазақша шырқады. Бұл оқиға «Қазақ­фильм» қызметкерлерін керемет тебірентті. Бұл 1989 жылдың күзі болатын...

...Орынборда

1997 жылы Ақтөбенің облыстық мәдениет басқармасының бастығы Еркін Құрманбеков жүз елуге тарта облыс өнерпаздарын бас­қарып, Орын­борға барды. Бұларды орын­бор­лықтар ағаш үйлерге жайғас­тырып, керемет күтті. Сол күндері тамаша концерттер өтіп жатты. Қазақтың ән-күйлері... Небір өнер­паздар асқақтата ән салды! Көрерменнің қошеметіне бөленді ақтөбеліктер... Сондай, бір үлкен концертте «Еділ-Жайық» орын­дал­ды. Сол сәтте залдағы жұрт, әсіресе, орыс-қазақ бұл әнге дүркіреп қол соқты. Қайта-қайта орындатты. Бұлар Ақтөбеге қайт­қан­ша орынборлықтар «Еділ-Жайыққа» таңғалумен болды. Толымбек ӘБДІРАЙЫМ, жазушы Астана.