Астананың туған күніне орай қала қонақтары мен тұрғындарына арналып ұйымдастырылған мерекелік думандар 6 шілде күні әлемдік сахна жұлдызы, ән падишасы атанған Сара Брайтманның концертімен жалғасты. Ал кешкісін республикалық «Сарыарқа» велотрегінде өткен мерекелік кешке Mr. Black Star Тимати, «Градусы», Quest Pistols, Arash, Jay Sean және италиялық ди-джей Alex Gaudino мен қазақстандық Динара Сұлтан, Айқын, «Орда», «Ринго» және «Не все сказано» топтары қатысып, жиналған көпшілікке өнерлерін паш етті.
Қала күнін есте қаларлықтай әрі қызықты өткізу мақсатында Астана әкімдігі барынша дайындалыпты. Оған өзінің сопрано дауысымен әлемді аузына қаратқан ағылшын әншісі Сара Брайтманның жеке концертпен келуге келісім беруі дәлел. Ол өзінің асқан шебер сопрано дауысының арқасында әлемге танылып, ән падишасы атанған әнші. Өз шығармашылығында екі музыкалық бағытты – өткен ғасырдың классикалық музыкасы мен соңғы онжылдықтағы «поп» жанрын шебер үйлестіре білген Сара Брайтманның «Time To Say Goodbye» мультиплатиналы ән жинағы 1997 жылы 35 апта бойы Billboard журналының классикалық чартынан түспейді, сондай-ақ ол әлемнің 21 елінде алтын жүлдеге ие болады. Дәл осы сәттен бастап Сараның есімі әлемді шарлап кетеді. Сараның Андреа Бочеллимен бірлесе ән орындауы ең таңдаулы әрі тез таралған синглге айналды.
Астаналықтар мен елорда қонақтарының көңіл-күйін көтеруге берілген мүмкіндік кеңінен болды. Мерекелік концерттерге кіру билеттері де қолжетімді бағада сатылды. Мүшел жастан шыққан Астананың туған күні осылайша кезекті рет жоғары дәрежеде аталып өтілді.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.