Астананың туған күнін айрықша етіп атап өту жылдан жылға мағыналық жағынан толысып келеді. Осы күні қала тұрғындары мен қонақтарына шаттық сыйлау әрбір өнер адамының асқақ арманына айналғандай. Сондай мерекелі көңіл-күй сыйлаған концерт Конгресс-холда «Көңілді Астана. Базар жоқ!» деген атпен болып өтті.
Негізінен концерттік бағдарлама сағат 17 және 20-ға белгіленсе, келушілердің көп болғаны сонша билеттер қолдан қолға өтті. Концертке тіпті қарттар мен арбаға таңылған мүгедек жандар да келіпті. Бұл мезет іште қызу дайындық жүріп жатқан-ды. Біз ұйымдастыру жұмыстарымен шапқылап жүрген Астана қалалық көңілділер мен тапқырлар театрының бас әкімшісі Бағи Бақытбекті бірер минутқа сөзге тартып үлгердік. Оның айтуынша, бірінші концерт қайырымдылық шарасы болғандықтан, билеттер жетімдер үйіне, мүгедек жандарға және зейнеткерлер мен тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға тегін таратылған. Мұндай концерттік бағдарламаны ұйымдастыруға қалалық әкімдік пен мәдениет департаменті ұйытқы болыпты. Осы ретте концерттің ерекшелігі сол, пародиялық монологтарды әр актер жеке жеке орындап, артынан эстрада жұлдызы ән шырқайды. Осылайша актер мен эстрада жұлдызы жұптасқан тоғыз топ бір-бірімен сайысқа түседі. Қай топқа көрермен көбірек қол соқса, сондай-ақ арнайы бақылаушылардың шешімі бойынша сол жұпқа баға беріледі. Кеште театр әртістерімен бірге эстрада жұлдыздары Мәдина Садуақасова, Досымжан Таңатаров, «Бәйтерек» тобы, Заттыбек Көпбосынұлы және өзгелері бақтарын сынасты.
Сахнаға шыққан алғашқы жұп әртіс Олжас Сыдықбеков пен әнші Мәдина Садуақасова болды. Олжас бұл жолғы қойылымында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетовтің ел алдындағы есебін әзілге бұрмалап, пародиялық тәсілмен әкім бейнесін сомдады.
Мәдина өзінің назды дауысымен тыңдармандарын сазды әнге қанықтырды. Сөйтіп, бұл жұп көрерменнің ықыласына бөленіп, ең жоғары баға алғандардың қатарынан табылды. Келесі жұп ерлі-зайыпты Қайрат пен Бақыт Домбаевтар да өзіндік өнерлерімен көпшілік көңілін қуантты. Әсіресе Бақыттың шырқаған әні зал ішінде ерекше қалықтады. Оның үстіне сахна төрінде қолдан қолға ұшып-қонып жүрген аппақ қардай кептерлер өзіндік жарасымын тапқандай әсер берді. Басқалары да бұл үдеден шықты. Мысалы, мына әзіл қала күнін аша түскен әдемі бір әзіл болды. Бұрын қайдан келдің десе, Астанадан десең, «ойбай, масасы сойқан, қақаған суықта қалай тұрып жатырсыңдар?!.» деп таңданып жатса, қазір «о», деп таңырқайтын болды, деген әзілдің артында үлкен шындық жатқаны әртістің аузынан ерекше көңілді шықты. Театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Қабатовтың сөзімен айтқанда, бұл мереке Қазақ елінің елорданы паш еткен мерекесі болды. Тағы бір белгілі болғаны, былтыр 23-ші қыркүйекте құрылған театр жаңа әртістермен толығып, өз репертуарын кеңейте түсіпті. Жалпы театр алда жаңа қойылымдар мен бағдарламаларын ұсынуды ойластыруда.
Үш сағатқа созылған концерттік бағдарламада жеңіл әзілмен қатар саяси салмағы басым қалжыңдар да көрермен көңілінен шықты. Бір байқағанымыз, қазіргі юмордың өмір көшінен қалмай келе жатқандығы. Астана күніне тарту болған концерттік бағдарламаның қала тұрғындары мен қонақтарына сыйлаған күлкісі көпке дейін көңілде қалары сөзсіз.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.