• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
08 Шілде, 2011

Ел тарихындағы ерекше белес

327 рет
көрсетілді

Қызылжар өңірінде әскери мамандар даяр­лайтын жоғары оқу орны Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдары қоныс теуіп, ел өміріндегі аса маңызды оқиғалардың бірі болды. Содан бергі 14 жылдың ішінде оның қабырғасынан мыңдаған білікті кадрлар түлеп ұшып, Отан алдындағы жауынгерлік міндеттерін абыроймен орындап келеді. Біз әскери институттың бас­тығы, ішкі істер полковнигі, әскери ғылымдар докторы Жұмабек АХМЕТОВКЕ жолығып, оқу орнының қазіргі тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелескен едік. – Жұмабек Хатиоллаұлы, әс­кери оқу орнын орналастыруға Солтүстік Қазақстан облысы­ның таңдап алынуы кездейсоқ болмаса керек. – Әрине. Мұндай шешімге келер алдында саяси, экономикалық жағдайлардың стратегиялық мән-маңызы жан-жақты ескерілгені анық. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігіміздің алғаш­қы күнінен мемлекет тыныш­ты­ғын сақтауға, дербес әскерімізді құ­руға, қорғаныс саласын нығай­ту­ға ерекше мән беріп келеді. Жа­сыратыны жоқ, одақ ыдырағаннан кейін көптеген тәжірибелі әскери мамандар мен командирлер тарихи отандарына оралды, басқа са­ла­ларға ауысты. Сол себепті Қа­ру­лы Күштерде әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың жо­ға­ры жауынгерлік әзірлігін қам­та­масыз ету, қырағылығын арт­тыру үшін жергілікті офицерлер кор­пусын жасақтау өзекті мәселеге айналды. Екіншіден, тоғыз жол­дың торабы саналатын Петропавл қаласы Ресейге жақын жатқан­дық­тан, шекараны нығайту елдік мүддені ойластырған қадамдар­дың бірі болды. 1997 жылы 18 наурызда ішкі әс­керлер үшін офицер кадрлар даярлау мақсатымен әскери оқу орнын құру туралы Үкімет қаулысынан ке­­йін іле-шала әзірлік жұмыстары басталып кетті. Иесіз қалған меха­ни­калық техникумның ғи­ма­рат­та­ры күрделі жөндеуден өтіп, қал­пы­на келтірілді. Әскери қызмет­кер­лер­ге арнап тұрғын үй салын­ды. Бұл тұрғыдан алғанда, мем­ле­кет­тің қаржылық көмегі істің жыл­дам шешілуіне оң ықпал етті. Осы жылы алғашқы түлектер қа­был­данып, Ел Тәуелсіздігінің 10 жыл­дығы қар­саңында бітіріп шық­ты. Қазақстан Респуб­ликасының Пре­зиденті, Қа­ру­лы Күштердің Жо­­ғарғы Бас қол­басшысы Н.Ә. На­зарбаев училищеге арнайы келіп, Жауынгерлік Туды салтанатты жағдайда табыс еткенін бәріміз де мақтаныш тұтамыз. Оқу ордасын әр жылдары генерал-майорлар Амангелді Дүйкенов, Рашид Фаткуллин, полковниктер Мұ­рат Қарағойшиев, Сәбит Ахметов бас­қарып, материалдық-техника­лық базаның нығаюына, тәжі­ри­белі мамандармен қамтуда үлкен үлес қосты. – Болашақ офицерлерді қан­дай мамандықтарға баулисыз­дар? – Сөз арасында 2009 жылы учи­лищеге әскери институт мәр­те­­бесі беріліп, ішкі әскер құра­мы­на офицерлер әзірлейтін бірден-бір іргелі оқу орны екенін айта кет­кен жөн. Бүгінге дейін 1892 сар­дар дайындап шығардық. Олар­дың 185-і оқу орнын үздік тә­мам­дады. Курсанттар 4 жыл оқу ба­ры­сында ко­мандалық-тактикалық, тәр­бие жә­не әлеуметтік-құқық­тық, ра­кета-артиллериялық, ин­же­нерлік-тех­ни­­калық қамтамасыз ету сала­лары бойынша азаматтық ма­ман­дық алып шығады. Әскери кадр­лар даярлауда халықаралық тәжі­рибеміз де жинақталып келеді. Мәселен, Қырғызстан мен Тәжік­станның өкілдері оқиды. Офицер­лер­дің біліктілігін арттыру факультетінде 900-ге жуық адам өз білімдерін жетілдірді. Ғылыми жә­не ғылыми-педагогикалық кадр­ларды өз кәсібіне баулу ісі де жү­йелі жүргізіледі. Еліміздің жо­ғары оқу орындары мен Ресейдің ІІМ Ішкі әскерлерінің маман­дары­мен ғылыми-теориялық және тәжірибелік конференциялар өт­кізу дәстүрге айналған. Ел әскерлеріндегі батальондар құрамындағы офицерлердің 90 па­йызы – біздің түлектеріміз. Олар сонымен қатар Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрліктерінде, ҰҚК Шекара комитетінде абыройлы қызмет атқаруда. – Курсанттарды оқуға қа­был­дау, адалдыққа ант беру рә­сімдері, түрлі тактикалық-оқу жаттығулары нақты патрио­тизм­нің үрдіс үлгісіне айналға­нын, жас балғындардың ой-са­насына, мамандық таңдауы­на оң ықпал етіп жүргенін жұрт­шылық аузынан жиі естиміз. – «Жаста берген тәрбие жас қа­йыңды игендей» деп бекер ай­тыл­маған. Ал елге, жерге деген перзенттік махаббат, отанға деген сүйіспеншілік пен құрмет отба­сынан, балабақшадан, мектептен бастау алатынын ешкім де жоққа шығармаса керек. Бізде «Қазақ­стан – менің Отаным!» тақы­ры­бы аясында іс-шаралар жиі өт­кізіледі. Бұл акция Ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығы қарсаңында кең қанат жая түсті. Ондағы мақ­сат – өскелең ұрпақтың бойында азаматтық парыз сезімі мен міндет ұғымын қалыптастыру. Президентіміз өз Жолдауында «Отан­­ды қалтқысыз сүю оның суығына шыдап, ыстығына күюді талап етеді» деп атап өткені мәлім. Пат­риоттық тәрбиенің қайнар кө­зі­нің, сарқылмас қайнар бұла­ғы­ның бірқатар міндеттерін Қоста­най­да болып өткен «Менің Қазақ­станым!» атты республикалық Патриоттар форумы белгілеп берді. Шынында да ел рәміздерін қас­терлеу, ұлттық, тарихи құн­ды­лықтарды бағалау, егемендіктің қа­дір-қасиетін жете ұғыну сезімдері нақты істерде кө­рі­ніс тауып жатса, тағылымы өте зор. Таяуда инсти­туттың 11-ші тү­лектерін шығарып салдық. Осын­да­ғы қоштасу, ант қабылдау көрі­ністерінің, үлкен шеберлік пен еп­тілікті, күштілікті талап ететін әскери-тактикалық жат­тығу­лар­дың әсері мол болды. Сал­танатты ша­раға облыс әкімі Серік Біләлов, Ішкі әскерлер қолбас­шы­сының орын­басары, генерал-майор Альберт Мәткәрімов, Ұлы Отан соғы­сының ардагерлері, ата-аналар қа­тысып, «лейтенент» шені мен дип­лом­дар­ды табыс етті. Ақжол тіле­ді. Жұрт­шылық курсант­тар­дың түрлі әс­кери өнерлерін тама­ша­ла­ды. Сап түзеген күйі «Алға, қазақ жігіттері!» әнін шырқап өт­кенде ел қор­ғанынан артық еш­қандай құді­рет, мәртебе жоқ екенін іштей ба­ғам­дағандай бола­сың. Жыл өткен сайын институтта оқуға тілек білдірушілер қа­та­ры артып келеді. Мұның өзі әс­кери мамандықты жүрек қалау­ы­мен таңдаған жас сарбаздардың – ертеңгі сардар­лардың азаматтық тұлғасын, анық байламын таныт­са керек. Институтта офицерлер клубы, ардагерлер кеңесі, жастардың бас­тамашыл орталығы жұмыс істейді. Ал, әскери оркестр мен оның ән­шілері республикалық конкурс­тар­дың лауреаты болып табылады. Жеке құрам Қазақстан Қарулы Күш­терінің әскери шеруіне үзбей қатысып келеді. Спорттық жетістіктеріміз өз алдына бір төбе. Сержант Айбек Қырықбай джиу-джитсуден, капитан Мирас Бірімжанов кикбоксингтен, кіші сержант Денис Колесников гір көтеру­ден жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды. Аға лейтенант Мақсат Нүсіпов қазақ күресінен Еуропа жеңімпазы болды. Айта берсе, мұндай табыстарымыз көп. Көңілділер мен тапқырлар коман­дасы да жақсы қырынан көрініп жүр. Осылайша ортақ іс жолына жұ­мыла кіріссек, зая кетпесі, түп­теп келгенде, әр қазақстандықтың отан­шыл­дық рухын асқақтатып, бір­лік­ке, ынтымаққа қызмет етері анық. Міне, ел Тәуелсіздігінің мерей­лі тойы да жақындап келеді. Ол «Бейбітшілік пен жасампаз­дық­тың 20 жылы» ретінде кеңі­нен атап өтіл­мек. Өткен жыл­дары­мыз бос­қа кеткен жоқ. Бос­тан­дық, Бірлік, Тұ­рақ­ты­лық, Өр­кен­деу секілді асыл құн­дылық­тары­мыз қа­лып­тас­ты. Ел та­ри­хын­дағы ерекше белестен мүдір­мей өткен әскери институт ұжы­мы тәуелсіздікті одан әрі нығайту, мемлекетті орнық­тыру жолында аянбай қызмет ете беретін болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.