Өткен жылы облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған баспасөз туры сапарымен журналистер, саяси партиялар және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері облыстың бірнеше аудандары мен қалаларын аралап шыққан болатын. Онда топ мүшелері өңірде атқарылып жатқан игі істерге қанықты-инвестициялық жобалардың, яғни жаңа кәсіпорындардың өніміне, бой көтерген әлеуметтік нысандардың жұмысына, әлеуметтік бағдарламалардың атқарылу барысына куә болған еді. Ал бұл жолы олар мінген автобус Қарасу ауданына келді. Баспасөз туры сапарына қатысқандарды қарсы алған аудан әкімінің орынбасары Бекболат Уәлиев қонақтарға аудан туралы жан-жақты айтып берді. Облыс орталығынан шалғай жатқан Қарасу облыстағы ірі аудандардың бірінен саналады. 700 мың гектар жерге егін еккен қарасулық диқандардың биыл көңілі көтеріңкі. Жаңбырлы жыл қарасулық диқандарға екі жыл бойы жердің апшысын қуырған қуаңшылықты ұмыттырғандай. Егін алқаптары жайқалып тұр. Негізі, Қарасу – қашаннан Қостанай өңіріндегі астықты аудан. Қарасулықтар «нан болса, ән де болады» деген қанатты сөздің маңызын жеңілдеткен емес. Астықтың арқасында соңғы жылдары ауылдың әлеуметтік жағдайы жақсара түсті. Қазір 40 мектеп, 41 денсаулық сақтау мекемесі жұмыс істеп тұр. Клубтар мен стадиондар, спорт алаңдары да біртіндеп қалпына келтірілуде. 2009 жылы қарасулықтар ауданның құрылғанына 70 толуын атап өткенде тойға тамаша тарту жасалды. Ауданда бірінші рет музей ашылды, спорт мектебі пайдалануға берілді. Қазір аудан спортшылары республикалық жарыстардан шаң беріп жүр.
Аудан басшыларымен кездесуде тек жетістіктер ғана емес, өңірдің өзекті мәселелері де көтерілді. Ауылды дағдартып, еңсесін басып кеткен 90-шы жылдардан кейін Қарасу аймағындағылар ауыз суға жарыған емес. Бұрын Есілден тартқан құбырдың барлығы да тозған соң, жұрт ащы құдықтың суына қарап қалған еді. Міне, соңғы жылдары республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға негізгі магистраль тарту жұмыстары жандана бастады. Биылдың өзінде бұл мақсатқа 410 миллион теңге бөлінді. Ауыз суды Қарасу ауданының орталығындағы, аудандағы ірі Октябрь елді мекеніндегі, Шалғышы стансасы мен Железнодорожный селолық округіндегі әр үйге кіргізу үшін республикалық бюджеттен 80 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазір мамандар оның жобалау-сметалық жұмыстарын дайындауға кірісіп кетті. Үстіміздегі жылы Қарасу өзенінің аңғарын тазалау жұмыстары жүргізілді. Бұл көптен бері кезегін күткен шаруа еді. Соның арқасында Қарасу ауылы мен оған жақын елді мекендер суға жарып қалды. Өзеннің суы ауыз суға пайдалануға жарамаса да, тұрғындардың бақшасы мен малын суаруына молынан жетеді. Барлық ауылдардағы сияқты Қарасуда да жолдың «жыры» көп. Үстіміздегі жылы аудан ішіндегі Қарасу мен Қойбағар стансасы арасын қосатын тас жолдың жеті шақырымы жөнделеді.
Журналистер десанты ауданға жемшөп дайындау науқанының қызып жатқан кезінде келді. Сондықтан аудан басшыларына қонақтар тарапынан берілген сауалдар осы мәселені жиі төңіректеді. Өйткені, өткен жылдарғы қуаңшылықта жемшөптің азабын тартқанның бірі осы аудан болатын. Облыс көлемінде шөптің тоннасы 15 мың теңгеге дейін жеткен еді. Ал қорадағы бес-алты уақ малы мен екі сиырының бетіне қарап отырған ауылдағы ағайын үшін жемшөп күн көрістің көзі болып саналады. Қазекем «мал-жаның аман ба?» деп, жаннан бұрын малдың амандығын бекер сұраған дейсіз бе? Ауылда мал ұстамағанның күні жоқ. Ал соңғы жылдары жайылымның тарылып, шабындықтың азып кетуінен ауылдағы ағайынның тұзы сор болып отырған мекендер аз емес. Өткен жылы қарасулықтар малына облыстың өзге аудандарынан шөп тасып беріп, қыстан әупірімдеп шықты. Аудан басшылары биыл екі жылдық жемшөп қорын жасауға талпыныс үстінде екен. Бүгінде жеке сектордың қорасында 46 мың бас, шаруашылық субъектілерінде 12 мың бас мал бар. Иә, малдың дені жеке секторда. Ал техника мен күш-қуат жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтарында. Жылдағыдай, мұнда да шаруашылықтар жеке секторға шөптен қарасады, шаруа оның тоннасын 7 мың теңге шамасында болады деп болжайды. Кездесуде жеке сектордағы мал үшін ветеринарлық қызметтің кемшіндігі, мамандардың тапшылығы да айтылмай қалмады.
Баспасөз турымен келген журналистер, саяси партиялар, өзге де үкіметтік емес ұйымдар өкілдері ғана емес, Қарасу ауданына беттеген кім болса да осындағы мал көңін пайдалану арқылы электр энергиясын өндіретін қондырғыны көруге асығып жетеді. Өйткені, мұндай қондырғының елімізде әлі теңдесі жоқ. Әшейінде шаруалар құтыла алмай далаға шығарып тастайтын малдың қиы енді электр энергиясын өндіруге қажетті шикізатқа айналып отыр. Украинадан әкелген бұл қондырғыны «Қараман и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мал тұратын баздың дәл жанына орналастырыпты. Тасып та әуре болмайды. Мұндай қондырғымен украиндықтар шаруашылыққа жететін электр энергиясын алып отырған көрінеді. «Биогаз» қондырғысы таяудағы уақытта толықтай іске қосылғанда жылына 3 мың киловатт электр энергиясын өндіретін болады. Шаруашылық директоры Серік Қажиевтің айтуына қарағанда, қондырғы өндірген электр қуаты шаруашылық қажетіне толық жетеді. Сонымен қатар мал базаларын, техника паркіне жылу да осы қондырғымен өндіріледі.
– Шаруашылықта 4,5 мың ірі қара, жылқы бар. Барлығы да асыл тұқымды мал. Өткен жылы мал бордақылау алаңын іске қостық. Компьютер заманында ауыл шаруашылығын қалай электр энергиясынсыз елестетесіз? Сондықтан осы «Биогаз» қондырғысы болашақтың өндірісі деген сеніміміз бар. Қалдықсыз технология дегеніңіз осы болар. Мұнан шыққан органикалық қалдық егіс даласына таптырмайтын тыңайтқыш, –дейді шаруашылық басшысы Серік Қажиев.
Баспасөз турына қатысқан саяси партия және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қарасулықтар ісіне ризалық танытты.
– Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде ауыл көп қиындықты бастан кешті. Бірақ қазір оны құлдыратпай ұстап тұру емес, гүлдендіруге бет алдық. Қарасу ауданында да оның тамаша мысалдарына куә болдық. Бұл еліміз үшін үлкен жетістік, – дейді Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы облыстық филиалының төрағасы, профессор Дмитрий Легкий.
Облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Адал көмек» қоғамдық қоры бірлесіп атқарған баспасөз туры мұнымен тоқтамақ емес. Алда облыстың басқа аудандары мен қалаларына сапарлар тұр.
– Мақсатымыз – Президент басшылығымен елдегі республикалық, облыстық деңгейде жүзеге асырылып жатқан даму бағдарламасы туралы жұртшылықты ақпараттандыру. Осы орайда баспасөз туры тиімділігін көрсетіп отыр, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Нұрхан Нөгербеков.
Алдағы сапарларда да баспасөз турына қатысушыларды таңғалдырар істер күтіп тұрғанына ешкімнің күмәні жоқ.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.