Көпіртіп көп жазса да көзге іліне бермейтін қаламгерлер болады. Ал сара ойлап, сирек қалам тербеуімен-ақ, кейде тіпті бірер шығармасымен де жаныңа жақын тартып кететіндері қаншама? Сондай талғампаз жас жазушының бірі Мәлік Отарбаев екенін айтуымыз керек. Міне, сол себепті де сөзімізге дәлел ретінде оның «Ан Арыс» баспасынан шыққан «Ойқазан» кітабының маңызына сәл тоқталмақпыз.
Бұрын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Мәліктің жазған-сызғандарына назар аударып жүретінбіз. Бәрі есте қалмағанымен, оның бірсыдырғы әдеби-философиялық ой-толғамдарына тұшынғанбыз. Мына кітабын да құмарлықпен қолға алып, оқығанымызда автордың жүрегінен шыққанының жүрекке жетіп жатқанына кәміл сене түстік.
Бұл кітапқа қоғам, заман, тағдыр туралы ой-толғаулары топтастырылыпты. Нақтырақ айтсақ, әдеби-философиялық, педагогикалық, психологиялық жағынан ақыл-санаға шуақ түсіретін қысқа толғаулар – оқырмандарынан лайықты бағасын алатынына сенімдіміз.
Бір атап өтерлігі сол, адамдар арасындағы қарым-қатынас, өмірлік құндылықтар, асыл сезім, көркем мінез қалыптастыру тақырыптарындағы мәнді ой-көзқарастар қызғылықты жазылуымен де тартымды оқылады. Жетеге жете түседі. Терең ойларға бастайды. Кітаптың ерекшелігі – рухани әлемімізді байытып, ақиқатты тануға жетелейтіндігі болса керек.
Аталмыш еңбек «Өмірдің өзі – Рамазан», «Ақиқаттың ажары», «Жалғыздықтың жолы», «Табанға кірген шөгір», «Ой намысы», «Сараң садақа», «Өмірсіз өлім мен өлімсіз өмір» және «Ескендірдің жеңілісі» деген тараулардан тұрады. Әрқайсысының көтеріп тұрған жүгі бар, айтар ойы, салмақты пайымы мол. Бәрі де имандылықтың алтын шуағына малынған көкірек тазартар нұрлы жазулар дәрежесіне көтерілгені мархабатқа бөлейді екен. Автордың: «Ақыл-санасына ілім мен ғылым, көкірегіне сенім мен имандылық қондырған адам өмірге жауапкершілікпен қарайтыны даусыз. Себебі, ол әрбір іс-қимылының есебін Ұлы Сотта беретініне кәміл сенеді», деуінде қаншалықты мән жатыр десеңізші.
Сондай-ақ кітаптағы: «Ысырапшылдық ырысты, ашқарақтық азықты азайтады», «Күнә мен қателік. Екеуі ұқсас, әртүрлі ұғымдар. Осы ұғымдарды толық ұқпағандар имандылық жолымен жүруден тартынады», «Рухани кемелділік және ұрпақ тәрбиесі ауызға түскен адал азықтан басталады. Азықтың адалдығы өзінде ғана емес, қай жолмен келгендігіне де байланысты», «Кейбір жандар әйнек іспеттес... Өзгені көрсетеді, бірақ өзін байқатпайды», «Сұлу әйел – гауһар тас, ибалы әйел – қазына», «Ғылым мен ілім жүрекке қонбаса, сенім-нанымның қалыптасуы екіталай... Жүрекке қонған ілім амал жүзінде көрінбек», т.б. осы тектес ой сүзгісінен өткен мәтіндер оқырманын толғанысқа түсірері хақ.
Мәліктің мөлдір шықтай ой орамдарының бәрі де тұжырымды тақырыпшалармен беріліп, оқырманына бірден дәмін таттырып тұратындай. Ал ондай талғампаздықпен екшелген суыртпақ сырларды тамсанып оқып ой түю, сабақ алу, өмірлік кәдеге жарату әркімнің жүрек қалауының ісі болса керек.
Қорыта айтқанда, «Ойқазан» тағылымдары автордың ақындығымен де әрленген жан мөлдірлігінің тамшылары белгісіндей, көңілге жата қояды. Ләззаттандырады. Жазарың көп болсын, шабытыңның тайқазаны маржан сөздерге дөп толсын, інім!
Қайсар ӘЛІМ.
Астана.