• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
08 Шілде, 2011

Асық ойнаған азбайды

517 рет
көрсетілді

Тарихы тереңнен тамыр тар­татын ұлттық ойындарымыз қа­зір­гі таңда ілбіп дамып келеді. Жасыратыны жоқ, оған деген сұраныс көбіне Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесі тұстарын­да ғана болып, өзге уақыттарда бір шетке ысырылып қала беретіндей көрінетін. Алайда, кейінгі кездері Астанада осы олқы­лықтардың орнын толтыруда қа­лалық туризм, дене тәрбиесі жә­не спорт басқармасы біршама жұмыстар тындыруда. Соның бірі елордада қала күні мерекесі құрметіне жалауын көтерген «Алтын сақа» ұлттық асық ату ойынынан III қалалық ашық тур­нирі дер едік. Жасты да, жасамысты да асық атудың екі түрі бойынша жинаған бұл турнирдің ашылу салтанатында сөз алған Туризм және спорт министрлігі спорт ко­митетінің төрағасы Елсияр Қана­ғатов жарысқа қатысушы­лар мен оны ұйымдас­тыру­шы­ларға сәттіліктер тілей келіп, асық ату ойынын дамыту бү­гінде министрлік тарапынан қол­ға алынып отырғандығын айт­ты. Сондай-ақ ол аталған ойын түрін алдағы уақытта рес­публикалық деңгейде өткізу жоспарда тұрғандығын да назардан тыс қалдырмады. – Аталмыш жарысқа жыл­дағы дәстүр бойынша тілек білдіргендер саны екі жүзден асып жығылды. Бұл, әрине, қала дең­гейінде өткізілген шара үшін жаман көрсеткіш дей алмаймыз. Десек те төл спортымызды насихаттау қай кезде де артықтық етпейді. Оны, сондай-ақ, үнемі дамытып отыру ләзім. Жақында ғана елордада өткен Дүние жүзі қазақтарының кезекті құрыл­тайы­на келген шет елдік қан­дастарымыз еліміз бекіткен ереже бойынша бұл ойынды дамы­тамыз деп жатыр. Міне, бұл да өскелең ұрпақтың атадан балаға мирас болып қалған осынау мұрасын қадірлей білуде өз септігін тигізері сөзсіз, – дейді тур­нирдің бас төрешісі, елімізге ең­бегі сіңген жаттықтырушы Жомарт Сабыржан. Ұлттық ойындарымыздың ішін­­де аса танымал және кең тараған түрлерінің бірі осы асық ату ойыны саналады. Ғасырлар бойы халықтың зердесінде сақта­лып келген осы бір ғазиз ойынды өскелең ұрпақты тәрбиелеудің құралы ретінде тиімді пайда­лан­ғаннан ұтарымыз көп. Асық ой­нау баланың жастайынан жүй­ке жүйелерін шыңдап, оларды дәл­дік­ке, ұстамдылыққа, байсал­дылыққа тәрбиелейді. Сондықтан да қалалық ашық турнир атауы­мен өткізілген мерекелік жарыс­тың кең қанат жаюы төңірегінде жасалған жұмыстар қашан да қолдауға лайық деп айтуға толық негіз бар. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.