Жуырда Бәйтерек маңындағы сулы-жасылды бульварда Астана күніне орай тегін Wi-Fi іске қосылды. Астана қаласы әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ Wi-Fi технологиясы арқылы интернетке тегін қосылу аймағын ұйымдастырудағы басты мақсаты қала тұрғындары мен қонақтарына ұтқырлық пен ыңғайлылықпен қамтамасыз ету болып отыр.
Елбасы биылғы 3 маусымда Астана қаласының дамуы жайлы жұмыс отырысында берілген тапсырмасы бойынша «Smart Astana» жобасы аясында бірінші кезеңі – «Нұр жол» бульварында Wi-Fi арқылы ғаламторға тегін қосылу жүзеге асырылды. Ол үшін алдымен «Қазақтелеком» компаниясы және Астана қаласы әкімдігі біріге отырып, 16 Wi-Fi қосылу орындарын орнатты. Жылдамдығы секундына 2 Мбит. Сымсыз интернеттің тегін қызметін төрт шаршы шақырым аумақ аясында пайдалануға болады. «Қазақтелеком» АҚ басқарма бастығы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, еліміздің жетекші байланыс операторы әлеуметтік маңызды жобаға толық техникалық қолдау көрсетіп, қаламыздың инновациялық дамуына өз үлесін қосуды арттыра түсуде. «Астанамыз экономиканың барлық саласы бойынша дамуға қарқын береді, осы орайда астаналықтар мен қала қонақтары қол жетімді ғаламторды қосуға бағытталған қадамдарымызды бағалайды деп сенемін», дейді АҚ басшысы.
Жалпы «Smart Astana» жобасын жүзеге асыру нәтижесінде «ақылды» қала тұжырымдамасы жүзеге асырылып, қала инфрақұрылымы жүйесі интеллектуалды жетілдіріледі. Атап айтсақ, жылу, электр энергияларының, судың жоғалуын барынша азайту, жергілікті тұрғындар өтінішіне интерактивті мобильді орталық қызметін көрсету, қала жағдайының өгерістеріне жедел қадағалау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету деңгейін жоғарылату, қаланы жарықтандыруда шығындарды азайту, Wi-Fi арқылы ғаламторға қосылуды қамтамасыз етуді қолға алу.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев алдағы жоспарларымен де бөлісе кетті. «Жақын арада қалалық әкімдікпен біріге отырып екі жылдың көлемінде мәдени шаралар көп өтетін жерлерде, сондай-ақ адамдар көп шоғырланған аймақтардың 30 пайыздан астам аумағына Wi-Fi қызметін қосуды жоспарлап отырмыз. Келешекте оның жылдамдығын арттыруды да қолға алмақпыз», деді ол.
Иә, «Қазақтелеком» компаниясы мен Астана қаласы әкімдігі жергілікті тұрғындар үшін зор мүмкіндіктер жасап жатыр. Жаңа технология уақытты тиімді үнемдеуге көмектеседі.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.