• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
09 Шілде, 2011

Тағдыры беймәлім Хұсайын

335 рет
көрсетілді

Қостанайлық Хұсайын Ысқақ­ұлы Бекентаев туралы кезінде жөндемдеп айтылмай қалыпты. Тасада қалған тағдыр иесі екен. Ұрпағы да қалмаған сыңайлы. Тек немере інісі, журналист Бек­сұлтан Бекентаевтың ізденуімен өмірбаяндық деректері жария­ла­нып қалғанына да шүкірлік етуге тура келеді. Бекең облыстық «Қос­танай таңы» (бұрынғы «Коммунизм таңы») газетінде көп жылдар бойы бөлім меңгерушісі болып жемісті еңбек етті. Сонда әріптес ағамыздан аракідік бауы­ры туралы сағыныш сөздерін естіп қалатынбыз. Ұстазымыздың: «Біздің тұқым тегін емес», дегендей мақтаныш сезіміне бөленіп, марқая түскен шақтарына куә болып едік. Бүгін ойлап отырсақ, орынды мақтаныш екен-ау. Бекең де өткен дүниеден. Зейнетке шық­са да қаламсабын тастамай, өңір шежіресін жазумен бір ты­ным таппады. Дербес газет шығарып, тарих қойнауынан дерек сүзіп, ке­йінгі ұрпаққа мол мұрасын аманаттап кеткен көкірегі көмбе, ойы терең, жазғаны мол қаламгер еді. Сөзі қалды. Сол медет. Бексұлтан ұстазымыз немере ағасы Хұсайын Бекентаев туралы айтқанда, оның алдымен Қос­та­най реалдық училищесін бітіріп, Мәскеу коммерциялық инсти­туты­на түскенімен, бұл оқу ор­нын аяқтай алмағанына күдік келтіріп отыратын. Оның сыры не болды екен? Мәскеу мұрағат­тары­на сұрау да салып көрді. Кө­ңіл демдерлік нәтиже болмады. 1896 жылы Жітіқара ауданы­ның Забеловка поселкесінде дү­ние­ге келген Хұсайынның түсіп тұр­ған институтты тәмамдап шық­пауының (кейінгі табылған құжат бойынша институтты тәмам­дауы­ның да негізі бар – Қ.Ә.) сыры неде екен? Бұған Қазақстан Рес­пуб­ликасы Орталық мемлекеттік мұ­ра­ғатынан алынған мына құ­жат­тар арқылы бірсыдырғы көз жеткізуге болады: «Халық комис­са­риатының өкілдігіне. Кирреспуб­ли­касының азаматы Х.Ы. Бекентаевтан өтініш. 1916 жылы мен Карл Маркс атындағы (бұрынғы Коммерциялық институт) халық шаруашылығы институтына студент болып қабылданып, мезгілінде келе алмаған студенттердің қатарында болуым себепті, 1918 жылдың маусым айына дейін оқу сапында болдым. Оқуға мезгілінде келе алмауымның себебі мына­да жатыр. Кирреспубликасы мені республикалық деңгейдегі жұ­мыс­қа тартқан еді. Осылайша үзі­ліп қалған оқуымды жалғастыру ниетімен халық шаруашылығы институтына өтініш түсірдім. Оқу орны мынадай талап қойды. Олар оқуға үлгеріп келе алмауымды ме­нің тікелей кінәм ретінде қа­был­дап, қайтадан институтқа түсу емтиханын тапсыруымды міндеттеді. Осы жағдайды сіздерге ескерте келіп, менің аталған инс­ти­тутқа түсу емтиханынсыз қабыл­дануы­ма, яғни студенттік құ­қым­ды қалпына келтірулеріңіз үшін Кәсіптік білім бастығына өтініш жасауын сұраймын. Құрметпен Х.Ы. Бекентаев. Қолы қойылған. 11.11.1920 ж.» (ҚР ОММ, 196-қор, 1-тізім, 50-іс, 220-парақ). Оның қызыл сиямен, көркем жазылған осы өтінішінен біраз жайтты аңғаруға болар еді. Ал осы оқуы үзілген екі жыл ішінде оны Кирреспубликасы қандай жұмыстарға пайдаланып еді? Енді соған келейік. Х.Ы. Бекентаев 1918 жылдың наурыз айында өткен Торғай об­лысы кеңестерінің 1-құрыл­тайын­да облыстық атқару комитетінің құрамына сайланады. Далалық өлкедегі алғашқы әскери комис­сар­дың орынбасары болады. Республика Халық комиссариатының РСФСР ұлттар ісі жөніндегі Қа­зақ бөлімі меңгерушісінің орын­басары болып еңбек етіпті. 5-Бүкіл­ресейлік кеңестер құрылтайында Торғай облысынан сайланған үш де­легаттың бірі болған еді. Соны­мен бірге РСФСР ұлттық комис­са­риаты жанындағы ұлттар ісі жөніндегі Қазақ бөлімінде қызмет істеді. Міне, студент кезінде-ақ оны Қырғыз Республикасы осындай жауапты қызметтер атқаруға пай­да­ланыпты. Әрине, білімін, өмір­ге орнықты көзқарасын ескергені байқалады. Осынша қиын салада қажырлы еңбек ете білген қазақ­тың қаршадай қара баласы Хұ­са­йынды енді қайтіп, оқуынан себепсіз қол үзген селтеңбайлардың қатарына жатқызуға болар еді? Ақыл жетпейді. Ешқандай жаз­ғы­руға да жатпайды ғой. Сондықтан да болар, 1922 жылдың 4 қара­ша­сында Қырғыз Республика­сының Өкілетті өкілі Дивеев пен жауап­ты хатшы Константинов Кәсіптік білім бастығына студент Х.Ы. Бекентаевты өзі оқып жүрген Карл Маркс атындағы халық ша­руа­шылығы институтына емти­хансыз қабылдауға өтініш жол­даған болатын. Бұл құжатқа да (ҚР ОММ, 196-қор, 1- тізім, 50-іс, 219- парақ) көзіміз жеткен еді. Міне, одан әрі Х.Ы. Бекен­таев­қа қатысты құжаттар сап тыйыл­ған. Оның аталған оқу ор­нын бітірген-бітірмегені жөнінде ешқандай ақпар жоқ. Сонда қалай болғаны? Оқуында үздік атанып, оны тәмамдамай жатып-ақ жо­ға­ры лауазымдарға жегілген на­ғыз қазаққа тән мәрт мінезді, ерекше жаратылыс иесі жас жігіттің тепсе темір үзетін кезінде аққан жұлдыздай назардан ысырылып қалуының сыры әлі күнге белгісіздігі қынжылтады. Журналистік ұстазымыз Бек­сұлтан Бекентаевтың да өз бауы­рының сырын аша алмай кеткен жұмбағы осы еді-ау! Тағдырдың қатыгездігі демеске лаж жоқ! Мүм­кін... Үміттен күдер үзбеспіз... Қайсар ӘЛІМ.