«АЛЖИР» – орысша «Акмолинский лагерь жен изменников родины», қазақша «Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері» деп аталады. Бұл Қарағанды лагерінің – Карлагтың дербес бөлімшесі ретінде қуғын-сүргіннің өрістеген кезінде 1938 жылы 6 қаңтарда құрылған. Карлаг бойынша сондай әйелдердің саны 12 мыңнан асып түскен. Солардың ішінде «АЛЖИР» лагерінде өлместің күнін кешкендер де аз емес.
Тәуелсіздікке қол жеткелі бері мұндай деректер жарияланып, ақиқатын анықтап жүрміз. Лагерьде азапты күн кешкен аналарды білген сайын ет жүрегің елжіреп, өзегің өртенбей тұра алмайсың. Өзім біраз зерттеп, тағдырларымен өте-мөте танысып, мақалалар, кітаптарымды жазған үш арыстың – С.Сейфуллиннің, Б.Майлиннің, І.Жансүгіровтің зайыптары Гүлбарам, Гүлжамал, Фатиманың ерлерін «халық жауы» деген жалған жаламен құрбандыққа шалғаннан кейінгі күй-жайын арнайы саралауды мақсат еттім. Үшеуіне көңіл бөлуімнің себебі Сәкен, Бейімбет, Ілиястың достығы адам таңданарлық. Сол жөнінде «Үш дос» деген мақала жазып, «Егемен Қазақстан» газетіне (2004 жыл, 5 қазан) жариялаттым. Үшеуінің зайыптары туралы деректер жинап, жазудың сәті енді келді.
Қуғын-сүргінге ұшырағандардың басынан кешкендерін айта берсе, «Мың бір түннен» кем болмас еді. Алайда, айтуымыз, жазуымыз керек. Тарихымыздың зорлық-зобалаң тұстары да ұрпақтан-ұрпаққа жетуі тиіс. Білу үшін, сабақ алу үшін керек.
Қуғын-сүргінге ұшырағандар жөнінде дәйекті зерттеулер жүргізіп, газеттерге көптеген мақалалар жариялатқан тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеу Көлбай көбіне нақты деректерге сүйеніп отырды. «АЛЖИР»-де азап шеккен аналар» атты құнды мақаласында «халық жауларының» әйелдері делінгендердің ішінде атылғандар болғанына да назар аударған. Талапкер, іскер, қабілетті Шахзада Шонанова 1938 жылдың 9 наурызында ерінен соң он күннен кейін Алматы түрмесінде атылыпты. Ал жұбайы Телжан Шонанов – жан-жақты терең білікті ғалым, жазушы еді. Басқалар сияқты ол 1937 жылы тұтқындалып, 1938 жылғы 27 ақпанда бір топ азаматтармен бірге атылды. Басқа да деректер келтірілді. Қара суық кезінде бір бұзау өліп қалған. Сол үшін үш әйелді атып тастаған. Ал Кира Нұрмағанбетова деген әйелді күзетшінің ескертуін естімей қалғаны үшін атып жіберіпті.
Сонымен үш арыстың әйелдері туралы әңгімелейік. С.Сейфуллин 1938 жылғы 25 қаңтарда атылды. Бұл күнгі оққа байланғандардың саны – 37. Б.Майлин мен І.Жансүгіровтің атылған күні 26 ақпан, бұл күні 39 адам құрбан болған. Осыдан кейін үш арыстың зайыптарына зобалаң басталды.
С.Сейфуллин өмірі мен шығармашылығын ұзақ уақыт сарыла зерттеп, бірнеше кітап шығарған, көптеген мақалалар жазған аса білімпаз да еңбекқор ғалым Т.Кәкішев Гүлбарам туралы да деректер келтіріп отырды. Оның «Қазақстан жаршысы» атты газетте жарияланған «Сәкеннің соты» деген көлемді мақаласында (1994 жыл, 29 сәуір, 3-4 мамыр) Гүлбарамның көзінше НКВД қызметкерлерінің тінту жүргізіп, Сәкеннің орден, партбилет, профбилет, 58 кітабын, 14 бума қолжазбасын, тапаншасын, автомашинасын, 4500 рубль ақшасын, тағы басқа заттарын хаттап алып кеткенін деректі негізде көрсеткен. Бұл жөніндегі протоколға қол қойдырып, көшірмесін Гүлбарамға қалдырған. Қайрат көрсете алмаған ғой. Бірақ, жаны шырқырап тұрғанында сөз жоқ. «Халық жауларының» әйелдерінің қай-қайсысы болмасын, көрген күні сол болды.
Ғалым Т.Кәкішев «Асыл жар» деген арнайы мақала жазып, Гүлбарам туралы тарқата біраз сырды ашып берді. («Қазақ әдебиеті», 1974 жыл, 31 мамыр). Гүлбарамды бірден Сәкеннің «абзал жары» деген. С.Сейфуллиннің 80 жылдығына орай Гүлбарам естелік жазып беруін өтініпті Тұрсекеңнен. 1973 жылы «Молодая гвардия» баспасынан «Тамаша адамдар өмірі» сериясы бойынша Т.Кәкішевтің «Сәкен Сейфуллин» кітабының шыққанын Гүлбарам білген екен. Соған риза болған Гүлбарам оны үйіне шақырып: «Сәкенді зерттеп жүрсің ғой. Көп рахмет, бәрі де біз үшін емес, ел үшін ғой. Сенен жасырғандарым бар еді, бүгін сол «сырларымды» ашайын деп шақырдым, – деп бір бума қағазын көрсетеді. Ол Сәкеннің өзіне жазған хаттары болып шықты. Өзі оқып, ал Тұрсекең дәптеріне көшіріп жазып отырыпты. Сол хаттар туралы жазғанынан кейбір тұстарын ғана келтіріп, тағы бір еске салсақ артық болмас. Гүлбарам мен Сәкен Қызылжар қаласында танысыпты. Гүлбарам совет-партия мектебінде оқып жүрген. Хат жазысып тұрған екеуі. 1926 жылғы 27 қазанда жазған хатында Сәкен: «Сүйікті қарындасым Гүлбарам!» деп бастап, өзінің жайын жазыпты. Ақыры түсіністікпен екеуі қосылып, отау тіккен. Сәкен сапарлап жүргенде хат жазып тұрған. Тағы бір жұмыс сапарымен Сәкен Үржар жаққа кеткенде Гүлбарам Мәскеуге оқуға кетеді. Қолында бір жасар тұңғышы Лаура бар. Қызыл профессура институтында оқитын С.Мұқановтың үйінде тұрады. Сәбеңнің зайыбы Мәриям да сонда. Амал не Лаурасы сырқаттанып қайтыс болады. Қабырғасына қатты батқан бұл жағдайды жұбату, оқымақ ойын қолдау, қаражат жіберіп көмектесу, денсаулығыңды сақта деген ақыл беру сияқты қамқорлық сезімін білдіріп Сәкеннің хат жазуы жеңілдеткендей еді. Әйткенмен рабфакта, стенографистер курсында оқып елге оралғанда екеуінің арасында аздаған араздық болса да, бірін-бірі түсініп, бір шаңырақта тұрып жатты. Содан «1937 жылдың 24 сентябріне дейін кірбің қабақ болған кезіміз жоқ» деп түйіндепті Гүлбарам. Дәл сол күні адал жар бола білген С.Сейфуллин «халық жауы» делініп түрмеге отырғызылды. Енді Гүлбарамның күні не болады? Оның үстіне 1936 жылы туған аяулы ұлы екі жас шамасындағы Аян 1938 жылы Қарағандыда жер ауып бара жатқанында Көкшетау қаласында қайтыс болған.
«Жау семьясы» атанып, өзі де айдауға түскен Гүлбарам бостандыққа босатылып шыққаннан кейін, 1964 жылы С.Сейфуллиннің 70 жылдығы аталып жатқанда «Партияға рахмет!» деген естелігінде («Қазақ әдебиеті» газеті, 1964 жыл, 23 мамыр) «Аяулы азаматымды, мәңгілік жарымды, асыл арысымды ашық түрде ауызға алып, тебірене толқыр күн туғанына шүкіршілік!» деп толғана жазды. Сәкенге деген елжіреген жүрек сезімін аңғарасың. Оған дейін өзі қуғын-сүргінде жүргенде атын да айтқызбайды екен. Соған қарамай, қанша қан жұтып жүрсе де, Сәкеннің қағаздары, хаттары ғана емес, үй-ішінде ұстап-тұтқан бұйымдарына шейін, тіпті киімдеріне дейін қолында сақтай білгені әрі батылдық, әрі адалдық белгісі емес пе? Бұрын оның есімін Гүлбаһрам немесе Күлбәрәм дегенін көргенбіз. Бірақ әлгі естелігінің соңына «Гүлбарам Сейфуллина» деп жазыпты. Ендеше дұрысы осы деп біліп, мақаламызда сол атын алдық. Оны білетін І.Жансүгіровтің қызы Үміт те жазған естелігінде Гүлбарам деген.
Сәкенді үйіне екі адам келіп, алып кеткені қыркүйектің аяғы екені Гүлбарамның есінде қалыпты. Қорыққан Аян Сәкеннің мойнына жабысып алып, бақыра жылаған, ал Гүлбарамның аяқтары қалтырап, қорқыныш билеген. Тінту де жүргізілген. Сәкен кетерде Аянды беріп, оны қара дегендей Гүлбарамға иек қаққан. Оны алып кеткеннен кейін үйдің іші құлазып, екеуі жетімсіреп қалды. Мұндай қасіретті ешкімнің басына бермесін деңіз.
Гүлбарамның ұзын, қалың қара шашы Сәкенге қатты ұнаған. Әсіресе, оны өріп отырғанына сүйсіне қарайды екен. Өзінің ерін қорғау үшін еш әрекет жасамағанына, ашу-ызасы келіп, қайшы алады да, шашын қиып тастайды. Ал көрері алда еді.
Бірнеше күннен кейін бір адамдар келіп, пәтерін босатуды талап етеді. Көп кешікпей мұнда кіретін кісі келіп үй жиһаздарын, ыдыс-аяқ, киім, кітап-қағаздарды, газет тігінділерін, құжаттарды сыртқа ай-шай жоқ шығарып тастайды. Дәрменсіз ана сәбиімен далада қалады. Үйге кірген әлгі адамның Сәкеннің қоластында істегенін білген, бірақ тіс жарып сөз айта алмапты. Қандай қорлық десеңші. Барар жер, басар тау қалмады. Кешеден бері бір арба жалдап, кейбір ыдыс-аяқ, киім-кешек, төсек-орын салып алып, бір таныс кемпірінің үйіне келеді. Құдайға қараған адам екен, кіргізіп алады.
Енді Сәкенді іздейді. Өзі сияқты, әйелдер толып жүр. Қабақтары қарс жабылған күзетшілер оңды жауап та бермейді. Гүлбарамның айтуынша бір-ақ рет, 1938 жылғы 8 ақпанда, төрт жарым айдан кейін Сәкенмен қаракөлеңке бөлмеде кездестіреді. Бозарған жүзін, түсіңкіреген жақтарын, сөнген көзқарасын, бір-жар сөзін естіп, көргеннен кейін Гүлбарам шошына есі ауысқан жоқ па деп ойлайды.
Бұдан соң Сәкенді көре алған жоқ. Ал көп кешікпей оның атылғанын естиді. Қайғы-қасірет қабырғасын қанша қайырса да, Сәкеннің сүйікті ұлы Аянды өсіріп жеткізу мақсаты еді. Онысы да орындалмады.
1938 жылғы 25 ақпаннан 13 наурыз аралығында жаппай ату саябырсыған сияқты болғанда «халық жауларының» әйелдерін лагерьлерге айдайды екен деген сөз тарайды. Ол сөз шын болып шығып, бұл қаскөйлік іс қолға алынды. Кейбіреулерін әкетіп жатты. Ал Гүлбарамға бір милиционер келіп: «Сен он бес күннің ішінде кетуің керек. Ақмола жанында колония бар, соған кетесің. Міне құжат, барғаннан кейін хабарлайсың бізге. Кетпесең немесе қашсаң соттайды», деп дікеңдейді. Амал жоқ, Аянын алып жолға шығады. Ақмолаға, Новосібір, Петропавл, Көкшетау арқылы ғана жете аласың. Жолда Аян ауырады. Жейтін тамақ, емге қолданатын дәрі-дәрмек жоқ. Аман сақтаймын деп қанша арпалысса да нәтиже болмай, оның кірпігі ғана жыбырлап, денесі дірілдей бергенде Гүлбарам: «Иттің күшігі Ежов, сен үш мәрте домалап жат молаңда! Қарғыс атсын сендерді қаныпезерлер!» деп жаны шырылдап кетіпті. Енді қайтсін, соңғы үміті де үзілді. Бірақ, Көкшетауда түсіп, сол жердің бейітіне құран-қатымын шығартып, дәстүр бойынша Аянын жер қойнына береді. Қатыгез өмір ме, жоқ қатыгездікті туғызған адамдар ма?
Гүлбарам енді не істеуі тиіс? Сәкеннің қайда жерленгенін де білмейді. Шаршап-шалдығып, жан жүрегі астан-кестен, көңілі құлазып келе жатса да, бетінен қайтпай Ақмолаға жетеді. Тура милицияға барады. Оны лагерьдің 29-шы нүктесіне жеткізіп, ол сондағы әйелдердің қатарына қосылады. Олар қой бағады, сиыр сауады, жер жыртып, тұқым себеді, шөп шабады, арықтарды тазалайтын болған. Сол ортада ақырына дейін жадап-жүдеп жүріп, аман-есен босап шықты. Енді С.Сейфуллиннің кім екендігін жұртқа тарату үшін кездесулерге қатысып, естеліктерін айтып жүрді. Ол туралы жазғанымызда солар негізге алынды.
Гүлжамалдың тағдыры да жеңіл бола қойған жоқ. 19 жыл Бейімбетке адал жар, сенімді серік бола білген оның да көрген тауқыметі жетерлік. Бала кезінен жетімдікті, нешебір тауқыметті көріп өскен Бейімбет осы Гүлжамалға үйленгенде қалың бере алмай үш жыл жүріп алған еді. Әкесі қайырымды екен, «малы құрысын, қалыңдығын келіп алып кетсін» деген хабар бергізеді Бейімбетке. Сөйтіп, қосылған екеуі бірте-бірте үй құрап, балалы-шағалы болып, ел қатарлы өмір сүріп жатқанда, төбеден жай түскендей қасірет келді. Жазушы, журналист атағы кең тарап, жұрттың құмарта оқитын шығармалар жазып, «Би аға» деп елі төбесіне көтерген Б.Майлинді 1937 жылғы 4 қазанның кешінде түрмеге әкетеді. Бейімбеттің жасы 43-тің, Гүлжамалдың жасы 37-нің үстінде еді. Бақытты күндер көзден бұл-бұл ұшып кеткендей кезең туды.
Бұрын түрме дегенді білмейтін Гүлжамал енді онда күнде баратын болды. Көрсетпей, жолықтырмай әуреге салады. Екі ай шамасы өткенде кездестірді-ау. Бейімбеттің үсті-басын, бет-жүзін көріп шошып кетеді. Алқа-салқа, түрі жүдеу, жүзі сынық, шашын тақырлап алып тастаған, тісін сындырған. Іштей күңіреніп, сырттай сарылып қайтты. Бұдан кейін қанша барса да жолықтырмай қойды. Барған сайын отбасына қорқыныш, үрей түсті. Бала-шаға бордай егіліп, ботадай боздайды. Гүлжамал көрер таңды көзімен атырып жүрді. Тұрмыс-жағдай ауырлай берді. Азып-тозуға айналды.
Төрт айдан асса да Гүлжамал еш хабар біле алмайды. Тағы да түрмеге келеді. Қақпа алдында: «А, құдай, Бейімбетпен кездестіре гөр», деп тілеу тілеп тұрғанда есікті сықырлатып ашып шыққан конвой бір құшақ киім-кешек әкеліп: «Күйеуіңіздің киім-кешегі», – деп Гүлжамалдың қолына ұстата береді. Бір сұмдықтың болғанын сезіп, Бейімбеттің бар-жоғын сұрамақ еді, конвой кері кетеді. Бода-бодасы шығып, аңырап қайтқан Гүлжамалдың түрмеге сол барған күні 1938 жылғы 27 ақпан екен. Ал Б.Майлин бұдан бір күн бұрын атылған.
«Жығылғанға жұдырық» дегендей, жылаумен күн артынан күн өткізіп, дел-сал жағдайда жүрген Гүлжамалды да ай жарымнан кейін тұтқындайды. Қоятын айыбы: «Халық жауының әйелі». Қандай адам мұндай қасіретті көтере алады? Жүрегі қалай жарылып кетпеген? Бейімбет айтқандай мықты екен; әскери киім киіп келген екі адамға: «Сендер бұнымен Бейімбетті өлтіре алмайсыңдар, оның орнына ертең тағы бес Майлин ержетеді», – депті түтігіп, бұлқан-талқан болып. Екі адам сүйрей-мүйрей «қара құзғын» мәшинесімен алып кетеді. Ал балаларын басқа көлікке отырғызады. Осылайша өнегелі, берекелі отбасының ошағы ортасына түсіріліп, тоз-тозы шығарылады.
Гүлжамал жұбайы аманат еткен екі тапсырмасын орындай алмады. Бірі – қолжазбаларымды сақта, екіншісі – балаларға ие бол деп еді. Зұлмат заман орындауға мүмкіншілік бермеді. Б.Майлиннің барлық кітаптарын кәмпескелеп алып кетті. Гүлжамалдың өзін түрмеге тықты.
Ол РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-ші бабы бойынша сегіз жылға кесіліп, этаппен айдалып, АЛЖИР-дің Купко деген лагерінен бір-ақ шығады. Мұнда өзі сияқты басқа да әйелдермен бірге адам төзгісіз жағдайда жүріп, «жазасын» толық өтеген.
Ал Б.Майлиннің балалары әкеден өлідей, шешеден тірідей айырылып қалған. Мереке, Рауза, Еділ деген балаларын панасыз балаларды қабылдау үйіне, ең кіші Гүлсімді бөбектер үйіне өткізіпті.
Сонымен Гүлжамалдың тұтқындалған күні – 1938 жылғы 13 сәуір, яғни Бейімбеттің түрмеге түскеніне – 189, атылғанына 46 күн өткен кез.
«АЛЖИР»-дің 26-шы нүктесінің ең негізгі бөлімшесі «Бурма» деп аталған. Осы жерден жан-жағына шағын мекендерінде С.Сейфуллиннің зайыбы Гүлбарам, А.Байтұрсыновтың – Бадрисафа, С.Меңдешевтің – Рәзия, С.Есқараевтың – Мәрия, І.Қабыловтың – Айша, С.Садуақасовтың – Елизавета, Т.Рысқұловтың – Әзиза, Т.Жүргеновтің – Дәмеш, Ұ.Құлымбетовтің Әйіш атты зайыптары қайраткер азаматтарынан бір, бала-шағаларынан екі айырылып, азалы күндерін өткізіп, мал баққандары, басқа жұмыстар істегені іші-бауырыңды астаң-кестең етеді.
Гүлжамалдың тұрған шағын жұрты «Купка» аталған. Сол жерді іздеп барып, өз көзімен көрген журналист Қ.Ахметов «қой қорасының, жер төлесінің орындары жермен жексен болып кеткен... Таспен шегенделген құдық жартылай ғана көміліпті. Күл үйіндісінің көлемі әжептәуір» – деп сүреңсіз өмірін «Құпияның кілті кімде?» деген мақаласында жазған еді. («Қазақ әдебиеті» газеті, 1999 жыл, 22 қаңтар).
Мұнда Гүлжамал қой бақты, лагерь басшыларының, күзетшілердің қорлауын да көрді. Бірде қаныпезер қарауылдың қол салғаны, төмпештеп ұрғаны, қой қораның аузындағы діңгекке байлап қойғаны ашындырғаны сонша, Гүлжамал қарсы тұрып бетін қайтарады.
Өкімет тұтқын әйелдердің жағдайын, күйзеліп жүргенін елеп-ескермек түгілі онан әрі тұрмыстық және моральдық жәйін адам айтқысыз ауырлатқан. Бастарына ілетін орамалдарына, қол жеңдеріне, арқаларына түрмедегі нөмірлерін жазып, іліп, тігіп қою қорлау емес пе. Негізі жасайтын жұмыстары – мал бағу. Оған бәрінің икемі келе бермейді. Бақылаушылар мен бастықтарының қаталдықтарына қарсылық білдіріп, айбат көрсетушілер де болмай қалған жоқ. Тағы бірде лагерьдің ерекше бөлім бастығы Мишин деген Гүлжамалды балағаттап ұрысқан. Гүлжамал ұстамды, сабырлы, шыдамды болса да, жанын күйдіргенге күйінгені сонша, қолындағы айыр ашасын алып: «Сенің мұндай қорлығыңды естігенше, сені де, өзімді де өлтіремін. Күйеуімді құрттыңдар, бес баламды жетім қалдырдыңдар, енді маған мұндай өмірдің керегі де жоқ!» деп әлгіге ұмтылған екен.
Соры қайнағанда үлкен қайғы түсті басына. Төрт жыл бойы баққан малдан бірде-бір тұяқ шығын қылмай жүр еді, бір күні елу қойды жоғалтып алды. Сорлағанға таяқ тие беретіні несі екен дейсің. Қаңтар айының қақаған аязында қалай айырылып қалғанын білмейді. Іздеп бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Таба алмайды. Содан бір ауылдың азаматтары жанашырлық жасап, жер қалдырмай іздеп тауып беріпті. Іші-бауыры езіліп, жаны одан әрмен күйзелген оған лагерь бастығының: «Сенің күйеуің жау, сен де жаулық істедің... үш күн берем, қойды тауып қосасың, әйтпесе, өз обалың өзіңе. Бұрынғы жазаңа тағы сегіз жыл қосылады!» – деп әкіреңдеуі де өтіп кетті, бір жерде сүйегім қурап қалатын шығар деп те ойлады. Шүкір, әйтеуір, табылды-ау. Қысқа қайырсақ, көрмегені жоқ.
Сонымен мерзімін өтеп, бостандыққа шықты-ау. Осыған байланысты нотариус растаған құжат қолымызда сақтаулы. Онда Қазақ ССР Жоғарғы сотының қылмыстық іс бойынша сот коллегиясының 1957 жылғы 28 маусым күні шығарған шешімі келтіріледі. Ол 1938 жылғы 21 шілдедегі Г.Майлина жөніндегі сот шешімінің күші жойылғандығын, қылмыстық іс-құрамы жоқ деп тауып ақталғандығын білдіреді.
Босанып шыққан соң Гүлжамал тарыдай шашылған балаларын іздеп, жинастырады. Тұру үшін Алматыға көшіп келді. Әукені ғана табылмады. Ол «халық жауының баласы» ретінде айып батальонының құрамында майданға аттандырылып, содан тірі оралмады.
1965 жылы Б.Майлиннің 70 жылдығына байланысты ұлан-асыр тойды көріп жүрегі жарылардай қуанды. «Жаны жібек еді» деген естелігін жариялатты. Тек 80 жылдығына жете алмады, 74 жасында дүние салды. 28 жылғы өксігін басып, халыққа риза болып, нағыз аналық рухын ала кетті. Ұрпақтары бар артында қалған.
І.Жансүгіровтің зайыбы Фатима батылдау да тапқыр болған көрінеді. Соның бір мысалын ғалым Т.Көлбай жоғарыдағы мақаласында: «Ілияс Жансүгіровтің ұлы Болаттың өмірінің сақталуы кісі таңданарлық. Қолынан тірідей алатын болған соң Фатима апай НКВД қызметкерлеріне: «Одан да өз баламды өз қолыммен өлтірейін!» – деп балға алып, сес көрсеткен! Анасының нағыз ерлігінің арқасында Болат Жансүгіров НКВД балаларының қатарына алынбады, бірақ ХХ съезге дейін «халық жауының баласы» болып келді» – деп жазды.
Ілияс пен Фатиманың Үміт, Ильфа атты қыздары мен Болат деген ұлы болды. Балалары жас болғанына қарамай, оған да аяушылық көрсетілмеді. Ілияспен екеуі 1932 жылы отасқан. Небәрі бес-ақ жыл уақыт өтті. Бұрынғы күйеуі Б.Сүлеев те жаламен қуғындалған. Енді Ілияс та түрмеге түсіп, Фатима тағы да аңырап қалды.
Бірақ еті тірі, оқып көз ашқан, сол кездегі айтулы қызметтерде істеп ысылған ол ендігі өмірін күресумен өткізді. Ілияспен екеуінің жазысқан хаттарын оқысаңыз арасындағы шынайы махаббат сезімін көресің. Амал қанша, ол қызық ұзағынан болмады. «Сені сағынам, сені ойлаймын» деп Ілияс ағынан жарылса, «Ілиясым... Сағынған Фатимаң» – деп Фатима жүрек сөзін арнайды екен. Сол қызық өмірдің шырқын бұзып, астан-кестеңін шығарды-ау. Бәріне төзуге де, күресуге де тура келді. Ақын ініміз Аманхан Әлім «Өлмес өмір, өшпес ғұмыр» деген мақаласында («Қазақ әдебиеті», 1999 жыл, 22 қаңтар) «Көрікті, ақылды, сауатты, көкірек көзі ашық, көп қатарларынан көш ілгері оза туған, оның үстіне құдай қосқан қосақтары бірінен соң бірі ұсталып, олардың артында қалған бала-шаға тәрбиесі қинаған Ананы көз алдыңызға келтіріп көріңізші. Болмаса, өзіңізді соның орнына қойыңызшы. Бұл алып-қашты, «суық та пышақ кесті өсекке қимайтын ірі тұлға» деп жазған. Аманханның сөзінде үлкен шындық бар. Б.Майлин жөнінде зерттеу жүргізгенде, оның досы Ілиястің да, Фатиманың тағдырына байланысты көптеген деректер мен құжаттарды көргенімде сондай ой ұялап еді.
Иә, басына күн туғанда жоғарыдағы қасиеттері күш-қуат берген шығар, қайсарлық көрсетті, жүнжіп кетпеді, есінен айырылмады. Кейін «өткен өмірім – соншама мағыналы, бай өмір» деп жазып, реніш етпеген. Оның бірі – қосақтарының қолжазбаларын сақтап, мұрағатқа өткізуі болса, енді бірі олардың ұрпақтарын тоздырып жібермей, тәрбиелеп жеткізуі. Сондықтан ол бақытты. Жеті балаға ана болып, айнала ушығып тұрған заманда оларды өсіріп шығаруы оңай болмағаны түсінікті.
Басқа әйелдер сияқты лагерьге айдалмаса да оның көргені де ондағыдан кем болды дей алмаймыз.
Фатима Ғабитованың тағдыры да күрделі болды. Алдау, тергеу, айдау, өсек-аяң, аяқтан шалу сияқты арамзалыққа мойымаған жан. Мұра етіп жазып қалдырып кеткен «Өртеңде өнген гүл» атты кітабын оқысаңыз, сан сырлы, көп қырлы өмірдің құпиясына қанығасыз. Неше түрлі безбүйректер болғанына таң қалудың жөні жоқ. Соған Фатиманың мына сөзі дәлел: «Ілияс алынысымен М. менің пәтеріме көшіп келді. Төрт бөлмелі пәтерімнің үш бөлмесінде ол, бір бөлмесінде 4 баламен, ауру анаммен мен қалдым. Күнде М. «квартираның ордері менде, басқа жаққа көшіңдер» дейтін болды... М-дан: «Мен босанып, туытханадан қайтқанша балаларым осы бір бөлмеде отыра тұрсын. Больницадан келісімен бір жерге көшерміз, тілеуің берсін, М!» дедім. Сонда ол: «Сіздің балалар мен біздің балалар бір есіктен қалай кіріп-шығып жүреді?» деп бетіме ежірейе қарады. Әне, сол күні Одақтың жүк таситын машинасымен Гүлжамалдың ауыз үйіне көшіріп тастады. (Гүлжамал Бейімбеттің әйелі). «Ауыз үйге өзіміз алты жан ептеп сыйсақ та, жүгіміз сыймады. Заттарымыз далада шашылып қалды» – деп жазған естелігі теперіштің басталуын білдіреді. Бір себебі болған шығар, безбүйрек М-ның атын атамапты. Еңіреп қалған анаға бұл да бір соққы.
Тағы тыңдап көрейік Фатиманы: «Қанды марттан соң» қаһарлы апрель келді. Күнде құт ұшырарлық жаңа хабар. НКВД-нің есігін құрғатпаймыз. К-ның (камера) ішінде ерімізбен көрістіруін сұрап С-ге (тергеуші) хабарласамыз... «Қатындарын да айдайды екен, балаларын балалар үйіне алады екен» деген хабар зәремізді алды... Апрельдің соңғы күндерінде С-тель (тергеуші) ерімізбен көрістіруден бас тартты. «Еріңіз менің қарамағымнан кетті, енді маған хабарласпаңыз», деді. Және сол күні менің өзімді ұстауға екі орыс, бір маржа келді. Қызыл вагоннан қорыққанымнан үш баламды өзімнің туып-өскен қалам Қапалға жіберіп едім. Ол балаларға бас-көз болып алып кеткен нағашы апам Хұппи болатын. Үлкен ұлым Жәнібекті де бір жылға түрмеге қаматқан еді. НКВД-ның «жиырма төрт сағат ішінде Алматыны тастап, қайда болса да екі жылға кетесіз» деген қатқыл бұйрығы берілді. Ойлана келе Семейге жол тартады. Бұл – жер аудару болып есептеледі. Өзінің жазған хаты бойынша Хұппи балаларын алып Семейге келеді. Екеуі бір-біріне серік болып екі жыл мерзімін өтеп Алматыға оралады. Бірақ өзі сияқтылардың Алматыда тұруға құқы жоқ екен, 1942 жылдың шілде айында тағы қуылады. Бұл жолы М.Әуезовтің де ақыл қосуымен Мерке жақты сағалайды. Ол жақта тұру да жеңіл болмады. Ақыры Ілияспен жүздесе алмады. Жәнібегі ер жетіп, майданға аттанды да, оралмады. Қайғы-қасырет көріп жүрсе де қалған балаларын қатарға қосуға бар күш-қажырын жұмсады. Соның бәрі ерте қартайтып, екінші топтағы мүгедек күйіне жеткізген. 1968 жылдың 6 қаңтарында науқастан қайтыс болды. Алайда, І.Жансүгіровтің ақталғанын естіп біліп, оның жинақтарының жарыққа шыққанын көзімен көріп тәубе етті.
Енді «Қайран аналар-ай!» деп іші-бауырымыз елжіреп, зарлатып, қасірет шектіргендерге лағнет дейміз.
Тоқтар БЕЙІСҚҰЛОВ, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты.
Алматы.
Суреттерде: Гүлбарам Сейфуллина мен Сәбит Мұқанов. 1964 жыл; Фатима Ғабитова – Жансүгірова; Гүлжамал Майлина. 60-шы жылдар.