• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
12 Шілде, 2011

Құрғақ есеп

306 рет
көрсетілді

Бұл күндері елімізде шілденің аптап ыстығы басталған кезде Аргентинада біздің қоңыр күзге ұқсас қыс мезгілінде жылына бір келетін Тәуелсіздік күні, жылдар бойы құр­лықты аралап, әрбір елге соға­тын фут­болдан Америка кубогы жолын­да­ғы жарыстар өтуде. Осындай оқи­ғалардың ішінде 7 шілде күні Буэнос-Айресте жергілікті жан­кү­йер­лер үшін маңызы жағынан кем түс­пейтін теннистен Дэвис кубогы­ның ширек финалы басталып, Аргентина тәуелсіз мемлекет болып жария­лан­ған 9 шілде күні аяқталды. Осы күні теннистен Аргентина құрамасы Дэвис кубогының ширек финалында Қазақстан командасын жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Бұл бәсекеде Хуан Мартин дель Потро, Хуан Игнасио Чела, Эдуардо Шванк пен Хуан Монако өз еліне бірінші күнгі жеңістен кейін қалған екі күндегі жұптық және жекелеген кездесуде Қазақстан коман­дасын тағы да ойсырата жеңді. Жарыстың екінші күні Юрий Щукин мен Евгений Королев жұп­тық ойында Эдуардо Шванк пен Хуан Игнасио Челамен кездескен еді. Бірінші сет 6:3, екіншісі – 6:2, үшін­шісі – 7:5 болып аяқталған ойында Аргентина ойыншылары отандас­та­ры­­мыздың алдын орап, бір ұпай алу­дың өзіне ешқандай мүмкіндік бермеді. Осы екі күнде бізге жеребе жолдас болмағанын айту керек. Бірінші күні Михаил Кукушкин дель Потромен емес, мәселен, Андрей Голубев ойнаған Хуан Монакомен кортқа шыққанда оны жеңіп, командаға бір ұпай әкелетіні еді деп ойлаймыз. Өйткені, Кукушкин қазір Голубев сияқты бабында болмай жүрген жоқ. Оның үстіне теннисшінің жарыста мотивациясы, жеңіске деген жігерлігі көзге ұрып тұрды. Жарыстың үшінші күні коман­да­мыздың екі ұпай аламыз деген үміті болғаны жасырын емес. Евгений Королев пен Михаил Кукушкин Хуан Игнасио Чела мен Хуан Монаконы ұтса, қоржынымыз екі ұпай­ға толып, елге бос қайтпас едік. Алайда, біздің теннисшілерде жеңіске деген ұмты­лыс бол­ғанымен сырт алаңда әлемнің бүгінгі азулы спортшыларын жеңіп жүрген аргентиналықтар өз алаңында бізді аясын ба. Олар Қазақстан құра­масын екі ойында да таза ұтты. Осы күні Королев Челаны бірінші сетте 6:2 есебімен жеңсе де, одан кейінгі сеттерде 6:2, 6:0 есебімен жеңіліп қалды. Сол сияқты Кукушкин де Монакодан 6:4, 6:1 есебімен ұтылды. Сөйтіп, үш күнге созылған жарыстың қорытын­ды­сы 5:0 болып Аргентинаның пайда­сына шешілді. Осы жарысты «Парк Роке» стадионының кортына жинал­ған 11 000 адам тамашалады. Соның ішінде Қазақстан Теннис федерация­сының президенті Болат Өтемұратов, вице-президенті Әділ Бөрлібаев, «КАР-Тел» компаниясының пиар-менеджері Анар Жұмағұлова бастап Астана мен Алматыдан келген бір топ жанкүйерлердің командаға белсенді қолдау көрсеткенін атап өткен жөн. Дэвис кубогының ширек финалы сияқты осындай жауапты сында еліміз құрамасына қолдау көрсету үшін жанкүйерлерді Аргентинаға апарған Қазақстан Теннис федерациясы мен «Beeline» компаниясына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал жартылай финалға жолдама алған Аргентина құрамасы енді Швеция мен Сербия команда­лары­ның ара­сында өтіп жатқан ойынның же­ңім­пазымен кездеседі. Дастан КЕНЖАЛИН, Буэнос-Айрестен.