Қазiргi әлемде ғарыш саласы адам қызметiнiң неғұрлым басым және ғылымды қажетсiнетiн салаларының бiрi болып табылады. Ғарыш қызметiне қатысу мемлекеттiң саяси беделiн, оның экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс қуатын бiршама айқындайды. Ғарыш қызметiн дамытуға әлемнiң жетекшi елдерi айтарлықтай күш салып отыр. Әлбетте, жоғары білікті кадрларсыз ғарыш дамуының стратегиялық бағдарын жүзеге асыру мүмкін емес.
Елбасының Жолдауында еліміздегі жоғары білім мен ғылымды дамыту мәселелеріне айрықша назар аударылды. Нақтылы бағыттар айқындалды. Қазақстанның бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылуы, тұрақты дамуы еліміздегі индустрияландыру бағытының жүзеге асырылуына тікелей байланысты. Қазіргі отандық индустрияландыру инновация негізінде жүргізілуі тиіс екені Жолдауда баса айтылған. Ал, инновация – ғылым мен білімнің жетістігі, жеңісі болғандықтан, еліміздегі білім беру жүйесі халықаралық талаптар мен стандарттарға сәйкес болуы қажет iстерге жатады
Әр салада жұмыс сапасын қамтамасыз ету үшін тәжірибелі мамандардың керек екені анық. Ғарыш қызметін дамыту үшін кәсіби кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру міндеті тұр. Сондықтан да мемлекет осы күрделі саланы игеруге талпынғандарға жан-жақты жағдай жасап, қолдау көрсетуде. Осыған байланысты біз бұл салаға айрықша көңіл бөліп отырмыз.
Мәселен, ғарыштық профильді мамандар даярлауды ұйымдастыру бойынша «Қазғарыш» пен Білім және ғылым министрлігі арасында ынтымақтастық және өзара әрекеттестік туралы меморандумға қол қойылды. «Қазғарыштың» ұсынысымен ғарыш саласына арналған мамандарды даярлау бойынша базалық жоғары оқу орындары ретінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Алматы энергетика және байланыс институты, Азаматтық авиация академиясы анықталды. Осы жоғары оқу орындарында кадрларды даярлау жұмысы басталып та кетті. Бұған қоса, жоғарыда аталған оқу орындарында аэроғарыш факультеттерін ашу жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, Президенттің «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде шетел жоғары оқу орындарында 58 стипендиат 9 ғарыштық мамандықтар бойынша Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Нидерланды, Канада, Қытай мемлекеттерінде білім алуда. Мемлекеттік қаржыландыру негізінде Байқоңыр қаласындағы Мәскеу авиациялық институтының филиалында 205 студент оқуда.
Осы оқу орындарын бітіріп шыққандардың көбі болашақта өз білімдерін ғарыш қызметін дамытуға қолданатыны анық. Жас мамандардың теориялық дайындықтарын шыңдап, өндіріске бейім қалыпқа бағыттау жұмыстары кадрлық әлеуетті жетілдіретіні белгілі.
Ғарыш саласын кадрлармен қамтамасыз етуді дамыту бойынша басты ұйым ретінде «Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы анықталды. Онда белгілі бір инфрақұрылым қалыптасқан және олар ғарыш саласында жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлауды, ғылыми қызметкерлердің шетелде тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру бойынша елеулі жұмыстар жүргізуде.
Қазіргі таңда «Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы республикалық бағдарлама шеңберінде ғарыш саласындағы мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша жүйелі түрде оқу семинарларын ұйымдастыруда. 2010 жылы біліктілігін арттыру бойынша 16 семинар жүргізіліп, оған 240 адам қатысты. Аталған бағдарламаның шеңберінде ғарыш бағытындағы мамандарды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін дамыту бойынша одан әрі тиісті шараларды қолдану жоспарланып отыр.
«Қазғарыштың» іске асырып жатқан жобаларының шеңберінде ведомстволық бағынысты ұйымдар да кадрлардың біліктілігін арттыру бойынша бірқатар іс-шаралар өткізуде. Мысалы, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Astrium SAS компаниясы арасындағы келісім-шарт аясында Францияның кәсіпорындарында 24 инженерден құралған конструкторлық топ өндірістік тәжірибе жинауды бастап, практикалық білім алуда. С.П.Королев атындағы Самара мемлекеттік аэроғарыш университетімен кадрларды оқыту және қайта даярлау бойынша ынтымақтастық ниеті туралы хаттамаға сәйкес «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамының 12 қызметкері озық компьютерлік жобалық модельдеу бағдарламасын тәмамдады.
«Қазсат-2» ғарыштық аппарат жобасы бойынша шарттың талаптарына сәйкес 2010 жылғы қыркүйек-желтоқсан айларында «Ғарыштық байланыс республикалық орталығы» акционерлік қоғамының 33 қызметкері мамандықтарын жетілдірді. Оның ішінде 14 адам Мәскеудегі М.В.Хруничев атындағы ғарыштық ғылыми-өндірістік мемлекеттік орталығында практикалық даярлаудан өтті.
Жалпы алғанда, ведомстволық бағынысты ұйымдардың жүзеге асырып жатқан жобаларының шеңберінде 2010 жылы 150-ден астам қызметкер біліктілігін арттырды. Әрине, жас мамандарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі де Қазғарыштың назарынан ешқашан тыс қалған емес. Осы орайда Елбасымыздың көреген саясаты негізінде қанат жайған «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында ғарыш технологиялары мен техникалары бағытында білім алған алғашқы түлектерді жұмыспен қамту мәселесі серпін алды. Қазіргі кезде Қазғарышта және оған бағынысты ұйымдарда 10-нан астам «Болашақ» бағдарламасы түлектері қызмет етуде.
Әлбетте, ғарыш саласына жоғары білікті кадрларды даярлаудағы атқарылған жұмысымыздың зая кетпесі анық. Ғарыш кешенінің болашағы білікті мамандардың қолында. Біз олардың қалыптасуына жан-жақты қолдау көрсетіп, өз үлесімізді қоса береміз.
Ерғазы НҰРҒАЛИЕВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің жауапты хатшысы.