«Елу жылда ел жаңа», деген ғой бұрынғылар. Міне, соңғы екі-үш онжылдықтың өзінде әлемде адам ойламастай өзгерістер болды. Кешегі жарты әлемді жайлаған Кеңес Одағы келмеске кетті. Оның орнында бірнеше тәуелсіз мемлекет орнады. Соның бірі – бүгін төрткүл дүние түгел мойындаған Қазақ елі. Ұлан-ғайыр кең даланы «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған» ата-баба арманы орындалып, Ақордалы Астанасы әлемді тамсандырған Тәуелсіз Қазақстан өркениет биігінде өзінің лайықты орнын алды. Бір кезде тарыдай шашылған қазақтар 10 миллионға жетсек деп армандаушы едік. Қазір егемен еліміздің өзінде 10 миллионнан астам қазақтар тұрса, дүние жүзіндегі қандастарымыздың саны 15 миллионнан асып жығылды.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың теңдессіз ерлігі мен ерен ерік-жігерінің арқасында өмірге келген Астана бүкіл қазақ жұртының айбыны мен айбарына айналды. Сән-салтанаты жарасқан елордамыз бүгінде келісім мен бейбітшіліктің, татулық пен толеранттылықтың әлемдік бесігі секілді. Дүние жүзіндегі ең беделді ұйым – ЕҚЫҰ-ның саммиті өтіп, жаһандық жетекші 55 мемлекеттің басшылары Астанаға жиналып, адамзатты толғандыратын ортақ мүдделерді талқылаған кезде төбеміз көкке жеткендей қуанып, еліміз үшін, әлем мойындаған Елбасымыз үшін мақтанышқа бөлендік.
Мен бұл қалаға 1962 жылы келіп, осындағы ауылшаруашылық институтына түскен едім. Институтты тәмамдағаннан кейін осы қалада еңбек жолымды жалғастырып, жарты ғасырдан астам уақыттан бері Астана қаласымен барлық ой-арманымды, үміт-мақсатымды ұштастырып келемін. Мен көп жыл бойы облыстық ауыл шаруашылық мекемесінде қызмет атқардым. Осы қалада тұрып еңбек еткендіктен, облыс орталығының ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етіліп, қала маңайында азық-түлік белдеуінің қалыптасуына өзімдік үлесімді қостым. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев елорданы Ақмола облысының орталығына көшірген күннен бастап, бас қаламыздың берік азық-түлік белдеуін жасау жөнінде бастама көтерді. Бұрынғы қалыптасқан базаны нығайтып, ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін өндіріс ошақтарын ашуды, оларды бүгінгі заманның озық технологиялармен жарақтандыруды күн тәртібіне қойды. Тәжірибелі ауыл шаруашылығының маманы ретінде мен бұл бастаманы уақыт талабына жауап беретін, дер кезінде қолға алынған шара деп есептеймін. Қаламыз күннен-күнге көркейіп, өсіп келеді. Қала тұрғындарының саны да күн сайын артуда. Ендеше, елорданың маңайында қуатты азық-түлік белдеуін жасап, қайта өңдеу өнеркәсібін нығайту уақыт талабы.
Әрине, бұрынғы Целиноград қаласымен бүгінгі Астананы салыстыру мүмкін емес. Екеуінің арасы жер мен көктей. Бұрын Целиноградта 5 қабатты «хрущевкалардан» көз сүрінетін болса, қазір әлемдік архитектураның озық үлгілерімен бой көтерген сәулетті ғимараттарға қарасаң көзің тоймай, көңілің марқаяды. Бұрын қаладағы қандастарымыздың үлесі 15 пайыз деңгейінен аспаса, қазір Астанадағы қандастарымыз 70 пайызға жетіп жығылды. Астананың әлеуметтік келбеті өзгеріп, экономикалық қуаты артты. Міне, мұның бәрі Елбасының еңбегі мен ел егемендігінің арқасы.
Міне, Астана қаласының 13 жылдық мүшел мерекесі зор өрлеу үстінде аталып өтілді. Биыл Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мен Астана қаласының бір мүшел жасқа толған мерейлі мерекелері тұспа-тұс келді. Астана күні мерекесі бүкіл егемен еліміздің халқы атап өтетін айтулы күнге айналды. Ол заңды да. Астана – Тәуелсіздігіміздің төл перзенті. Қала мерекесі күні Елбасы еліміздегі жаңа 75 ірі кәсіпорынды іске қосты. Бұл инвестициялық жобалардың нәтижесінде 114 миллиард теңгенің инвестициясы игеріліп, 10 мыңға таяу жаңа жұмыс орны ашылды. «Осының барлығы «Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі» деген ұранмен салынып жатқан жас Астанамыздың мерекесіне – елорда күніне орай барлық өңірлердің үлкен тартуы, үлкен сыйлығы болып саналады», деп атап көрсетті Елбасы осы ірі жобалардың тұсаукесер салтанатында.
Иә, осы 13 жыл ішінде қаламыздың жеткен жетістігін көріп, Тәуелсіздігіміздің арқасында алынатын алдағы асуларға зор сенім, үкілі үмітпен қараймын. Ару Астананың ажары күннен-күнге жайнай беріп, Қазақстанның тәуелсіздік аясында алатын биіктері асқарлы болғай!
Айсабай ШАҒЫРОВ, ауыл шаруашылығы саласының құрметті қызметкері, зейнеткер.