• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Шілде, 2011

Індет пен міндет

460 рет
көрсетілді

Тамыр-таныстық ұғымы әр­бір адамның миында тамырлап алған. «Бармақ басты, көз қыс­тысыз» іс бітпейді дейді жұрт­тың бәрі. Жең ұшынан жал­ғас­қан жемқорлық жарты қадам ат­тат­тырмайтынын айтады. Әй­теу­ір жемқорлық, сыбайластық жай­ында әркім сөз етеді. Дегенмен оның шығу тегіне, жемқор­лыққа қалай жол беріп отырғанына бас ауыртпайды. «Баламды балабақшаға бердім. Кезексіз өткіздім, әйтеуір. Бе­ретінін бердік те, орна­лас­тыр­дық». Елдің аузындағы осы сөзді сіз де естідіңіз. Оны сол бақшаға ақша беріп апарған бала да естіді. «Ұлым бірінші сыныпқа бар­ды. Апайына сыйлығын беріп қой­дым. Дұрыстап қарасын, оқ­ытсын деп. Бірдеңе ұстатпасаң, олар балаға дұ­рыс қарамайды ғой». Бұл сөз ба­ласына қамқор­лық танытып, дұрыс білім алу­ы­на жағдай жасап тұрған сияқты көрінер. Ал шын­туай­тын­да, жем­қор­лыққа жол беріп тұр. Жас күнінде адам баласы ел­ік­тегіш келеді. Ақын, әнші, суретші болуды армандайды. Сол арманның жетегіне ілесіп, түрлі сайыстарға, мүшәйраларға қаты­са­ды. Мұндай жағдайда да ата-ана іске білек сыбана кіріседі. Қа­зылардан таныс іздейді. «Беретінін береді». Оны бала да біледі. Тізбек осылай жалғаса береді. «Баласын қатарынан қалдыр­мау үшін» ата-ана қолында­ғы­сын ая­май­ды. Ұлттық бірыңғай тестке кел­генде де сол. Оған кешегі Жа­ңа­қорған ауданындағы жағдай куә­лікке жүреді-дүр. Тест­ке кірген 505 баланың 90 пайызының қолында дайын жауап болған. Мем­лекеттік құпия­ңыз қолда жүр. «Бала­ла­ры­ның бо­лашағын ой­лаған» ата-ана құпияңыздың құнын төлеп, сатып алған. Оқуға түсуге де, жұмысқа тұруға да пара береміз. Білімсіз қалмасын, жұмыссыз отырмасын деп. Құжатқа құрылған заман ғой қазір. Емханаға, халыққа қыз­мет көрсету орталығына, жол полициясына әлдебір құжат үшін бара қалсаңыз, сізге тілене қа­раған көздерді көресіз. Олардың да алақаны қышып отырады. Ал­ғысы келеді. Жемқорлық осы­лай жалғаса береді. «Ұсталмаған ұры емес». Сө­зі­міз нақты дерек пен фактіге құрылмаса да, ел білетін, естіп жүрген әңгімені айтып отырмыз. Осыдан не аңғардыңыз? Нені ұқ­тыңыз? Біз мынаны түсіндік: дәл осы психологиямен өмір сүре берсек, жемқорлық ешқашан жой­ылмайды. Себебі, біз баланы көзін ашқаннан пара беруге үй­ретеміз. «Береген қолым, ала­ған» принципіне баулимыз. Ба­ла­бақшаға ақша беріп барған, мұғалімі сыйлық үшін жоғары баға қойған, ҰБТ сұрақтарын са­тып алған баланың жемқор бол­масқа амалы бар ма?! Өйткені оны өзіміз, өз қолы­мызбен жасап отырмыз. Үйде берген тәлім мен тәрбие оңбай отыр. Тағы жем­қорлықтың жолы кесілмей тұр деп ренжиміз. Ауыл мен аулада өсіп келе жат­қан бала әр нәрсенің өз ба­ғасы бар екенін біледі бүгінде. Ойын баласының аузынан «са­тыл­май­тын нәрсе жоқ» дегенді естігенде, төбе шашымыз тік тұрған. Осы сөзді өз миы жетіп айтып отыр­ғанына сенесіз бе? Әрине, жоқ. Ол «ұяда көргенін», санасына түйге­нін айтты. Бая­ғыда біреу «өзің диуанасың, кімге пір болған­дай­сың?» депті ғой күйіп кетіп. Біздің қоғамның келбеті де осы іспеттес реңк алып барады. Жемқорлықпен түзде емес, үйде күресу керек. Шаңырағыңызда адалдықты, ар­лы­лықты айтып отырсаңыз, сы­бай­ластардың да саны азаяр еді. Ал мына күйімізбен... Әй, қайдам.

Ержан БАЙТІЛЕС,

Қызылорда облысы.