Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауында жергілікті өкілетті органдарды дамытуға орай: «Біз мәслихаттарды да күшейтеміз, олардың қолына қосымша өкілеттіктер беретін боламыз. Мәслихаттардың тексеру комиссияларын нығайтамыз. Уақыт өте келе аудандық мәслихаттардың жергілікті өзін-өзі басқару негізіне айналуы мүмкін», деген еді. 2009 жылғы Жолдауында да Елбасы бюджеттік қаражаттың жұмсалуын жіті бақылауды тапсырып, оған депутаттарды да шақырған, жергілікті өзін-өзі басқару органдары ретінде аудандық мәслихаттарға қаражат бөлінуі тиіс екендігін айтқан.
Сөз жоқ, бұл бағытта біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңға 2009 жылғы ақпанның 9-ында өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, аталған заңның атауы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» болып өзгерді. Осы заңда жергілікті өзін-өзі басқару деген ұғымға түсінік берілген, оның ұйымдастыру негіздері, міндеттері, жауаптылығы анықталған. Осыған дейін мәслихаттардың тексеру комиссиясының төрағасы ғана өз қызметін басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асырса, енді осы заңмен саны мәслихат аппаратының құрылымына кіретін тексеру комиссиясына қызметшілер алуға болатындығы белгіленді. Кейін, 2010 жылғы 2 сәуірде заң енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сай мемлекеттік қызметшілер деген сөздермен толықтырылды.
Өкінішке қарай, аталған заңның орындалуы біздің облыста баяу жүргені жасырын емес. Дағдарысқа тап болдық, қаржы жетпейді деген желеумен бір жылдың үстінде кідірдік. Өткен жылдың соңғы тоқсанында ғана осы мәселемен шындап айналысып, 26 қарашада өткен аудандық мәслихаттың сессиясында арнайы күн тәртібіне енгізіп, тексеру комиссиясы бөлімінің құрылымын бекітіп, қаржы мәселесін шешіп, 2011 жылдан бастап кірісетін болғанбыз. Газетке конкурс та жарияладық. Осындай қарекет жасап жатқанымызда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы О.Өксікбаевтан Президент Әкімшілігіне мәслихаттардың тексеру комиссияларын тарату жөнінде ұсыныс түсіпті. Соның негізінде тиісті министрліктер мен ведомстволарға, облыс, Астана, Алматы қалаларының әкімдеріне 2010 жылғы 23 желтоқсанда хат жіберілген. Осы хат негізінде басталған жұмыстың барлығына тосқауыл қойылды. Жаңа жылға бөлінген қаржы ақпан айында кері қайтарылып алынды.
Мәслихаттың, оның тексеру комиссиясының мәртебесін көтереміз деп жүргенде күші жойылмаған қолданыстағы заңнан Есеп комитеті төрағасының ұсыныс хаты жоғары болып шықты. Менің пайымдауымша, бұл асығыс шешім секілді. Өйткені, мәслихаттар тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің бюджетін бекітіп, ол қаражаттың атқарылуына мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыра алмаса, ондай өкілді билік кімге қажет? Жалпы, жергілікті бюджеттің, аумақты дамыту бағдарламаларының атқарылуына бақылау жасау өкілеттігін мәслихаттан алып тастау ешқандай ақылға сыймайды деп есептеймін. Жергілікті өкілді орган (мәслихат) – тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің халқы сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының Заңнамасына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын сайланбалы орган болғандықтан, оны тексеру комиссиясынан, бақылау өкілеттігінен айыру ешкімге де абырой әпермейді. Жергілікті өкілді органдарының жұмысын өз дәрежесінде жүргізу үшін әлі де болса бірқатар мәселелер шешімін табуы керек. Бірінші кезекте, мәслихат депутаттарының мәртебесі туралы заң қабылданса, мәслихаттарды толғандырып жүрген көптеген мәселелер шешімін табар еді.
Өтеп НҰРИЕВ, Индер аудандық мәслихаты тексеру комиссиясының төрағасы.
Атырау облысы.