Міне, осы алпысыншы жылдардың соңы мен жетпісінші жылдардың басында Қызылорда облысы, Шиелі ауданының механизатор қызы Жұмагүл Дүйсебекованың есімін республика жұртшылығы жадына тоқи бастаған. Себебі, сол қарсаңда Жұмагүл Сыр өңіріне кеңінен танымал болып, ол жөніндегі мақалалар мен суреттер республикалық басылым беттерінде жиі жарық көріп, ерен еңбек, жасын жігерімен жастардың нағыз көшбасшысына айналып үлгерген-ді. Сөйтіп, енді-енді ел құрметіне бөленіп, жұлдыздай жарқырап келе жатқан дер шағында орны толмас өкінішке тап болған. Әттең, сол бір қарғыс атқан күндегі оқыс оқиға Жұмагүлдің ой-арманын ойран етіп, ақыры өмірінің де түбіне жетпегенде, кім білсін, бәрі де басқаша болар ма еді?! Бірақ оған тағдыр жазбаса не дерсің. Әйтпесе Жұмагүлдің өмір жолы да әп-әдемі өріліп-ақ келе жатыр еді.
Ең алғаш бухгалтерлік курсты бітіріп, өзінің Алғабас ауылындағы сол кездегі колхоз басқармасының төрағасы Әзімхан Ысмайыловтың кабинетіне жұмыс сұрай келген қаршадай қағылез қыз Жұмагүлге Әзекең:
– Жұмагүл қалқам, байқаймын, сенен бірдеңе шығады, қолыңнан бәрі де келетін сияқты. Нақ қазіргі кезде мына шаруашылықтың жұмысын ілгері апару үшін жігіттердің намысына қамшы салар тап өзіңдей еті тірі, қайратты қыздар керек болып тұр. Бәлкім, сен колхоздың есебін емес, техникасын жүргізерсің, бұған қалай қарайсың? – деп бірауық ағынан ақтарылып, сөз арасында ағалық ақыл-кеңесін де айта келіп, не керек, ертеңіне колхозға келген су жаңа, қызыл «ЮМЗ-6» «Беларусь» тракторына көпшіліктің көз алдында салтанатты түрде отырғызған.
Сол жолы Әзекең жиналған жұрттың алдында тұрып: «Қызыл тракторға қыздар мінеді. Ал, Бегайдар, – деген механизатор Бурахановқа қарап, – саған тапсырма: мына Жұмагүл қарындасыңды үш күн ішінде трактордың ұңғыл-шұңғылын үйретіп, маңдайалды маман етіп шығарасың, – деп салмақ артқан.
Шынында, Жұмагүл үш күн өтпей жатып-ақ тракторды шыркөбелек айналдыратын болды. Міне, содан бастап шаруашылықтың қай саласында болсын Жұмагүлдің жүріп өткен жолдары, оның тракторының іздері сайрап жататын. Көктем келді дегенше, таңның атысы, күннің батысы бір тынбай соқамен жер жыртып, дән сеуіп, жаздай мал азығын дайындауға қатысып, күзде комбайннан қырманға дән тасып, қыс түскеннен алыс қыстаулардағы шопандарға тіркемесін тіркеп алып, отын-суын, жемшөбін жеткізіп берумен екі ортаны жол қылатын.
Әсіресе мал төлдету науқанында шопандар колхоз басшысы Әзекеңнен қой көшіруге көбіне өздеріне Жұмагүлді жіберуді өтініп, кейде өзара таласып та қалатынын бүгінде жігіт ағасы жасқа жеткен сол кездегі механизатор әріптестері де ара-тұра еске алып қояды. Жұмагүл болса жоқ дегенді білмейтін. Қайда жұмсаса да тракторын дарылдатып алып тартып бара жатқанын көретін жұрт.
Қашан көрсең де қажу дегенді білмейтін, қай жұмысты да жасындай жарқылдап жүріп атқаратын Жұмагүлге дәл сол орны толмас өкінішке ұрындырар ақпанның азынаған аязды күні ауылдан жырақ «Іргеқұм» қыстауындағы отарға тіркемесімен шөп жеткізу жүктеліп, жанына отау тіккендеріне көп өтпей-ақ, бұдан үш ай бұрын әскерге алынған жары Сенбектің ағасы Аман Алшынбаев деген азамат пен «қой аштан бұралып тұр» деп түстен кейін ентігін баса алмай алқынып келген шопанның өзін де қосып берген. Ауылдан кештеу аттанған қызын аяп, серік болу үшін әкесі Жәли де бірге ілесе шыққан.
Бұлар базадағы қаз-қатар тізілген шөп маяларына жеткенде кеш те түсе бастаған. Аман мен шопан жігіттің тіркеменің үстіне лақтырған шөптерін орын-орнына реттеп жайғастырып тұру үшін Жәли аға төбеге көтерілген. Әлден уақытта екі жақтан айырмен лақтырған шөпті әкесінің орналастырып үлгере алмай жатқанын көрген Жұмагүл де оның жанына барады. Бір сәт Аман қайнағасы тіркемені маяға жақындату үшін бұларға ескертпестен рөлге отырып, оталып тұрған тракторды оқыстан солқ еткізіп қозғап қалғаны сол, төбеде қаннен-қаперсіз айырмен жұмыс істеп жатқан Жәли аға да, қызы Жұмагүл де шалқалап барып, жерге құлап түседі.
Қанша дегенмен алапат соғысты да бастан өткерген, өмір тәжірибесі бар Жәкең құлап бара жатып, жерге оңтайымен түсіп үлгергенімен, денесін қатты ауырсынады. Әйткенмен, сонысына да қарамай, көкпеңбек көк мұзға арқасымен құлап, қимылсыз жатқан қызына жанұшыра ұмтылған. Бірақ бәрі де кеш еді...
Бел омыртқасы зақымданған Жұмагүл ауданның, одан Алматының ауруханасында да ұзақ жатқанмен ем қонбай, ақыры ауылға жеткізіліп, төсекке таңылады. Сонда да жақсылықтан үмітін үзбей, тағдырымен тайталасқан Жұмагүл өмір үшін күресін жалғастыра берген. Дегенмен, қатал тағдырдың тартар «сыйы» мұнымен ғана тынбай, үмітімді жалғар деп сенім артқан Сенбегі бұл жайды әскерде жүріп естіп, одан қайтқанда жарына «жағдайың қалай?» деуге де жарамай, сол бойда ауылдың да бетін көрмей, Жезқазған асып, ізім-қайым жоғалған. Жұмагүл сонда да жасымай: «Мейлі ғой, Алла алдынан жарылқасын. Тек оның «қалайсың» деуге де азаматтығы жетпей, безе жөнелгені ғана жанға батады. Онсыз да мен оның аяғына тұсау болмас едім ғой» дегеннен әрі аспай, көңіл түкпіріндегі өкпе-назын сыртқа сездірмеуге тырысып, іште бүгіп қалған.
Көп ұзамай Жұмагүлдің осындай жағдайға тап болуына себепкер болған ожар мінезді қайнағасы Аман да елге қарар беті қалмай, ауылдан үй-орманымен басқа жаққа қоныс аударған. Олар кеткенмен, дос-құрбы, сыйлас ағайын Жұмагүлден теріс айналған жоқ. Бірге өскен құрбысы, ауыл жастарының сол кездегі жетекшісі Рая Мұхтарова мен оның жолдасы, ауылдағы мәдениет үйінің меңгерушісі Ағайдар екеуі әсіресе күн құрғатпай келіп, көңілін аулап кететін. Обалы нешік, шаруашылық басшылары да өз тараптарынан қолдан келгендерін жасап, көмектесіп-ақ бақты. Емі табылар деп қасына анасы Күлзайраны қосып, шахтерлер жиі ұшырайтын бұл сырқат жөнінен тәжірибесі мол Қарағандының әйгілі клиникасына да, Қырым жағалауының курорттарына да жіберді. Бел сонда да беки қоймады.
Сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің тілшісі Жақыпжан Нұрғожаевтың 1975 жылы сәуірдегі «Мезгілсіз солғым келмейді» атты мақаласындағы: «Ағалардың аялы алақаны, құрбы-құрдастардың сергек сезімталдығы Жұмагүлді әлі-ақ өмірдің қайнаған ортасына оралтар, өйткені адамның құдіреті бәрінен де күшті ғой...» – деген үміті де ақталмады. Қайсар қыз сонда да күресін тоқтатпаған. Енді ол өмірін өнерімен өрнектеуді қолға алып, бауырымен жылжи жүріп, тоқымамен шұғылдануға кіріскен. Анасы Күлзайраның кішкентайында ою-өрнекке үйреткені осы жолы кәдеге асып, қолғап тоқудан басталған қадамы құтты болып, онысы шешесі мен іні-сіңлілерін асырауға жарайтындай кәсібіне айналған. Теледидардан көрген тоқыма үлгілерін де жадында жаттап, дереу қағазға түсіріп, айнытпай шығаратын. Жаңа сән үлгілері бар кітаптар мен газет-журналдарды да алдыртып, ауылдағы «Балауса» ансамблінің сахнаға киетін ұлттық нақыштағы бүкіл киімін де Жұмагүл фабрика конвейерінен шыққандай етіп, әдемі ою-өрнектермен безендіріп тоқып беретін. Оның шебер қолынан шыққан әрбір киім мен бұйым нағыз өнер туындысындай әсер қалдыратын. Содан да Жұмагүлді жерлестері «қазақтың Островскийі» деп атап кеткен еді. Кезінде мұны Жұмагүлдің өзі де естіп, іштей риза болғандай езу тартқаны бар.
Бірақ он сегіз жыл бойы төсекке таңылу оңай ма?! Ақыры сол төсектен жамбасы тесіліп, аяғы айықпас қатерлі дертке ұласқан Жұмагүл қырықтың қырқасына шығар-шықпастан, еліміздің тәуелсіздігі жариялануына төрт ай қалғанда бақи дүниеге аттанып кете барды.
Бүгінде жалындаған жігері мен асқақ рухын айғақтап өткен Жұмагүл де, әкесі Жәли мен анасы Күлзайра да, қимас құрбысы Рая да, кейін ауыл асып, ауатком төрағасы болған Әзекең де бұл өмірде жоқ. Осыдан бірер жыл бұрын елде болғанымда кезінде аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында, қызмет атқарған, мамандығы агроном Бегайдар Жүсіпов деген досым:
– Осы сен баяғы Жұмагүлді, алғабастық Дүйсебекованы айтам, білесің ғой. Еңбектің нағыз ерен үлгісін көрсетіп, жалындап тұрған шағында өмірден өтті. Науқан кезінде менмін деп кеудесін керген небір жігіттеріңнің өзі оның жанында жіп есе алмайтын. «Өлдің – өштің» деген рас екен, бүгінде сол Жұмагүлді де бәрі ұмытты ғой. Әйтпесе атына көше беріліп, мына «Даңқты азаматтар аллеясындағы» билбордтардың қатарында оның да суреті жарқырап тұрса, ел риза болмас па еді, – деп бір күрсініп қойып еді.
Осы әңгіменің шет жағасы биылғы жылдың басында Астанада зиялы қауымның біршама өкілдері бас қосқан жерде тағы да қылаң беріп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жауапты қызмет атқаратын Зейнұр Дүйсенбаева қарындасымыз да:
– Бақ дегеніміз елдің бәрінің бірдей басына қона бермейді ғой. Әйтпесе Жұмагүлдей еңбек еткен қайратты қыздар кемде-кем. Бір бойында мұқалмас жігер де, қайсарлық та, турасын айтып, тіліп түсер өткірлік те бар. Еңбек Ері болуға әбден лайық, ажары да айдай арудың өзі еді. Әттең, сол өзінің тиісті бағасын ала алмай өмірден өткені қандай өкінішті, – деп тебіреніп тұрып еске алып еді.
Жұмагүл жайында мені де талайдан бері толғандырып жүрген осы бір жайларды Еңбек Ері қарындасымыз Жадыра Таспамбетованың таяуда өткен Шиелідегі жылдық асына барғанымда қозғауыма тура келді. Жиналған қауым да қол соғып, қолдап әкеткен. Елді көркейту мен халықтың жағдайын жақсартуға байланысты қыруар іс тындырып отырған аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мырза да бұл ұсынысты қолдап, сол жердің өзінде орынбасарларына нақты тапсырма беріп жатты.
Кейін Жұмагүлдің сіңлісі Фаридахан хабарласып, кештетіп Алғабастағы үйіне де бардым. Кезінде Жұмагүлмен етене араласқан құрбысы, марқұм Раяның жолдасы Ағайдар да келіп, біраз сырдың тиегі ағытылды. Фаридахан Жұмагүлдің қолынан шыққан, әлі күнге дейін көздің қарашығындай сақтап келе жатқан тоқыма көйлектерді көрсетті. Шынында, ғажап екен! Қарабазардан емес, элиталы сауда орталықтарының көрнекті жерлерінен іздеп жүріп сатып алатындай, өте сапалы тоқылған бұйымдар, нағыз өнер туындылары деуге әбден лайық.
Қайран, өмір-ай десеңші! Осыдан кейін аққан жұлдыздай болып өмірден жолын жарқыратып өткен жалын жүректі Жұмагүлді қалайша өлді деуге аузың барар.
Иә, артында өрлік өнегесімен өшпес із қалдырған Жұмагүл өлген жоқ! Оның жердегі ізі жоғалмақ емес. Ал жазираның Жұмагүлдей жауһарының рухын тірілту – тірілерге аманат!
Мұрат КҮЛІМБЕТ.
Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы.