• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
15 Шілде, 2011

Нартәуекел!

760 рет
көрсетілді

«Қазақмыс» Гонконг қор биржасына бағалы қағаздарын саудаға шығарды Егер, халықаралық қор биржаларынан инвесторлар табу үшін, акцияларын саудаға шығаруға кезекке тұрған әлемдегі компаниялардың ұзын-сонар тізімі болатындығын ескерсек, «Қазақмыстың» Гонконг қор биржасында листинг жасап, акцияларын сауда-саттық операцияларына сәтті шығаруы – еліміздің іскерлік әлеміндегі айта қаларлықтай айрықша оқиға. Себебі – «Қазақмыс» Азиядағы ең дәрежелі биржаға бірінші болып түрен салған, тұңғыш қазақстандық компаниялар тобы! Сәрсенбінің сәтіне тура келген осы шараға ортақтасу үшін жолға шыққан қазақстандық жур­налистерді алып ұшқан ұшақ Гонконгқа сейсенбіде табан тірегенде таң да атып келе жатқан болатын. Жылдың төрт емес, үш мезгілі болатын қаланың біз муссондық жаңбырлар кезеңіне тап келген екенбіз. Әлсін-әлсін дамылдап барып, күндіз-түні төпелей беретін нөсерге жергілікті халық әбден төселіп те алған. Төбесі көкке шаншылған, алды 100 қабаттан асатын, ба­сын бұлт шалған ғимараттар Гон­конгты кәдімгі құрлықтағы Қытайдан даралайды. Бұл да түсінікті. Бір ғасырдан астам уақыт Ұлыбританияның ықпа­лын­да болған, мемлекет ішіндегі мемлекет әлі де өз дербестігін жоймай отыр. Гонконгтың «тұ­ман­ды Альбион» деп ауызекі тілде айтыла беретін Лондонға келетін тұсы көп. Климаты ұқ­сайтын осы маусымынан бөлек, мәдениеті, әлеуметтік тіршілігі, қала берді өмір салты да ағыл­шындардан көп жұғысты бол­ғанын аңғарасың. 7 миллионға жуық халқы бар, келімді-кетімді кісілерімен 9 миллионнан асып жығылатын әлемнің қаржылық орталығының бірінде қолшатыр көтерген сан мыңдаған халық күн сайын іскерлік орталықтарға жұмысқа асығады. Ал бізді құрлықтың келесі бе­тіне жетелеген оқиғаға орал­сақ, «Қазақмыс» компаниялар тобының Гонконг қор биржа­сы­на шығуы былай өрбіді. Қазақстаннан тыс жерде өт­кен қазақ баспасөз мәслихаты Гонконгте қазақстандық БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәс­лихаты «Қазақмыстың» неге Гон­конг қор биржасына шық­қа­нына арналды. Осы арада еске сала кетейік. Бұл аталмыш кор­по­рацияның екіншілік листингі. Мыс өндіруші және мыспен қо­сып түрлі табиғи ресурстарды өндіретін компаниялар тобы осы­ған дейін де, анығырағы 2005 жылы Лондондағы қор биржа­сында бағалы қағаздарын бірінші болып саудалаған, қазір де Еуропадағы басты биржадағы сау­сақпен санарлық қазақ­ста­н­дық компаниялар санатында. Сонымен Қазақстандағы мыс­тың 90 пайызын өндіретін, әлем­дегі ең ірі мыс өндіруші компаниялар қатарындағы және эл­ектр қуатын өндіруде де елімізде көшбасшылық рөлге ие болған «Қазақмыс» компаниялар тобы Директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Кимнің қатысуымен өткен баспасөз мәслихаты былай өрбіді. Неге Гонконг қор биржасы? Біріншіден, «Қазақмыс» әлемдегі ең ірі мыс тұтынушы болып та­былатын Қытай нарығына жа­қын орналасқан. Шамамен жы­лы­на Қазақстанда өндірілетін мыстың 50 пайызын Қытайдың ұзақ мерзімді тапсырыс берушілері сатып алады. Сондықтан да Аспанасты елі негізгі қаржы көзі болып отыр. Және «Қазақмыс» Қытай Даму банкімен 2011 жыл­дың маусымында құны 1,5 миллиард болатын Өзара келісім ту­ралы меморандумға қол қойған. Бұл келісім – Ақтоғай кен өн­дірісін кеңейту жөніндегі негізгі жобаны қаржыландырады. Он­ың үстіне компанияның аймақ­та­ғы рөлі де артып келеді. Әрі Гонконг биржасына шығу арқылы инвес­торлардың келесі үлкен ортасына шығуға да мүмкіндік бар. Осы­лайша негізгі рынок пен ком­панияның байланысын бекемдеуге болады. Осы арада оқиға алдына шы­ғып, толықтай көлденең инте­гра­цияланған өндіріс иесі – «Қазақ­мыстың» Гонконг қор биржа­сын­дағы листингі қосымша эмис­сия­ларсыз немесе қосымша акциялар саудасынсыз өткендігін айта кету керек. – Алайда, компания өзінің келешектегі өтемпаздығын, яки өтім­ділігін қамтамасыз ету үшін Гонконгтағы қор биржасында жа­ңа акциялар шығару мүмкіндігін қарастырып отыр. Бұл қадам сән­ге ілесу немесе Қытайға жақын болудан ғана туындаған тілек емес. 80-90-шы жылдармен са­лыс­тырсақ, әсіресе, 2007-2008 жыл­дардағы дағдарыстан кейін әлем түбегейлі өзгерді. Біздер қазір дағдарыстан кейінгі кезең­дер­де тұрмыз. Бүгінгі таңда жа­һанда басымдыққа ие болып отырған ел де, үлкен қаражатты айналдырып, мол қаржыға қол жеткізіп отырған да – Қытай. Оған қоса Қазақстанның Қытай­мен әріптестік қарым-қатынасы әріден басталады. Ал Гонконг алаңы өз қызметінің тазалы­ғы­мен тартымды, – деді Владимир Ким. Дегенмен, қазірге компания акциялардың қосымша эмиссия­ларын шығаруды жүзеге асыруға асықпайды. Өйткені, қағаздар­дың бүгінгі бағасы тұрғысынан алғанда, бұл тиімді емес. Жаңа акцияларды шығару «Қазақмыс­тың» нарықтың құнына және оның капиталдық сұранысына тәуелді. Және бұл Бозшакөл мен Ақтоғайда мыс өндіруді ұлғайту жөніндегі ірі жобаларға да қа­тысты болмақ. «Қазақмыстың» ендігі ірі жо­балары жайлы егжей-тегжейлі ба­яндаған оның Бас басқарушы ди­ректоры Олег Новачук кен ор­ын­дары өндіріс пен мысты экс­порт­таудың келешегін қамтама­сыз етеді. – Қытай Қазақстанға ең жа­қын орналасқан мемлекет. «Қа­зақ­мыстың» жыл сайын өнді­ре­тін өнімінің 50 пайызын осы ел­дің компаниялары сатып алады. Жағымды факторлардың қатары­на – аумақтық жақындық ғана емес, мысты тасымалдау бары­сын­дағы шығындардың айтар­лық аздығы кіреді. Оған қоса, Қытайдың инфрақұрылымының дамуымен байланысты бұл елде мысқа деген сұраныс тұрақты өсіп келеді. Гонконгтағы листинг біздің инвесторлардың базасын ұлғайтады. Сондықтан да біз Аспанасты елімен байланысты бекемдей түсуге шешім қабыл­дадық, – деді Олег Новачук. «Қазақмыс» басшыларының мәлімдеуінше, Гонконгтағы екіншілік листинг компанияның стра­тегиялық дамуы үшін де қажет. Қалай десек те, жоғарыда атап өткендей, Азия, оның ішінде Қытай қазақ іскерлері үшін клиенттік база тұрғысынан болсын, қаржы көзі ретінде де үлкен мүдделестік туғызады. Азиядағы ең ірі Биржа алаңына шығу қазірдің өзінде «Қазақмыстың» онсыз да биік беделін бекемдей түскені анық. Аты – «Қазақмыс» демесек, мыстан бөлек, мырыштың айтар­лықтай көлемін, алтын мен кү­місті де өндіретін компанияның бүгінде елімізде жұмыс істеп тұр­ған 17 кен орны, 10 кен-бай­ы­ту фабрикасы және 2 мыс қо­ры­татын өндірістік кешені бар. Сонымен, сәрсенбінің салта­нат­ты ресми сәтін күтіп, Гон­конг­тың жаңбырлы кешінде қо­нақүйге де оралдық. Биржаға қошеметпен келді Келесі күні Лондондағы қор биржасында саудасы жүріп тұр­ған 100 компанияның құрамына кіретін, FTSE-100 тізіміне іліккен «Қазақмыстың» ресми түрде Гон­конгтағы қор биржасында листинг жүзеге асатын сәт те келіп жетті. Компанияның бағалы қағаз­дар­ды қор биржасындағы опера­ция­ларға жіберу ережелері қа­лып­тасқан ежелгі дәстүрмен өтті. Кеуделеріне алдын ала дайын­далған орхидея гүлдерін қадаған қазақ іскерлері – «Қазақмыс» Директорлар Кеңесінің мүшелері бір кісідей келісілген уақытта биржаға келді. Дәстүр солай. Биржаға тіркелген әр елдің компаниясы дизайн­мен, бір шоқ болып жиналған гүлдерді кеуделеріне қадап, акция­лар саудаға шығарылғанда шампан ішіп, тарихи сәттің табыс­ты­лығын тілейді. Биржа мен бир­жаға шыққан компаниялардың кәдесый алмасуы да бұлжы­май­тын дәстүр. Сондықтан да Азия­ның негізгі қаржы алаңы кәде­сыйлардың көрмесін де жасақтап үлгерген. Мұндағы естелік сы­й­лықтар – бірін бірі қайталамай­тындығымен құнды. Біз көр­ме­ден биржаға арнайы жолы түскен Елбасымыздың да суретін көрдік. «Қазақмыс» корпорациясы бир­жаға бір адам әрең көтеретін мыстан құйылған қыран құсты сыйға тартты. Сап алтындай – сапалы мыстан құйылған, біздің көк байрағымыздағы тәкаппар құс Гонконг биржасының қақ төрінен орын алатын болар?! Сонымен, Гонконгтағы «Қа­зақ­мыстың» саудасы басталғанда бір акцияның құны – 165 гон­конгтық долларды құрады. Бұл жергілікті уақытпен сағат 9:30 болатын. Ал Астанада уақыт – 7:30, яғни елордалықтар енді ояна бастаған кез. Біз биржада саяхаттап жүрген келесі 50 минутта компанияның бір акциясы – 166,1-ден 167,06 гон­­конг долларына тербеліп тұрды. Биржа таблосында «Қазақ­мыс­тың» да акциялары пайда болғаннан кейін Владимир Ким таза меңгерген ағылшын тілінде осы оқиғаға куә болған – Гонконг қор биржасының өкілдеріне, гон­конгтық және қазақстандық журналистерге алғысын білдіріп: – Біз Қазақстандағы ең ірі мыс өндіретін және көлемі жа­ғынан әлемдегі 11-ші компания­мыз. Біз дүниежүзінде өндірісі толық интеграцияланған – кенді өндіріп, оны мыс орамалары мен мыс қалыптарына айналдыратын аз ғана компаниялар қатарына енеміз. Біз 2005 жылы Қазақстаннан Лондонда бірінші болып листинг жасаған және нарықтық капитал­дануы 11 миллиардты құрайтын, қазіргі күні FTSE-100 индексіне қатысушы тұңғыш қазақстандық компаниямыз. Бүгін де біз Гон­конгтағы листингін сәтті жүзеге асырған тұңғыш қазақстандық компаниямыз, – деді. Осыдан кейін «Қазақмыс» компаниялар то­бы Директорлар Кеңесінің төр­аға­сы бұл қадамның маңызды­лығына қысқа әрі нақты тоқтала кетті. Міне, осылайша, сәрсенбінің сәтті күні Қазақстандағы алғаш­қы компания Азиядағы негізгі сау­да алаңына шықты. Ал, қазақ­стандық компанияның Гонконг­тағы саудасы сәтті немесе сәтсіз басталды деп сәуегейлік айту қиын. Өйткені, жаңадан биржаға келген компанияның бағалы қа­ғаздары – инвесторлар бірден талап алып кететін ыстық бауырсақ емес. Айналасына екі шоқып, бір қарайтын инвесторлар биржаға басын енді сұққан компанияны зерттеп, талдап, акцияларын са­тып алуға бел байлау үшін де біраз уақыт қажет. Осы арада компания өтемпаз­ды­ғы мен нарықтағы баға әділ­дігін қамтамасыз ету үшін Лондон қор биржасынан Гонконгқа 1 миллиондай акциясын ауыстыр­ғанын айта кетуге болады. Бұл шамамен саудаға шығарылған акциялардың жалпы көлемінің 0,2 пайызы.   Гонконг – АҚШ-тан тыс жерде доллармен жұмыс жасайтын ең ірі сауда алаңы Осыдан кейін де Қазақстан­нан келген БАҚ өкілдері үшін маңызды шаралар легі толас­та­ған жоқ. Басты оқиғаның бірі – Гонконг қор биржасының төраға­сы Рональд Аркулли мырза қазақ журналистерімен кездесіп, бір сағат бойы сұхбат берді. Лауазымды тұлға алдымен «Қа­зақмыстың» Қазақстан үшін ғана емес, әлемде де маңызды орны бар екендігіне тоқталды. – «Қазақмыстың» Лондон қор биржасында листинг жасауының өзі көп нәрсені айтып тұрған жоқ па?! Біздің ойымызша, Қазақстан маңызды бизнес-әріптес және байланыстарды ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. «Қазақмыс» та алдағы уақытта клиенттерінің басым бөлігі Азиядан болатынын біліп отыр. Сіздердің елдері­ңіз­дің экономикалық өркендеуі соң­ғы 5-10 жылда анық байқалды. Қазақстанның Президенті бірнеше рет Гонконгқа арнайы сапармен келді. Біз де екі ел ара­сын­дағы сауда-саттық пен тауар ай­налымын өсіруге мүдделіміз. Қа­зірге Гонконг биржасы – Қазақ­станның іскерлік ортасының кішкентай қатысушысы болып отыр, – деді Рональд Аркулли. Ал Гонконгтағы қор биржа­сының тарихы 1891 жылдан бастау алады. 2000 жылы Hong Kong Exhanges and Clearing Limited (HKEx) пен Гонконг қор биржа­сы біріккен. Тек үстіміздегі жыл­дың алғашқы жартыжылдығында биржадағы сауда-саттық 9,5 миллиард долларды құраған. Биыл­дың өзінде Гонконгта 31 компания біріншілік акцияларын орна­ластырып, нәтижесінде 18 миллиард доллар қаражат тартылған. Бұл кезеңде Лондондағы қор бир­жасында жаңа 22 эмитент пайда болған. Осының өзінен-ақ, Азиядағы негізі сауда алаңының айы оңынан туып келе жатқанын байқай беріңіз. Осылайша, Гонконг биржасы – ең өтімді халықаралық алаңға айналып отыр. Мұндағы күн сай­ынғы сауданың орташа көлемі 866,640 долларға жетіп жығы­ла­ды. Тек биылдың өзінде биржаға жалпы капиталы 2,8 триллион АҚШ долларын құрайтын 1437 компания тіркелген. Әрине, бұл биржаның әлемдегі ең ірі он алаңның бірі ретіндегі ұстаны­мын бекемдей бермек. Айтқандай, Аркулли мырза Биржа өз акцияларын да саудаға шығаратындығын айтады. Тағы бір жаңалық – Қытай мемлекеті осыдан бір жыл бұрын биржада өзінің ұлттық валютасымен сау­да-саттық жасауға шешім қабыл­дапты. Қазірге бұл биржа үш валютамен ғана жұмыс істейді. Қор биржасы басшысының мә­лімдеуінше, әлемде жедел қар­қындап келе жатқан Үндістаннан Қытайға дейінгі, Қазақстаннан Малайзияға дейінгі кеңістіктегі іскер орта алдағы уақытта Гонконг биржасының жұмысын одан да жандандыра түспек. Рональд Аркулли Гонконгтан Қазақстанға бірнеше рет ресми делегациялар барғанын, бұл бир­жаға акцияларын шығаруға басқа да қазақстандық компаниялар та­рапынан ұсыныстар болғанды­ғын жеткізді. Дегенмен, лауазым иесі ол компаниялар ресми түрде өз­дері мәлімдегенше, аталмыш ком­паниялардың тізімін жария етуге қақысы жоқ екендігін айтады. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы – Дели – Гонконг – Бейжің – Алматы.