Бурабайдағы «Приозерный» демалыс және сауықтыру орталығында «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының, Білім және ғылым министрлігінің, партияның Ақмола облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Жастар – Отанға!» атты жастар саяси лагері ашылды. Салтанатты рәсімге «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының, республикалық мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жастардың бойында патриоттық, интеллектілік, рухани және креативті капиталды қалыптастыруды көздейтін лагерьдің мақсаты жөнінде «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы директоры Нұрлан Өтешев, «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Шойкин, Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Марпуға Нұрпанова кеңінен әңгімеледі.
«Жастар – Отанға!» саяси лагері – замана үрдісіндегі жаңа саяси технологияларды игеруге мүмкіндік беретін құрылым.Үш ауысымда жұмыс істейтін лагерьдің ауқымды бағдарламасында белгілі қоғам және саяси қайраткерлердің қатысуымен семинарлар, пікірталастар, сондай-ақ, мәдени және спорттық шаралар өткізу жоспарланған. Өткен үш жылда 2000-нан астам жастың басын қосып, тәжірибе алмасу ордасына айналған Ақмола облысы лагерьдің базалық орталығы болып жарияланды. Биылғы маусымға республикамыздың барлық аймақтарынан 450 жас тартылып отыр.
Бақберген АМАЛБЕК,
Ақмола облысы.