• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
16 Шілде, 2011

Қырсыздық қыры, солақайлық сызы

381 рет
көрсетілді

Ауру астан келмесін десек... Тексеру нәтижелері не көрсетті? Қандай да болмасын атқа­рылған жұмысқа берілетін ең басты баға оның сапасына бай­ла­нысты болмақ. Егер атқа­рыл­ған жұмыстар немесе өндірілген өнім сапасыз болып шығып жатса, оларды нәтижелі ат­қарыл­ған істер деп айтуға ауыз да бармайды. Өкінішке қарай, соңғы жылдары сапа мәселесі өткір проблемаға айналып отыр. Олқылықтар мен кемшілік­тер­дің құрылыс жұмыстарынан да, тамақ өнеркәсібі мен қызмет көрсету салаларынан да көптеп табылып жатуы соған айғақ. Мұ­ның өзі түптеп келгенде жауап­­ты адамдардың өз міндеттеріне салғырт қарайтындығын, бақылаудың босаңсығандығын көрсетеді. Бір кездері, дәлірек айтқан­да, әкімшіл-әміршіл жүйе кезінде бақылаулар түрі өте көп бо­латын. Соның өзінде де, «аңду­шыны алушы жеңеді» дегендей, тәртіпті айналып өтетін пысы­қай­лар әр жер, әр жерде табы­лып жататын. Ал қазір ше? Қазір де бақылау мүлде жоқ деп айта алмайсың. Бірақ, сол ба­қылаудың ойдағыдай бола алмай тұрған қалпы бар. Бұл ретте сірә, өзіміз жиі қайталайтын «бар­мақ басты, көз қысты» әре­к­еттердің де үлкен рөл ойнап ке­тетін сыңайы байқалатын сияқты. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техни­ка­лық реттеу және метрология комитетінің департаменттері үс­ті­міздегі 2011 жылдың 5 айы ішінде меншіктің түрлі фор­ма­ларындағы шаруашылық жүргі­зу­ші субъектілерде техникалық регламенттер талаптарының сақ­талуы және өлшеу құрал­дарын пайдалану мен олардың сақ­талуына қатысты 2068 рет тексерулер жүргізген. Осы тек­серулердің нәтижесінде 1316 жағдайда бұрмалаушы­лық­тар­дың орын алғаны анықталған. Бұл барлық тексерулер нәтиже­сінің 63,6 пайызын құрайды. Тексерулердің барлық түр­ле­рі­нің қорытындылары бо­йын­ша жал­пы сомасы 990227,175 мың тең­­гені құрайтын сапасы на­шар, марк­ировкалары мен сер­тифи­кат­­тары жоқ әртүрлі өнімдердің 4414 партиясын сатуға тыйым салынған. Осы орайда тамақ өнім­дері­нің белгіленген талаптарға сай болуына бақылау жасауға ба­сым­дық берілгенін айта кету керек. Мәселен, Техникалық реттеу және метрология комите­ті­нің Маң­ғыстау облысы бойын­ша департаменті жеке кәсіпкер Т.В. Нем­ки­наның «Гурман» атты дүкенін тексерген кезде белгіленген талапқа сәйкес келмейтін бір­қатар өнім­дердің сатылып жат­қа­нын анық­таған. Олардың ара­сын­да Ресей­дің «Морозко» атты жауапкершілігі шектеулі ұйымы шы­ғарған, қатырма қағазды ора­ма­дағы ірімшік салынған құйма-нан­дар, пісірілген шұжық бұйым­дары болған. Сол сияқты Ресей­дің «Сочи ет комбинаты» ААҚ шы­ғарған пісіріліп ысталған «Минск» шұжы­ғының, «Вимм-Биль-Данн» ААҚ шығарған сүтті-шырынды сусын­ның, «Юнимилк» ААҚ шы­ғарған сүтті коктейлінің, кімнің шығар­ғаны белгісіз (өндірушісі көрсе­тіл­меген) «Амоу» атты соя тұз­дығының және басқа да көп­теген тамақ өнімдерінің сапа­сыз екендігі де белгілі болып отыр. Бұл аталған тамақ өнімдері мемлекеттік стандарт талаптарына мүлде сәйкес келмейді. Оларды асқа пайдаланған адамдардың ден­сау­лықтарына да айтарлықтай зиян келуі мүмкін. Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті де арнайы жүргізілген тексерулер ке­зінде көптеген кемшіліктердің бетін ашқан. Мәселен, «Konstant-A» (Алматы қаласы) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығарған құй­ма-нанның, жеке кәсіпкер С.А.Вуль­ферт шығарған «мұздатылған клас­сикалық пельмендердің», «мұз­да­тылған классикалық кот­лет­тердің» санитарлық нормалар тала­п­тары­на сәйкеспейтіні анықталған. Ол аз десеңіз, жеке кәсіпкер И.М.Ба­баковтың «Гастроном №40» атты дүкенін тексерген кезде тамақ өнім­деріне ветеринарлық серти­фи­кат­тар­дың алынбағаны, кейбір тамақ­тардың ас қауіпсіздігі жө­ніндегі міндетті нормативтік та­лаптарға мүлде сәйкеспейтіні белгілі болған. Ең таңқаларлығы, осы аталған сауда орындарындағы кемшіліктерді, дәлірек айтқанда, заңсыз­дық­тарды ешқандай құрал-жаб­дықтардың көмегінсіз-ақ анық­тау­ға болады екен. Ол қалай дейсіз ғой? Сөйтсе, саудаға шыға­рыл­ған балық, құс еті сияқты бірқатар өнімдер көгеріп, иістеніп кетіпті. Осындай сапасыз тамақ өнімдерін шығарып, жеткізіп беру­шілердің қатарында Астана қаласындағы «Мясной двор» ЖШС, Қара­ған­ды қаласындағы жеке кәсіпкер С.Б.Кучинскийдің «Три кита» кәсіпорны, Теміртау қаласын­да­ғы жеке кәсіпкер И.Е. Ба­бакова­ның «Ирина» атты нау­бай­хана­лары бар. Соңғы атал­ған азаматша бұрмалау­шы­лық­тарға жол бергені үшін әкім­шілік жауапкершілікке тарты­лып, оның та­мақ өнімдерінің бүлінген пар­тия­­ларын сатуына тыйым са­лын­­ған. Оңай олжа тауып дағ­ды­­лан­ған адамдарды мұндай шараның қаншалықты тәртіпке шақыра­ры әрине, белгісіз. Мұн­дай жағ­дайда, ең бас­тысы, кә­сіп­кер­лік­пен шұғылда­на­тын адам­дар­дың өздерінің ар-ұят­тарының болғ­а­ны, өз ісіне жоғары жауапкершілікпен қара­ғаны әлдеқай­да тиімді болмақ. Ал жоғарыда аталған Техни­калық реттеу және метрология комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті жүргіз­ген тексерулер Алматы қала­сын­дағы «Рахат» АҚ шығарған бірқатар кәмпиттердің тауар­лар­ға қойылатын бірегей сани­тарлық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтінін анықтаған. Олар­дың қатарында өзіміз дүкен сөрелерінен жиі ұшырасты­ра­тын, кейде тіпті сатып та ала­тын «Кара-Кум» және «Шоко­лад­тағы жеміс гриляжы» кәмпит­тері бар. Бірқатар тамақ өнімдеріне қатысты орын алған заң бұзу­шылықтарды аталмыш комитет­тің Шығыс Қазақстан және Қы­зылорда облыстары бойынша департаменттері де анықтаған. Мәселен, Ресейдің Алтай өлке­сіндегі (Барнаул қаласы) «Лекра-СЭТ» жауапкершілігі шектеулі ұйымы шығарған «Целебный дар»-«Стевии листья» шәйлі су­сындарының, Өзбекстандағы «AGROMIR GAZALKENT» аг­ро­фирмасы» жауапкершілігі шек­теулі ұйымы шығарған баклажаннан жасалған икраның, сол сияқты Ресейдің Ульянов қала­сындағы «Кристалл» жауапкершілігі шектеулі ұйымы, Жамбыл облысындағы «Алкопищепром» ЖШС шығарған бірқатар арақ өнімдерінің сапасыздығы белгілі болған. Олардың құрамында сивуш майы мөлшерден тыс болып шыққан. Соған байла­нысты ондай өнімдерді сатуға тыйым салынған. Біз келтірген мысалдар тексеру нәтижелері анықтаған кемшіліктер ғана. Тексеру жетпеген, дүкен сөрелерінде айлап-жылдап жатып қалған тамақ өнімдері қаншама! Әйтеуір, бір мәселенің басы ашық. Ол – дүкендердегі тауарларды орама­ларының немесе ыдыстарының сыртқы әсем­ді­гі­не қарап, таң­дау­сыз, талғаусыз сатып ала беруге болмай­тын­ды­ғы. Өз ден­саулығын ойлаған әр­бір адам сауда жасаған кезде істің осы жағына аса мұқият болуы тиіс. «Ауру – астан» деген халқы­мыздың нақыл сөзін де осын­дайда есте ұстай жүрген абзал. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.