Қасым Аманжолов – 100
Қасым Аманжолов өз замандастарының ортасында толассыз беделге ие ғажайып ақын болды. Оны достары, қалың оқырман бағалап, қадіріне бас иді. Бірақ, билік иелері Қасымды ылғи да шетке қағып, оның ақындығына тежеу салып отырды. «Ұлтшыл» деп айыптады.
Қасымды ұлы Мұхтар Әуезов бағалап, талантты қадір тұтқан.
Ақынның 80 жылдығы қарсаңында Алматыға арнайы сапарлап барғанымыз еске түседі. 1991 жылғы көктемде Алматыға делегация болып жеттік. Жетекшіміз – Қарқаралы аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы Әбен Рахымжанов, қосшысы мен және аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Совет Нұрмағанбетов еді.
Үкімет үйіне кірген соң ең әуелі Жоғарғы Кеңес Төрағасы Ерік Асанбаевқа бардық.
– Иә, Қасым ғажайып дарын иесі еді. Біз ұлы ақынға қатысты әрбір ескерткішті көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Ана бір жылдағы Алматыдағы Қасым тұрған үйді бұзу туралы әңгіме шыққанда, мен қарсы болғам, – деді Ерік Мағзұмұлы.
Сол күні біз Қасымның мерейтойына байланысты көптеген лауазымды басшылардың қабылдауында болдық. Үкімет алдына қойған негізгі мәселелеріміз: туған жері Қарқаралыда ақын мерейтойын өткізу, Қасымның шығармаларының екі томдығын шығарту еді.
Сол кездегі Президенттің кеңесшісі Әбіш Кекілбаевта болып, кездесу үстінде Әбекең «Жазушы» баспасының директорына телефон соғып отырып:
– Қасым көзі тірісінде айтарлықтай жақсылық көрген жоқ. Тым құрыса, аруағы риза болсын, таңдамалысын шығарып беріңдер, – деп ағынан жарыла сөйледі.
Қасым тойы қарсаңында туған ауылына ұлы ақынның есімі берілді. Қарқаралыдан асфальт жол тартылып, мерейтойы Кент бауырында өтті. Алматыдан Ғафу Қайырбеков бастаған атақты ақындар келіп, Серік Ақсұңқарұлы баяндама жасады. Серіктің «Қасым туралы сөз» деп аталатын осынау еңбегі «Орталық Қазақстан» газетінде түгелдей дерлік басылып шықты.
Ақиық ақын Қасымның 90 жылдығы да Кенттің бауырында өтіп, сол жолы Алматыдан бір топ қазақ зиялылары, теледидар, баспасөз қайраткерлері келгенін көрдік.
Иә, ақын рухы Қарқаралы аспанын жаңғыртып тұрғаны шындық. Ол – мәңгілік рух.
Дауысы биік, дабысы күшті Қасымның есімі аталғанда біздің көз алдымызға тұңғиық аспан төсінде, заманының көшінде құйрықты бір жұлдыздай жалт-жұлт етіп өте шыққан оттай ғұмыр келе қалады. Өкініші мен өр тынысы, тайталасы мен алданышы, үміті мен күдігі мол мынау күрделі өмірге келген өр ақынның өз тағдыры, өз әлемі, өз табиғаты бар.
Адам өзі жаралған табиғаттың тал бесігінде тербеліп өседі десек, сол ұлы Жаратушының сан түрлі сыры мен қыры ақын бойында сәтті тоғысым бермек. Құдіретті Қасымның мінезі мен өлеңінен, жан-күйі мен өнерінен бұрқаған бұрқасынның, қара нөпір нөсердің, жылтылдаған жасынның дауылды лебін сезініп, түйсінесің.
Ақынның бір ауыз өлеңі кейде ормандай тұңғиық ойларын бейнелеп жатады, бедерлеп жатады.
Өкінбен мен де бір өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп.
Күніне он ойланып, жүз толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп!
– Міне, Қасымның ұлы өмірлік кредосы осы. Оның жалынды жүрегі өршіл өмір деп соғады. Адалдық, азаматтық деп соғады.
Қасым поэзиясы – шындықтың айнасы, дәуірдің буырқанған тынысы мен дыбысы. Ұлы Отан соғысының от-жалынын кешкен Қасымның «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасындағы:
Өмір гүлін жаншып таптап,
Шаштан сүйреп махаббатты.
Жерімізге жындай қаптап,
Найзаға іліп ар-ұятты, – деген жалынды жолдар қандай керемет образ-шендестіруге толы жыр десеңізші.
Қасым Махаббат пен Намыстың ұлы жаршысы.
– Жеңдік қой жауды, арман не құрбым
Күркіреп күндей өтті ғой соғыс.
Таба алмай жүрмін айғайлап ән сап,
Қайда екен, қайда, Дариға сол қыз, – деген Қасым жыры қандай ғажап?! Ұлы ақын соғыстан, қан кешу ортасынан аман қайтып келе жатқан жас жігіттің махаббаты мен сағынышын соншалық күшті поэзиялық от-қуатпен суреттемей ме!
Дауылпаз таланттардың ғұмыры қашан да қыспақ пен қысымнан, іштарлық пен қызғаныштан зардап шегуі – өмірде, тарихта жиі кездеседі. Қасым да сондай ағайын бақастығын, қоғамның зорлық-зомбылығын көп көрген талант иесі.
Мен де жаздым шығармастай үнімді,
Әлде маған қырық дей ме тілімді.
Әлде менің жүрегіме су құйып,
Өшірмек пе оттай жанған көңілімді.
Жоқ! Ол болмас! Мүмкін емес, болмағы!
Көп тұрғанда аздың батпас салмағы.
Мен – көптікі, көп те мені өзінің
Қолтығына айдай анық алмағы!
Мүмкін емес аздың тиіп қолдары,
Мезгіл жетпей қызыл гүлдің солғаны.
Мүмкін емес көкте жүрген бүркіттің
Қара құсқа ойдағы жем болмағы, – деп ширыққан ақын келешекке деген үкілі үмітпен өмір кешеді.
Оның күншіл де күдікшіл, тар пейілді тобырға арнап жазған:
Жазғанымды жамандап
Сен төккенмен жыныңды.
Мен жатқам жоқ алаңдап,
Ұрдым сенің сыныңды.
Ауырсам да қажыман,
Құйған қайрат-жігермен
Сорың үшін жазылам
Ауызыңды бүрермін, – деген жасын жырлары аталған қаһарлы оқтай көрінеді.
Күллі ортақ ұғымдар Абайға да, Қасымға да ортақ.
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – деген данышпандық теңеуді Абайға да, Қасымға да арнауға болар еді. Оның қайтыс болар алдында: «Үлкен арманым – Абайға жету еді...» деген жан сырын айтуы да тегін емес еді...
...Қасымның туған ауылында ұлы ақынның еңселі ескерткіші тұр. Ескерткішке бір сәт зер салып қарайықшы: ақынның шабыт буып буырқанған сәті болашақ ұрпаққа, туған жері мен еліне өз арман-сырын, өз сәлемін жеткізгісі келіп алысқа көз тіккен ойшыл сәті сол ескерткіш тұлғасында ұйып тұрғандай емес пе...
Бүгін:
– Ей, тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы.
Көресің бе сен мені,
Мен – Қазақтың баласы! – деп сұңқардай дауылдатып тұрған Қасым дауысы мәңгілік.
* * *
Көкшенің мөлдіреген жанарындай кербез көлдері, сылаң қайыңды сұлу ормандары, ұшар басын жібек мұнар желпіген шыңдары кімді ғашық етпеген, кімді таңдай қаға тамсандырмаған, шіркін. Сонау шалғайдағы Қарқаралыдан осындағы санаторийге кеше ғана келіп түскен Мекебай ерте тұрып, Көкше көркін тамашалап жүр. Көл жағасындағы аллеяға түсе бергені сол еді, артынан жедел жүріп келе жатқан әлдекімнің аяқ тықырын естіп, жалт қарады.
– Бағана сыртыңнан танып, көз жазбай соңыңнан еріп отырдым. Өзің тіпті жеткізбейсің ғой, – деп Мартбек күлімсірей келіп қолын алды. Мекебай бұл азаматты жақсы танитын. Мартбек Мамыраев – Кеңес Одағының Батыры, бұл екеуі де бал дәурен балалық қызығын Қарқаралы қойнауында бірге өткізген сырлас жандар еді.
Екеуі амандық-саулық сұрасқан соң Мартбек бір тосын жаңалық айтты. Осындағы екінші санаторийде Қасым демалып жатыр екен. Кәдімгі ел еркесі, атақты ақын Қасым.
– Япырмау, шынымен сол Қасым ба? – Мекебайдың көрмегеніне 32 жыл өтіпті.
Қасым мен Мекебай бір ауылда өсті. Бұлардың қыстағы – Кенттің бір сілемі – Қызыл деген жерде болатын. Қасымның әкесі жас кезінде қайтыс болды да, қаршадай кезінен жетімдік тақсіретін көп тартты.
– Қасымды қайдан танушы едің? – деп сұрады Мартбектен.
– Пәлі, Қасымды мен майдан күндерінен білемін. Ұлы Отан соғысы туралы көп өлеңдер, көп шығармалар жазылды емес пе, бірақ солардың ішінде Қасымның өлеңіне тең келетін жыр оқыдың ба, өзің?
Екеуі Қасым жатқан бөлменің алдына келгенде, Мартбек Мекебайды тоқтатып: «Әуелі сен кір, таныр ма екен?» – деді.
Мекебай есікті болар-болмас сықыр еткізіп кіріп барды. Қасым терезе алдына қойылған жазу үстелінде бір суретке қарап отыр екен. Есік сықырын естіп жалт қараған Қасым Мекебайды көріп орнынан ұшып тұрды. Орындығын жедел қимылмен ысырып тастап: «Оу, Мекебаймысың!» деп құшағын айқара ашты.
– Қасым-ау, 32 жыл көрмеген туысыңды қалай бірден таныдың? – деді осы сәтте кіре берген Мартбек.
– Мекебай кіріп келгенде, әкесі Жазыбайды көргендей болдым. Ту-у, мына Көкшенің ортасына ел көшіп келгендей, бір жасап қалдым-ау. Ал, қане жоғары шығыңдар... – Қасым қуанышы қойнына сыймай, алып-ұшып жүр.
– Иә, балалық шақтағы көп суреттер, көп елестер көкейімде жатталып қалғандай, елді көрмеген отыз екі жыл ішінде бір сәт те есімнен шыққан емес, – деді Қасым қонақтары жайланып отырған соң. – Әлі есімде, қыстауымыздың алды құлама беткей болатын, қысты күні ауыл балалары сол беткейде сырғанақ тебетінбіз. Менің кейініректе жазған «Сырғанақсай» атты өлеңім сол балалық әсердің ізімен жазылып еді...
– Қасым, біздің әкейдің Тайжан екеуіңді Майөзекте жылқы бағып жүргенде тауып алатыны қайда, есіңде ме? – деді Мекебай.
– Е, ол менің жетіге шыққан жылым ғой. Неге есімде болмасын...
Қасым әкеден жастай қалды. Сол жетімдік зардабы жас жүрегін шымырлатқан кезең туралы ол:
Өмірге ендім еңбектеп,
Шалқалап әкем шықты үйден.
Жетімдік тағдыр жетті ептеп,
Қабағын жаба түксиген, – деп жазған еді, кейіннен.
– Қасым, осы сенің: «О, дариға, алтын бесік туған жер, қадіріңді келсем білмей кеше гөр. Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей, Ақын болмай – тасың болсам мен егер», деген жыр жолдарың бар ғой. Сол өлеңің қай жерге арналған? – деді мынадан бері үнсіз келе жатқан Мартбек.
– Мына Мекебай біледі, мен елден ертерек кеттім ғой. Жастық шағым Семейде, Оралда, одан беріректе Алматыда өтті. Құйындай соғып кешегі Отан соғысы өтті басымыздан. Осы жылдар ішінде елге барудың бір реті келмеді. Мен бүгінде ақын атансам, талантты еліме, таңғажайып жеріме, қасиетті қазақ жерінің атырабына, Семейім мен Оралыма, Алматым мен Қарқаралыма борыштымын. Сол анадай әлпештеген еліме қарыздар көңілден туған өлең еді ол, – деді Қасым тебірене сөйлеп.
– Ал, бірақ ол борышымды әлі де өтеймін. Оралға арналған өлеңімді білесіңдер. Енді «Қарағанды қазағы» деген атпен роман жазбақпын...
– Қасым, осы уақытқа дейін біз сені ақын ретінде ғана біліп келдік қой... – Мартбек Қасымның шабытты жүзіне сұраулы кескінмен көз тастады.
– Өлең – менің өмірімнің мәні де нәрі екені рас. Бірақ, кейінгі кезде прозалық шығармаларды жазуға талаптанып жүрмін. Бұл талабыма себеп болған – Мұқаң, кәдімгі үлкен жазушымыз Мұхтар Әуезов болатын. Ертеректе бір әңгіме жазып едім, соны оқып: «Қасым, сенің прозаға да икемің бар екен, қарасөз жазып, байқап көр», деп кеңес берді. Мұқаңның ақылымен көлемді бір шығарма жазуға ниет қылдым. Қазір романның жалпы нобайы ойымда пісіп тұр. Бастапқы тарауларына «Бостандық», «Дүйсеннің өлімі», «Большевик Садық» деген тақырыптар қоймақпын.
– Қасым, ақыры қарасөзге ден қойсаң, тіленіп тұрған үлкен бір тақырып бар-ау. Кешегі күркіреп өткен соғыс, қан майдандағы халық ерлігі – сан кітапқа алтын арқау емес пе. Толарсақтан саз кешіп, белуардан қар кешіп дегендей өзің де сол тамұқтың ортасында жүрдің. Сенен артық ол тақырыпты кім жазбақ, – деді Мартбек.
– Дұрыс айтасың. Соғыс тақырыбы – көкейдегі өшпес күй, сөнбес жалын ғой. Ойлап отырсам, мына өмірде мен жазар тақырып көп-ақ. Бүгін мен Қасым ақын атансам, сол үшін ең алдымен кеңестік еліме борыштымын.
Өмірден үміт жоқ өзге,
Даланың тердім тезегін.
Әкем боп таптың сол кезде,
Советтік менің өз елім!
Сүйсінттім досты, ержеттім,
Өртедім жаудың өзегін.
Қуатын бердің жер-көктің
Советтік менің өз елім!
Ағыттым ойдан ел үшін,
Өлеңнің ерке өзенін.
Ақының болдым сен үшін,
Советтік менің өз елім, – деп жырлаған, осы қастарында келе жатқан Қасым ақын болатын. – Сендерге бір сырымды айтайын, кейбір ақынсымақтардың саяси тақырыптарға арнаған өлеңдерін тіпті оқығым да келмейді. Ешбір жылу жоқ-ау, жылу жоқ... Ұйқастырғанның бәрі өлең емес деген осыдан шығады. Мен Отан, ел туралы қалам тербесем, ол жазғаным – Қасым ақынның ең шынайы да шыншыл жүрек үні, ең мөлдір, ең таза сезім дірілі, ең қымбат сыры деп біліңдер. Мен әр өлеңімді жүрек қанымен жазамын!
Үшеуі қызу әңгіме үстінде Мекебай орналасқан тау беткейіндегі үйге қалай келіп қалғандарын да білмей қалды. Бөлме ортасындағы шағын үстелге ел дәмі түр-түрімен мол қойылса да, Қасым кәрлен кесеге шүпілдете құйған айранға алдымен қол созды. Сәл қышқылтым сусынның дәмін ала тамсанып ұзақ ішті.
– Талай жердің, талай елдің дәмін таттым ғой, бірақ дәл айранға жететін сусын ішпеген тәріздімін, – деп жіпсінген маңдайын сүртіп, орнынан тұрды.
Сендер, бәлкім: «Ештене көрмегендей Қасымның мұнысы несі?» деп іштеріңнен ойлап келе жатқан боларсыңдар, деді ақын бұлар сыртқа шыққан соң. – Жаңағы бір кесе айран мені сонау қыр астында қалған балалық шағыма қайта оралтқандай болды, көз алдыма атамекен туған жерімнің қоңыр белдері, Қызылдың етегіндей ну тоғай, көк қасқа бұлақтар тағы да жарқ етіп бір елестеп өтті. Сендерге – өтірік, маған – шын, жаңағы айранды ішкенде, таңдайыма өскен елімнің бүлдіргені мен жуасының, қарақаты мен жабайы сарымсағының дәмі үйіріле кеткендей болды, саумал ауасын, даламның хош иісін жұтқандай түшіркендім.
– Қасым-ай, ел мен жерді сағынған-ақ екенсің. Осы жолы Қарқаралыға соға кетсеңші. Мартбек екеуіміз бірге еріп, қасыңда жүрейік, – деді Мекебай.
– Иә, осы жолы реті келіп-ақ тұр, – деп Мартбек те қостап кетті.
– Дұрыс екен. Осы сапарда туған жерді армансыз бір аралайық. Жазбақ романыма қажетті тың ойлар да туып қалар, – деп шапшаң мінезді Қасым шұғыл шешім жасады.
Осыдан бір-екі ай өткенде Қасым мен Мекебай Қарағандыға келіп түсті. Бұл уақытта жадыраған жаз күні сарғыш күздің салқынына ауысқан еді. Ауа кәдімгідей суытып, аспанды боз мұнар торлай бастады. Қарағандыға келіп түскен күні бір туыстың үйіне қонған Қасым таңертең ауырып тұрды. Көптен соңына шам алып түскен ескі сырқаты бой ала бастады. Жедел шақыртумен жеткен дәрігер Қасымның Кентке бару ниетін мүлдем қоштамады. «Қазір Кент тауының іші суық, жиі-жиі жаңбыр жауып тұр, жер лайсаң. Мұндай ауа райында сіздің науқасыңыз тіпті өршіп кетуі мүмкін. Тіл алсаңыз, Алматыға қайтыңыз», деген дәрігер.
Бір-екі күн өткен соң төсектен бас көтеруге жараған Қасым Мекебайды Кентке баратын қасқа жолға шығарып салды. Қам көңіл ақын көз ұшында бұлдырап көрінген көгілдір тауларға ұзақ қарап, сол жақтан толқый ескен салқын самалға бетін төсей берді.
– Қош, Мекебай, қош бауырым, туған жеріме, өзім жете алмасам да жан-жүрегімнен туған әнім мен жырым жетсін, менің сағынышым да, махаббатым да, азаматтық парасатым да, бар шыным мен сырым да – сол әнім мен жырым да, олар барда мен де мәңгі тірімін! Менің мынау дүниеге қалдырар ізімді сол жыр жолдары келешек ұрпаққа әйгілеп жатар...
Ақын көкейіндегі осы армандай тілек, асыл сыр ауызбен айтылмаса да, оның ұшқын атқан жанарында лаулап тұрған еді...
Мақсым ОМАРБЕКҰЛЫ.
Қарағанды облысы.