• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2011

Өскелең қала Өскемен

704 рет
көрсетілді

Мұнда Елбасы тапсырмасындағы әлеуметтік мәселелер жедел шешімін табуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстары өкілдерінің қатысуымен өңіраралық инвес­тициялық форум өткізіп, бұл форумды республиканың дағдарыстан кейінгі даму бағдар­ламасын жүзеге асырудың басы деп атап, елімізде жаңа индустрияландыру ісінің қолға алынғанын мәлімдеген еді. Содан бері Өскемен қаласы ел өмірінде маңызы зор тарихи үлкен істің тұсауы кесілген қала атана бастады. Мұнан кейін Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Димитрий Медведев қатысқан Ресей мен Қазақ­стан­ның шекаралас өңірлерінің үлкен форумы да осы қалада болып өтті. Сөйтіп өске­лең қала Өскемен Астана мен Алматы секілді өңіраралық, халықаралық басқосулар өткізіп, келелі мәселелер талқылайтын көрікті орындардың біріне айналу үстінде. Бір есептен мұның да жөні бар. Жоғарыдағы жағдайлар, біріншіден, ел басшылы­ғының өңірлік даму мәселесіне қаншалықты мән беретіндігін, өңірлердегі тірек қала­лардың даму болашағына үлкен сенім артатындығын көрсетсе, екіншіден Өскемен қа­ласында «Казцинк» АҚ, Үлбі металлургия зауыты, Өскемен титан-магний комбинаты, Өскемен конденсатор зауыты, Шығыс Қазақстан мә­ши­не жасау зауыты, «Азия-Авто» жеңіл автокөліктер құ­рас­тыру зауыты секілді бірегей өнер­кәсіптік кәсіп­орын­дардың тұтас бір тізбегі шоғырланған. Осы­лар­дың негізінде Өскемен қаласы еліміздегі эко­но­миканы нәрлен­діруші қалалардың бірі болып табылады. Жоғарыдағыдай ел өміріндегі маңызды шаралардың өтуіне Алтайдың аясында, Үлбі мен Ертістің қосыл­ған сағасында қоныс тепкен жасыл желекті қаланың жыл­дан-жылға құлпырып, әлеуметтік бет-бейнесін айқын­дай түсуі де аз әсер етпеген секілді. Әрине, табиғаттың жомарт сыйының, тарихи-гео­гра­фиялық тұрғыдан қалыптас­қан өнеркәсіптік фак­тордың жөні бөлек десек те, Қазақстанның қуатты мем­лекетке айналуы нәтижесінде кез келген облыс ор­талықтарында жүзеге асыруға болатын шараларды тиянақтылықпен орындау ісінде де бұл қала ел на­за­рын аударарлықтай жақсы тәжірибе жинақтап үлгерді. Тө­менде солардың бірқатары туралы әңгіме қозғамақпыз. Көгалдандыруда көп мән бар Сонымен жуықта іссапармен Өскемен қала­сында болғанымызда біраз жақсы істердің куәсі болып қайттық. Туып-өскен жеріміз Алтай тау­ла­рының бір сілемі болып табылатын Сауыр-Сай­қан аясы, Зайсан көлдің жағасы болға­н­дық­тан біз бұл қалаға жиі келіп тұрамыз. Бірақ бұл жолғы сапар барысында қала көркінен бір әдемі өзгерістерді байқадық. Өзі де жасыл желекті болып табылатын қалаға бапты қолдың күті­міндегі тал-теректер, көше бойында өсіріліп, бой­лары бір тегіс болып қырқылған көк шал­ғындар барынша көрік бере түскен. Бәрінен де әдемі болып отырғызылған қызыл-ала гүлдерді айтсаңызшы... Қаладағы гүлзарлардың жалпы көлемі 60 мың шаршы метрді құрайды екен. Бұл былтырғы жылғыдан екі есе артық көлем. Оның үстіне әдемі дендробақ, этноауыл, жеті бірдей су бұрқағы пайда болыпты. Сол бұрқақтың бірінің биіктігі 70 метрге дейін жетіп, қалалықтар назарын еріксіз өзіне аударады екен. Сонан кейін бізге тағы бір ұнағаны қа­ла­ның тазалығы болды. Міне, осының барлы­ғы­нан ұсынықты қолдың реті сезіліп тұрды. Әрине, қала көркінің көптеген көріністерден құралатындығы белгілі. Соның ең бастысы – оның тұрғындары, яғни қаланың ажарын ең алдымен оның адамдары ашады. Олардың жүз­дері жарқын ба? Киім киістері қалай? Олар өз қаласын қаншалықты мақтан тұтады, тұрмыс­та­рына риза ма? «Қайырымды қаланың тұрғын­да­ры» трактатын жазған сонау Әл-Фараби за­манынан бері бұл сұрақтар қалалардың әлеу­мет­тік бет-бейнесін айқындауда әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен емес. Өйткені қала өр­ке­ниеті мен мәдениеті қашанда болсын адамдарға қызмет көрсетуге негізделіп құралады ғой. Біз міне, осы тұрғыдан алып қарағанда да Өскемен қаласы тұрғындарының бойынан мерекедегідей көтеріңкі көңіл-күйді байқа­дық. Олардың көп­­шілігі өз тіршіліктеріне риза секілді. Қысқасын айт­қанда, Алтай аясындағы өс­келең қала Өс­кемен бойында ел тәуелсіз­ді­гінің 20 жыл­ды­ғы қарса­ңын­да сілкініс пен серпілістің барлығы анық сезіліп тұрды. Шынын айтқанда, Өске­мен қаласында біраз жақсы істердің жүзеге асырылып жат­қандығын біз осыдан біраз бұрын естіген едік. Өткен жылы Қазақстан мен Ресей­дің шекаралық өңірлерінің форумы аясында Қазақстан мен Ресей президенттерінің кездесуінің нақ осы қа­лада өтуінің өзі бекерден-бекер емес секілді. Әлде қала бас­шы­лығы мен жұртшылығы сол кездесуден, оған жаса­лын­ған дайындық жұмы­с­та­ры­нан үлкен әсер алып, едә­уір тәжірибе жинақтады ма екен, жоқ әлде биылғы ел тәу­елсіздігінің 20 жылды­ғы­ның ықпалы ма, әйтеу­ір бізге сол тұстағы ас­қақтаған қала рухы әлі күнге дейін сақталынып келе жатқандай сезілді. «Біз көшедегі жөндеу, безендіру, қаланы абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары Өске­мен тарихында өзіндік із тастаған сол форум өткеннен кейін шектеліп қала ма деп ойлаған едік. Бірақ ол күмәніміз теріске шықты. Қала­мыз биыл да сол тұстағыдай жасарып, жайнап тұр. Осыған өте ризамыз», деді бізбен тілдескен көптеген қала тұрғындары. Иә, қалада айтуға, көпшілікке үлгі етуге тұрарлық шаруалар аз емес екен. Енді солар туралы баяндай кетейік. Жеті мың адам жер алған Өскемендіктер жүзінің жарқын болуы тек қала көркіне ғана байланысты емес екен. Мұны біз қалалық әкімдіктің қызметкерлерімен хабар­ласқанымызда білдік. Қаладағы абаттандыру жұмыстарымен қатар, Өскеменде осы уақытқа дейін қала халқын толғандырып келе жатқан көптеген әлеуметтік мәселелер жедел шешімін таба бастапты. Соның бастыларының бірі – үй салу үшін жер телімдерінің берілу мәселесі. Қалалық жер қатынастары бөлімінің мәлі­мет­тері бойынша мұнда 2008 жылдың 1 қаң­тарына дейін жеке үй салу үшін жер телімдерін алуға 9 мыңнан астам адам кезекте тұрған. Бір ғажабы, осы тізім ешбір өзгерместен ондаған жылдарға созылып келген екен. Жағдай 2009 жылдан бастап түбі­рінен өзгер­ген. Осы жылы Қазақстан Рес­публикасының Конс­­титуциясы күнін­де қаладағы Республика ала­­ңында бірден 4 мың өскемендікке жер телімдері беріліпті. Ал 2010 жылы 3 300 қала тұрғыны өзінің жер телімін алу жөнін­дегі құқығын жүзеге асырып, осы жағ­дайды куәландыратын мемлекеттік актіге ие болған. Олардың әр­қай­сысына 10 сотықтан жер телімі берілген. Сөйтіп, Өскемен қаласында тәуел­сіздік жылдарынан бері алғаш рет жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін тегін алудағы азаматтар құқығы жаппай жүзеге асырылып, халықтың көңілінде сартап болып сақталып келе жатқан үлкен уайымдарының бірі сейіліп сала берген. Осыған қанаттанған қала тұр­ғын­дары 2011 жылы жер телімін алуға өтініштер бере бастапты. Қазіргі күнге дейін түскен өтініштердің саны – 2600. Ал қала әкімдігі болса биылғы жылдың өзінде жеке тұрғын үй салу үшін қала қасынан 3 мың телімді әзірлеп, соған сәйкес тиісті жобалау, жоспарлау, инфрақұ­рылымдар қалыптастыру жұ­мыстарын жүргізіп жатыр екен. Сөйтіп, биылғы жылы Өскемен қаласында қала­лық­тар­дың жер алу кезегі толық жойылмақ. Бұл тәу­ел­сіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында қала бас­шылығының Елбасы саясатын жүзеге асыру­да­ғы қала халқына жасаған үлкен тартуы болмақ. – Мен қалада тұрғын үй салуға жер алу үшін ұзақ жылдардан бері кезекте тұрып келе жатқан азаматтардың бірі едім. Бастабында тізімде қозғалыс болып, біздің кезегіміз келіп қалған жоқ па екен деп қалалық әкімдікке, оның жер қатынастары бөліміне жиі барып хабарласып тұрушы едік. Бірақ, кезек мүлдем жылжымады да көңіліміз де суына бастады. Сөйтіп, бірте-бірте бұл жақсылықтан да күдер үзіп, қолы­мыз­ды бір сілтеп қойған едік. Жоқ, өмірде әділеттік бар екен. Біз оны қалаға әкім болып, Ислам Әбішев мырза келгеннен бастап айқын сезіндік. Көп жылдан бері жылжымаған тізім бірден қозғалысқа еніп, біз күткендегіден де шапшаң жылжып сала берді. Міне, сөйтіп мен де өзіме тиесілі құқықты жүзеге асырып, жер теліміне ие болып отырмын. Менімен бірге 37 ауған соғысының ардагері де жер алып отыр. Осы үшін мемлекетке үлкен ризашылығымызды білдіреміз, – деді бізбен әңгімесінде ауған соғысының ардагері Мамырхан Сәбиев. Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішевпен кездескен кезімізде осы жер теліміндерін беру тізімінің жедел жылжу себебін сұрадық. – Елімізде жеке тұрғын үй салу үшін 10 сотық жер телімін бір рет тегін алуға әрбір азаматтың құқы бар. Бұл еліміздің Жер кодексімен бекітілген құқық. Бәлкім Алматы, Астана, Шымкент секілді тым ірі қалаларда оны толық­тай жүзеге асыру қиынға түсер. Ал басқа облыс орталықтарының оған жағдайы бар деп есептеймін. Сондықтан әкім қызметіне кіріскен кезімде осы мәселеге зер салдым. Тізім көптен бері жылжымай тұр екен. Бірақ қаланың ішінен кейбір азаматтардың жер алып жатқандығы байқалды. Ал тексерткен кезімізде қаланың маңайында үй салуға лайықты жерлер жеткілікті болып шықты. Және жер болғанда қандай, көпшілігі – көк майсанның іші. Электр желілерін, басқа да инфрақұрылымдық құрылғыларды жеткізу көп қиындыққа түспейтіндігі байқалды. Сөйтіп, осы мәселені қолға алдық. Шындап келгенде, Қазақстан жерге бай мемлекеттердің бірі емес пе. Ендеше неге нақ осы мәселеде тартыншақтай береміз. Елбасымыз қолдан келгенінше халыққа жағдай жасаңдар, ел тәуел­сіздігінің нәтижесін азаматтарымыз көруі керек деп айтудан жалыққан емес. Сөйтіп, саяси ерік-жігер жеткілікті болған жағдайда бәрін де істеуге болатындығына өзіміз де көз жеткізіп отырмыз. Қазір халық осыған разы. Әрине, біз жер телімдерін берудің жөні осы екен деп қала маңайындағы телімдердің бар­лы­ғын жапа-тармағай үлестіріп жатқамыз жоқ. Ең алдымен тізімнің өзін сүзгіден өткізіп, қандай адамдардың жерге мұқтаж болып отырған­ды­ғын, қандай азаматтардың бұрын жер алған­дығын анықтадық. Бірқатар азаматтар басқа елдерге көшіп те кеткен екен. Ондай азаматтар тізімнен шығарылды. Сөйтіп, осындай жұмыс­тар­дан кейін жер телімдері беріле бастады. Ендігі міндет – біз заң талабы бойынша берілген жер телімдеріне тиісті тәртіпке сәйкес үй тұр­ғы­зы­луын қадағалайтын боламыз. Жер телімі аза­мат­тың жеке меншігіне жобаға сәйкес үй тұр­ғы­зылғаннан кейін барып беріледі. Ол үйлер са­лы­нып болғанша біз мұндай жерлерге тиісті ин­фрақұрылымдарды да жеткіземіз деп ойлаймын. Міне, осы жер телімдері заңға сәйкес жаппай беріле бастаған соң, біздің қаламызда жер мәселесіне қатысты жемқорлық, алыпсатарлық жойылды деп сеніммен айта аламын. Жоғары жаққа жөнелтілетін арыз-шағымдар да күрт азайып отыр. Себебі, барлығы да халықтың көз алдында ашық жағдайда жүргізілуде. Әрбір азамат өзінің жер телімін алу жөніндегі өтініші қалай жылжып жатқандығын, тізімде қандай қозғалыстар болып жатқандығын қадағалау мүм­кіндігіне ие. Қазіргі кезек толық жойыл­ған­нан кейін алдағы уақытта бізде жер телімі жөнінде айтарлықтай кезек болмайды деген ойдамын. Се­бебі нағыз мұқтаж адамдар оған ие болып үлгерді. Ал бұрын, яғни жер теліміне деген адам­дар сұранысы жоғары кезде көптеген азаматтар оны үй салу үшін емес, сатып, пайда табу үшін алып келген екен. Қазір енді оның жолы кесілді. Тұрғын үй кезегі жөнінде де осыны айтар едім. Әрине, біз оның кезегін толық жоя алға­мыз жоқ. Бірақ, тізімнің өзін жарыққа шыға­рып, оны сайтқа орналастырдық. Тізімде қан­дай адамдар­дың тұрғандығын, олардың кезегі қалай жыл­жып келе жатқандығын әрбір өске­мендік енді қалалық әкімдікке келмей-ақ сайт арқылы қадағалап отыру мүмкіндігіне ие. Сөйтіп бұл мәселе енді толықтай халықтың өз бақылауына ауды. Сондықтан бұл тізімге көлденеңнен келіп ешкім қосыла алмайды. Бұл жаңалық арыз-шағымдардың азаюына алып келді, – дейді әкім. Балабақшада кезек болмайды Қазіргі күні өскемендіктер Ислам Әбішевті бағымызға келген әкім болды деп жүр. Зерттеп қарасақ, осы сөз шындыққа қайшы емес. Әкім басқарып отырған құрылымдар халықтың әлеу­меттік проблемаларын шешуге белсене кіріскен. Қаладағы балабақшаға бала орналас­тыру секілді күрделі істің шешім табуы да соның әдемі бір көрінісіне айналыпты. Мұндағы мектепке дейінгі балалар мекемелері мен олардағы орындар саны соңғы уақыттары күрт арта түсуде. Мәселен, биылғы жылдың өзінде бұрын мемлекеттік ұйымдарға қызметтік мекен-жай ретінде беріліп кеткен 800 орындық 3 бала- бақша қайтадан қайтарылып алынды. Оның үстіне облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қаладағы жүйе құраушы «Казцинк» АҚ, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ секілді ірі кәсіп­орындармен жасасқан меморандумы негізінде 2 үлкен балабақша салыну үстінде. Мұның сыртында қаладағы жалпы білім беретін мектептер қасынан мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелейтін 1975 орындық 30 шағын орталық ашылған. Сонымен қоса «Лада», «Арина», «Азамат» секілді жеке меншік балабақшасына мемлекеттік тапсырыс бой­ынша мыңға тарта бала орналастырылыпты. Сөйтіп Өскемен қала­сында қазіргі күні мектеп жасына дейінгі 15082 бала болса, олардың 14011-і балабақшасындағы орындар­мен қамтылып, бұл істің орындалу көрсет­кіші 93 пайызға дейін жеткен. Шама­сы, бұл республика қалалары бой­ынша алғанда ең жоғарғы көрсет­кіштердің бірі болар. Елбасының биылғы жылы халыққа арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында еліміздегі мектеп жасына дейінгі тәрбиемен, оқу­мен қамтылған балалардың үлесі 2015 жылға таман 74 пайызды, ал 2020 жы­лы 100 пайызды құрауы қажеттігі айтылған бо­латын. Көріп отырғанымыздай, Өскемен қала­сында Мемлекет басшысының бұл тапсыр­масы өз мерзімінен көп бұрын жүзеге асуда. Қала басшылығы мұндай жоғарғы нәтижеге қалайша қол жеткізіп отыр? – Қалада қалыптасып отырған осы про­б­ле­маны жүйелі түрде зерттеген кезімізде мына жағдайдың беті ашылды. Қалада бұрынырақта балабақшасы көбірек салынған екен. Бірақ, өкінішке орай, олардың басым көпшілігі, тіпті түгелге жуығы мемлекеттік мекемелер мен жеке меншікке беріліп кетіпті. Біз қазіргі күні оларды қайта қайтарып алу ісімен белсене шұғылданып жатырмыз. Мұның тәртібі мен ретін де анықтап қойдық. Мәселен, осыған бай­ла­нысты жасалынған кесте бойынша 2011 жыл­дың өзінде 3 балабақшасы қайтарып алына­тын болса, 2012 жылы 4 балабақшасы, 2013 жылы 3 балабақшасы, 2014 жылы 2 балабақшасы, 2015 жылы 2 балабақшасы қай­тарып алынады. Мұның сыртында бізге жуықта қабылданған «Мемлекеттік-жеке меншік әріп­тес­тік туралы» заңның да көп көмегі тиіп отыр. Біз осы бойынша жеке меншік балабақша­ларымен әріп­тестік қарым-қатынас орнатып, оларға мемлекеттік тапсырыстар бере бастадық. Қала аудандары бойынша жүргізген зерттеу-талдау жұмыстарының нәтижесі бізге қандай жерге балабақшаларын салуға болатын­ды­ғын анықтап берді. Сондықтан қаржыны үнем­деу мақсатында жаңа балабақшалар тек қаже­тіне байланысты, оған аса мұқтаж болып отыр­ған шағын аудандардан ғана тұрғызылатын болады. Мәселен, қазіргі күні қаланың Әуежай шағын ауданында 300-ден астам бала, Өнер­кә­сіптік база шағын ауданында 200-ден астам бала және Арматура зауыты шағын ауданында 200-ден астам бала өздеріне жақын жерден балабақ­шасына орналасуға мұқтаж болып отыр. Оның үстіне, біз қаладағы демогра­фия­лық ахуалға зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ал­дағы уақытқа қажет болжамды көрсет­кіш­тер­ді әзірлеп те қойдық. Бұлардың жаңа балабақ­шаларын қай жерден салу қажеттігін анық­тау үшін елеулі маңызы бар. Ал басқа жағ­дай­лар­да мектеп жасына дейінгі балалардың тәр­бие­сі мен оқуын жоғарыдағыдай әдіс-тәсіл­дер­ге сү­йе­ніп шешеміз, – деді әкім бізбен әңгімесінде. Мемлекет-жеке меншік әр­іптестігі елімізде соңғы жыл­дардан бері қолға алы­нып келе жат­қан тың тә­сілдердің бірі. Қазіргі күні бұл тәсіл көбінесе эконо­ми­калық субъектілерге қатыс­ты қолданылуда. Ал әлеу­меттік ынтымақтастық жұ­мыста­рын­да әлі жұмырт­қа­дан шық­паған балапандай дұрыс бой көрсете алмай келеді. Сон­ды­қ­тан бізге Өс­ке­мен қаласы әкімдігінің бала­бақ­шасына қа­­тысты осы әдісті жүзеге асы­ра бас­та­уы өте қызықты көрінді де осындай бас­та­ма­лардың бірімен та­нысқанды жөн көрдік. Сөй­тіп, қаладағы Қа­бан­бай батыр көшесінде орна­лас­қан «Лада» ба­ла­бақшасы» ЖШС-не келдік. Бұл – төрт қабаттан тұратын іші кең де жарық, нағыз балабақшасына лайықты әде­мі ғимарат екен. Мұнда қазір 532 бала тәр­бие­ленуде. Ал оларға 150 адам қызмет көрсетеді. – Бұл ғимарат жеке меншікте. Бұрын ғы­лы­ми-зерттеу институты ретінде жұмыс істеп келген болатын. 2010 жылдың қазан айынан бастап балабақшасы ретінде ашылдық. Ашылған кезімізде жеке меншіктегі балабақшасының қыз­мет­ақысы көтеріңкі болатындықтан осы ма­ңайда орналасқан ата-ана­лар­дың барлығы бірдей бізге балаларын тапсыра алған жоқ. Міне, осы кезде біз қа­ла әкімдігінің ұсынысы бой­ын­ша мемлекетпен әріптес­тік­ке түсудің өзіміз үшін де пайдалы болатындығын бай­қа­дық. Себебі, бізге осы үл­кен ғимараттағы әрбір шар­шы метрді тиімді пайдалану қажет еді. Бірақ қыз­меті­міз­дің қымбаттығы оған мүм­кін­дік бермеді. Осыған бай­ла­нысты қала әкімдігінің ұсыны­сымен келісіп, қызмет бағасын төмендеттік. Есесіне қала әкімдігі бізге балалар санын толықтыру үшін мемлекеттік тапсырыстар бере бастады. Сөйтіп, менің ойымша, бұл әріптестік қала әкімдігі үшін де, біз үшін де пайдалы болып шықты. Ең бастысы, осыдан ата-аналар ұтты. Қазір бізде әр баланың бір айлық тәр­биелену ақысы бар­лық шығындарымен қос­қан­да 11 мың теңгені құрайды. Бұл, әрине мемлекеттік балабақ­ша­ларына қарағанда сәл қым­бат­тау болуы мүмкін. Бірақ, ата-ана үшін пайдалы баға. Сондықтан қазір бізде орын толық, – дейді ЖШС дирек­торы Владимир Бельков. Сөйтіп, Өскемен қаласында мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді балабақшасымен қамту ісі биылғы жылдың өзінде толық жүзеге аспақ. Еліміз бойынша бұл міндет 2020 жылы жүзеге аса­тын болса, оған өскемендіктер мерзімінен 9 жыл оза шауып, биылғы жылдың өзінде қол жеткізбек. «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясында» қалалар мен өңірлерде әлеуметтiк инфрақұрылым желi­лерін дамытумен қатар оларды тиімді пайдалану мәселесіне де баса назар аударылған бола­тын. Осы бойынша жергілікті билікке егер әлеу­меттік нысандарда бос орындар болған жағ­дай­да ол бос орындарды сәйкестігіне, ретіне бай­ла­нысты қай­та бейімдеу, яғни жаңа істерге бейімдеу, ал жетпей жатқан жағдайда жоғары жүк­темемен жұ­мыс iстейтiндерін (көп ауысымдағы мектептер және басқалар) кеңейту, қайта жаң­ғырту, со­ны­мен қатар басқа мақсаттарға қызмет етіп тұрған ғимараттар мен құрылыстарды са­тып алу ар­қы­лы әлеуметтiк инфрақұрылым етiп қайта бейiндеу, міне, осы шаралар жеткiлiксiз болған жағ­дайда ғана жаңадан салу ұсынылған еді. Әлеуметтік саладағы, соның ішінде жеткіншектерді мек­­теп жасына дейінгі мекемелермен қам­ту ісіндегі жүргізіп отырған саясаты мен жұ­мы­сы­на қа­рап Өскемен қаласының әкімдігі осы та­лап­ты мейлінше дұрыс орындау үстінде деп есептейміз. Сонымен қатар аталған стратегияда жергілікті билік органдарына әлеуметтік инфра­құ­ры­лымдарды үйлестiре дамытудың тиiмдi схема­сын жасау, оны салуға және пайдалануға ар­нал­ған шығындарды оңтайландыру, ұсынылатын қызмет көрсетулердiң сапасын арттыру міндеті жүктелген болатын. Онда «Қамтамасыз ететiн инфрақұрылымды дамытуды мемлекеттiк рет­теу­дi одан әрi жетілдiрудiң басым бағыттары мына­лар болып табылады: ұлттық та, жергiлiктi де деңгейде инфрақұрылымның алуан түрлерiн кешендi және өзара байланыстыра дамыту тетiктерiн енгiзу; жолдар, мектептер, ауруханалар, жарық беру, сумен жабдықтау, қоғамдық ғимараттар және басқа да осы секілді қоғамдық инфрақұрылым нысандарын қаржыландыру үшiн әлемде кеңiнен қолданылатын мемлекет­тiк-жеке меншiк әріптестiк тетiктерi арқылы инфрақұрылым нысандарын салу мен пайда­ла­нуға жеке меншiк капиталды тарту қажет» деп атап көрсетілген. Демек, бұл істе де Өскемен қаласы әкімдігінің қолға алған бастамасы мен жинақтаған тәжірибесі, жүргізіп жатқан жұмы­сы әлеуметтік саланы дамытудағы мемлекеттік саясат және оның басымдық берілген бағы­ты­мен әбден үндес, сабақтас деп есептейміз. Сұңғат ӘЛІПБАЙ. Қала әкімі Ислам ӘБІШЕВ. Гүлзармен көмкерілген мешіт. Қала іргесіндегі су айдыны. Өскемен бейнесі осындай. Үлбі көпіріндегі су бұрқағы.