• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
20 Шілде, 2011

Моцарт – Мұқағали

1972 рет
көрсетілді

(Ақын рухымен сырласу) Осылай боларына титтей де күмән­данбай өтіп еді өмірден сардар ақын. Жазылып жатыр... Мұқағалимен біздер тағ­дырлас едік. Ұлы Отан соғысы екеу­міз­дің де әкемізді жалмап, аналары­мызды жесір, өзімізді жетім еткен. Мұ­қа, сіз ол кезде он жаста екенсіз. Ал мен әкемнен алты айлығымда қалыппын. Соғысқа кеткен әкеңізді сағынып, бала жүрегіңізбен үлкен арман-үмітті серік етіп, алғашқы өлеңдеріңізді әкеңізге арнаған екенсіз. Сол қаршадай жасы­ңыз­да үш қалың дәп­терге жүк болған жауқазын туындыла­ры­­ңызды сырттан келген бір қу алып кетіпті. Бұл хабарды естігенде Нағиман ана­ңыз егіліп жы­лаған екен.Сонда сіз жұ­бату сөз айтып: «Нақа, жылама, әлі өлең­нің көкесін жазатын боламын!» депсіз. Әр пенденің басында өз тағдыр-та­­лайы бар ғой... Мен де: «Әке мейірімін көрмедім-ау, әкем қолымнан жетектеген жоқ, аша­­­майға отырғызған жоқ, мектепке ап­ар­ған жоқ... Тым болмаса, ес білгенде көз жаз­бағаным-ай», деп ар­­­ман­да­у­­­­шы едім... Мұқағали жырлары әкесін көрмеген, әке мейіріміне қанбаған көп жетімнің басынан сипады, тоқтау айтып, келер күннен жақсы­лық күтуді үйретті. Ақын: Рас, қайғы-қасіреті бар қаптаған, Ғұмырлар бар батқан және батпаған. Әкелгенмен әр адамға бір қайғы, Сол жылдарға қарғыс айту жат маған... Аңыздардан тере жүріп масақты, Рас, рас, көзімізден жас ақты. Бірақ со бір дауыл жылдар, от жылдар, Бәрімізден бір-бір батыр жасапты, – дейді. Табиғатта Күн менен Айдың жалғыз бо­ла­­тыны сияқты, адам баласы үшін де ата мен ана жалғыз. Сондықтан да болар, адам бала­сы ата-анасын көз жұмғанша аңсап, сарылып сағынары шындық. Өлмес өнердің құдіреті санадағы сартапты сағынышты қайта жаң­ғыртып, тағдыры қилы-қилы ата-ана рухына тағы да бас игізеді екен. Мұқағалидың мына шумағы осының куәсі. ... Жалынған ғазиз Анам, сұрап қалған, Жоғалды сол бетімен бірақ та арман. Сенбеймін әкең өлді дегенге мен, Себебі, ол үйімізден тірі аттанған. Біз кейде балалықпен ойнап кеткенде, жігіттікпен желік қуып жүргенде үйде оңаша қалған анамыз қабырғадағы көне суретке телміре қарап, көзінен сырғып аққан жасты сүртіп отырғанын талай көргенбіз. Жүгіріп келе жатқанда маңдайың суық мұңтасқа тиіп, анамыздың алдында кінәлі адамдай күй кешетінбіз. Иә, анамызды жұбатарға сөз таппайтын едік. Ол жұбату сөзді де біз үшін Мұқағали ақын айтқан еді. Шеше, Сен бақыттысың! Жыламағын, Жай түсіп жатқанда да құламадың. Тәңіріңнен мен едім сұрағаның, Сондықтан жыламағын, жыламағын!   Бармын ғой, Тірімін ғой, Қасыңдамын. Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын! Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын, Байырғы берекеңді қашырмағын!   Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа, Өзім кепіл тот басып тозбасыма. Екі жыр жазсам саған бірін арнап, «Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына.   (Тәңірі кеше гөрсін кесірімді) Аспанға жазам сенің есіміңді!!! Шеше, Сен бақыттысың, тербете бер, Құба талдан иілген бесігіңді! Бұл өлең – жалғыз Мұқағалидың емес, жетім қалған әр боздақтың жүрек сөзі. Мен дәл қазір де осы өлеңді, толқып отырып оқимын. Себебі, бұл өлеңде анамның рухы жатқанын сезінемін. Сол үшін де, сізге Мұқа, мың алғыс айтамын! Адам баласына ата-анасынан кейінгі киелі дүние – туған жері. Тәңіртаудың етегіндегі ауылдан халық бағына ірі-ірі тұлғалар келді. Олардың бірі – Райымбек батыр болса, екіншісі – Мұқағали. Екеуі де рух құді­ре­тіне ие болған тұлғалар. Табиғатына тар­тып туған перзенттер биіктікті де, жалынды да таудан, мейірімділікті кіндік қаны тамған топыр­ақ­тан алғандай. Жалынның тауда болатыны рас. Мысалы, біздің Алатау, Алтай деп жүр­геніміз қызыл, отты таулар екен. Көне түркі тілінде «ал» деген сөз «қызыл от» дегенді білдіреді. Тау қуатының күшті болатынына тағы бір себеп, орманның болуы. Орман – оттегінің көзі, орман – сүзгі, орман – қорған. Ал, екінші бір себебі, тау бауырындағы қазба байлық, түсті металдардың (алтын, күміс, т.б.) көп болуы. Олар да қуат көздері. Райымбек рухы, арғы бабасы болған­дық­тан да болар, Мұқағали жырларынан айқын сезіледі. Бабасы аманаттаған туған жерге деген перзенттік парыз, елге деген, халқына деген сүйіспеншілік. «Жауыздық­тың, жаман­дық­тың бәрін өзімен бірге көрге ала кеткісі келіп, жер үстіне тек жақсылық ғана қалсын» деген жомарт жанының тілегі, бәрі-бәрі – рух құдіреті. Ақын жыр­лады, ақын жүрек сөзін айтты. Сонымен жер үстінде ұлы ақынның жақсы сөзі, жылы көңілі қалды. Мұқағалидың Қарасаз, Елшен­бүй­рек, Шалкөдесі жырдың жайлауына ай­нал­ды. Кез келген жан ол жыр­лар­ды оқып отырып, қазақ болға­ны­на, оның осындай ұлан-байтақ жері болғанына мақтанады. Мен де Хан­тәңірінің түлегімін. Менің туған же­рімнің тау мен тасы Мұқағали шабытымен өлең болып өріліп, құдіретті жыр арқылы әр қазақтың аузында жүруі, жыр ғана емес, ән болып тербелуі, шындығында – үлкен бақыт. Мұқағалиды ардақ тұтатындар ақынның өлең-жырларын оқи отырып, онымен сыр­ла­са­ды, әр ұрпақ жырларынан өзін, өзінің мұ­ңын, сырын, жанының жаңғырығын, дер­ті­нің дауасын табады. Табады да, ажырамас досқа айналады. Тіпті, өзі көріп жүрген та­ныс жандармен кездескендей болады. Ақын­ның «Қайран жеңгем» атты өлеңіндегі кейіпкерлер бәрімізге де етене таныс. Су сұраса сүт берген, айран берген, Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем! Қарғаның валетіндей едірейіп, Қасыңа мына біреу қайдан келген?   Апырай, суық еді сұрқы неден? Адамға қарайды ғой сыртыменен. Жол көрсеткіш сақшының таяғындай, Қимылыңды бағып тұр мұртыменен.   ... Күлкің қайда, күмістей сыңғырлаған? Жүзің неге ымырттай тұнжыраған? Бұғалыққа тұрмайтын асау едің, Сені әкеліп теліген кім мынаған?.. Бұл – тарих қой. Өткен күннің – дәл біз куә болған, көзіміз шалған тарих. Күйеуінен жап-жас қалған аналарымыздың қилы заман тарихы. Ал ақынның балалық қызғанышын бәріміз де кешкенбіз. Қазақ ұғымындағы жеңге бейнесі – үл­кен тақырып. Ақын «Дариға-жүректе» сол үл­кен та­қырыптың немесе қазақ ұлтына ғана тән энциклопедиялық еңбектің кіріспесін жазып қалдырып отыр. Поэманың бірінші бөлімі «Ақ­қудай еді» деп аталады. Жең­гесін аққуға те­ңейді. «Болған-ды менде бір жеңге, Жы­лай­тын еді бір демде, Күлетін еді бір демде; Кү­летін еді күллі әлем, Дариға жеңгем күл­ген­де; Жас тамып жасыл бүр­лер­ден, Қарағай, терек, бүргеннен: Жылайтын еді гүлдер де, Да­риға жылап жүргенде...» Ақын әйел тағдырын, әйел әлемін қалай те­рең түсінген, қалай дөп басқан? Бұл, шын­ды­ғына келгенде, классиктерге ғана тән болса керек. Осы туынды әлем­дік дең­гейдегі шы­ғармалармен қатар тұруға лайық десек, қателеспейміз. Ең соңғы аккор­ды, сим­фо­ния­ның шарықтау үніндей әсер қалдырады. ...Жарық дүние-ай, жаным-ай менің! Ғажапсың! Ғажапсың, шіркін! Амал не, тезсің, аз-ақсың... Құзар жартастан орамал көрдім бұлғаған. – Қош бол, тентек!.. (Әзілдеп, сірә, тұр маған) Көк көйлек көрдім, қалықтап құздан зулаған, – Қош бол! – деп, Тентек... шуылдап үні тынбаған. Неғылған сұмдық! Дариға ма, әлде аруақ па?! Өте алмай қалдым, жете алмай қалдым ар жаққа, Дариға-жүрек... Ұшты да кетті аулаққа...   Муза деп атап, ақындар ғибрат қылатын, Сол екен – менің періште жырым, мұратым! Дүниенің мынау, қабағын бағып тұратын, Дариға-жүрек, өмірге берді бір ақын...   «Бірақ со бір дауыл жылдар, от жылдар, Бәрімізден бір-бір батыр жасапты» деген Мұ­қағалиды сол бір тағдырлар нағыз ұлы ақын жасады. Мұқағали Мақатаевтың басқа қазақ ақын­дарынан ерекшелігі ол қазақ тілінің ғана уызына қанып қоймай, орыс, француз тілдерін де жақ­сы білетін еді. Оның аудармалары өз туын­ды­ларындай қазақ­қа етене жақын болды. Ол аударған Шекспирдің сонеттері, Уолт Уит­меннің өлеңдері, Дантенің «Құді­ретті комедия­с­ы» («Тамұқ» бөлімі) көркемдік қуатын жоғалтпай қазақ оқырмандарымен та­быс­ты. Ал «Моцарт жаназасы» (реквием) – ақынды әлемдік кеңістікке көте­ріп, әлем­дік өлшеммен жазылған клас­сикалық шығарма желісін психология­лық азапты муза мен музыка құдіретіне сыйғызып, өре білген ақын бар талан­тын сарқа жұм­­­саған. Жарық дүниемен қоштасып, өз жа­на­засын өзі шығарады. Поэманы оқи бас­тағаннан-ақ үрей, қор­қыныш бойыңыз­д­ы билеп ала­­­ды. Бір сұмдық болмай қой­май­ды-ау дейсіз. Моцартқа қара киіммен келген елес жан­­ның «Жаназа күйін жазшы» деп бұйрық беруі, одан кейін зым-зия жоқ болуы – Моцарт-Мұқағалиға Жара­ту­­шы­дан жеткен дауыс сияқты. Поэма бес бө­лім­­нен тұрады. «Бес» деген қазақ ұғы­мын­­­­да өмірге қатысты сан. Бес күн­дік өм­ір... «Табыт үні...» табыт­тағы рух даусы. Өмір дегенге, Тірлікте, сірә, жетер ме ой. Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой. Бекер ғой бәрі, Бекер ғой бәрі – бөтен ғой, Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой!   Тамшыдай ғана, нұрыңа, міне, зарықтым, Өмір осы екен, сырыңа, міне, қанықтым. Жаса сен Мәңгі! Жаса сен Мәңгі! жарық Күн! ... Табытпын, табытпын, табытпын... Ал «Халық үні» жоқтау жыры. Әрине, суық қайғы, суық қайғы, Көңілін халқың бірақ суытпайды. Егер де халық өзін ұмытпаса, Бақұл бол, халық сені ұмытпайды.   Қайырымсыз қазаға елің бас ұрмайды, Саған деген сағыныш басылмайды. Табытыңды жасырса, жер жасырар, Ал, уақыт, өзіңді жасырмайды! Ал енді осыдан кейін Мұқа­ға­лиды көріп­кел деп айтпасқа бола ма?Ақынның мерей­жасы ғана емес, туған күні жыл сайын тойла­нады. Мұқағалидың өлеңіне жазылған әндер радио-теледидардан айтылмай қалған күн бол­­маған шығар. Қазақтың бірегей азаматы, қазақ өнерінің жанашыры Алматы облысы­ның бұ­­рынғы әкімі Серік Үмбетов «Мұқа­ға­литану баста­уы» атты үш кітаптың жарық кө­руіне өз үле­сін қосты. Ақынның 80 жылдық мерей­то­йы­на дайындықты бір жыл бұрын бастап, жоспар-жобасын жасап, игі шаралар­дың басы ретінде «Жырлайды жүрек» деген Мұқа­ға­лидың өлең­деріне жазылған ән байқауын респуб­ли­калық көлемде өткізді. Ақынға әкім құрметі осындай болғанда өнер өлмек емес. «Жесірлер үні» мен «Жетімдер үні» – біз көрген тарих, біздің тағдырластарымыз естіген азалы зар еді. Ал, поэманың бесінші бөлімі «Бесік жыры» деп аталады. Жер Ананың бесік жыры... Мәңгілік сені тербеуге, Мәңгілік бесік сақтағам... ... Әлди, Әлди, Ақ пенде, Тыныштық тауып, жат менде. Өмірді қандай сыйласаң Өлімді сондай жат көрме! Тіршіліктің философиясына ақын осылай баға береді. Мұқағали бір естелігінде: «Мен туралы біл­гің келсе, менің өлеңдерімді тастамай оқың­­дар» деген екен. Ақын жырлары бар­лық тақырыпты қамтыды дейміз. Бірақ ол бір ғана тақырып қой. Ол – өмір. Өлеңдері де, поэ­ма­лары да, драмасы да – өмір. Биыл Мұқағали Мақатаевтың туған күнін Астана қаласында жаңа ашылған халықаралық дең­гейдегі Назарбаев университеті бастады. Мұ­қағали жы­рын қазақтың, орыстың, ко­рей­дің ұл-қызы жатқа оқыды. «Аққулар ұй­ықтағанда» поэма­сы­нан сахналық қойылым көрсетілді. Сонда ана рөлін ойнаған қыз баланың өнеріне тамсан­баған жан қалмады. Сонда «Осы кеш, осы рух өмірге жаны ізгі, Отанын жанымен сүйетін елжанды азамат­тарды берді-ау!» деп ой түйдік. Кешті ұйымдастырған сол университетте қазақ тілінен сабақ беретін ұстаз Гүл­тас Құрманбай екен. 2002 жылы Қазақстан-Британ университеті жаңадан ашылғанда да сол кездегі Білім және ғылым министрі Шәм­ша Беркімбаева: «Алматыда жаңа бой көтер­ген ақын Мұқағали Мақатаевтың ескерткіші­нің жа­нын­да ақынның туған күнінде мү­шәйра ұйым­дастыруды ойластырсаңыздар» деген ғибратты ұсыныс айтты. Мен сол уни­вер­ситеттің басшысы ретінде Гүлтасқа тап­сыр­ма бергенімде, ол шын ниеттен қуанды. ҚБТУ-дың бірінші курс студенттерімен «Махаббат ғұмыр» атты әдеби-ком­позиция­лық қойы­лым әзірледі. Оған Ш.Беркімбаева, қа­зақ­тың ақын қызы Фариза Оң­ғар­сынова, Жазушылар одағының бас­шысы Нұрлан Оразалин және басқа Алма­тыдағы жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты. Ақпан­ның қақаған суығына қара­мастан студенттер де, келген қарапайым халық та ақын өлеңдерін, өздерінің арнау өлеңдерін таласа оқыды. Міне, сол игі шара Шәмша Көп­байқызының мұрындық болып, ұйымдас­ты­руымен жыл сайын жалғасып келеді. Ақынның: «Туады, туады әлі нағыз ақын» деп өзі айтқандай Тәуелсіз Қазақ елінің на­ғыз ақындары Мұқағалидың отты жыр­ла­ры­нан тұ­танып, өмір-сапарға аттана беретіні шүбәсіз. Жыр жампозының күнделігінде мына бір сөз­дерді қалам ұстағандар ғана емес, Тәуелсіз елдің түгел азаматтары оқып, жадында ұста­са, қане. Ақын бірде: «Әлемдік бейбітшілік керек маған, Үнімен Отанымның үндесетін» десе, одан кейін: «Ей, қалам ұстаған қаламдас бауыр, қарындастарым, халықты ұмытпаң­дар! Халық­сыз күндерің қараң, оны сүйемін деп байбалам салмаңдар, оған тек ғашық бола біліңдер», депті. Бұл ұлт ақынының сөзі. Ұлт ұрпағы осыған адамдық танытса, қазақ жұртының қарымы арта береді. Әділ АХМЕТ, Астана.