• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
20 Шілде, 2011

Шеберлік шыңдаған дүбірлі дода

352 рет
көрсетілді

Атырауда мемлекеттік қызметшілердің республикалық спартакиадасы өтті Атырауда бұған дейін рес­пуб­ликалық деңгейде мемле­кет­­тік қызметшілердің мұндай спорт­тық сайысы өткен емес-ті. Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев­тың биылғы Жолдауында атап көр­сетілген «Саламатты Қазақ­стан» бағдарламасы аясында ел Тәуел­сіздігінің 20 жылдық мерекесіне арналған бірінші ре­с­пуб­ликалық спартакиадаға бар­лық облыстар­дың, Астана мен Ал­маты қала­лары­ның команда­лары қатысты. Бір мыңға жуық мемлекеттік қыз­­метшілер спорт­тың 6 түрі­нен, яғни, 4 күн бойы волейбол, баскетбол, кіші аяқ доп, үстел теннисі, бильярд және тоғызқұма­лақ­тан бақ сынасты. Мемлекеттік қызметшілердің республикалық бірінші спарт­а­киа­дасы облыс орталы­ғын­дағы Исатай-Махамбет атындағы алаң­да жалауын көтерді. Салта­натты шара­ға жиналғандар еліміз бо­йын­­ша қол­ға алынып жатқан спорт­тық шараға қызу қолдау көр­сетті. «Біз­дің мақ­сатымыз – мемлекеттік қыз­метші­лерді ұйыт­қы қыла отырып жалпы халық­тың спортқа, сол ар­қылы саламат­ты өмір салтына үн­деу. Сол арқы­лы бәсекеге қабілет­ті дені сау ұрпақ тәрбиелеуді насихаттау», – деді спартакиаданы ұйымдас­тыруға атсалысқан Туризм және спорт министрлігі Спорт комитеті төраға­сының орын­басары Мәлік Сапашев. Өткен аптада үш күндік спорт­тық сайыстар Атыраудағы 2 стадион мен 4 спорт кешенін дүріл­детіп тұрды. Бұл нысан­дар­да мемлекеттік қызметшілер шеберлігін шыңдай­тын ширақ­тық танытты. Әр өңірден жеңім­паз атанбаққа ұмтылған сергек көңілді спорт­шы­лар өте жақсы дайындықпен ке­ліпті. Мұны тө­ре­ші­лер мен спорт мамандары арнайы атады. Мәселен, аты­рау­лық мемлекеттік қызметшілер кіші аяқ доп сайы­сында барлық команданы шаң қап­тырды. Ал­ма­тылық жігіттер бас­кетбол са­йы­­сында өзгелерден оқ бойы озық тұрып, бірінші орын­ды иеленді. Нақ осы сайыста маңғыс­таулық қыздардың бағы жан­ды. Волейболдан тартыс­ты өт­кен жарыста тағы да Атырау­дың жігіттер ко­мандасына тең келер қар­сылас табылған жоқ. Қыз­дар ара­сында шы­ғысқазақ­стан­дық қыз­дар во­лейбол­дың шебері екендігін бай­қатты. То­ғыз­құма­лақ­та Қараған­ды об­лысы­нан келген жігіттердің абы­ройы асқақта­ды. Осы сайыста аты­рау­лық арулар бірінші жүлдені еншіледі. Жалпы алматылық команда­ның еншісінде жеңісті жақындата түс­кен ұпай­лар үстел теннисі мен бильярд ойындарында үстемелене түсті. Бұл команда спорттың осы түрлерінен жеңіс­тің биік тұғыры­на көтерілді. Әрине, бірінші жүл­де ал­ма­ды дегеніміз болмаса, өзге өңір­лердің спорт­шылары да жақ­сы нәти­желер көрсет­ті. Мұны, әсі­ресе, Қарағанды, Шы­ғыс Қа­зақ­стан, Маң­ғыстау өңірлері­нің команда­ла­рына байланысты ай­тып отырмыз. Өйткені, осы об­лыс­тардың еншісінде бір алтын медальдан бар. Ал Атырау және Ал­маты облыстары үш алтын ме­дальды иеленді. Бұған қоса аты­раулық коман­даның қор­жынына 6 күміс медаль түсті. Сол себептен Атырау облы­сы­ның ко­ман­дасы жалпыкомандалық есеп­тің қоры­ты­ндысымен бірінші орынға ла­йық деп табылды. Күмісі бол­­ма­ғанмен, 3 алтынға қоса 3 қола­сы бар Алматы облысы екінші жүл­­дені місе тұтты. Шығыс Қа­зақстан об­лысының команд­асы­на үшінші орын бұйырды. Спартакиадаға қатысушылар мұн­дай сайыстың жыл сайын өткенін қалайды. Мәселен, екі­бас­тұздық Руслан Қонысбайдың пікірінше, мемлекеттік қызмет­ші­лердің сала­матты өмірді ұс­тан­ғаны жөн. «Бү­гін біз еліміз­дің әр түкпірінен бір алаңға жи­налып, бір бірімізбен та­ныстық. Түрлі спорт сайыс­тарын­да шеберлігімізді таныту­дамыз. Біз кейінгі ұрпаққа осылай үлгі көр­сетеміз. Мұндай сайыстар ха­лық­аралық деңгейде өт­кізілсе, өз­ге елдердегі әріптес­тері­мізбен тек кәсіби тұрғыда ғана емес, спорт­тық жарыстарда да бәсеке­ле­се алар едік. Өйткені, қазақ­стан­дық мемлекеттік қызметші­лер тек мем­лекеттік қызметті ат­қарып қана қой­май, спорт ойындарын да жақсы ойнай алады», –  деді ол. – Сайыстар өте жоғары дең­гейде өтті. Біздің команда мүше­лері Атырауға алғаш рет келгендіктен, қаламен танысуға да уақыт табылды. Өзім де кіші аяқ доп ко­мандасында алаңға шық­тым. Төре­ші­лер әділ төрелік етті, – деді Ал­ма­ты облысы әкімі орынба­сары­ның көмекшісі Саят Сахмулдин. Мұндай пікірді маң­ғыстау­лық, қа­ра­ғандылық, жам­бы­лдық мемлекеттік қызметшілер де білдірді. Жүлделі орындарға ие болған облыстар командаларына арнайы ку­бок пен спартакиада медаль­да­рын Атырау облысы әкімінің аппарат жетекшісі Асқар Керімов та­быс­тады. Ту­ризм және спорт ми­нистр­лігі Спорт комитеті төр­ағасының орын­басары Мәлік Са­пашевтың пікірінше, мемлекеттік қызметшілер ара­сын­дағы респуб­ли­калық спартакиада енді жыл сайын өтетін болады. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы. Суретте: спартакиада сайыс­тары шеберлік шыңдады. Суретті түсірген Темірлан СҰЛТАНҒАЗИЕВ.