Астанадағы локомотив құрастыру зауытында ҮИИДМБ аясында темір жол саласындағы «Evolution» отандық тепловозының бесінші буынына Елтаңба жапсырудың салтанатты рәсімі мен темір жол саласындағы жобалардың жүзеге асырылуы барысында «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ президенті Марат Тілеубаев БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Аталмыш шара еліміз Үкіметі бекіткен 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы ақпараттық жоспарының бір бөлшегі болып табылады.
Зауыт цехында отандық локомотивтердің қаусырма қаңқалары құрастырылып, оған кабинасы, тепловоз корпусы орнатылады. «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ фирмалық логотипін жазу және Қазақстанның Елтаңбасын бекіту темір жолдың жылжымалы құрамын дайындаудағы күрделі жұмыстардың қортындысы болып саналады. Бүгінде Evolution сериясындағы зауыттың 42-ші өнімі қазақстандық логотиппен және Елтаңбамен мөрленді. Өткен жылы зауыт қабырғасында 30 тепловоз құрастырылған болса, биылғы жылы оның 79-ын шығару көзделіп отыр. Оның бірқатары экспортқа шығарылған. Қазіргі таңда «Evolution» тепловоздарының 22 пайызы қазақстандық өнімнен тұрады. Отандық кәсіпорын мұнымен тоқталып қалмай, өндіріске қажетті жаңа бөлшектер мен құрал-жабдықтарды игеруге ұмтылуда.
Бесінші буынды тепловоз шығару – ҮИИДМБ-ға кіретін Қазақстанның ірі индустриялық жобасы. «Қазақстан темір жолы» АҚ машина құрастыру саласында «Тальго» жолаушылар вагондарын жасау зауытының жобасын бастап кеткен. Зауыттың жобалық қуаты жылына 150 вагон шығаруға арналған. Өндіріс 2011 жылғы желтоқсанда іске қо- сылмақ.
Биылғы жылдың аяғында «Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» темір жол желісінің бірінші кезегі пайдалануға берілмек. Бұл темір жол телімі Қазақстан, Түркіменстан мен Иран бағдарындағы «Өзен – Горган» халықаралық жобасының бөлшегі. Бұл бағытпен Қазақстан Парсы шығанағы арқылы үлкен рынокқа шыға алады.
«ҚТЖ» АҚ құрылысын жүзеге асыруды бастаған «Жетіген – Қорғас» темір жол магистралі Қытай мен Қазақстанды, іргелес Орталық Азия мемлекеттерін жақындата түседі. Оның жалпы ұзындығы 293 щақырымды құрайды. Желіні пайдалануға беру биылғы жылдың желтоқсанына жоспарланып отыр.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.