Астанада жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионаты күн өткен сайын қыза түсуде.
Әзірше боксшылар арасында іріктеу жекпе-жектері өтіп жатыр. Енді бір-екі күннен кейін іріктеуден сүрінбей өткен бозбалалар ширек финалға шығып, әрі қарай жүлделі орындарға таласатын болады.
Ал қазіргі іріктеу айқастары басқа елдерді айтпағанда, біздің 13 қарадомалақ баламызға нағыз сынақ алаңына айналғанын көріп отырмыз. Өйткені, күн сайын кешке дейін жанкүйерлер алдында қара терге түсіп қолғап түйістіріп жатқан қаракөздеріміз үшін бұл әлем чемпионаты олардың өміріндегі ең үлкен жарыс. Міне, осындай сыннан сүрінбей өту боксшылар үшін ел алдындағы үлкен жауапкершілік деуге болады. Осы ретте 15-16 жастағы құрама мүшелерінің жеңіске жету үшін бойындағы барлық күшті шаршы алаңда сарқа жұмсап жатқанын атап өткен жөн.
Дүйсенбі күні үш боксшымыз алғашқы екі күнде жеңіске жеткен төрт құрдасы сияқты қарсыластарын жеңіп, келесі айналымға жолдама алды. Осы күні 48 кило салмақтағы Заңғар Темірхан Элвис Севернио Родригесті (Доминикан Республикасы), Қайыргелді Дәуітбек (63 кг.) Ілияс Адзинаевті (Беларусь) жеңсе, 70 кило салмақтағы Дәулет Байғаба неміс Норберт Шоелхаммарден 10:7 есебімен басым түсті. Бұл айқастардың ішінде Қайыргелді Дәуітбек қарсыласын екінші раундта сабап, жеңіске жетті. Содан әрі қарай жекпе-жектің қиын боларын білген Беларусь бапкерлері кездесуді тоқтатып, жеңілісті мойындауға мәжбүр болды.
Сол күні біздің Рауан Затулла (52 кг.) шаршы алаңдағы алғашқы кездесуін өткізіп, беларусь Эдуард Вахадан жеңіліс тапты. Одан кейін Ерболат Ермеков (57 кг.) екінші рет рингке шығып, ол да қарсыласынан айласын асыра алмады. Бұл айқас тепе-тең деңгейде өткенімен төрешілер жеңісті үнді Кумар Сандипке беріп жіберді.
Осы чемпионатта басқа елдердің де боксшылары жеңіске жету үшін аянбай тырысып жатыр. Алдыңғы күні түріктер Әзербайжанның есесін армяндардан қайтарды. Әзербайжандар да қарап отырған жоқ. Дүйсенбі күні олар төрт кездесу өткізіп, соның екеуінде жеңіске жетті. Ресей боксшылары болса төрт жекпе-жектің бәрінде қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты. Әлем чемпионатында жүлдеге үміткерлердің бірі Украина құрамасының тынысы енді ашылған сияқты. Қазір олардың барлық боксшылары жақсы нәтиже көрсетуде.
Дастан КЕНЖАЛИН.