Талдықорған қаласындағы көше бойларына орналасқан әр ауданның қымызханалары халыққа талғампаздықпен қызметтерін ұсынып келеді. Күннің аптабында денсаулыққа пайдалы әрі шөл басатын ұлттық сусын қымыз бен шұбат әдемі безендірілген үйлердегі дастарқан мәзірінен кездестіресің. Адам ағзасындағы қан айналуды жақсартып, өмір сүру деңгейін ұзартатын, көптеген ауруларға ем сусынға деген сұраныс басым.
Қымызханалар саны жылдан-жылға өсіп келеді. Мәселен, былтыр қала мен аудандарда 72 қымызхана болса, биыл олардың саны 93-ке жетіпті. Сондай-ақ өңірдегі қымызханалардың санитарлық тазалығы мен қымыз бен шұбаттың сапасын бақылайтын арнайы топ жұмыс істеп келеді. Биылғы өткен мерзімде тұтынушыға 192 тонна қымыз, 127 тонна шұбат сатылыпты. Бұдан сұраныстың едәуір өскені байқалады. Ерекше айтатын жай қымызханаларға жастардың бос уақытта көп келетіндігі.
Қала тұрғындары Қарасай, Сарқан, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Алакөл, Райымбек, Іле аудандары мен Қапшағай қаласы қымызханаларының қызметі мен қымыз сапасын жоғары бағалап, құда күту, сүндет той, тағы басқа мәдени шараларды өткізіп келеді. Құданың алдына жамбаспен бірге жал-жая, қазы-қарта, құрт-ірімшік қойылып, шөл басатын сары қымызды ұлттық киім киген арулардың ұсынуының өзі қандай жарасымды десеңізші!
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.