Жақында Ресей елінің Ханты-Мансы автономиялық округына қарасты Нижневартовск қаласында бір оқушының бірнеше банкі энергетикалық коктейль ішіп, жүрек ауруынан кенеттен көз жұмғаны туралы жазылды.
Мұндай сусындар біздің елдің дүкендерінде де көптеп сатылуда. Оны шығаратын кәсіпорын да алыста емес, Алматы облысындағы Іле ауданына қарасты Боралдай ауылының Менделеев көшесіндегі 17-ші үйге орналасқан. Анықтап айтсақ, осы мекен-жайдағы «Рис ЛТД» ЖШС-і спирті аз газдалған сусындарды тұтынушыларға жәшіктеп өткеріп жатыр.
Әлсіз алкогольды сусындарды, әдетте, ересектердің онша елеп-ескере бермейтіні белгілі. Сонда оның ең негізгі тұтынушысы кімдер? Әрине, балалар мен жасөспірімдер! Жазғы каникул алдында Тараз қаласындағы бір ұстаз лицей оқушысының қолынан «Джин-тоник-лимон», «Драйв водка-апельсин» деп аталатын сусындарды көріп қалып, ата-анасымен сөйлесуге мәжбүр болды. Анықтай келе, оқушыны дүкеннен энергетикалық сусын әкелуге жұмсаған сыныптас достары екені белгілі болды. Ал: «Сендерге мұндай сусынды ішу не үшін қажет болды?» деген сауалға олардан: «Емтихан алдындағы дайындыққа күш-қуат жинау үшін» деген тұрғыда жауап алынды...
Біз аталған сусындардың «мінездемесін» ел Үкіметінің, оның ішінде Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктері басшыларының және Парламент депутаттарының назарына ұсынау үшін құты бүйіріндегі өте майда жазуларды ерінбестен оқып, көшіріп алдық. Оқиық: «Джин-тоник-лимон. Әлсіз алкогольды газдалған сусын. Құрамы: арнайы дайындалған су, көмірқышқыл газы, «Люкс» спирті, қышқыл реттеуші (лимон қышқылы), табиғи тоник, лимон экстраты, қант, «Джин» табиғи хош иісі, консервант (натрий бензолы). Калориялылығы: 72кхал/100 мл кем емес. Сақтау мерзімі 12 ай». Дәл осы мазмұндас жапсырма қағазы бар екінші құтының сыртына тіпті... «Драйв. Водка-апельсин. Әлсіз алкогольды газдалған сусын» деп жазудан да тартынбапты.
Осы ретте айтайық дегеніміз, балалар мен жасөспірімдердің организмі тез елітеді, тез уланады және тез «жеңіледі». Сондықтан балалар немесе олардың ата-аналары «әлсіз алкогольды газдалған сусын» деген жарнаманы малданып сусынды үздіксіз пайдалана берсе, олардың бірнеше жылдан кейін әлгі құтыдағы судың құлақкесті құлына айналатыны анық. Оны місе тұтпай нағыз спирттің өзіне ауыз салуы да мүмкін. Ал бұл денсаулыққа өте зиян. Балалардың мінез-құлқы мен жүйкесіне де кері әсер етері сөзсіз. Мысалы, жоғарыда айтылған Ханты-Мансы автономиялық округіндегі көз жұмған 15 жасар оқушы бірнеше банкі алкогольсіз (!) коктейль ішкеннің өзінде өмірімен қоштасса (медицина қызметкерлері осындай қорытындыға келіп отыр), біздің оқушылар «Люкс» спирті қосылған газдалған сусынмен көңілі қалағанынша «шөл» басып, «күш» жинауда. Ендеше, бұл мәселе ата-ана мен ұстазды да алаңдатпай қоймайды. Ал біз олардың жанайқайын жоғарыға жеткізбейінше жайбарақат отыра алмадық.
Соңғы кездері Алматы, Шымкент, Тараз және тағы басқа қалаларда оқушылар арасындағы төбелес жиілеп, оның аяғы он екіде бір гүлі ашылмаған өрімдей балалардың өліміне ұласуда. Әлбетте, оның басқа да түрлі себептері мен салдарлары бар екені белгілі. Дегенмен, «Драйв. Водка-апельсин» сусынының қанды ойнататын «қызуын» да жоққа шығара алмасақ керек.
Сондықтан аты аталған министрлік басшылары, халық сөзін сөйлеп жүрген депутаттар мен сенаторлар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, аталған сусындардың адам өміріне, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер ағзасына қаншалықты пайдасы мен зияны барына мұқият сараптама жасауға және оның еліміз бойынша кімдерге, қанша жастағы тұтынушыларға өткерілуі керектігін анықтауда мүдделілік танытса дейміз. Өйткені, ел болашағы – балалар мен жасөспірімдер өмірі мемлекет үшін бәрінен қымбат.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.