Гүлнар Дулатованың «Алаштың сөнбес жұлдыздары» деген атпен шыққан естелік-эссесін оқығанда, ол кісінің «Шындық шырағы» кітабына рецензия жазғанымда аңғармаған бір жайға тап болдым.
Біріншіден, еркек пен әйелдің дүниеге көзқарасында табиғи айырмашылық бар екенін білсем де, зерттеу, деректеу, куәландыру мен баяндауға келгенде өзгеше тәсіл табатынын байқадым. Екіншіден, ғалымдар, зерттеушілер, дерекке сүйенушілер әрдайым мағлұмат төңірегінде шыр айналғанымен, деректің ішкі қатпарын ақтарып жатпайтынын өз тәжірибемнен білемін. Үшіншіден, шындықтың өзін түсіндіруде әйелдердің қаламы тым терең қазады да, ұсақ-түйектерді жандандырып жібереді екен. Төртіншіден, дерек-мағлұматтың өзі пендеге біткен мінез-машықпен жарқырай түсуі үшін оған әйел көзімен де қарау қажет екен. Тоқсан бесіңді бір буып, жүзге қарай ойланбай, қажымай тартып бара жатқан алаштың сөнбес жұлдыздарын кәдімгі тіршілік аясында әңгімелей отырып, әлеуметтік мәнді ұмытпауы, өзінен өзі болар құбылыс ретінде ақпарлап көрсетуі оқушы құмарын қандыратын деңгейде. Тіпті, есте қалғандарын, көрген-білгендерін баяндаушы ғана емес, публицистке тән дәлдікпен, жазушыға тән шалқумен баяндайды.
Осының растығына дәлел ретінде Алаш қозғалысының көсемі, Алашорда үкіметінің төрағасы, бүкіл әлеуметтік қозғалыстың басы-қасында болған Әлихан Бөкейхановтың сыр-сипатын, пенделік қасиетін ешбір еңбектен оқымап ем. Міне, енді Гүлнар апайдың сипаттамасы арқылы ол кісінің келбетімен танысып отырмын.
«Атакемнің бейнесі көз алдымда: ұзын бойлы, сом денелі, иықты келген өңі қоңыр еді... Ашық үлкен көздерімен жұртқа қадала қарайтын. Көрмекке сұсты болғанмен жаны нәзік, балажан, жалпыға жанашырлық көрсететін қолы ашық мырза кісі болатын. Біреуге жақсылық етсем дейтін. Үйдегілермен көбіне орысшалайтын. Жұбайы орыс – Елена Яковлевна Севостьяноваға Омбыда 1903 жылы үйленген. Тұңғышы Елизавета (Лиза), ұлы Сергей – Үгідей (Үгітай дейтін) 1905 жылғы.
Атакем жұртқа үйірсек, ашық мінезді, өзін жұрттан ерекше ұстамайтын кішіпейіл, баламен балаша, үлкенмен үлкенше сөйлесіп кететін. Жұрттың атына «товарищты» қосып сөйлейтін. Дауысы жуан гүрілдек, күлгенде қарқылдап мәз болатын. Үстіне киген киімдері «жағдайға байланысты болатын» деген жолдарды оқып, сіздерді қайдам, мен өзім Әлиханның тұрпатын, мінез машығын көргендей әсерлендім.
Балалық пен жастық шақта естігенін, көргенін ұмытпау, тіпті қажет дегендерін әйтеуір бір кәдеге жарар деп күнделігіне жаза беру, сөйлескен, көріскен адамдардың естелігін өздеріне жаздырып алу немесе өзі қағазға түсіріп қою айрықша ұқыптылықтың белгісі ғой. «Мынау менің ес білгелі көтеріп келе жатқан чемоданым. Мынау – қос атакемнің хаты. Бірі – Әлихан Бөкейхановты, екіншісі Ахмет Байтұрсынұлы атамды айтам. Жарықтықтардың қолтаңбалары тасқа басылғандай. Бұл қара чемоданда қазына көп» (332 бет). «Бұдан 30-40 жыл бұрын «халық жауларының» ұрпақтарының төрт көзі түгел еді. Олармен жолыққанымда, байғұстар іштегі шерін тарқатып, ақтарып, әке-шешелерінің тағдырын жасырмай, бар білгендерін айтып берген. Алған деректерді қағазға түсіре бергенмін. Екі кітапқа топталған естелігімді «Шындық шырағы» атауымның сыры да осында» дегені (264-бет), бар еді. Осы деректерді «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты кітабын жазуға мықтап пайдаланыпты.
Иә, қазақтың қазіргі таңдағы ірі жазушысы Мұхтар Мағауин өзіне жолдаған қолжазбаға сонау Прага қаласынан «Тұлпардың тұяғы» деген беташар жазып, Гүлнар Дулатованың «үш кітабы – қазақ руханиятындағы өзгеше бір қазына, күтпеген бір олжа» деген баға беруіне түгелдей қосыламын. Осындай ойды алғашқы екі томдығына жазған мақаламда мен де айтқан едім.
Бұл кітап төрт бөлімнен тұрады. Бірінші тарау негізінен Гүлнар апай өз өмірін әңгімелей отырып, әсіресе, бүкіл алаш қайраткерлерімен аралас-құралас болған Міржақыпқа келіп-кеткендерді, олардың артында қалған бала-шағасымен өткізген кезеңдерін сипаттайды. Шешесі Ғайнижамалдың мұңая айтқан сырларын таратады. 1914 жылы Жақаңа күйеуге шығып, Күлумзинодағы мейрамханада өткізген үйлену тойында Қартқожа Тоғанбаев, Айдар Тұрлыбаев, семинария шәкірттері Мағжан, Сәкен және Садуақас Шорманов, Бірмұхабет (Беркей) Айбасов, ағайынды Асылбек, Сейілбек, Мұсылманбек Сейітовтердің болғандығын қаршадай Гүлнардың құлағына сіңіре біліпті. Енді ол көріністер бізге жетіп отыр.
Гүлнар апайдың өмір жолындағы кездесулерді баяндағанда әрқашан Алаш қайраткерлеріне байланысты жайларға айрықша ден қоятынын аңғарамыз. Сондықтан кешегі мен бүгінгінің байланысы айрықша мәнге ие болады. Өзі «халық жауының» қызы болған соң әрбір дерекке айрықша қарауыл қойып сақтанғаны айқын байқалады.
Сәбит Мұқановтың Алаш ардагерлері ішінде көбірек көлеңке түсіре суреттегені Міржақып Дулатов. 1960 жылы «Өсу жолдарымыз» атты жинағында «Досыма хат» деген ағынан жарылған эссесі жарияланды. Сонда тұңғыш рет аузынан шыққан сыры мынау. 1921 жылы қара бөрік киіп, ЧК-нің сенімді өкілі болып жүргенде Көкшетаудағы әйелі мен қызын алып кету үшін Міржақып келеді. ЧК бастығы Волков «тұтқындаңдар, қарсыласса атып тастаңдар» деп бұйрық береді. Түнгі күзетте жүрген Сәбит тобы Ерқосай Мұқышевтің үйінде қонақ болып отырған Міржақыпты көреді де, ұстамай кетеді. Осы оқиға жайында Гүлнар апай «адамгершілігі үлкен, қазақы мінезді Сәбит төтенше комитеттің (ЧК-ның) қыспағына қарамастан, Міржақыпты өлімге қимай, ақын-жазушылығы үшін құтқарып жіберген. Кемел жазушымыз Сәбит ағамыздың көзі тірісінде үйіне барып, осы оқиға жайлы Міржақыпқа деген көзқарасын өз аузынан естіп, толық жазып алмағаныма қатты өкінемін» деп жазады. Бұл сөздің ар жағында талай ой жатқанын естеліктен оқып білеміз.
Осы оқиғаға байланысты Жүнісов деген біреудің Д.Қонаевқа жазған арызында «в очерке «Досыма хат» С.Мұқанов писал, что 1921 году в г. Кокчетаве скрыл от ЧК и спас от верной смерти беглеца М.Дулатова. Но не указывал на то, что Дулатов убица Амангельды Иманова. Кроме того, выражал сожаление, что он не оправдал его доверия, не стал советским писателем и свой поступок оценил как проявление либерализма» дегенін Гүлнар апай архивтен (фонд 811, опись1, дело 158-А. Лист 51-52) оқып, Сәбеңе деген көп өкпесінің тарқағанын жазады. Сәбеңнің «Өмір мектебінің» әр басылымында әкесінің бірде аталып, бірде алынып қалғанын көреді. Іште жүрген кек біртіндеп қайта бастайды. «1960-70 жылдары Міржақыпқа деген бұрынғы көзқарасынан, пікірінен күрт өзгеріп, райынан қайтқанын аңғарып, көріп жүрдім» деп үлкен түйін жасайды.
Талай кездесулерде бірге болып жүргенде Сәбең ешбір шіміркенбестен Міржақыптың атын атағанын өз құлағымен естігем. «Сәбең бастың құйқасын бір кесіп асады да, маған қарап: «Міржақып ағамның қызы – Гүлнар қарындасым, саған құлағын берейін» деп қолыма ұстатты. Ағамыздың жұрт көргенше әкемді «Міржақып ағам» дегеніне жүрегім зырқ ете қалды (ол жылдары М.Дулатовты атау деген қылмыс), менің қырсығым өзіне тиіп кетпес пе екен?» деп зәрем қалмады» дейді.
Гүлнар апайдың өзіне байланысты естеліктерді осылайша тарата берсек, кітаптың басқа тарауларына орын қалмас. Екінші бөлім – ең сүбелі естеліктер, тіпті түсіндірмесі бар шежіреден құралады десе де болғандай. Және олар үйір-үйірімен жалғасып, бір әулеттің арғы-бергісін, өткені мен бүгінгісін біліп алуға мүмкіндік береді.
Академик Манаш Қозыбаев басқарған қуғын-сүргінге түскендердің «Әділет» қоғамының арқасында кеңес өкіметі тұсында бір-бірінен көз жазып қалған Алаш ардақтыларының ұрпақтары көрісе табысқан сәт болған екен. Соның басы-қасында жүрген Гүлнар апай қара чемоданындағы дәптеріне жаза беріпті. Себебі, көпшілік жұрт Алаш ардақтыларының «тұрмыстағы қалпын, адами қасиеттерін біле бермейді. Мұның бәрін бүгінгі ұрпақпен, келешекпен таныстыру үшін деректер қалдыру керектігін ойлағанымнан басқа ой жоқ менде» деуінің өзі кейінгілерге үлгі болғандай.
Шежірелі естеліктерді шақшақ Жәнібек Тархан әулетінен тарқатар болсақ, Бірімжановтарға тоқталмай кету мүмкін емес. Өйткені, ол өздерінің азаматтығымен, ғалымдығымен қазақ мәдениетіне олжа салған жандар. Осы Шақшақ Жәнібек әулетінен шыққан қазақтың атақты ғалымы, химия ғылымдарының докторы, академик, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұзақ жыл декан болып, талай талантты шәкірттер тәрбиелеп, кенге толы қазақ даласының игілігін әлемге таныту үшін 36 ғылым кандидатын, 4 ғылым докторын дайындаған Батырбек Бірімжановты шындық деңгейінде баяндаумен қатар, оның нағашы жұрты атақты Сейдалиндер екенін тарата әңгімелеп, ең үлкен хикаяны апасы Гүлжауһармен байланыстырады. Және бұл әңгімені Мұхиттың «Зәуреш» әнімен сабақтастырып жібергенде тың салаға түсіп кеткендей әсерленесің.
Бұдан кейін Баянауыл төңірегіне оралғанда Сәтбаевтың, Шөрман би әулеттерін тарата жөнеледі. Әсіресе, Шорманнан тараған ұрпақтар өмірбаянын жазамын дегендер болса Гүлнар апайдың мына кітабынан мол дерек табады.
Кітаптың үшінші бөлігі – «Хаттар, арнаулар, қосымша материалдар» деп аталып, көп ретте Гүлнар Міржақыпқызына, ара-тұра Әбен Сатыбалдиевке арналған дүниелерден тұрады екен. Сондай-ақ осы естеліктен Әбен Сатыбалдиевтің ақындығынан да біраз деректерге қанық болдық.
Кітаптың сүбелі деректері мен көрікті баяндаулары мені осы жолы да таңғалдырды. Алғашқы жазған мақаламда тартылмаған бұлақтың бастауын көрсем, жүзге қарай бет алған апамның қазақ әдебиетінің жұрт көңілін аударған көркем шығармаларын түгелге жақын оқығанын, әкесі Міржақып Дулатовқа байланысты зерттеулердің бәрін жаттап алыпты демей-ақ қояйын, тіпті мақала, очерк, хабарларға дейін назар аударып, тізіп отыратынын байқаймыз. Әкесінің шығармашылығына байланысты дүниелерді түптеп, көзінен таса қылмағанын бір ғана мысалмен дәлелдейді. «Кінәні мойнына алатын кім?» деген мақаланы оқығанда апайдың адалдықты, дәлдікті сүйетінін анық аңғарасыз. 1989 жылы Сәбит Дөнентаевтың «Ұрпағыма айтарым» деген жинағын оқып отырып «Сағыну», «Елім-ай», «Әбупираситан», «Шәкірт» деген әкем Міржақыптың өлеңдері көзіме оттай басылып, төбемнен жайдың оғы түскендей, есім кетіп таңғалдым. «Бұл қалай?» деп құрастырушы Сәулет Сәбитқызы Дөнентаевамен, сондай-ақ Сәбит шығармашылығын зерттеген Балташ Ысқақовтың «Сәбит Дөнентаев» деген 1978 жылы 9 маусымда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақаласын оқып, өзінше зерттеу жүргізіп талай әлекке түскенін аңғартады. Уямо Толихина сынды жас жапон жігіті «Оян, қазақ!» жинағы бойынша 1992 жылы кандидаттық диссертация қорғап, академияның Шығыстану бөлімінде істеп жүргендігін хабарлайды. Кешегі кеңес тұсында «жау» болып Алашорда көсемдерінің санатындағы Міржақыпқа енді «жасалған қиянатқа жол бермей, қорғау менің перзенттік борышым» деп ғылыми-зерттеу ісімен айналысып, адалдыққа шақырғаны қазіргі қазақ оқырмандарының жетілгеніне дәлел бола алады.
Иә, Гүлнар апайдың «Алаштың сөнбес жұлдыздары» туындысын оқығанда талай арнаға барып, талай рет ойлануға тура келеді.
Тұрсынбек КӘКІШЕВ, профессор.