Чапаев – Жалпақтал – Казталов – Жәнібек автожолы құрылысында кідіріс жоқ
Кешегі күні Орал өңірінің газет айдарына шығарылып отырған ең шалғайдағы аудандарын облыс орталығымен жалғастыратын автожол құрылысы жобасы жасалған кезде мұнда оған дейін кім бар, кім жоқ деушілер аз болған жоқ. Казталов ауданында тұратын елдің қадірлі ақсақалы Ихсан Құтқожиннің жасым сексенге келді, ендігі жерде мен бұл жолдың игілігін көре аламын ба, жоқ па деп Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке сауал тастағаны да күні кеше болатын. Қысқасы, стратегиялық және экономикалық тұрғыдан айта қаларлықтай қайтарым бере алмайтын, тек шалғай аудандардың қарапайым тұрғындары үшін жасалатын әлеуметтік автожол құрылысы қарқын алып кетеді дегенге күмән келтірушілер көп болды. Дегенмен “Көз қорқақ, қол батыр” дегендей, бүгінгі күні аталмыш автожолдың елу жетінші километрінің көпірмен қоса алғандағы құрылысы аяқталып келе жатқаны көңілге үлкен сенім туғызады. “Ақжайық қаржы-өнеркәсіп компаниясы” ААҚ-қа қарасты “Орал жол құрылысы” АҚ-тың маман жұмысшылары мен инженер-техниктер тобы оны алдағы тамыз айында аяқтауды көздеп отыр. Автожол құрылысында мол тәжірибе жинақтаған, оны сапалы түрде атқара білетін өндірістік ұжымға ел ризашылығы шексіз. Оралдық жол құрылысы мамандарының саладағы өзге әріптестерінен шоқтығы биік тұратын тағы бір себебі – сапа менеджменті жүйесі бойынша жұмыс істейтіндігі. Сонымен бірге тағы бір артықшылығы, облыста баламасы жоқ жол-құрылыс лабораториясының тұрақты жұмыс істейтіндігі. Үшіншіден, оларға кәсіби шеберлік, тәртіп пен жинақылық, терең жауапкершілік сезім, бүгін тапсырылған істі ертеңге қалдырмау дағдысы тән екенін айта кетуге тиіспіз. Мысал керек пе, сөз жоқ табылады. Қыс бойы қарап жатпай шикізатты әзірлеп, тасымалдап, ерте көктемде істі бастап кеткені мысал емей немене? Ойдан ой туады. Бұған дейін батысқазақстандықтардың осы автожол құрылысын жүргізуден талай рет тақырға отырып қалғаны жасырын емес. Қалайша демексіз ғой. Тендерде материалдық база дегеннің он екіде бір нұсқасы жоқ, кәсіби деңгейлері төмен, жол-көпір құрылысымен айналыспаған келімсек біреулер ұтады да, топырақты тегістеген, үйген кейіп танытып, күндердің бір күнінде аяқ астынан тайып тұрады. Іс бітті, қу кетті деген осы да. Содан соң жергілікті өкілетті органдар олардың үстінен сотқа арыз берген жағдайлар да кездесті. Одан бәрібір ештеңе өзгерген жоқ. Жол үсті сол баяғыша топырақтың үйіндісі күйінде қала берді. Мемлекеттің қыруар қаражаты желге ұшып кете барды. Бұдан бірнеше жыл бұрын шалғайдағы Жаңақала ауданын облыс орталығымен жалғайтын жол құрылысы кезінде осындай көрініс орын алғаны әлі де есте. “Бонус-Сервис” деп аталатын келімсек компания ел-жұртты осылайша сазға отырғызып кеткені бар. Шалқар көліне тартылатын жол құрылысы кезінде де бастапқыда осындай жағдайлар кездесті. Бұл тұрғыдан да жергілікті кәсіби мердігер “Оралжолқұрылысы” ұжымының ел алдындағы еңсесі биік, жүзі жарқын. Осы материалды жазу барысында біз Көлік және коммуникация министрлігі, Автомобиль жолдары комитеті, Батыс Қазақстан облыстық департаментінің бастығы Темірхан Меңдіғалиевке хабарласып, одан үлкен әлеуметтік маңызы бар жол құрылысының алдағы уақытта қалай жалғасатыны жөнінде айтып беруін сұраған едік. Сала басшысы іркілген жоқ. – Келесі кезектегі 57-97 киллометр аралығындағы жобалау-іздестіру жұмыстарының құжаты әзірленді. Бұл іргелі құжат Көлік және коммуникация министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитетіне тапсырылды. Қазіргі күні қыркүйектің басында жоғарыда аталған қырық километрлік жол құрылысына тендер өткізіледі деп күтілуде. Оның тілшіге қайтарған жауабын сәл тереңдете түссек – бұл әлеуметтік жол құрылысындағы аса ауқымды, аса көлемді іс деген сөз. Тіпті өңірдің арғы-бергі жол құрылысы тарихында дәл осындай көлемдегі ірі жол жобасы бір жылдың ішінде атқарыла қойды ма екен десеңізші. Әй, сірә, атқарыла қоймаған шығар. Тоқсан жетінші километрден үш шақырым жерде Казталов ауданына қарасты Сарықұдық ауылы орналасқан. Оның “бауырмал” саз балшығы автокөлік иелерін жауынды-шашынды кезеңдерде қона жатуға мәжбүрлейтінін қайда қоярсыз. Бір сөзбен айтқанда, саз балшығы тілерсектен соғатын маң далаға асфальт жолдың тұмсық тіреуі өркениет пен әлеуметтік-тұрмыстық даму сатысына жетудегі іргелі қадам болмақ. Яғни жоғарыда айтылғандай, шалғай ауданда тұратын ақсақал Ихсан Құтқожин бұйыртса алдағы төрт-бес жыл ішінде әлеуметтік жолдың игілігі мен пайдасын көргелі тұр. Бұған дейінгі есептерде жолдың толықтай пайдалануға берілу мерзімі кем дегенде он-он бес жыл деп белгіленген болатын. Түйіп айтқанда Ақжайық аймағында іске асып жатқан ірі әлеуметтік жол құрылысы жобасы Елбасы мен республика Үкіметінің әлеуметтік саясат пен осы саладағы іс-қимыл бағдарламасының жарқын көрінісіндей әсер қалдырады. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.
•
29 Шілде, 2011
Ерекше маңызы бар
345 рет
көрсетілді