• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
02 Тамыз, 2011

Ар-намыс батыры

769 рет
көрсетілді

1809-1865 жылдар арасында Қазақстанның батысында Арал, шығысында Жетісу өңірлеріне дейінгі аралықты Қоқан хандығы билеген еді. Алғашында, қоқандық Лашкер беклербегі 1817-1818 жж. Сыр бойында Ақмешіт, Қос, Шым және Күміс қорғандарды тұрғызып, сол өңірдегі халық­ты ұзақ уақыт (1816-1840) басқарғанда, салықты шариғатқа сәйкес жылына бір рет қана жинап келген еді. Кейіннен, яғни 1848-1852 жж. Қоқанның Худояр ханы мен ташкенттік Нурмухаммед кушбегі бекіткен бұрынғы зекеттің (көп мал басының немесе аз мал құнының қырықтан бір бөлігінің) орнына жылына әр отбасынан 6 қой, 24 қап ағаш көмірін, 4 тең сексеуіл және 1000 бау пішен жинау басталды. Оның үстіне әр үйден бір адам әр ай сайын бір аптаға қоқандықтардың (қорған салу, жер өңдеу, мал бағу, қора тазарту сияқты) жұмыс­тарын тегін істеуге міндеттелді. Салық төлей алмағандардың мал-мүлкін, қыздарын тартып алу, отбасы мүшелерін Қоқанға құлдыққа айдап әкету бас­талды. Қоқандықтардан бұрын Сырдың төменгі жағындағы елден Хиуа хандығы салық алатын. Қоқандықтар келгеннен кейін бұл екі хандықтың әрқайсысы қазақтардан жеке-жеке салық алып, көнбеген ауылдардың мал-мүлкін шауып, тонайтын болды. Мұндай зорлыққа шыдамаған Жанқожа, Бұқар­бай, Тоғанас сияқты батырлар бастаған қазақтар бірнеше рет көтеріліске шықты. Алайда Хиуа және Қоқан хандықтарының езгісінен құтылу 1740 жылы Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен сұлтан Абы­лайдың орыс патшалығына берген антынан бастал­ған еді. Соны бетке ұстап қазақтар олардың шап­қын­шылығынан кейін орыс әкімшілігіне шағым­дана бастайды. Мысалы, 1850 жылы Қазалы м­а­ңын­­дағы шекті руының 22 428 бас малын, 400 мың­нан аса күміс рубль тұратын мүлкін тартып алып кеткен Ақмешіттің Якупбегі басқарған қо­қан­дықтарды Арал (Райым) бекінісінен шыққан орыс әскері Қосқорғанға дейін қуып келіп, то­нағандарын қайыруды талап етті. Талап орын­далмағасын орыс әскері қорғанды шауып, оның басшысы мырза Райым Алимовты тұтқынға алады. 1852 жылғы наурызда да Якупбек басқарған Қоқан және Хиуа хандықтарының біріккен 1700 нөкері Сыр етегінің оң жағындағы жүзге тарта ауылдың 53 мыңдай малын айдап әкеткен болса, бұл жолы да қазақтардан шағым түскесін, орыс әскері күш қолданып, малды қайтарып, иелеріне табыс етеді. Сол жылдың шілде-тамыз айларында орыс полковнигі Бларамберг 400 әскермен Шым­қорғанды алып, қамалын бұзып, ал қоқандықтар тастап қашқан Қос және Күміс қорғандарын өр­тей­ді. Бірақ Ақ­мешіттің өзін ала алмай, кері қай­тады. Орыстардың әрекетіне шамданған Қоқан ханы Нурмухаммед кушбегі В.А. Перовскийге: “Біздің қазақтармен қарым-қатынастарымызға араласпаң­дар, әйтпесе біз сендерді барлық мұсылман елдерінен қуып шығамыз” деп сес көрсетеді. Ал 1853 жыл­дың мау­сым айының басында генерал-адъю­тант В.А. Перовский басқарған 2850 әскер (оның ішінде 500 қазақ бар) Ақмешітті алуға бара жат­қан­да, Қос және Шым қорғандардың өткен жылғы күйреген қалпында бос тұрғандарын көреді. Қоқан және Хиуа хандықтарының Сыр қазақ­тары­на шапқын­шылықтары орыс әскерінің Ақмешітті алуымен аяқталды. Құжаттарды салыстырып қарағанда, біз сөз етпек болып отырған Түлкібай Жаңатаев ерлігі сол жылдың сәуірінің ортасында болған сияқты. Ол туралы деректі генерал-майор Ладыженскийдің Орынбор генерал-губернаторына жазған рапорты­нан көреміз. Бірақ ол дереккөзде қоқандықтардың Түлкібайды өлтіргені жазылса да, оны не үшін және қалай өлтіргені жазылмаған. Түлкібай батыр уақиғасы орын алған кезде, қоқандықтардың Ақмешіттің батыс жағындағы атал­мыш екі қорғаны бос қалып, тек Ниязбек басқарған Күмісқорған ғана жөнделген еді. Ал осы Ниязбек болса, сол кездегі Сырдың 172 ауылын­дағы 32 рулы елдің 251 300 отбасының басым көпшілігін бұрынғыша ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстамақ болды. Түлкібай осы 32 рулы елдің ішіндегі, жаз жайлауы Қарақұмның ба­тыс өңіріндегі Үшқызыл аймағы, қыстауы Күміс­қорған мен Кең­түбек маңы болған, 1200-дей отбасынан тұратын 2 ауыл алаша (оның ішіндегі алтыбастың дәуқарасы деп аталған) руынан еді. Түлкібай ақыл-пара­сатының арқасында өз руының биі болды. Ол Көлбай баласы Жаңатайдың үш ұлының ор­тан­шысы – Сасықбалықтың інісі, Қара­байдың ағасы еді. Біздіңше, ол сол кезде отыздың ма­ңындағы жігіт болса керек. Өйткені, ол ерлік жасап қаза бол­ғанда әйелінің ішінде баласы Бәймен қалыпты. Мазмұнына нақтылы тоқталайық деп отырған уақиға болған кезде, қазақтар орыс әскерінің Ақмешітке жасамақ жорығы туралы білген жоқ еді. Себебі, жорық өте құпия даярланды. Тіпті әскер өтетін жолдың маңынан қазақ көштерінің өтуіне алдын ала тыйым салынды. Сол кезеңде елдің бостандығын мұрат ете бастаған жас би Түлкібай мақсатына жету үшін табынның батыры Бұқар­бай­ды, шөмекейдің батыры Тоғанасты өзі саят құ­рып, дем алатын түбекке кеңесуге шақырады. Шамасы, сөз арқауы қоқандықтарға қалай тізе қосып қарсы тұруға болады деген мәселе төңірегінде болса керек. Соның сыбысын естіген Ниязбек ізін ала Түлкібайдың ауылына келеді. Түлкібай оны қонақ­жайлылықпен қарсы алады. Түбектен қайтар жолда, тіл табысып, көңілденгендей боп келе жатқан­да, Ниязбек пен Түлкібай ат үстінде аударыспақ ойнап қалады. Табиғатынан шымыр, іштей ызалы Түлкібай Ниязбекті аттан аударып түсіреді. Ниязбек бұған қатты шамданады. Соны оза шапқан шабарманнан естіген Түлкібайдың туыстары дәуқара-алтыбас алашалар Ниязбектің алдынан шығып, қол қусырып кешірім сұрап, мал сойып сыйлап, тіпті бір көкшені мінгізеді. Осыған масайраған Ниязбек, сыйлағанды табындыға балап, елді әбден таптап, тұқыртпақ болды. Сөйтіп, маған қазақтар әр түнге бір қызын әкелсін деп жарлық етеді. Бұл жарлық бұрыннан қанша малы мен мүлкін, қаражатын беріп, жұмысын тегін істеуге көніп келген қазақтардың намысына тиеді. Күндіз қасында қарулы жиырма нөкерімен жүретін, түн болса сыр­ты үш қатар ормен қоршалған, үш-төрт жігіт жа­былып ашып-жабатын үш қабат есігі бар, қабыр­ғасы үш метрдей қалың, биіктігі он метрге тарта қамалдың ішінде жататын Ниязбекке қас­тан­дық жасау, қаруы жоқ қазақтарға мүмкін емес еді. Ал жарлық орындалмаса, мәселе бұрынғыдан да ушығып, мал тоналғаны былай тұрсын адамдардың басы кетуі де мүмкін болды. Бұл Ниязбектің қазақ­тар еңсесін көтермеуі үшін намыстарына тиіп, әдейі наразылыққа, тіпті тікелей қақтығысқа итермелеп, соны сылтау етіп, елдің бас көтерер аза­мат­тарын қырғынға ұшыратпақ болған амалы да еді. Осы жағдайда Түлкібай өз жігіттерімен, анасы­мен, ағасы Сасықбалықпен ақылдасып, адам ойына келе бермейтін амал ойлап табады. Сөйтіп, өзі қыз болып киініп, киім ішінен жалаң қылыш байлап барып, Ниязбектің қасына оңаша жетіп, оның басын алмақ болады. Сонымен, бек жарлығына сәйкес, ел жата, қыз болып киінген Түлкібай екі қолтығынан сүйеген жеңгелерімен қамалға енеді. Бекке әкелген қыздың бойын тінтіп тексермек тұрсын, бетін бүркемелеген орамалдың астындағы жүзіне де қарамаған қызметшілері Түлкібайды Ниязбектің бөлмесіне кіргізеді. Екеуі бөлмеде оңаша қалғанда Түлкібай шешінуге қым­сынған түр байқа­тып, теріс айнала беріп жалаң қы­лы­шын шешіп алады. Ерліктің сол бір нұрлы сәтін қазір «Ақжарма» деп аталатын, Түлкібай дүниеге кел­ген елді мекенде 1939 жылы туған, атасының ерлігін ауыл ақса­қалдарынан талай естіп, жасынан тебіреніп өскен ақын Замаддин Ибадуллаев өзінің «Түлкібай батыр туралы дастанында»: Түлкібай ашуланды қаны қайнап, Қылышын жұлып алды қойған байлап. Қоқанды қақ бөлгенін сезбей қалды, Қорлықтан, ыза кектен көзі жайнап. Аз уақыт аялдады есін жиып, Ұйқыға қорған іші кеткен ұйып. Біртіндеп күзетшіні шақырады, Киімін қоқан бектің алған киіп, – деп жырлайды. Күзетшілерді де бөлме ішінде шауып таста­ған­нан кейін, Түлкібай сыртқа шығып, жолдастарымен қайта келіп, ұйқыдағы жендеттердің қаруын алып, өздерін қамал ішіндегі бөлмелерге қамап тастайды. Бұл жағдай туралы хабар ертелі-кеш Ақмешіттегі көп әскерге жететінін біліп, Түлкібай ауылы батысқа қарай көшеді. Күмісқорғанды кезекпен күзеткен жергілікті жігіттердің бірі қоқандық қазы­нашының берем деген ақшасына қызығып, оны күндіз қамаулы бөлмеден шығарып алып, ауладағы қазан астына жасырып қояды да, түнде қорғаннан шығарып жібереді. Ол Ақмешітке жетіп, хабар береді. Ақмешіттің жаңа бегі Бек-Мухаммед-Уәлидің оң қолы датқа Лепес 300 нөкерін бастап Күміс- қорғанға келеді. Көшкен елдің ізімен, Қармақшыға жақындаған Түлкібай ауылын қуып жетеді. Іздерінен ергендердің оның қоқандықтар екендігін аңғарған Түлкібай мен оның жігіттері, ел Сырдың оң жағына өтіп үлгірсін деп, әскерге қарсы соғысқа даярланады. Түлкібай жаудың санын байқаған соң, өзге жігіттерге сендер құтылыңдар, олар мені алмай тоқтамайды деп жаумен жалғыз қалып аты­сады. Оғы таусылған соң, жақындап келген жен­дерттерге жалаң қылышымен ат қояды. Қамалаған 300 нөкер оны ақыры аттан түсіреді. Жендеттер оның басын алады. Осы кезде ілгері кеткен анасы келініне: түйені шөгерейік, жау құлынымды өлтіргенін жүрегім сезіп тұр. Оны жерлеп кетпесек болмас дейді. Үй тігіліп болмай жатып, жаулардың қарасы көрінеді. Есік алдына келген жендеттердің басшысы Лепес найзасына қадаған Түлкібайдың басын анасының алдына тастайды. Осы сәт асып-саспаған ана басты қолына алып, «Құлыным! Ақ сүтімді кештім!» дейді. Әуелі есі кеткен, сосын көңілі босаған келіні жоқтап жылай бастағанда: «Тоқтат, жылап, жаудың алдында баламның рухын түсірме!» деп оны тыйып тастаған ана одан әрі Лепеске жақындай түседі де тайсалмастан: «Менің баламның басын найзаға түйрегеннің басы да найзаға ілінуі мүм­кін!» деп қолындағы бақанға байланған қырық­тықты оған қарай сілтеп қалады. Әккі Лепес басын тартып қалғанымен, ана қаруы оның бетін тіліп түседі. Ыза болған Лепес ананы да найзамен шаншып тастамақ болады. Сонда топтан шыққан бір ақсақал: «Сенің де анаң жоқ па! Тұлпар мен батыр анадан деген. Батырды туған қарусыз анаға неге ұмтыласың», деп оны тоқтатады. Сөйтіп, бұл жолы қоқандықтар Түлкі­бай ауылын шаппай қайтты деп аяқталады жыр жолдары. Алайда біз зерттеген мұрағат материалдары бойынша, уақиға соңы өзгеше дамиды. Шынында да, жоғарыда келтірілгендей, «300 нөкермен Ақмешіттен шыққан Лепес алтыбас алашалардың биі Түлкібайды өлтірді» деген дерек Қызылордадағы об­лыс­тық, Алматыдағы мемлекеттік мұрағат­тарда бар. Біздіңше, Түлкібай батырдың қаза тапқан кезі шамамен 1853 жылғы сәуі­р­дің ортасы сияқты. Бұл кезде В.А. Пе­ровскийдің Оралдан Арал бекінісіне қарай шығуына әлі бір жарым айдай бар еді. Ол Арал бекінісіне 9 маусымда жетіп, онан Ақмешітке қарай 15 маусымда қозғала­ды. Орыс әскері Сырдың оң жағымен жүріп отырады. Яғни, Сырдың сол жақ бетіндегі Күмісқорғанға олар соққан жоқ. Және Түлкібай ерлігінен кейін екі ай көлемінде олар әлі ол тұсқа жеткен жоқ еді. Сонымен сәуір айында Күмісқорғанда болған Түлкібай ерлігінен зәрезап болған қоқа­н­дық­тар, Ақмешіттің шығысындағы қоқандық­тар­дың Жүлек және басқа қорғандарына «бірде-бір жергілікті қазақ қорғанға жіберілмесін» деп жар­лық етеді. Орыс әскері штабының Ақмешітке жі­берген тыңшысы Өткел Маисовтың хабары бо­йын­ша, 1853 жылдың 25 мамырында (яғни, Түлкі­байды өлтіргеннен кейін шамамен бір жарым ай өткеннен кейін) қоқандықтардың 300 әскерінің 50-і жалданып қызмет еткен жергілікті қазақтар екені және олардың ақсақалы (жүзбасы) Қаңлыбай, ал әскер басшысы Бик-Бау болғандығы айтылған. Шамасы, жоғарыдағы Лепеске тоқтау айтқан сол Қаңлыбай ақсақал болса керек. Түлкібайды өлтіргеннен кейін қоқандықтар оның ауылын қуып жетіп, бала-шағасын тұтқын­дап, олардың дүниесін тартып алып, малын Ақ­мешітке айдап кеткен. Ал ауылдың қоқан­дықт­ар­мен соғыспақ болған жігіттері, Түлкібайдың айтуы­мен уақытша жасырынады. Олар маңай­дағы қазақ жігіттерін жинап, Ақмешітке орыс­тар­дан бұрын келіп, тұтқыннан әйел-балаларын құтқару әрекетіне кіріседі. Ақмешіт қоқандық­тары олардан сескеніп, орыс әскерлерінің алдың­ғы легі жеткен 4 шілдеден жеті күн бұрын, яғни 27 маусымда қамалдарын жауып алған. Бұл туралы Ақмешітті 28 шілдеде алған орыстарға берген тұтқынның жауабында: біз жабық қамалдың ішінде отыз бір күн отырдық деген сөзінен білуге болады. Орыс әскерінің келе жатқанын оларға хабарлайтындай, Сырдың оң жағындағы Қос және Шым қорған­дарында, жоғарыда айтылғандай, ешкім болмаған. Ал ол кезде Күмісқорғандағы қоқандықтарды жергілікті егінші кедейлер еш жаққа шығармай тұтқында ұстаған (ол туралы төменде айтылады). Сол тұтқындаудан бұрын қоқандықтарға қызмет еткен алты қазақ сарбазы Күмісқорғаннан Ақ­мешітке қарай емес, орыс әскеріндегі Ілекей сұлтанға «бізді қарамағыңызға алыңыз» деп бара­ды. Оларды орыстар тұтқынға алады. Соны­мен, Ақмешіттегі қоқандықтарға орыс әскері келе жатыр деп айтатындай адам болмаған кезде, олардың қақпаларын орыстардан жеті күн бұрын жауып алуы, біздіңше, Сасықбалық бастаған қазақ жігіттерінің, қорған ішіндегі бала-шағасын боса­тып алуға, қам жасап жүргендіктерінен сескенгендіктен болса керек. Орыс әскері Ақмешітке 4-5 шілдеде келіп жетеді. 15 шілдеде әскери штаб іс қағаздарында: «Байұлы алаша руынан Сасықбалық Жанатаев, қасына бірнеше жігіт пен Ермұхаммед Қасымов сұлтанды ертіп Перовский атына арыз айтуға келді», делінген. Ол: май айының соңында, іштерінде Қаңлыбай мен Бекбаев (жоғарыдағы деректе ол Бик-Бау деп аталған) бар, Лепес бастаған 300 қоқандықтар Кеңтүбекте бізге тап берді. Әйел-балаларымызды тұтқындап, мүлкі­мізді тәркіледі. Біз 18 жігіт зорға қашып шығып, Шыңғыс Шын­таев сұлтанға қосылдық. Енді Ақмешіт алынған күнде біздің бала-шағамыз бен мал-мүлкімізді қай­тып алуға көмектессеңіздер екен, деп Сасық­балық өтініш етеді. Сол арыз­дағы уақиғаны рас деп, сол өтініштің соңына И. Қасымов сұлтан өз мөрін басқан. 2850 адамнан (оның ішінде Ілекей сұлтан басқарған 500 қазақтан) тұратын әскер 28 шілде күні Ақмешіттің қабырғасының астынан індете қазып келіп, 40 пұт күкіртті мина етіп жарып, сол жерден лап қойып ішке кіреді. Сөйтіп, жарты сағаттық шабуылдан кейін қоқандықтардың Сыр бойындағы басты тірегін өздеріне қаратады. Перовскийдің Ресей империясы соғыс министріне 31 шілдеде жазған рапортында: Ақмешітті алғаны­мызда ішінен 80 әйел, 25 ұл мен қыз балалар шықты. Жергілікті қазақтар бұлар біздің туыс­тарымыз деп келгесін біз оларды соларға табыс еттік деп көрсетілген. Олардың көпшілігі Сасық­балықтың арызында көрсетілген алаша алтыбас-дәуқаралардың аналары, әйелдері мен балалары екен. Сол қамалдан баласы Бәйменді көтерген Түлкібайдың әйелі де шығады. Кейіннен Түлкі­бай­дың баласы шаңырағына ие болып қалған сол Бәйменнен Қыдыр, Омар, Оспан, Дүйсен деген төрт ұл дүниеге келді. Қазіргі кезде олардың Сыр бойында жүзге тарта ұрпағы тұрып жатыр. Қоқандықтар сол 1853 жылдың желтоқсанында 12 000 қол жинап, қайтып тартып алмақ болып Ақмешітке жетті. Ондағы орыс әскеріне көмектесу үшін және қоқандықтарға деген ыза мен кек қысқан 1000 қазақ жігіті атқа қонды. Олар 18 желтоқсанда Ақмешіттің шығыс жағында болған шайқаста орыс әскерімен тізе қоса соғысып, үлкен ерлік көрсетті. Сөйтіп олар өздерінің біріккен күштерінен төрт есе көп қоқандықтарды қашуға мәжбүр етті. Сол үшін соғыс кезіндегі ынтасы, ерлігі, батырлығы үшін патша ағзамның атынан марапатталған 32 қазақ жігіттерінің ішінде алаша алтыбастардың өзінен ғана Сасықбалықпен бірге Жантөре мен Сикенбай деген үш жігітке жібек шапан жабылады. Түлкібайдың үлгісі сол кездің өзінде Күмісқор­ған маңындағы қазақтарға да қуат берген еді. Оны мынадан көруге болады. Жоғарыда біз орыс әскері Ақмешітке қарай көш-көш болып бара жатқан кезде, Күмісқорғанда қалған 19 қоқан­дықтың ішіндегі алты қазақтың Ілекейге қосыла­мыз деп барғанда орыстардың қамауына түскенін айтқанбыз. Ал қалған 13-нің жағдайы қиындай бас­тайды. Малы бар елді Лепес әскері ол маңнан қуып, Түлкібай­дың ауылын қамауға алғасын, жа­қын маңда малы бар өзге ауыл қалмайды. Өзге­лері қырға көшіп кетеді. Оның үстіне қамалды тастап, қашыққа барып мал жиып келуге батылдары бармайды. Сондық­тан, олар жақын жердегі жатақ ауылдарына бір жыл­қы, бес қойдан бересіңдер деп талап етеді. Олар бізде мал атымен жоқ, қолы­мыз­да бардың бәрін алыңдар дейді. Бірақ қоқандықтар қоқаң­дауын қоймайды. Сонан амалы таусылған шаруалар Түлкібай ерлігін естеріне алып, амалын тауып қоқандықтарды байлап тастайды. Міне, сол жатақ-шаруалардың атынан (жоғарыда ай­тыл­ғандай), 5 шілде күні, жақын маңдағы жаппас және қыпшақ руларының билері Сырдың оң жағымен Ақмешітке қарай өтіп жатқан орыс әскерлерінің лагеріне келіп, болған жәйт туралы хабар береді. Бірақ өз істерімен басы қатып жатқан орыс әскерлері оларға жауап бермейді. Олар қайтып кетеді. Бес күн өткесін олар қайта келіп Күмісқорғандағы байлаулы қоқандық­тарды босатып жіберсек, өзімізге қайта бас салар деп қорқып, 13-нің ішіндегі 7 қоқан­дық­ты өлтіріп, қалған бір қарақалпақ пен бес қазақты босатып жібердік деп хабарлайды. В.А.Перовский Ақмешітті алғаннан кейін, 2 тамызда Күмісқорғанға келгенінде өзіне жергілікті қазақтардың қорғандағы қоқандық­тарды жазаладық дегенін, олардан қалған бір фальконет [калибрі 45-100 мм болатын зеңбірек] пен бірнеше қорған мылтықтарын өзіне табыс еткендігін жазған. Осы уақиғадағы жатақ қазақ­тардың орыс әскеріне барып шағым жасамас бұрын, өздері қоқандықтарды қолға түсі­руі­не, біздіңше, Түлкібайдың ерлігі үлкен рух берген. Сол іске барған жігіттер мүлт кетсе, өздері­нің сөзсіз өлетіндіктерін білді. Бірақ алған беттерінен қайтпады. Түлкібайдың ерлігі сөйтіп, Сыр өңіріндегі кедейлерге де қуат пен сенім берді. Қорыта айтсақ, қазақ елінің оңтүстік аймағын Қоқан хандығының басып алуы сол кездегі қазақтардың бытыраңқылығын, тіпті өзара алауызды болғанын көрсетеді. «Бірлігі жоқ жерде бақыт пен берекет тұрақтамайды», тозған елді ұйымшылдығы бар ел билейді. Сосын ол елдің малын ғана алмайды, ар-намысын да таптайды. Түлкібайдың анасының ерлігі өз алдына сөз етуді қажет етеді. Оның түйінін жоғарыда айтыл­ғандай, «Тұлпар мен батыр анадан» деген халық­тың даналық сөзінен көреміз. Егер Түлкібайдың анасы оған жас күнінен қандай жағдайда да жаныңды бақ деп тәрбиелеген болса, онда Түлкі­бай да бектің жарлығына қарсы тұрып өлетін жәйім жоқ деп жерге қарап отыра берген болар еді. Бірақ Түлкібайдың анасы оны малдан жанды, жаннан арды артық санауға тәрбиелеген. Жалпы, қазақ халқы балаларын қашанда намысты болуға баулыған. Қанда бар қасиетті молынан бойға сіңірудің бүгінде маңызы зор десек, Түлкібай батыр мен оның анасы сияқты тарихи тұлғаларды Отан тарихындағы орнына қондыру, оларды жас ұрпақты тәрбиелеу жүйесіне енгізу – «Мәдени мұраның» аса құнды бір мақсаты деп білеміз. Осы орайда Түлкібай батыр дүниеге келген Күмісқорғаннан екі шақырым жерде орналасқан «Ақжарма» ауылын «Түлкібай батыр ауылы» деп атау және Қызыл­орда қаласының бір көшесіне батырдың атын беру өте орынды болмақ. Сапар ОСПАНОВ, философия ғылымдарының кандидаты, доцент. Суретті салған Николай АШТЕМА.