• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
02 Тамыз, 2011

Сөз

545 рет
көрсетілді

Қасым мен Мұқағали Мұқағали Мақатаев!* Оны оқып оты­рып, толқымау, тебiренбеу, емiренбеу мүм­­­кiн емес. Ол тау болып күрсiнедi, дала болып толғанады, өзен болып өксидi, бұлақ болып еркелейдi, кейде тiптi шек­теулi тiршiлiктiң шеңберiне сыймай құлазыған шақтарында самұрықтың қа­наты­нан ұстап, көкке де самғап кеткiсi келедi. Алабұртқан албырт көңiлi шарта­рапты шарлап ал­қынады, мұңға батқан асау жүрегi түпсiз дүние сырын толғап, әр қияға талпынады. Ол өзiнiң көкiрек – сандығындағы жан сырын ақ қағаз, қара сия арқылы жарқырата ашып, артына мол мұра шашып кеткен аса жомарт талант иесi едi. Кең дүние, төсiңдi аш, мен келемiн! Алынбаған ақым бар сенде менiң, Бұйрат құмдар – бұйығып шөлдегенiм, Бура бұлттар – бусанып терлегенiм, – деп, қазақ жырының асқар таулары мен шалқар даласына жар сала келген едi ол сонау алпысыншы жылдары.  Оның осы­лай биiк сөйлеп, батыл мәлiмдеме жа­сай­тын жөнi де бар. Өйткенi, ол бесiгiн тау тербетiп, өзен әлдилеген, анасының алтын құрсағынан жылап туған емес, жырлап туған, тылсымның сырына, се­зiм­­нiң нұ­ры­на шомылған жан едi. Бас­қаша айт­қанда, өлең Мұқағалидан емес, өлең­нен  Мұқағали жаралған едi. Сон­дықтан да ол басынан бақайшағына дейiн өлең боп өрiл­ген, қолына қалам алса, саусағынан жыр саулаған жойқын талант-тын. Азапты көп тартқан, қара өлеңдi кие тұтқан қазақтай халыққа Абай, Махамбет,     Жамбыл, Мағжан, Iлияс, Қасым сияқты Тәңiрдiң  тартқан тосын сыйы едi. Ол Абай­ды мұрат тұтты. Қасымды қадiрледi. Сондықтан да: Қуат алып Абайдың тiл-күшiнен, Жыр жазамын Абайдың үлгiсiмен. Абай болып табынсам бiр кiсiге, Абай болып түңiлем бiр кiсiден, – деп толғанды. Мұқағали аңсары, Мұқағали мұ­ңы, Мұқағали сағынышы ұлы ұста­зының адамзаттық ұлы арманымен үнде­сiп, ұш­тасып жатты. Адамзатты жырлау үшiн, адамның асыл сезiмдерiн, iзгi қа­сиет­терiн жырлау үшiн өмiрге келгенiн ақынның өзi де ерте түсiндi. Сондықтан да қысқа ғұмырында күйкi тiрлiктiң күй­беңiнен бо­йын аулақ салып, туған халқы­ның қуаныш, қайғысын, қадiр-қасиетiн, кiршiк­сiз жан тазалығын, шексiз махаб­батын, өлшеусiз мейiрiм-қайырымын, көл­­дей көңiлiн, сағынышқа толы өмiрiн; бабадан қалған байтақ мекеннiң асқар тауларын, дарқан даласын, өзен-көлдерiн, аспандағы құсы мен жердегi жәндiгiне дейiн қатардағы пенделерге сезiле бер­мейтiн бiр керемет құдiрет күшпен жырға қосты. Жаратылыстың хикметiнде шек жоқ. «Мен бiр жұмбақ адаммын, оны да ой­ла!», – деп Абай атасы айтқандай, Мұ­қа­ғали да бiз үшiн әлi толық ашылып бол­маған жұмбақ дүние. Кiм бiлсiн, осы сәт­те оның «мәңгiлiкке өзiмен ала кеткен» сыр­ға толы нәзiк жаны қапталдағы әлде­бiр ақ қайыңның көзiмен бiзге мейiр­лене нұрын төгiп, күлiмсiрей қарап тұр­ған да шығар. Зады, Мұқағали жырларын жiлiк­теп, талдап, тәптiштеп түсiндiрiп жату бос әурешiлiк. Ол мүмкiн де емес. Абайды, Мұқағалиды түсiну үшiн жүрек­те көз, санада саңылау болса жетiп жа­тыр. Тек оқи бiл, ойлана бiл, сезiне бiл! Шапқан аттай, атқан оттай зулап бара жатқан уақыт-ай! Өткендi ойласаң, көкi­регiң қарс айырылып, көзi­ңе жас келедi. Алматыда жыр кештерiнде тұғырға қон­ған қырандай саңқыл­дап өлең оқып, со­ңы­­нан жас ақын­дарды шұбыр­тып ертiп жү­ре­тiн көңiлi жай­саң, қол­тығы кең Мұ­қа­ғали ақын­ның да дүниеден көш­кенiне, мiне, 35 жылдың жүзi болыпты. 35 жыл. Өмiрдi кезiп келем. Және 35 бола ма? Сезiктенем..., – деп жа­зып­ты ол 35-ке толға­нында. Қайран ақын жүрегi ендi он жылдан кейiн – қырық бес жасында өмiр­мен қошта­сарын қалай сезiп-бiлгенiне таң қаласың. Содан берi де 35 жыл өтiптi-ау?! Мұқағали Мақатаев бо­дандықтан бордай тозған қазақтың ба­сына   қара бұлт үйiрiлген қатыгез жыл­­дарда дүниеге келдi. Ол бабалары – Хангелдi, Райымбек батырлардың жо­рық сарындарын, 1916 жылғы қанды қырғын – Албан көтерi­лiсiнiң халық жадындағы жоқтауын, 1931 жылдың аштық зарын жөр­гегiнде жатып тыңдады. Мұның аяғы 1941 жылғы   жесiрлер мен жетiмдер за­ры­на ұласты. Бала Мұқа­ғали осының бәрiн де өз жүрегiнен өткiздi. Соғыс жылдарындағы ауыл суретiн, ондағы адамдар тағдырын, әсiресе әйел­дер қасiретiн, олардың аласапыран iшкi жан­дүниесiн Мұқағалидай кең қамтып, же­рiне жеткiзе жыр­лаған ақын жоқ. Осы тақырыпқа жазылған Қа­сым Аман­жо­ловтың «Ақын туралы аңыз», «Дариға, сол қызынан»  кейiнгi клас­си­калық шы­ғар­малар  – Мұ­қа­ғалидың жаралы жүрек­тердi жұбатқан шерлi жыр­лары болды. Су сұраса сүт берген, айран берген, Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем? Қарғаның валетiндей едiрейiп, Қасыңа мына бiреу қайдан келген? Осы бiр шумақтың өзiнде қаншама шытырман тағдыр, өксiктi өмiр, өкiнiш пен қайғы, сағыныш пен сабыр  жатыр. «Күр­кiреп күндей өттi ғой соғыс», деп Қасым ағасы айтқандай, соғыстан соңғы 20-30 жылдың  көлемiнде қазақ жыры қа­на­тын кеңге жайып, көркемдiк биiкке құ­лаш ұрды. Кеңестiк қатал саясаттың қат­пар-қатпар тоңы жiбiп, жылымық бiлiне бастаған сол тұста аға буын – Сырбай, Жұбан, Хамит, Қалижан, Қуан­дық, Мұза­фар, Ғафулардың iзiн баса әдебиетке Тұманбай, Қадыр, Сағи, Жұме­кен, Төле­ген, Фариза бастатқан таланттар тобы келдi. Солардың бел орта­сында бапсыз шапқан жүйрiктей буырқана бу­санып, тұрпаты бөлек марқасқа Мұқа­ғали да жүрдi. Сөз танитын жұрт Мұқа­ғалиды бiр­ден мойындады. Рас, қызға­нышқа бой алдырған кейбiреулер мойындағысы кел­медi. Бiрақ, арнасына сыймай тасып аққан қуатты талант кедергiлдердiң бәрiн күн­дер өте келе бұзып-жарып, поэзияның шек­сiз де  шал­қар айдынына жөңкiле жол тарт­ты. Оның таудың таза ауасындай, жiбек сама­лындай, тұнық бұлағындай мөлдiр жыр­ларынан туған халқы мейлiн­ше су­сындады. Мұқағали поэзиясы –  сан қыр­лы гауһар тастай төңкерген сайын төгiлiп, алуан түрлi сәуле шашатын ғажайып поэзия. Ол ХХ ғасыр поэзия­сының әлем­дiк алып­тары – Пабло Неруда, Гарсио Лор­ка, Расул Ғамзатов, Олжас Сүлей­ме­нов, Евгений Евтушенко, тағы басқа­лармен үзеңгi қағыс­тырып, иық теңес­тiрген, ұлы Дан­тенiң шы­ңына ой қанаты талып жететiн «Құдiреттi коме­диясының» өзiн туған тiлiмiзге тәржi­малап жеткiзген қазақ әдебиетiнiң аса iрi өкiлi. Мұқағали өзiнiң ана сүтiмен қанына бiткен қазақтың қара өлеңiн пiр тұтты. Туған тiлiн ту етiп көтердi. Халқының асыл қасиеттерiн бесiкте жатып бойына сiңiрдi. Өз ұлтын жан-тәнiмен сүйе бiлдi. Ұлы сағыныштан, ұлы махаббаттан, ұлы жүрек­тен ғана ұлы жырлар туатындығын тағды­рымен де, өлеңiмен де дәлелдеп кеттi. Батар, кетер келмеске күнiм менiң, Қалар бiрақ киелi тiлiм менiң Қасiреттi шақтардан түңiлгенде, Қасиеттi тiлiмнен түңiлмедiм, – деп жырлады Мұқағали. Кiмнен түңiлдi, неден түңiлдi? Осыған бiр ой жiберiп қарайықшы, ағайын. Кейбiр естелiк айту­шылар: «Ойбай, Мұқағали анадан қия­нат көрдi, мынадан жапа шекті», деп жатады. Ақын да ет пен сүйектен жа­рал­ған пенде. Мынау қым-қуыт тiршi­лiкте бiреулерге өкпелеген шығар, бi­реуге ренжiген болар. Тiптi тұрмыс тау­қыметiн де көрген шығар. Оны кiм көрмедi? Екi қазақтың бiрi көрдi. Оған бола түңiлетiн Мұ­қағали емес. Бiз бiлетiн Мұқа­ғалидың мұңы жеке бастың күйiнiшi емес, одан әлдеқайда тереңде жатыр. Мұқағалиды бiз әлi толық түсiнiп болғанымыз жоқ  деуi­мiздiң себебi де сонда. Рас, Мұқағали өз дәуiрiн барынша жарқы­рата жыр­лаған ақын. Алайда, оның да айта алмай кеткен, айтса да тұспалдап қана айтып, өзiмен бiрге ала кеткен асқақ арманы қаншама?! Оның өз заманының қалы­бына сыймай, тарпаң мiнез таны­тып, айналасынан түңiлуi – ұлт азат­тығына деген iңкәрлiк едi.  Мұны кезiн­де бiреу түсiндi, бiреу түсiнбедi. Мұқағалидың басты қасiретi мiне, осында. «Қасiреттi шақтардан түңiл­генде, Қасиеттi тiлiм­нен түңiлме­дiм», деуiнде үлкен мән бар. Тәуел­сiздiк қол жетпес қиялдай көрiн­ген Мұқағали ғұмыр кешкен кеңестiк кезеңде қазақ ұлтының туған тiлден бас­қа таянышы да, үмiтi де қалмаған едi. Оның: «Айтып өткен ақында арман бар ма?» деп өкiнiш бiлдiруi де сон­дықтан. Мағжандар болса, айтарын айтып, атылып кеттi. Қит етсең, қиып түсетiн алмағайып заман кейiнгi ақын­дарды ауыз бағып, аңдап сөйлеуге мәж­бүр еттi.  Бұл тұрғыдан алғанда, Аманжолов пен Мақатаев тағдырлас. Қасым өзi туралы толғауында: «Арпа­лыс, ала­құйын заманалар, арбасып тұрып алды мен не етемiн?» – деп назаланды. Түсiн­­ген адамға ол өлiм мен өмiр орта­сында жатқан сәттегi өзiнiң жанталасы емес, алақұйын, арпалысқан заманалар кесiрiнен тәлкекке түскен тәуелсiздiк тағдырын бүркемелеп жеткiзiп отыр. «О, Бостандық, мен сенi Құдай кө­рем!» – деп жазды Мұқағали  «Чили – шуағым менiң» поэмасында. Мұқа­ғалидың да Чили халқының тағдырын жырлаған болып, өз халқының азат­тығын көксеп отырғандығы күмәнсiз. Алайда, олар тәуелсiздiктiң түбiнде бiр келерiн сезiп бiлдi: Сен неткен бақытты едiң, келер ұрпақ Қараймын елесiңе мен таңырқап! – дедi Қасым. Бiлемiн, керемет бiр күн келедi! Жайнайды жасыл бағым, гүлденедi! – дедi Мұқағали. Айтқандары айдай келдi. Осыдан кейiн мұндай ақындарды қалай әулие демессiң! «Қазақ поэзиясына Ұлы Отан соғы­сы Қасымның «Ақын туралы аңызын» бердi. Ондай поэма туғыза алмаған қазақ – халық болып та таныл­мас едi. Мен осындай сөздi Мұқағали және оның ең ғажап соңғы шығармасы «Жан азасы» деп аталатын реквиемi туралы да айтамын. Мен Қа­сымның поэмасын оптимистiк трагедия деп атағанмын. Мұқағалидың «Реквиемiн» де солай оптимистiк трагедия деп атаймын. Бiз өмiрдi сүюдi, оны биiк поэзияға айнал­дыруды осы екi ақыннан үйренуiмiз керек» – дедi Мұқағалидың 1982 жылы шыққан екi томдығына жазған алғы­сөзiнде қазақ­тың абыз ақыны Әбдiлда Тәжiбаев. Бұл пiкiрге бiз де қосыламыз. Себе­бi, Мұқағали – қазған сайын терең­дей беретiн шыңырау, көсiлген сайын көк­жиегi кеңи түсетiн шексiздiк. Оның қанатты әнге айналып, қазақ аспанында самғап ұшып жүрген жырларының өзi неге тұрады! Ол эпикалық жанрда да шашасына шаң жұқтырған жоқ. Саяси тақырыпқа жазылған поэмаларының өзi ешқашан құнын жоймайтын, уақыт өткен сайын жарқырай түсетiн, тот басуды бiлмейтiн асыл туындылар. Той үстiндегi шағын сөзiмiзде бәрiн қамтып айту мүмкiн емес. Тәубе дейiк, ағайын! Мұқағали аң­саған керемет күнге ол жетпесе де төрт құбыламыз түгел, мiне, бүгiн бiз­дер жетiп отырмыз.  Ол керемет күннiң аты – Тәуелсiздiк! Бүгiн менiң туған күнiм ой, бәлi-ай, Мына жұртым неге жатыр тойламай? Бiр той жасап берер едiм өзiм-ақ, Тәңiрiмнiң жарытпай-ақ қойғаны-ай! – деп налыған Мұқағалидың Хан­тәңiрi бөктерiнде  – Шалкөде жайла­уын­да шалқытып тойын жасап жатқа­нымыз да түптеп келгенде Тәуелсiз­дiктiң арқасы. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Астанада – Президенттiк Мәде­ниет орталығында Мұқағалиға арнал­ған кеш өткiзiп, сол кештiң атын «Қазақ жырының Хан­тәңiрi» деп атап, Мұқа­ғалиды тұңғыш рет Хантәңiрiге теңегенбіз. Осы айт­қаным – айтқан! Олай болса, Тәуел­сiздiгiмiз баянды болғай, Елiмiз, елтұтқасы – Елбасымыз аман болғай, Хантәңiрiнiң бөктерiнде туып, өзi де қазақ жырының Хан­тәңiрiне айналған Мұқағалидай аруақ­ты ақыны­мыздың рухы жас ұрпаққа жар болғай, киелi қара өлеңнiң алтын кiндiгi мәңгi үзiлмегей деп тiлейiк. Несiпбек АЙТҰЛЫ,  ақын, Қазақстан Жазушылар одағы М.Мақатаев атындағы сыйлығының лауреаты.