30 тамызда елордадағы «Қазақ елі» монументі жанындағы бас алаңда ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының 16 жылдығына арналған әскери парад өтеді. Оған қатысуға Астанаға барлық гарнизондардан әртүрлі әскер түрлері мен тектерінен, Қарулы Күштердің өңірлік қолбасшылықтарынан сарбаздар келіп жетті. Бұл әскери қызметшілерді уақытша шоғырландыру үшін 40-шы разъездегі 68665 әскери бөлімнің жанынан далалық лагерь бой көтерді. Дайындық күн сайын өткізілуде.
Шатырлы қалашық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Жауынгерлер үшін далалық асхана жасақталып, үш мезгіл тамақтандыру ұйымдастырылған. Медициналық бекеттер мен монша жұмыс істеп тұр. Бір сөзбен айтқанда, 170-тен астам шатырдан тұратын бұл жер шағын қалаға ұқсайды.
30 тамызда Астана тұрғындары мен қонақтарына төл әскеріміздегі қару-жарақ пен жауынгерлік техника түрлері көрсетілетін болады. Елорда аспанында әскери ұшқыштар жоғары пилотажды қимылдар жасайды.
Әскерилер қазір өз шеберліктерін шыңдау үстінде. Күнделікті сап дайындығы олардан түзу жүрудің әрбір миллиметрлік есебін талап етеді. Осы аптадан бастап сарбаздар бойындағы бес қаруымен сап дайындықтарын жасауға кірісті.
Отаншыл рух пен патриоттық сезімді ту еткен қазақстандық әскери қызметшілер өздеріне жүктелген жауапкершілікті дұрыс түсінеді. Олар өздеріне қойылған міндеттерді сәтті орындап шығатындықтарына нық сенімді.
Қазақстан Республикасының 20 жылдығына арналған парадқа әскери қызметшілер үлкен жауапкершілікпен келіп отыр. Бұл секілді маңызды іс-шараларға әзірлік жауынгерлердің сап дайындығын шыңдай түсері анық. Әрі әскерлер парадына үздіктердің ғана тартылатыны ақиқат.
Биылғы әскери шерудің кең көлемде әрі қызықты өтетініне сенім білдіруге болады. Себебі, бұл іс-шара ел тәуелсіздігінің жетістіктерін паш етпек.
Оксана ПАРПУРА, Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің қызметкері.
Суреттерді түсірген Ермек САРБАСОВ.