• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
04 Тамыз, 2011

Косовоға 700 әскер жіберілмек

292 рет
көрсетілді

Сербия мен Косовоның арасындағы шекарадағы ахуалдың шиеленісе түсуіне байланысты Германия халықаралық бітімгершілік контингентті күшейту үшін өңірге 550 әскери қызметші жібермек. Оған қоса Австрияның да 150 әскери қызметшіні жіберетіні белгілі болып отыр. Немістер мен австриялықтар оперативті резерв батальонының құрамына енбекші. Операция 30 күнге есептелген. Бірақ жағдай нашарлай түссе, оның мерзімі ұзартылатын болады. Қазіргі уақытта Косовода НАТО-ның 5500 әскерилері бар, олардың 900-і немістер.   Ереуілшілерге ақша не үшін берілді? Француз үкіметіне Ливия басшысы Муамар Каддафиге тиесілі 259 миллион дол­ларды ереуілшілерге беріп жібе­рудің қан­ша­­лықты заңды екенін дә­лел­деуге тура келеді. Ливия үкіметінің мүддесін қорғайтын француз адвокаттары Ролан Дюма мен Жак Вергес Франция сыртқы істер министрі Ален Жюппеге осындай талап қой­ыл­ған ресми сауал жіберген. Жақында өт­пелі ұлттық кеңес өкілі Мансур Сейф ан-Насрмен Париждегі кездесуде Ален Жюппе Каддафидің есеп-шот­тарын «босату» үде­рі­сінің аяқ­тал­ғанын айтқан болатын. Сондай-ақ, ол 259 миллион дол­лардың ереуілшілерге берілетінін растаған. Ал адвокаттар болса БҰҰ шешімімен «тыйым салынған» қар­жының ереуілшілерге қандай негізде берілгенін түсіндіруді талап етуде.   Ұшақ апатқа ұшырады Бразилияның Санта-Катарина штатында ұшақ­тың құлауы салдарынан 5 адам қаза тапқан. Көлік құралының бортында болған тағы 3 адамның тағ­дыры әзірге белгісіз күйінде қалып отыр. Апатқа ұшыраған ұшақ Бразилия қарулы күштеріне тиесілі көрінеді. Апат көлік құралы халық аз қоныстанған таулы аймақтың үс­ті­нен ұшып бара жатқан кезде орын алған. Оқиғаның анық-қа­ны­ғын ел астанасынан келген мамандар анықтайтын болады.   Түркия әзербайжанды жақтайды Түркия Таулы Қарабақ мәселесінде Әзербай­жан­мен бірге болған және бола береді, жанжал реттелгенге дейін Армениямен арадағы шекараны аш­пай­ды, деп мәлімдеген Түркияның Әзербайжандағы елшісі Хулуси Кылыч. Түркия Әзербайжанның басып алынған аумақтарын босатуды талап етеді, бұл тек біздің ғана емес, сонымен бірге бүкіл халықаралық қоғамдастықтың талабы. Әзер­бай­жанның басып алынған аумағын босатуға қатысты БҰҰ-ның 4 қарары бар, біз Арменияны өзге ештеңе емес, тек сол қарарды орындауға шақырамыз, деп атап көрсеткен Кылыч.   Еуропаны нацизмнен құтқарған кім? Кеңес одағы Еуропаны асқан зұлымдық – Герма­нияның нацистік режімінен құтқарды, деп атап көр­сеткен Қазіргі заманғы даму инсти­тутының бас­қар­ма төрағасы Игорь Юргенс «Российские вести» ап­та­лығына берген сұхбатында. Оның айтуынша, бірқатар еуропалық елдердің КСРО-дағы сталиндік режімді Германияның нацистік режімімен салыстыруы барынша саясиландырылған, тарихи шын­дыққа негізделмеген мәлімдеме. Шындығында Германия билігіне нацистер келген сәттен бастап, Мәскеу Берлин режіміне үнемі қарсы шығып отырған. 1838-39 жылдары Мәскеу фашистік Германияға қарсы альянс та ұйым­дастырмақ болған. Бірақ Франция мен Ұлыбритания ондай қадамнан бас тартқан.   Апат құрбандарына өтемақы төленеді Жапония парламенті атом апаты құрбандарына өтемақы төлеуге тиіс «Фукусима» АЭС-нің оператор ком­паниясы TEPCO-ға көмек көрсету жоспарын қуаттады. Үкімет өз тұрғын үйлерін тастап шығуға мәжбүр болған және басқа да зардап шеккен 80 мың адамға өтемақы төлеу үшін жаңа қор құрмақшы. Заң жобасына жапон үкіметі де, оппозиция да бірдей қолдау көрсеткен. Қабылданған құ­жат­тың мақсаты Токио қаласын электр жарығынан ажы­ратпай-ақ құрбандарға өтемақы төлеуді қамтамасыз ету.   Бетті бүркемелеуге тыйым салмақшы Италия парламентінің комитеті әйелдердің бөгде адамдар бар жерде беттерін жабуына тыйым сала­тын заң жобасына қолдау көрсетті. Премьер-министр Сильвио Берлус­ко­нидің оңшыл орта коалициясынан қолдау тауып, оппозицияның қарсылығына кезіккен заң бетті жабатын барлық киімдерді киюге тыйым салады. Италия парламенті оны жазғы демалыстан кейін қарамақшы. Заң қабылданған жағдайда оны бұрмала­ған­дарға 150-300 еуро көлемінде айыппұл салынып, сонымен бірге қоғамдық жұмыстарға жіберілмек.   «Кедергісіз орта» үкімет үйінен басталмақ Ресей премьер-министрі Владимир Путин мүм­кін­діктері шектеулі жандар үшін кедергісіз орта құруды Үкімет үйі ғимаратынан бастау жөнінде тапсырма берді. Сонымен бірге Путин осы іс-шараны үкіметтің резервтік қорынан қаржыландыру жөнінде қаржы министрлігіне тап­сырма да берді. Ресей үкі­­метінің басшысы мұндай тапсырманы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Голи­ко­ваның 2011-2015 жылдарға арналған «Қол­жетімді орта» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы туралы баяндамасынан кейін беріп отыр. Интернет материалдары негізінде әзірленді.