• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
04 Тамыз, 2011

Зобалаң немесе қапасқа қамалған рух

1251 рет
көрсетілді

Кенесарының есімі патшалы Ресей кезінде де, кеңес өкіметі жылдарында да жабық тақырып бо­лып келді. Себебі, Кенесары қолына кару алып, қар­сы кү­рескен патша отаршыларының саясаты жаңа дәуір­де сыртқы формасы өзгергенімен де маз­мұн-мәні жаңа­ша социал-империялық сипатта жалғасын тапты. Өйт­­кені, «біртұтас совет халқы­ның» күшімен коммунизм кұруды көздеген компартияға ұлт-азаттықты аң­саған Кенесарылар рухы аса кауіпті еді. Кеңес өкіметі жылдарында жүзеге асқан халықтың ұлттық санасын өшіру мақсатымен ойлап шығарылған небір «ғылыми теориялар», идеологиялық жұмыстар өз «жемісін» бермей қойған жоқ, жүзге жуық ел тілінен айырылып, ұлттық болмысын жоғалтып, ассими­лия­цияға түсіп, «совет халқына» айналып кетті. Әупірім­мен қазақ халқы мұндай күйден әрең-әрең аман қал­ды десек, аман сақтап қалған – кезінде Кенесарылар ту ғып көтерген қазақтың өміршең ұлттық рухы-тұғын. Қанша күшті болғанымен де совет өкіметі қа­зақ­тың ұлт-азаттық күреске толы тарихын өшіре ал­мады. Ресми түрде жабық болғанымен жүрек­терде жазылып қалған Кенесары туралы аңыз-жырлар неше ұрпақтардың ұлттық сана-сезімдерін оятып, рухани жағынан байыта түсті. XIX ғасырда туған көптеген жыр-дастандарды былай қойғанның өзінде кеңестік кезеңде де Кенесары туралы бірнеше еңбектер жарық көрді. Солардың ішінде М.Әуезовтің «Хан Кене» (1934) пьесасын, Е.Бек­махановтың «XIX ғасырдың 20-40 жылда­рын­да­ғы Қазақстан» (1947) атты монографиясын, І.Есенбер­линнің «Қаһар» романын ерекше атауға болады. Соғысқа дейінгі дәуірде КСРО-ны мекендеген халықтардың барлығында дерлік ұлттық батырлар болмады. Ол, әрине, жоқтықтан емес. Ұлттық ба­тыр­лардың болуы совет өкіметінің ұлттарды мәң­гүрт­тендіріп, бағынышты етіп ұстау саясатына қай­шы келгендіктен де ресми түрде олардың барлығы да ескішіл, кертартпа деп жарияланды. Осындай саясаттың салдарынан қазақтың бай ауыз әдебиеті, оның ішінде, әсіресе батырлар жыры түгелге жуық халыққа зиянды деп танылды. Елуінші жылдардың соңына дейін «Қамбар батыр» жырынан басқалары түгелдей дерлік реакцияшыл саналып келді. Орыс отаршыларына қарсы күрескен Кенесары түгілі, эпостық жырлардың күйінің өзінен-ақ сол кездегі әдебиет, мәдениет, ғылым саласындағы идеоло­гия­лық саяси ұстанымды толық аңғаруға болады. Өткеннің, ұлттық атаулының барлығын сыпы­рып тастап, алдымен социализм, соңынан коммунизм құрамыз деп, халықты жылтыр сөзбен жы­лы­тып, семіртіп жатқан кезде Ұлы Отан соғысы бас­та­лып кетті. Жауды жеңу үшін советтік патриотизм туралы құрғақ сөздердің аздық ететіндігі байқалды. Қиын-қыстау кездерде халықтың рухын көтеретін ұлы күш ұлт батырларының ел қорғаудағы ерліктерін үлгі ету қолға алынды. Осындай мақсатпен бұрындары «жабық» болып келген ұлттық батырлар тақырыбы жедел қолға алынып, насихаттала баста­ды. Қазақ жауынгерлеріне Алпамыс, Қобыланды сияқты батырлардың ел қорғау жолындағы ерліктері үлгі етілді. Міне, осындай кезде қазақтың ұлттық ба­тыры ретінде орыс отаршылдарына қарсы күресте ерен ерліктер жасап, жанқиярлық істер атқарған Ке­несары Қасымұлының есімі де жарқ етіп шыға келді. Отан соғысы басталғанда, бір топ орыс тарих­шы­лары Алматыға қоныс аударып, еңбек етті. 1943 жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихын» жа­зысуға белгілі орыс ғалымдары Греков, Дружинин, Кучкин, Бернштам, Панкратова, Вяткин атсалысты. Оның редакциясын М.Әбдіқалықов пен А.Панкратова басқарды. М.Әбдіқалықов сол кездегі Қазақ­стан компартиясы Орталық комитетінің идео­логия жөніндегі хатшысы да, ал А.Панкратова КСРО Ғылым академиясы Тарих институтының жетекші ғылыми кызметкері, ғылым докторы (1951 жылдан академик) белгілі ғалым болатын. Авторлар ұжымы­ның құрамындағы М.Әуезов, С.Мұ­қанов, Е.Ыс­майылов, Б.Кенжебаев тарихтың түрлі та­рауларын жа­зысты. Осы кітаптың Кенесары Қасы­мұлы бас­та­ған қозғалыс туралы тарауын жазған Воронеж педагогика институты жоғары партия мектебінде оқып келген жас тарихшы, ғалым Ермұхан Бекмаханов еді. «Қазақ ССР тарихы» шығысымен-ақ ұлт рес­пуб­ликаларының тарихын тұңғыш зерделеген елеу­лі еңбек ретінде одақтық ғылымда жылы қа­был­данып, бірден Сталиндік сыйлыққа ұсынылды. Бірақ шовинистік рухтағы профессор А.Яковлев бастаған бірсыпыра тарихшы ғалымдар қарсы шығып, кітап сыйлыққа ілінбей қалады. Бұған наразы болған А.Панкратова партияның Орталық ко­митетіне хат жазып, еңбекті қайта талқылау үшін жетекші ғалымдардың кеңесін шақыруды ұсынады. Бұл жиын 1944 жылдың мамыр-шілде ай­ларында бірнеше күнге созылды. Кеңестің жұ­мы­сына сол кездегі жетекші тарихшылардың көп­ші­лігі қатысқан. Жиынды ВКП(б) Орталық коми­теті­нің хатшысы А.Щербаков жүргізіп, тал­қы­лау­ға А.Жданов пен Г.Маленков қатысып отырады. Талқылаудың барысында екіұдай пікір бой көр­сетті. А.Панкратова, Б.Греков, Н.Державин сияқ­ты ғалымдар «Қазақ ССР тарихын» дұрыс зерделенген маңызды еңбек деп бағалады. Ал А.Яковлев, С.Бушуев бастаған тарихшылар бұл еңбек орысқа қарсы жазылған кітап, өйткені, мұнда Кенесары қозғалысы сияқты ұлт-азаттық күрескері дәріптеледі деп айып­тады. Бүкіл идеологиялық жұмыстарда қыра­ғылық танытып жүрген А.Жданов, Г.Маленков, А.Щербаковтар да соңғы пікірдің жағында кетті. Сөйтіп, «Қазақ ССР тарихына» лайықты бағасын аламыз деп жүргенде, керісінше, «орысқа қарсы» деген үл­кен саяси айыптаудың шетін шығарып алады. Бұл кез соғыстан кейінгі идеологиялық қысымның қызуы қайтадан көтеріліп келе жатқан тұс еді. Мұ­ның алдында қазақтың өткендегі батырлары, эпос­тық жырлары туралы бірсыпыра зерттеу, насихаттық мақалалары жарияланып келсе, енді сап тыйыл­ғандай болды. Мұның өзі жеңетін жауды жеңдік, енді ұлт­тық рухты оятатын батырлардың, өткеннің эпос­тық жырларының керегі жоқ дегенді аңғар­татын. Өйт­кені, олар әр түрлі ұлттарды күшпен ба­ғын­­ды­рып отыр­ған совет өкіметінің идеологиялық ұс­та­ным­дарына қайшы келе бастаған еді. Соғыс кезінде бар күш-жігер фашизмді жеңуге бағытталып, ұлт­тық тарихты, мәдениетті, әдебиетті зерттеуге, дамы­ту­ға көңіл бөліп, сол арқылы қиын-қыстау кезде жан­қиярлықпен тіршілік кешіп жатқан халықтың еңсесін көтеріп келсе, ендігі жағдайда идеологиялық жұмыстардың алдына жаңа міндеттер қойыла бастады. 1946 жылы күзде Е.Бекмаханов Мәскеуде КСРО Ғылым академиясының Тарих институтын­да докторлық диссертациясын қорғайды. Келесі жылы «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қа­зақ­стан» атты негізінен Кенесары көтерілісіне арналған монографиялық зерттеуі жарық көреді. Сөйтіп, Е.Бекмахановтың алғашында 1943 жылы шыққан «Қазақ ССР тарихына» Кенесары қозға­лы­сы туралы тарау жазуы, осы кітапты талқылау барысында негізгі сындар ұлт-азаттық қозғалыс­тар­ға байланысты айтылғанына қарамастан, бұл тақырыпты әрі қарай тереңдете зерттеп, алдымен докторлық диссертация қорғап, Мәскеу ғалым­дары­на тарихи шындықты ғылыми тұрғыдан та­нытуы, соңынан зерттеулерінің нәтижелерін жеке кі­тап етіп бастырып шығаруы халқымыздың ұлт­тық сана-сезімін оятуда тарихи маңызы бар іс болды. Қазақ зиялыларының ішіндегі ұлтшылдарды, бур­жуазиялық идеологияның ықпалындағыларды «әшкерелеу» қарқын ала бастағанда, Е.Бек­ма­ханов­тың «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарын­дағы Қазақ­стан» атты кітабының басылып шығуы жанып жат­қан отқа май құйып жібергендей болды. Ұлт­шылдарды қай жерден тауып қалар екенбіз деп тіміскілеп жүрген әсіре саясатшылар үшін бұл жерден жеті қоян тапқандай «олжа» еді. Жалған белсенділер жеңді түріп, алақанға түкіріп шыға келді. Солай бола тұра, бұл кітап шыға салысымен оған ре­цензия жазған тарих ғылымының кандидаты Ә.Жи­реншиннің еңбекті «Қазақстан тарихының күр­делі мәселелерінің біріне арналған бұл кітап — аса бағалы және пайдалы еңбек», «бұл кітап Қазақ­стан­ның XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы тари­хын маркстік-лениндік ғылыми методология негізінде зерттеудің бастамасы болып табылады» («Социалистік Қазақстан», 14.ХІІ.1947) деп бағалағаны сол кездің саяси ахуалы жағдайында күтпеген ерлік еді. Ол Е.Бек­махановтың қазақ тарихының аса бір күр­де­лі кезеңі туралы құнды еңбек жазғанын ғылы­ми тұр­ғыдан дәйектей келіп, Кенесары қозғалысы ха­қын­да да автордың концепциясын қолдай­тын­ды­ғын «Кенесарының саяси талаптары жағынан ал­ған­да да оның көтерілісі прогресшілдік қозғалыс бол­ды. Қазақ хандығын орнатып, Кенесары әкім­шілік, сот, жер, финанс, әскер жөнінде реформалар жасады, бұл реформалардың прогресшілдік маңызы болды» деп білдіреді. Көп күттірмей-ақ «Лениншіл жас» газетінің (31.01.1948) бетінде М.Ақынжанов пен Т.Шойын­баев­­тың «Саяси қате, ғылыми құнсыз кітап» атты мақа­ла­сы жарқ ете қалады. Тарих ғылымдарының канди­дат­тары Е.Бекмахановтың кітабын бастан-аяқ қара­лай­ды. Партия қаулыларын басшылыққа ала отырып жазылған рецензияның негізгі бағыты Кенесары қозғалысын феодалдық-монархиялық си­патта, яғни күні өткен хандық құрылысты қал­пына келтіру екендігін дәлелдеу болған. «Бекмаханов Кенесарыны ең­бек­ші халықтың қорғаны, ұлт баты­ры деп мадақ­та­ған буржуазияшыл ұлт­шыл­дарды большевикше әш­ке­релеудің орнына, біле тұрса да кітабында буржуа­зия­шыл ұлт­шыл­дардың сол сан­ды­рағын тура қай­та­лады»; «Кенесары халық мүддесі үшін жанын қиған, халықтың қорғаушысы болған деп, автор нағыз идеалистікке ұрынды»; «Кенесары патшалық Ресейге қарсы күрес ашумен өзінің хандық мүддесін қорғап қалмақ болды. Бұл үшін ол халықтың отаршыл саясатқа наразылығын пайдаланып, ол наразылықты патшалық Ресейге қарсы жұмсамақ болды», «Азат еткенде олар Қазақстанды басқаруды хандар мен сұл­тандардың қолына беріп, қазақ халқын соларға бағыныруды көздеді. Міне, феодальдық-монархия­лық ұлтшыл­дық­тың бір түрі», «Кенесары Қасымов­ты соншама дәріптеп, оның қанаушы озбырлығын те­рең талдауды жадынан шығарған. Сөйтіп, Кене­сары­­ның хандық мүддесін қорғауын бұқараның мүд­десін қорғауы деп білген. Осының салдарынан Кене­сары бұқараның мүддесін корғаған халық қам­қор­шысы болып шыға келген»; «Кенесары ханды «халық батыры», «бұқараның көсемі» деген дәре­же­ге дейін жеткізгісі келеді. Бұл еңбектің басынан ая­ғы­на дейін Кенесары хан дәріптеліп, оның батыр­лы­ғы асыра мақталады» дей келіп, «Егер Кенесары дегеніне жетіп, хандығы дәуірлесе, Қазақстан Ресейдің озат экономикасы мен мәдениетінің дамыған ық­палынан сырт қалып, томаға-тұйық тоңазыған болар еді... Қазақстанға шығыстағы күшті феодалдық мем­лекеттердің басып алу қаупі де төнген болар еді... «Қазақстан осы мемлекеттердің бірінің жемі болып құрып кетуі ықтимал еді» – деп, негізгі ойларын бір түйіндеп тастайды. Авторлардың «Кенесары хан­дығы нағыз кемеліне келген мемлекет болып еді деуі Бекмахановтың аңғалдығы, саяси қате. Қазақстанда тәуелсіз мемлекет – қазақтың Советтік Социалистік республикасы тұңғыш рет ұлы Октябрь социалистік революциясы арқасында ғана құрылды» деулерін шындыққа каншалықты жақын екенін шын тәуел­сіздіктің дәмін татып отырған бүгінгі көзі ашық азаматтардың өздері-ақ айырады деген ойдамыз. Алғашқы пікір екі ұдайда көрінген «XIX ға­сыр­дың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» туралы талас қыза түсті. 1948 жылғы 28 ақпан күні КСРО Ғылым академиясының Тарих инсти­ту­тын­да Е.Бекмахановтың монографиясына арнал­ған үл­кен пікіралысу болып өтті. Н.Дружинин, С.Батрушин, М.Вяткин, А.Кучкин, С.Юшкин сияқ­ты белгілі тарихшылар қатысқан жиналысты КСРО Ғы­лым академиясының Тарих және философия бө­лім­шесінің академик-хатшысы Б.Греков жүр­гізіп отырды. Талқылау­дың барысында орыс ға­лымдарының пікірі көп­теген кемшіліктеріне қарамастан, Е.Бекма­ханов­тың монографиялық зерттеуі елеулі еңбек дегенге сайды. Жиынға Алматыдан арнайы келген ғылым кан­ди­да­ты X.Айдарованың сөзінде сыни пікірлер басым түс­ті. Осы кітап жөніндегі Т.Шойынбаев пен М.Ақын­жановтың жазбаша пікірлері оқылды. Е.Бекмахановтың кітабын тарихшы ғалымдар­дың талқылауы мұнымен бітпеді. 1948 жылдың шіл­де айының 14-нен 19-ына дейін Қазақ ССР Ғы­лым академиясының Тарих институтында бес күн­ге со­зылған қызу пікірталас болып өтті. Талқы­лау­дың барысында үш түрлі пікір бой көрсетті. А.Нү­сіп­беков, Ә.Тұрсынбаев, Т.Елеуов, Х.Әділ­гереев, С. Мед­ведев, Т.Күлтелеев сияқты ғалымдар кемшіліктерін айта оты­рып, еңбекті негізінен оң баға­ла­са, И.Будовниц, Б.Аспандияров, т.б. сын-ес­керт­пе­лерді айтыңқы­ра­ғанымен де Е.Бекмахановтың негізгі концепция­ла­рын қолдады. Ал Т.Шойын­баев, С.Толыбеков, Х.Ай­дарова, В.Жизиевский, А.Нұр­қанов, Б.Сүлей­менов, М.Ақынжанов бастаған топ монографияның негізгі тұжырымдарын түгелдей жоққа шығарып, «бур­жуа­зияшыл-ұлтшылдық са­рын­дағы зиянды еңбек» деп бағалады. Пікіртала­су­дың соңында Е.Бекмахановқа сөз берілді. Ол өзіне айтылған кейбір ескертпелермен келіскенімен де негізінен өз еңбегінің басты ба­ғыт­та­рын, тұжырым­дарын қорғап сөйледі. Әсі­ре­се, Кене­сары қозға­лы­сы­на қатысты саяси тұрғыдан ай­тыл­ған сындармен келіспейтіндігін үзілді-кесілді білдірді. Осы талқылаудан соң тарихшылардың Кене­сары жайлы дау-дамайы сәл-пәл саябыр тапқан­дай болды. Бірақ бұл сырттай солай көрін­генімен де шындығында шешуші шайқастар алдындағы алдамшы тыныштық . Қырқыншы жылдардың соңы, елуінші жыл­дар­дың басына карай Сталиннің жеке басына та­бы­нушылыққа байланысты күшейе түскен идео­ло­гиялық күрес жағдайында Кенесары туралы ай­тыс­тың аяғы саяси сипат ала бастады. Мәскеуде, Алматыда өткен ғылыми пікіралысуларда өз мақ­саттарына жете алмаған кейбір тарихшы ға­лым­дар қалыптасып келе жаткан саяси ахуалды өз ниеттерін жүзеге асыру үшін пайдаланып қалудың кезі келгендігін сезініп, іске кірісті. «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» атты атышулы мақа­ла­ның «Правда» газетінде (26.XII.1950) шығуы осы теріс пиғылды ойды жүзеге асыр­ғандай да болды. ВК(б)П Орталық комитетінің органы «Правда» газетіне олай еді, былай еді деп ешқандай түсініктеме бе­руге, пікір айтуға, талқы­лауға болмайтын, оның жаз­ға­­ны тек пар­тияның сөзі, пікірі ретінде жүзеге асы­ры­ла­тын. Ал пар­тиялық газеттің атын, беделін пай­да­ланып мақала жазғандар Т.Шойынбаев, Х.Айдарова, А.Якунин болатын. Алғашқы екеуі Е.Бекма­хановтың еңбегі, Кенесары қозғалысы жайлы теріс пікірлерімен республика жұртшылығына белгілі, Мәскеуде, Ал­ма­тыда өткен ғылыми талқылауларда пікірлерін өткізе алмай, жеңіліс тапқан, баспасөз бетінде кітапты ғайбаттап мақала жазған тарихшы ғалымдар еді. Ал Т.Шойынбаевтың Е.Бекмаханов­тың шәкірті, аспи­ран­ты болғандығын айта кеткен де артық болмас. Ұлтшылдықты көркем шығарманың тақыры­бы­нан немесе идеясынан ғана емес, оның тілінен де іздеу әрекеті бұдан бұрын да байқалған бола­тын. Мұқаш Сәрсекеевтің «Әдеби тілдің таза болуы үшін күресейік» («Лениншіл жас», 26.01.951) атты мақаласында бірсыпыра қазақ қа­лам­герлері тілді қолдануға байланысты сыналған еді. «Ұлт­шыл­­дардың орыс мәдениетінен, әде­биеті­нен бой­ларын аулақ ұстап, араб-парсы сөз­дері­не құлшы­лық етуі қазақ әдебиетіне көп за­лалын тигізді... Бірсыпыра ақын-жазушыларымыз әлі күнге дейін термин сөз­дер­ден бойларын аулақ ұстап, қайтсе де қазақ­ша­лау­дың соңында жүр. Олар ескі, көне сөз­дерге, кө­біне араб-парсы сөздеріне көп жар­маса­ды» – деп білетін автор Ә.Тәжібаев, А.Тоқ­мағам­бетов, Ғ.Сланов сияқты жазушылардың Россияны «Ресей», Москваны «Мәскеу» деп қазақша­ла­ғанын, Ғ.Мұс­тафиннің философияны «пәлсапа», пиа­ни­ноны «күй­сандық», І.Есенберлин мен Д.Әбіловтің паро­возды «отарба», Ғ.Слановтың ко­мен­дантты «қор­ған­бек», Ж.Тілековтің барлау­шы­ны «жортарман» деп алуын қолдамайды. Кенесары туралы, қазақ әдебиетіндегі ұлтшыл­дық­қа, «буржуазиялық бұрмалаушылыққа қарсы күрес» қызып жатқан кез сол жылдың 16-17 қазан күндері Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің ҮІІІ пленумы болып, онда оның бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов «Республиканың партия ұйымда­рын­да идеологиялық жұмыстың жайы және оны жақсарту шаралары туралы» баяндама жасады. Енді бүкіл соғыстан кейінгі елуінші жылдардың бас кезіндегі республика өмірінің саяси-әлеу­мет­тік жағдайын­дағы идеологиялық жұмыстардың бағыт-бағдары, сыр-сипаты айқын көрінетін, сол кездегі қазақ зиялыларының (оның ішінде ақын-жазушылар да, әдебиетші ғалымдар да бар), ауыр тағдырларына тікелей қатысы болған, бұл күндерде сарғайған тарихи кұжатқа айналған Ж.Шаях­метов­тің баяндама­сына көз жіберейік. Қазақ әдебиетінде, оның ғылымында Кенесары қозғалысына байланысты «ұлтшылдық», «буржуа­зия­лық» бұрмалаушылықтардың орын алуына Қазақ ССР Ғылым академиясының президиумы, оның президенті Қ.Сәтбаев және Қазақстан Жазу­шы­лар одағының басшылығы айыпты деп тапты. «Қазақстан Совет Жазушылары одағының прези­диу­мы, оның председателі Мұқанов жолдас өз жұмыстарының тиісті дәрежесінде бола алмады. Мұқанов жолдас жазушылар ортасында большевиктік сын мен өзара сынды бастамай отыр. Жазу­шылар одағының принципі творчестволық сын мен өзара сынның орнына тамыр-таныстық қаты­нас­тар, қателер мен кемшіліктерді бүркеу орнаған. Осындай кеселді системаның салдарынан жазу­шы­лардың шығармалары талқыланбайды, қазақ әдебиетін дамытудың өмірлік маңызды мәселелері дер кезінде көтерілмейді, деп Жазушылар ода­ғы­ның, оның басшысы С.Мұқановтың басшы­лық жұмыстарын жоққа шығарды. Елуінші жылдардың бас кезінде қазақ зиялы­лары­на қарсы жүргізілген саяси науқанда сол кездегі Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтің рөлі жайында жазушы Ғ.Мұстафин кейіннен: «Шаяхметов жол­дас­қа жазушылардың тарқамайтын өкпесі бар. Ол кісі халқымыз сүйген жас әдебиетті сүйе білмеді. Егер сүйе білсе, пәлен жыл басшылықта отырғанда, ай­тар­­лық бірдеме істей де білер еді. Тұқыртуды ғана білді... Олар әдебиетті тек әкімшілік жолмен басқа­ра­тынын, әдебиеттің теорияларын зерттемейтінін Ке­не­сары мәселесінде тіпті айқын көрсетті. Кене­сары жайында халық пікірі ертеден екіұдай бола­тын. Шаяхметов жолдас газет бетінде Кенесарыны тіпті ұранға қосқан соң, жұртшылық партия пікірі екен деп қалды. Әдебиеттің барлық салаларында Кенесары тіріліп, түрегелді. Қателеспеген әде­биет­ші кемде-кем. Біреу аз, біреу көп қателесті... Шаяхметов.... ақыры айыпты басқаларға аударып, өзі шілдің бұққанындай бұға қалды» (Қазақ әде­бие­тінің жәйі және міндеттері. «Әдебиет және искусство»,1954, №10), деп жазуында да ащы шын­дық­тың сарғайған сілемдері көрінеді. Соғыстан кейінгі қиын кезде республика басшысы болған (1946-1954) Ж.Шаяхметовтің Сталиндік саясаттың жүр­гізу­шісі болғаны да рас. Түрлі қаулы-қарарлар шы­ғарып, жоғарыдан жел беріп отырған Мәскеудің нұс­қауларын орындамау сол кезде қалыптасқан сая­си ахуалда мүмкін емес. Ол республика бас­шысы үшін міндетті болатын. Ж.Шаяхметов те өз қыз­метінің міндеттерін заманына лайықты орын­дауға тырысты. Өзіне жүктелген қызметті орындау барысында жоғары жақтың қаһарынан қорыққан ол пленумда өзін-өзі сынауға дейін барды. Кенесарыға қатысты жүргізілген саяси нау­қан­ның барысында ең көп «таяқ жеген» ақын Қали­жан Бекхожин болды. Ақынның «Батыр Науан» (1940) поэмасын және «Кенесары-Наурызбайдың әде­биеттегі бейнелері» («Әдебиет және искусство», 1941, №5) атты мақала жазуы оның шығар­ма­шылығының төбесіне қара бұлтты қоюлата түсті. М.Сәрсекеевтің «Қ.Бекхожин шығарма­ларын­дағы ұлтшылдық сарын», («Социалистік Қазақстан», 22.VІІ. 1951) Т.Исмаилов пен С.Жұ­мағалиевтің «Қ.Бекхожин шығармаларындағы буржуазияшыл-ұлт­шылдық» («Әдебиет және искусство», 1951, №10), Мұқаш Сәрсекеевтің «Тағы да Қ.Бекхожиннің твор­чествосындағы қателіктер» («Лениншіл жас», 12.XII. 1951) сияқты мақала­ларының негізгі сары­ны ақын шығармашы­лығындағы ұлтшылдықты, буржуазияшылдықты дәлелдеу болды. Кенесарыға байланысты саяси науқанның ба­рысында бар «пәле-жала» Қазақ ССР Ғылым ака­­демиясына, оның президенті Қ.Сәтбаевқа да жа­был­ды. Қаныштың «Едіге батыр» жырына ал­ғы­сөз жазып, алғаш бастырып шығаруы (1927) оны «ұлтшылдар» қатарына бұрын-ақ қосып қой­ған болатын. Ал Кенесарыға байланысты оны қу­далау тіпті асқынып кетті. Қ.Сәтбаевты қуғын­даудың апогейі 1952 жылы сәуір айының 15-17-сі күндері болып өткен Ғылым академиясының жал­пы жиналысы болды. Оған Қазақстан компар­тия­сы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов қатысып, ұзақ сөз сөйледі. Ол академия­ның ғылыми жұмыстарында орын алған өрескел идео­логиялық «қателіктерге» көбірек тоқталды. Қ.Сәт­баев­қа тағылған негізгі кемшіліктер Қазақ ССР Ғы­лым академиясы президиумының бас ғылыми хатшысы Д.Сокольскийдің баяндамасында сынал­ды. Оған ғылыми мамандардың жетекшісі ретінде алқа алдында есеп бермейді, ғылым мен өнді­ріс­тің байланысын әлсіретіп жіберді, кадр таңдаудың сталиндік принциптерін бұзды, академияны іскерлік қабілеті жоқ, саяси жағынан сенімсіз адам­дар­ға толтырды. Сөйтіп, өкімет қаржысын далаға шаш­ты деген айыптар тағылды. Бұл жерде саяси жағынан сенімсіз деп отырғаны Е.Бекмаханов, Е.Ыс­­майылов, Қ.Жұмалиев, Е.Ділмұхамедов, А.Жұ­­банов, т.б. бо­латын. Жиналыс осындай кемшіліктерге жол бергені үшін Қ.Сәтбаевты қызметінен босатты. Қазақ қаламгерлерінің шығармаларында қап­тап кеткен «буржуазиялық бұрмалау­шылықтар» үшін Қазақстан Жазушылар одағы, оның президиум председателі С.Мұқанов қатты сынға алынды. Көп ұзамай-ақ жазушылар арасында коммунистік тәрбие жұмыстарын әлсіретіп, олардың советтік шындықты көркем бейнелеуіне дұрыс басшылық жасамай, «бур­жуазиялық бұрмалаушылықтарға» қар­сы кү­рес­ті өз дәрежесінде жүргізе алмаған­дығы үшін С.Мұ­қанов та қызметінен босатылып, оның орнына Жай­мұрзин жайғасты. Ақын-жазушы да, сыншы-ғалым да емес, философ Жай­мұрзиннің келуі Жазушылар одағындағы идео­ло­гиялық тәрбие, әшкерелеу жұмыстарын күшейту мақсатын көздеген болатын. Соғыстан соңғы сойқанның басты «кейіпкері» Е.Бекмаханов болса, 1951 жылы партиядан шы­ға­рылып, университеттегі жұмысынан қуылған соң, оған тіпті Алматы қаласында тұруға да рұқсат берілмегендіктен, ол Алматы облысының Нарынқол, Жам­был облысының Шу аудандарының мектептерінде тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Ақы­ры 1952 жылдың 5 қыркүйегінде Е.Бекмаханов тұт­қындалды. Оған мынадай саяси айыптар та­ғыл­ды: «1952 жылғы 5 қыркүйекте Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздігі министрлігі Бекмаханов Ермұ­хан­ды тұтқындап, оған антисоветтік қызметі үшін айып тақты. ССРО-да орнаған саяси құры­лыс­қа қарсы ниетте болған Бекмаханов Ермұхан­ның өзінің ғылыми қызметкер болған жағдайын пайдаланып, 1942-1952 жылдарда антисоветтік жұмыс жүргізгендігі анықталды. Өзінің «ғылы­ми» жұмыстарында ол Қа­зақстанның Россияға қо­сылуының маңызын бур­жуазияшыл-ұлтшыл тұр­ғыдан түсіндірді. Өзінің ұлтшылдық концеп­ция­сын негіздеуде Бекмаханов реакцияшыл ақын­дар­дың және совет халқының қас жаулары – алашор­да­шы­лардың деректерін пайдалан­ды. Онымен бірге өзінің таныстарының арасында антисоветтік үгіт жүргізді... Бекмаханов совет өкіметіне жау пиғылда бо­лып, 1942-1952 жылдары ұлтшылдық идеяларды насихаттап, антисоветтік үгіт жүргізгені үшін... РСФСР қылмыстық кодексінің 58-статьясының 10-бөлімінің екінші бөлігіне сәйкес айып та­ғыл­ды» (Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық архиві. Қор-23, тізбе-1, іс- 447, 1-2 беттер). Қазақтың саналы азаматтарының бәрі түрмеде шірір ме еді, кайтер еді, егерде 1953 жылдың нау­ры­­зында «халықтардың күн көсемі» И.В.Сталин қай­тыс болмағанда. Билік басына келген Н.С.Хру­щев И.В.Сталинді «жеке адамға табынушы­лық­пен» айыптап, ол жүргізген саяси қудалаулардың бар­лы­ғын партияның қателігі деп жариялады. Көп ұзамай Қазақстанның да басшылығы ауысты. Ж.Шаях­метов­тің орнына Понамаренко Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хат­шысы болып келді. Екі адамның оңаша сөйлесуі­нің өзі күдікті саналып келген Қазақстанда да оң өзгерістер жүре бастады. Нәтижесінде, 1951-52 жылдары сотталып, жер ауып кеткен Е.Ыс­майылов, Қ.Жұмалиев, Қ.Мұхаметханов, Б.Сү­лейменовтер түрмеден босап шықты. Б.Кенжебаев, Т.Нұр­та­зин, Ә.Қоңыратбаев, М.Қаратаев сияқ­ты азамат­тар­дың Алматыға оралып, ғылыми-шы­ғарма­шылық жұмыстармен айналысуына мүм­кін­дік туды. Уақытша Мәскеуде бой тасалап жүрген М.Әуезов республика басшылығының ар­найы шақыруымен елге оралды. Е.Бекма­хановтың да ісі қайта қаралып, 1954 жы­лы 16 ақпанда ақталып шықты. Ол өзінің бұрын жұмыс істеген университеттегі «Қазақстан тарихы» кафедрасына қайта оралып, ұс­таз­дық, ғылыми жұмыс­тарын жалғас­тырды. Қанша ауыр болғанымен де, абақтыдағы азапты жылдар Ерекеңнің сағын сындыра ал­мады. Ол өзінің бұ­рын­ғы ғылыми ізденістерін жал­ғас­­тырып, 1957 жылы КСРО Ғылым акаде­мия­сы­ның «Наука» баспасынан «Қазақстанның Рос­сияға қосылуы» (орыс тілінде) атты іргелі еңбегін жария­лады... Ғалымның қазақ тарихын зерттеудегі жемісті еңбегі ғалымдар тарапынан жоғары бағала­нып, ол 1964 жылы Қазақ ССР Ғылым академия­сының корреспондент мүшесі болып сайланды. Солай десек те, кезінде Е.Бекма­хановтың есімін Одақ ғалымдарына танымал еткен, кейіннен өзін ғана емес, бүкіл қазақ зиялыларын қуғындауға негізгі себептердің бірі болған «ХІХ ғасырдың 20-40 жыл­дардағы қазақ тарихы» (1947) атты  еңбегі совет өкіметі жыл­дарында басылым көрмеді. Тек еліміз егемендігін алғаннан кейін барып, орыс және қазақ тілдерінде жарық көріп, қалың оқырманның рухани игілігіне айналды. Сөйтіп, өткен ғасырдың қырқыншы жылдары­ның өзінде-ақ ұлтын сүйген азамат Ермұхан Бек­ма­хановтың отаршылдардың ойранынан аяққа тапталып қалған Кенесары-Наурызбайдың рухын қайта көтеріп, халқының ұлттық сана-сезімін оя­ту­ға бағытталған іс-әрекетінің аяғы бүкіл ұлт­жан­ды қазақ атаулыға қарсы бағытталған саяси науқанға әкеліп соқтырды. Бүгінде елінің елдік намысын көтеріп, отаршылдарға қарсы ту көтеріп шыққан ардагер азаматтың есімін білмейтін, оның елі үшін жасаған рухани ерліктерін мақтан тұт­пай­тын қазақ жоқ. Азаттық жолында Кенесарылар мерт болған ұлттың ұлы армандары бү­гінгі күндері салтанат құрып отыр. Оны туған халқы да ар­дақтап, ұлттық батыры санайды десек, қазір Астананың қақ төрінде, бір кездерде өзі ат ойна­тып, отаршылдармен ай­қас­қан Ертістің жа­ғ­а­сында Кенесарының зәулім ескерткіші ас­қақтап тұр. Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор.