• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
04 Тамыз, 2011

Шығыс даналығының ескерткіші

644 рет
көрсетілді

«Саясатнама» кітабына ден қойсақ Шығыстың, оның ішінде араб пен парсының рухани құнды­лық­тары қазақ халқына ежелден жақын болғандығы белгілі. Сонау «Мың бір түн», «Жүсіп-Зылиқа», «Рүстем-Дастан», «Ләйлі-Мәж­нүн­­дерден» бастап, «Тотының тоқ­сан тарауына» дейін баба­ла­ры­мызды таным бесігінде тербеткен даналық әлдиі солар еді. Абай данышпандығының бастауында тұрған үш қайнардың бірі де сол. Солардың ішінде сыртынан білгенмен, сырына қаныға қоймаған, әлі қолымыз толық жетпей жат­қан ақыл-ойдың асыл нұсқалары қаншама. Әне бір жылы Бей­ба­рыс сұлтан туралы арабтың ха­лық романы Елбасы пәрменімен жүремелете ілкімді тәржімеленіп қолымызға тигенде тағы бір жау­һарды өзіміздікі деп айта алар­дай олжалы болып қуанғанымыз да сондықтан еді ғой. Аты мы­сыр­лық болғанмен, заты түркі баба­мыз ұрпақтарының ортасына кітап, ескерткіш, асқақ рух болып оралған-ды сонда. Сол сияқты, парсы тілінде жазылғанымен, исі қазаққа төл туындыдай қабылданар рухы жақын шығармалардың бірі – «Саясатнама» кітабы. Ел басқа­ру­дың ежелден келе жатқан іліміндей бұл кітапты Низам әл-Мүлк Кіші Азияны бірнеше ға­сыр бойы билеп-төстеген сел­жұқ­тардың сұлтаны Мәлік шаһ­қа арнап жазған. Ал селжұқ­тар­дың тегі түрік екені әмбеге аян. Осы тұрғыдан келгенде осынау әдеби мұраны халқымыздың ой-санасын суарған бастау-бұлақ­тар­дың қатарында емін-еркін атай алсақ керек. Тарихқа сәл-пәл шегініс жаса­сақ, түркі-оғыз тайпаларын бас­та­ған ХІ ғасырдағы Ұлы Селжұқ сұлтандары Тоғрұл бек, Алып Ары­слан, Мәлік шаһтар өз билі­гінің аясына Қытайдан Жерорта теңізіне, Қап тауынан Йеменге дейінгі жерлердегі халықтар мен елдерді үйіріп ала білді. Мұндай кең байтақ мемлекеттік құры­лым­ның Таяу және Орта Шығыс­тағы әлеуметтік өмірді елеулі өзгерістерге ұшыратқан игі әсері жайлы оң пікір-пайымдар аз емес. Түркі жорығының осын­дай тарихи маңызына неміс ойшыл­дары Фридрих Энгельс пен Карл Маркс та жоғары баға бер­ген көрінеді. Мінеки, біз ай­тып отыр­ған «Саясатнама» жаңа­ғы­дай ға­ла­мат ғаламдық оқиға­лар­дың то­пы­рағында туып, тағы­лы­мын сіңірген құнды шығарма. Сон­дық­тан да ол орта ғасырлар би­леушілерінің басты оқу құ­ра­лы­на айналды. Ал, бүгінде ол әлемдік жауһарлар шоғырынан орын алса, мағына-маңызын жой­ма­ған Шығыс даналығының ескерткіші саналса, әділеті де сол. Патшаларға арналған өсиет кітабы «Саясатнаманы» Селжұқ, яғни түркі-оғыз дүниесінің ХІ ғасырдағы аса көрнекті мемлекет қайраткері Низам әл-Мүлк кезінде Мәлік шаһ сұлтанның пәр­мені­мен жазыпты. Сөйтіп, ол ел билеудің амалдарын ашқан пай­да­лы кеңестердің, ғибратты әфсана­лар­дың жинағы болып шыққан. Кітап авторы өзін-өзі сыйлайтын серке мемлекетте жан-жақты ор­та­лықтандырылған мығым үкімет болуы қажет деген көзқарас ұс­тан­ды. Мәлік шаһ кітапты ұната­ды. 51 тараудан тұратын еңбекте осы кезеңдегі мемлекеттің дәуір­леуіне жол ашқан ұтымды билік­тің қыр-сырлары кеңінен сөз етіледі. Сол кездерде әлем поэзия­сы­ның жа­рық жұлдызы Омар Хайям­ның өзіне ұстаздық һәм әке­лік қолдау жасаған ықпалды уәзір әрі атабек мемлекет басқарудың, ел билеудің негізгі мәселелерін ашып көрсетуде өзінің терең білімі мен саясаткер ретіндегі жеке тәжірибесін де ора­йы­мен пайдаланған. Кітапты оқи отыра байқайты­ны­ңыз, Низам әл-Мүлктің өз за­ма­нының әлемдік деңгейдегі ғұ­ла­масы болғандығына сөз жоқ. Оның ғақлия еңбегі керемет сана­ла­тын Италия ойшылы Макиа­вел­лидің билік туралы кітабынан бес ғасыр бұрын жазылды. «Саясат­наманы» оқып шығуды Сталин сияқ­ты атақты билеушілер де өз­деріне парыз деп білген екен. Әлем­ге осы бір ғажап туынды ХІХ ғасырдағы француз тәржімесі ар­қы­лы мағлұм болған. Орысша ау­дар­масы Кеңес Одағында 1949 жылы жарық көрген. Түркі-оғыз мемлекетінің тәжі­рибе-тағылымдарын тілге тиек ет­кен­­діктен, бұл шығарма бізге де төл туындымыздай тартымды. Оның тәуелсіз Қазақ мемлекеті үшін де берер ғибраты аз емес. Сол бір орта ғасырлардағы сел­жұқ­тар­дың жанкешті ерліктерінің арқа­сын­да бү­гінгі түркі әлемінің кеңіс­ті­гі мәңгі мұздақ Сахадан майда толқынды Мәрмәр теңізіне дейін көсіліп жат­қанын бір сәт қаперге алғанымыз жөн. Өзіміз­дің туысқан бабалары­мыз, Ұлы Селжұқ билеушілері Тоғ­рұл бек, Алып Арыслан, Мәлік шаһтар ту­ра­лы да білгеніміз абзал. Олар­дың Орта Азия, Иран, Әзер­бай­жан, Сирия, Ирак, Армения, Грузия, Византия, Палестина, Йемен елдерінің басын құрап, Селжұқ патшалығын құруы да мерейлі тарих емес пе. Сол айбынды тарих­ты ақтаңдақ етпеуіміз керек, ондай әдепкі жайлардан бейхабар бол­мауға тиіспіз. Олай болса, Низам әл-Мүлктің «Саясатнамасы» түр­кі тілдес елдерді туыстыра тү­се­тін, табысып тілек қосуға дәне­кер­шілік шарапаты мол, бар­ша­мыз­ға ортақ құнды мұра деп бағаласақ игі. Низам әл-Мүлк адамгершілік пен имандылық негізіндегі билік қана абыройлы болатынын айта­ды. Бірақ бұл құр ділмәрсіп ақыл­гөй­су емес, ғылыми негізді өзек еткен, сараптамалы дерекке, ғиб­рат­ты мағлұматқа, астарлы һәм әфсананы тәмсілдерге бай кітап, ондағы ұлағатты нақылдар ханға да, қараға да ұғынықты. «Саясатнама» патшаларға арналып ж­­а­зыл­ғанмен, оның пікір-пайым­дары мен қағидаларын әр дең­гей­дегі басқару жүйесін былай қой­ған­да, отбасы аясында да күнбе-күн ақылға салып пайдалануға, үлгі тұтуға боларлықтай. Өйткені, ол түркі, парсы, араб елдері ха­лық­тың даналығының оймар­жа­нын сүзген, зерде мен парасаттың құй­ма қорытпасындай әсерге бөлейді. Автор өз патшасына: «О дү­ние­нің отына күйгеннен осы дү­ние­нің отына күйген көп жеңіл» деп ескерту жасайды. Түркілердің адамзат баласына сыйлаған осы­нау ел басқару ережесі аспауға, тас­пауға, елдің жағдайымен сана­суға, оған пана болуға, күн-түн демей мұң-мұқтажын ойлауға ша­қырады. Мұнда қазақ билерінің, шешендік сөздеріміздің, мақал-мәтелдеріміздің даналық мәйе­гі­мен астасып орайласқан тұс­тар да жетерлік. Низам әл-Мүлк патшаға: «Әрбір маңызды мемлекеттік істі ғалымдармен әмбе даналармен ақылдасып шеш!» деп ақыл қосқан. Мұндайлық алды кеңдік сол замандағы Еуропаңыз жетпеген кемелдік. Дала демо­кра­тия­сының бұдан әлдеқайда дар­қан­дығы Сыпыра жырау, Асан қай­ғы, Шалкиіз, Бұқар жырау, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер мен Ма­хам­беттердің хандармен қалай сөйлескенінен-ақ көрінбей ме. «Нағыз ғалым патшаға ша­қырумен барады, жалған ғалым өзі сұранып барады» дейтін «Сая­сатнама» тәмсілі қазіргі за­ман­ға да қарата айтылғандай. Сол сияқты, діни ағымдар тұр­ғы­сынан алғанда ХІ ғасырдағы Селжұқстандағы мәселелер ХХІ ғасырдағы Қазақстан үшін де өте көкейкесті. Айналасы 10-15 жыл ішінде ниеті күмәнді жүз­де­ген діни секталар қаптап кеткені, соған айдың-күннің ама­нын­да жол беріп алғанымыз қын­жы­лар­лық. Мемлекет тарапы­нан дәс­түр­лі ұлы діндерге ғана көңіл бө­лі­ніп, секталар заңды түрде шектелуі тиістігіне ден қоятын мезгіл жеткен сияқты. Мұндай жал­пақшешей «демократия» түбінде қоғамға іріткі салғаннан басқа жақсылық әкелмесі хақ. Міне, осы мәселедегі берік тұғырының өзі-ақ «Саясатнаманың» өмір­шең­дігін айғақтап тұрған жоқ па. Иә, айта берсек, кім-кімнің де бұл кітаптан алар тәлімі ұшан-теңіз. Әсіресе, билік ба­сын­дағы ел ағалары, мемлекеттік қыз­мет­керлер, ауыл әкімінен министрге дейінгі алуан деңгей­дегі шенеуніктер «Саясатна­ма­ны» зерделесе, ел басқару саяса­ты­на қаныға тү­сері, ақыл-пара­сат пен иман­ды­лыққа, халықпен жұғымдылыққа молыға түсері сөзсіз. Нақ осыны ескерген болуы керек, Ахмет Дүй­сенбаев деген баспагер азамат Низам әл-Мүлктің «Саясат­на­масын» Қа­зақ­станда тұңғыш рет бастырып шығарып, игі іс жа­саған екен. Ол тағылымды туын­ды­ны қа­рыз­данып-қауғаланып кітап еткен еңбегін Тәуелсіздіктің 20 жылдық тойына тартуым деп есептейді. Онысына әлбетте, бә­ре­келді дейміз. «Саясатнама» әлі күн­ге дейін қазақшаға ауда­рыл­мағандықтан, «Әлем әде­бие­ті­нің алтын қоры» серия­сы­мен орыс тілінде  жарық кө­ріп­ті. Мемлекеттік істерді тілге тиек еткен, ділімізге сондайлық үндес, жаны­мыз­ға аса жақын әлемдік дең­гей­дегі осынау туындыны ендігі жерде мемлекеттік тілде сөйлетіп тасқа басып  шығаруды болашақ күндердің еншісі деп үміт етеміз. Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы.