Түрік Республикасына ресми сапармен келген Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов кеше Анкарада бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы түріктің даңқты ұлы Ататүрк кесенесіне гүл шоғын қойған соң, Түрік Республикасы Парламентінің Төрағасы Джемил Чичекпен кездесті. Спикер өз сөзінде Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдерде аса зор табыстарға қол жеткізгендігін ерекше атап өтті. Төрағаның кездесуде атап өткеніндей, Қазақстанның халықаралық беделді ұйымдарға төрағалық етуі халықаралық қоғамдастық тарапынан үлкен сенімге ие екендігін көрсетеді. Қазіргі таңда үкіметаралық байланыстар қарқынды дамуда. Ендігі мәселе, парламентаралық ынтымақтастықты тереңдету. Д.Чичек екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге өзі тарапынан көмек көрсетуге дайын. Қазақстан Республикасы Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмиді өз еліне ресми сапармен келіп қайтуға шақыратындығын жеткізуді өтінген ол өзі де Қазақстанға ресми сапар жасауға ниетті екендігін білдірді. Ал ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов өз кезегінде Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін ең бірінші болып танығанына да жиырма жыл болып қалғандығын атай келіп, екі елдің басшылары кездесулерінде көптеген құжаттарға қол қойылғандығын, ендігі мәселе солардың жүзеге асуын қадағалау жағына көңіл бөлінуі қажеттігіне тоқталды. Сонымен бірге министр Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың Түрік Республикасына сапары жоспарланып отырғандығын, Түркия еліміздің Еуразиядағы стратегиялық әріптесі екендігін атап өтті.
Қазіргі кезде Қазақстанда 3 мыңға жуық түрік компаниялары жұмыс істейді, арадағы сауда-саттық 2 миллиард доллардан асып отыр. Жыл аяғына дейін оның деңгейі 4 миллиард доллардан асады деп күтілуде. Сондай-ақ министр Алматыда қазан айында өтетін Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің саммитіне қатысу үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүлді шақырғанын ресми түрде қуаттады.
Бұдан кейін Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың Түркияның Сыртқы істер министрі Ахмед Дауытоғлымен кездесуі жеке және толық құрамда жалғасын тапты. Кездесуде тараптар саяси-экономикалық мәселелермен қатар, бірқатар халықаралық мәселелер бойынша да пікір алмасты. Ержан Қазыхановтың атап өткеніндей, Қазақстан-Түркия ынтымақтастығы жоғары деңгейде дамып келеді. Алдағы жылдары сауда айналымын 10 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр. Кездесу барысында Түркия Үкіметінің басшысы Р.Эрдоғанның Қазақстанға жасайтын ресми сапары жайында да әңгіме болды. Сапар аясында Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан – Түркия жоғары деңгейдегі кеңесін құру мәселесі талқыланады деп күтілуде.
Кездесу нәтижесінде екіжақты құжаттар – Қазақстан мен Түркия сыртқы істер министрлері арасындағы дипломатия саласында кадрларды даярлау және біліктілікті арттыру туралы меморандумға және Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасы сыртқы істер министрліктері арасындағы 2012-2013 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.
Кеше Қазақстан Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүлдің қабылдауында болып, онда екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдету жайында әңгімелесті.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» – Анкарадан.